БОЛАШАҚ ЭНЕРГОЖҮЙЕНІҢ КӨШБАСШЫСЫ
БОЛАШАҚ ЭНЕРГОЖҮЙЕНІҢ КӨШБАСШЫСЫ
Халықаралық көрмелер бюросының 152-ші Бас ассамблеясы Қазақстан тарихында айшықты жиын ретінде жазылатыны анық. Өйткені осыдан бір жыл бұрын қараша айында дәл осы басқосуда Астана 2017 жылғы халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге құқық алды. Болашақтың энергиясы тақырыбын таңдаған Қазақстан алдағы төрт жылда баламалы және қайталанбалы қуат көздерін дамытудың орталығына айналмақ.
Болашақтың энергиясына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Әлемдік қауымдастық бұл бағытта соны идеялар тыңдауға құмар. Байқауда Астананың ұсынысы басым түскені де осы тақырыптың өзектілігінен болуы керек. Қазақстан әзірге қуат көздерінен тапшылық көре қойған жоқ, бірақ табиғи қоры бай мемлекеттің баламалы қуат көздерін пайдалануға деген құлшынысы жалпыадамзаттық даму үрдісінен тыс емес екендігіміздің айқын көрінісі.
«Қазақстан-2050» Стратегиялық құжатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі баламалы және қайталанбалы қуат көздері өндірісін жолға қойып, оның деңгейін 2050 жылға дейін жалпы қуат тұтыну көлемінің кемінде жартысына жеткізу жөнінде тапсырма берген еді. Биыл осыған орай «Жасыл экономика» тұжырымдамасы қабылданды. Қуат көздерін үнемдеуге қатысты жүздеген ұлттық стандарт бекітілді.
ЭКСПО көрмесін өткізу Қазақстан үшін еларалық жиын шақыру ғана емес, отандық экономиканы замана талаптарына сай қайта құрып, тың шешімдер мен тұжырымдар іздеудің үлкен мүмкіндігі. Оның ең айшықты нәтижесі – «жасыл экономиканы» қалыптастыру болмақ. Баламалы қуат көздерін іздеуде жаңа жобалар қолға алынуда. Жергілікті ғалымдар қайталанбалы қуат көздерін пайдалануды өндіріске енгізу үшін еңбек етуде. Бұл бағытта әлемдік тәжірибе ұдайы ескеріліп отырады.
Дүние жүзінде баламалы қуат көздерін пайдалану қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Осыдан үш жыл бұрын осы саладағы инвестиция көлемі отыз пайызға өсіп, 243 миллиард АҚШ долларын құраған. Әлем бойынша қуат көздерінің дамуын жылдық есепке шағатын болсақ, жел қуатын тұтыну – 48 пайызға, күн қуатын пайдалану – 28,1 пайызға, геотермалды энергетиканы игеру – 7,5 пайызға, дәстүрлі қуат көздерін пайдалану 2,2 пайызға артып келеді.
Ресми деректерге жүгінсек, қазір әлем бойынша 1,6 миллиард адам электр энергиясы тапшылығын сезініп отыр. Жалпы саны 2,4 миллиард адам тамақ дайындауға және үй жылытуға қажетті заманауи отынға зәру. Жер шарындағы адам санының көптігі соншалық, қазіргі заманғы энергожүйе барша адамдарды қуат көздерімен қамтамасыз етуге қауқарсыз.
Оның үстіне, планетадағы климат өзгерісі, ауа-райының құбылмалылығы көптеген қатерлердің туындауына себепші болды. Қазақстан болашақтағы табиғи апаттардың алдын алу үшін әрі экологиялық зардаптарды жою үшін бұл саладағы технологияларды дамытуға баса мән беріп отыр. Жаңа энергетикалық саясат қуат көздерін үнемдеу мен тұтыну, тиімділігін арттыру мақсатында оның көлемін 2015 жылға дейін 10 пайызға ал 2020 жылға дейін 25 пайызға дейін азайтуды көздейді. Шынтуайтына келгенде, әлемдік қауымдастық энергетикалық қорды тиімді пайдалану, ұлттық энергожүйені дамыту, қайталанбалы қуат көздерін жетілдіруді Мыңжылдықтағы Дамудың Мақсаттарына жетудің кілті ретінде бағалап отыр.
