ХАКІМ АБАЙ ДАНАЛЫҒЫНАН САЙЫС
ХАКІМ АБАЙ ДАНАЛЫҒЫНАН САЙЫС
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 3 Республикалық студент-жастардың «Абай әлемі» өнер фестивалі болып өтті. Хакім Абай даналығын құмартып оқушылардың, жаттап өнеге тұтушылардың саны қазақ елінде жылдан-жылға артып келе жатқандығы байқалады.
Биылғы байқауға еліміздің барлық аймағынан 30 жоғары оқу орнының 90-ға жуық студенті қатысып, бақ сынады. Байқауда хакім Абай мұрасын насихаттауға ерекше мән беріп, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығын ашқан және барлық факультетке Абайтану пәнін енгізген университет ректоры, академик Серік Пірәлиев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға табыс тіледі. Өнер фестиваліне қатысушылар хакім Абайдың қара сөздері, өлеңдері, әндері бойынша 3 номинацияда жарысқа түсті. Қазылар алқасына қара сөзден «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет, өлеңдеріне педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Қалиев, әндеріне әдебиет сыншысы, композитор Тұрсынжан Шапай төрағалық жасады. «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының 5 жылдығына байланысты ұжымның еңбектері қойылған кітап көрмесі таныстырылды. Дарынды актерлер Бекжан Тұрыс пен Ерлан Біләл Абай пьесасынан үзінді көрсетіп, Абай әндерінен үлкен концерт берілді.
Индира Байсалбекова