Мысалы, Германияда осыдан бірнеше жыл бұрын «Жүз мың күн шатырлары» атты мемлекеттік бағдарлама іске қосылған. АҚШ олардан асып, «Миллион күн шатырлары» бағдарламасын қабылдады.
Германия 2011 жылы қайталанбалы қуат көздерінен алынған электр энергиясының көлемін 20 пайызға жеткізсе, 2050 жылға қарай оның көлемін 80 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр. Шынтуайтына келгенде, қайталанбалы қуат көздерін пайдалану экономикада дәстүрлі жолмен энергия өндіруге қарағанда үш есе көп жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді екен.
Былтыр Германия кәсіпкерлерінің Қазақстандағы тұрғын үйлердің шатырына күн сәулесінен қуат алатын құрылғы орнататыны жайлы ақпарат таратылған еді. Сырт қарағанда кәдімгі шатырдан айырмашылығы болмаса да, мұндай панельдер күн сәулесін бойына сіңіріп, тұрмыстық деңгейде пайдаланатын электр қуатына айналдыра алады. Мұндай панельдерді Финляндия мен Канада елдері де біраз жылдан бері қолданып келеді.
Қазір әлемде жел энергиясын пайдалану көлемі жыл сайын отыз пайызға артып отыр. Бастапқы кезде баламалы қуат көздерін пайдалану қымбатқа түскенімен, жылдан-жылға оны пайдаланудың экономикалық тиімділігі артып келеді. Осы салада тәжірибесі мол Германияда екі жылдан бері жел қуатын тұтыну көмірден алынатын қуатқа қарағанда арзандай бастады.
Азиялық аймақта бүгінде жел қуатын пайдалану көлемі 34 пайызды құрайды. Бұл салада Қытай әзірге көшбасшы болып келеді. 2006-2011 жылдар аралығында Қытай жел қуатын пайдалану көлемін артырып, былтыр бұл елде көмір мен су көзінен кейінгі тиімді энергия көзі желден алынатын қуат екені белгілі болды.
Соңғы жылдары Қазақстан да қайталанбалы қуат көздерін пайдалануға ден қоя бастады. Бұл салада Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары алда келеді. 2020 жылға қарай республикада қайталанбалы қуат көздерін өндіретін 30 жаңа нысан салынбақ, онда жылына 3,5 миллиард вКт/сағ электр энергиясы өндіріледі деп жоспарланып отыр.
Қазақстанда қазіргі таңда жел қуатын пайдалану мүмкіндіктері жан-жақты зерттелуде. Қазақтың сайын даласы күнге де, желге де, табиғат тамашаларына да бай. Жоңғар қақпасынан соққан жел қуатын адамзат игілігі үшін пайдалануды табиғи шешім деп қабылдау керек. Жел станцияларын салу қажеттігі Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ақпарат құралдарында талай рет айтылып, қоғамдық ортада талқыланып жүрген өзекті мәселе.
Қазірдің өзінде «жасыл экономикаға» лайықты жобалар қолға алынуда. Былтыр жел станциялары аймақтық Индустрияландыру картасына енгізілген болатын. Инновациялық жоба саналатын нысанның алғашқы кірпіші де қаланды. Еуразиялық даму банкі Ақмола облысындағы Ерейментау қаласында қуаттылығы 45 МВт болатын жел электр станциясының құрылысын қаржыландырып отыр. «Самал» жел паркі – ЭКСПО-2017 көрмесі алдында өмірге келетін ірі жобалардың бірі. Он жылға есептелген жобаға 14,2 миллиард теңге бөліді. Шындығын айтқанда, бұл жел қуатын пайдаланып, оны электр қуатына айналдцруды көздейтін алғашқы өнеркәсіптік жоба. Осылайша, Қазақстанда баламалы қуат көздерін пайдалану ісі жолға қойылмақ.
Алматы облысында осыған ұқсас жоба қолға алынды. «Самрұқ-Энерго» АҚ мен Алматы облысның әкімшілігі бірлесе отырып, Еңбекшіқазақ ауданында (Шелек дәлізінде) қуаттылығы 60 МВт-дан 300 МВт-ға дейін жететін жел электр станциясын салуға келісім жасады. Жобаға жалпы көлемі 103,6 миллиард теңге жұмсалады. Бұл жоба Алматы облысының 2011-2015 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Жел станциясының құрылысы келесі жылы басталып, 2018 жылы жоғарғы қуаттылығына – 120 МВт-ға жеткізілмек. Осы аймақтағы Шелек дәлізінде 50 метр биіктікте желдің күші (жылдамдығы) секундына 7,8 метрге жетеді. Басқаша айтқанда, жел станциясы жылына 3100 сағат жұмыс істейді деген сөз. Осы жобаның арқасында жаңадан жүз шақты жұмыс орны ашылады.
Қазақстан Президенті былтыр облыс әкімдерімен өткізген кеңесте ЭКСПО – 2017 көрмесінен республиканың әрбір аймағы пайда көруі тиіс екенін айтқан еді. «ЭКСПО әрбір аймақ пайда көретін мегажобаға айналуы тиіс. Бұл еліміздің инновациялық дамуына айрықша серпін береді»,– деді Президент.
Жоғарыда айтылған екі жел станциясы да келешекте сол аймақтардағы электр қуатының тапшылығын жоюға айтарлықтай әсер етеді.
ЭКСПО көрмесін өткізу Қазақстан үшін «жасыл экономикаға» біртіндеп көшудің алғышарты болмақ. Өйткені көрмеге дайындық жұмыстары барысында қарапайым қазақстандықтар қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, табиғи қорларды үнемдеу, энергияны тиімді пайдалануға қатысты білімін тереңдетіп, қоғамда экологиялық сана қалыптасады.
Жақында Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмысы бекітілген кестеге сай жүріп жатқанын мәлімдеді. Бас хатшы Қазақстан осы көрменің арқасында «жасыл энергетика» саласындағы инновациялар орталығына айналып, «Орталық Азия мен әлемнің көптеген мемлекеттері үшін, оның ішінде дамушы елдер үшін үлгі-өнеге болады» деген лебізін білдірді. Оның айтуынша, алдағы көрменің маңыздылығын жергілікті азаматтардың сезінуі қажет. «Қазақстан азаматары ЭКСПО жобасының мәнін түсінуі, оның қалай жүзеге асырылып жатқанын білуі тиіс, түптің түбінде ол Астана үшін ғана емес, тұтас ел үшін маңызды жоба болмақ. Бұл «жасыл саясат» құруға деген, қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыруға деген үлкен талпыныс»,– деді бас хатшы.
Астана қазірдің өзінде «жасыл экономика» локомотиві болуға дайындық үстінде. ЭКСПО көрмесі аясында қала маңында баламалы қуат көздерін тұтынатын квартал салу жоспарланды. Аумағы 100 гектар жерге салынатын «Жасыл квартал» жобасы жақында Елбасы назарына ұсынылды. Мұнда салынатын әкімшілік-іскерлік орталық, тұрғын үйлер, мәдени нысандардың бәрі қуат көздерін үнемдеу қағидасына сай салынады. Бұл саладағы заманауи технологиялар пайдаланылады.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Smart Astana 2013» халықаралық конференциясында ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында қала өміріндегі өзгерістер туралы баяндады. Әкімнің айтуына қарағанда, алдағы төрт жылда Астана «ақылды қалалар» санатына қосылмақ. Қаланың электр энергиясын тұтыну, сумен қаматамсыз ету жүйелері, тіпті көлік жүйесі де жаңаша құрылып, үнемшілдік пен дәлдік қағидаларына сай жұмыс істемек. Бұлардан бөлек, монорельсті трамвайлар мен автобустар жүргізіледі. Қала заманауи жаңа ғимараттармен толығады. Сондай нысандардың бірі – 80 қабатты «Абу-Даби плаза» қонақ үй кешені. Салынып біткен соң, бұл қонақ үй Орталық Азиядағы ең биік ғимарат саналатын болады.
«Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің айтуынша, «Біз жай ғана ЭКСПО қалашығын салып жатқан жоқпыз, біз болашақтың қаласын салып жатырмыз». Болашақта Астананың ғылым мен мәдениет, сәулет орталығына айналуы үшін мұнда салынатын құрылыс нысандарында озық технологиялар ғана пайдаланылады. Көрме ғимараттары түгелдей баламалы қуат көздерін тұтынады. Әрбір ғимарат өзі тұтынатын энергияны өзі өндіретін болады. Оның үстіне, жаңа ғимараттар бір-бірімен қуат алмасатындай ортақ жүйеге біріктірілуі тиіс. Электр қуатын үнемдеу, оны сақтау, кешенге қатынайтын көліктердің экологиялық қауіпсіздігі де ескеріледі.
Елбасы биыл Астана күніне орай сөйлеген құттықтау сөзінде төрт жылдан кейін өтетін халықаралық деңгейдегі шараға арнайы тоқталып, оны «ғаламдық емтиханға» теңеді. «Мен Астанамен бірге Қазақстанның бұл ғаламдық емтиханды үздік тапсыратынына сенемін»,– деді Елбасы. «Бұл біздің еліміз үшін үлкен жауапкершілік, сонымен қатар оның арқасында Астананың жаңа орталығы пайда болып, қаламыз көріктене түседі».
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуына қарағанда, ЭКСПО көрме кешені аумағында «жасыл экономиканың» нысандары, «ақылды» электр желілері, қайтанбалы қуат көздерін тұтынатын ғимараттар салынып, электромобильдер жүргізілетін болады. Министрдің есебін тыңдаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл саладағы жұмыстардың маңызын тағы бір рет пысықтады. «Мұндай жоғары технологиялық айрықша жобаның құрылысы елдің технологиялық дамуына серпін беретін мүмкіндік. Бүкіләлемдік көрме территориясы барша Қазақстанның жетістіктерін паш ететін алаңқай болмақ»,– деді Президент.
Мамандандырылған көрме болғандықтан, барлық павильондарды Қазақстан өзі салмақ. Оның ішінде басты бір павильон және тақырыптық төрт павильон Қазақстанның өзіне тиесілі болады.
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров Қазақстан Үкіметінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты заң жобасын дайындауға кіріскенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, көрме кешені құрылысы барысында пайдаланатын технологиялардың басым көпшілігі Қазақстанда тұңғыш рет қолданылмақ. Осыған орай, әкімшілік кедергілердің алдын алу мақсатында заң қабылдау қажеттігі туындаған.
Мамандар алдағы астаналық көрмеге 100-ден аса ел қатысып, 10 шақты халықаралық ұйым өкілдері атсалысады деп болжап отыр. Үш айда 3-5 миллион қонақ көрме кешендерін тамашалауға мүмкіндік алады.
Әлемде бұған дейін 60-тан аса ЭКСПО көрмелері өткізілген. Қазақстан 66-шы көрмені өткізгелі отыр. Халықаралық көрмелер тарихына көз жүгіртсек, әрбір көрмеден соң экономиканың түрлі салаларында ілгерілеу байқалған.
Сондықтан ЭКСПО көрмесін өткізу орасан зор қаржылық шығын әкеледі деп байбалам салудың жөні жоқ. Өйткені бүкіләлемдік көрмені өткізуге жұмсалған шығын келешекте әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени, ғылыми-технологиялық дамуда айрықша қарқын әкелері сөзсіз. Жұмсалған шығынның орны толады. Есесіне, жаңа қуат көздері, жаңа индустрия пайда болып, жаңаша өмір салты қалыптасады.
Қазақстанның табиғи ерекшеліктеріне орай күн мен жел энергиясын тұтынудың мүмкіндігі мол. Ендеше, Қазақстан әлемдік қауымдастыққа болашақтың энергиясы жайлы ой салып қана қоймай, бұл салада өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп, көшбасшыға айналудың мүмкіндігі бар.
ЭКСПО-2017 көрмесінің кешені Қазақстанның ғана емес, әлемнің әлеуметтік-қоғамдық дамуына қарқын береді. Оның үстіне, бұл көрме Астананың біртұтас брендіне айналуы да мүмкін. Көрме біткен соң оның павильондары ғылыми лабораториялар, инновациялық және коммерциялық жобалар үшін пайдаланылмақ. Осылайша, бүкіләлемдік көрмеден соң Астана ғылым мен мәдениеттің, туризм мен сауда-саттықтың орталығына айналады.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Астана қаласының 20 жылдығымен тұспа-тұс келгелі тұр. Еліміздің ғана емес, әлемдік экономика үшін маңызы бар айтулы жиынның мемлекеттегі мерейлі жылы өткізілуінің өзінде жақсылықтың нышаны бар. Ендеше, ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстан үшін мақтан мен айбардың, жеңіс пен жетістіктің көрінісі болғай.
Көлбай ЖЕҢІС
Астана