РУХАНИЯТТЫ ҰМЫТУ – ҰЛТЫҢДЫ ҰМЫТУҒА ӘКЕЛЕДІ

РУХАНИЯТТЫ ҰМЫТУ – ҰЛТЫҢДЫ ҰМЫТУҒА ӘКЕЛЕДІ

РУХАНИЯТТЫ ҰМЫТУ –  ҰЛТЫҢДЫ ҰМЫТУҒА ӘКЕЛЕДІ
ашық дереккөзі
170

Жақында Алматыға Моңғолияның қазақтар мекен ететін Баян-Өлгий аймағының Цэнгэл ауылының «Руханият» орта білім беру мектебінің директоры Жексенбай Қайып келген еді. Мақсаты осындағы баспа өкілдерінен балалардың рухани қажеттілігін өтеуге қажетті кітап, оқу құралдарын алу. Өйткені Моңғолияда қазақ тілінде білім беретін 41 мектеп болғанымен, олар қазір бұрынғыдай Қазақстанның бағдарламасымен білім алмайды. Өздерінің оқу стандарттарына жүгінеді. Сол себептен де Моңғолиядағы 150 мың қазақтың атажұртпен рухани байланысы үзілді десе де болғандай. 

– Ең әуелі ауылда ашылған «Руханият» қазақ орта мектебіне кітап жеткізу мақсатында келген едім. Негізінен қазақ әдеби кәусарлары мен балаларға арналған әдебиеттің жауһарлары керек. Жалпы қазақ руханиятынан қол үзіп қалғанымызға жиырма жылдың жүзі болды десек артық айтқандық емес. Қазір біздің кітапханаларда дана Абайдың, ақиық ақын Мұқағалидың бір де бір кітабы жоқ. Сол себепті де, болашақ ұрпақтың қазақ руханиятынан ада болып өспеуіне алаңдап жүрміз. 

Жалпы, Қазақстанға 1993 жылдан бері жиі келіп тұрам. Негізгі ойым, екі ел арасында үзіліп қалған руханияттың жібін жалғау. Алғашқы жылдары Алматыға келгенде қатты қиналатынмын. Өйткені, онда орыстар басым болатын, қазақтарының өзі орысша сөйлейтін. Қазіргі Алматының келбеті әжептәуір өзгерген. Ең бастысы қазақыланды. 

– Мақсатыңыз қаншалықты орындалды деп ойлайсыз?

– Негізі ойыма алған мақсатым толығымен орындалды десе де болғандай. Алматыдағы ірі баспалар өз өнімдерін тегін ұсынып, біршама кітапты арқалатып жіберді. Атап айтар болсақ, «Жалын» баспасының директоры Бексұлтан Нұржеке ағамыз, «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы, «Мектеп» баспасының директоры Ерлан Сатыбалдиев, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес, «Балалар әдебиеті» баспасының директоры Шайзада апайға рахметімді айтқым келеді, біраз кітапты олжалап қайтып барам. Олар бізге рухани демеу болып отыр. Сол үшін мың да бір алғыс. Алла разы болсын!

– Әңгімеңіздің басында «Руханият» қазақ орта мектебі туралы айтып өттіңіз. Оқырмандарға түсінікті болу үшін бұл мектеп туралы кеңірек тоқталсаңыз…

– Біз мекен ететін Цэнгэл ауылында тоғыз мың адам тірлік етеді. Негізінен қазақ ауылы. Аздаған тывалар бар. Басты тірлік көзі – мал шаруашылығы. Ауылда «Кемелек» атты вольфрам өндіретін тау-кен барлау карьеры бар. Бізге сол кәсіпорынның шапағаты тиіп тұр. Жұмыс орны да, әлеуметтік түйткілдің шешілуі де осы кенге байланысты. Цэнгэл ауылы – Баян-Өлгий ұлттық қазақ аймағында жер көлемі, адам және мал саны жағынан алда. Бұндағы мектеп жасындағы балаларға арналып төрт мектеп салынған. Екеуі орта білім беретін, екеуі бастауыш мектеп. Біреуі «Балықтыкөл» бөлімшесіндегі бастауыш мектеп. Ауылдың өзіндегі бастауыш мектеп осындағы тыва ұлтының балаларына арналған. Ал орта білім беретін мектеп мемлекеттік бюджеттен қолдауға ие. Біз сол мектептің жанынан жекеменшік мектеп аштық. Бой көтергеніне жеті жылдай уақыт болды. 

«Руханият» қазақ орта мектебі – осы өңірдегі қазақ тілінде ашылып отырған жалғыз жекеменшік мектеп десе де болады. Жалпы, ауылдағы мектеп жасындағы бала саны – 2000-ға жетіп жығылады. Соның 250-дейі мен басшылық жасап отырған мектепте оқиды. Негізгі мақсатымыз – мектеп оқушыларының көкейіне қазақтық, ұлттық, рухани мәселелерді сіңіру. Мемлекеттен арнайы бюджет бөлінеді. Мұғалімдердің жалақысын да мемлекет төлеп отыр. 

– Сонда бұл қалай жекеменшік мектеп деп аталады?

– Мектептің негізін қалаған өзіммін. Бірақ ата-аналардың балаларын төлеп оқытуға мүмкіндігі аз. Сол себептен де Моңғолияның білім министрлігі бұндай мектептерді өз қамқорлығына алып, мемлекеттен арнайы қаржы бөлуді жөн санайды. Ал мектептегі техника, құрал-жабдықтар мен жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін демеушілерді өзіміз табамыз. Мен негізінен қазақ және түрік кәсіпкерлеріне жүгінемін. Былтыр екі қабаттан тұратын мектебімізді қазақстандық «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры Исламбек Төлеубайұлының көмегімен күрделі жөндеуден өткіздік. 

– Жалпы, Баян-Өлгийдегі қазақ мектептерінің жай-күйі туралы не айтасыз?

– Баян-Өлгий көлемінде жалпы 42 мектеп бар. Оның біреуі – моңғол мектебі, біреуі – тыва тіліндегі мектеп. Қалғандары – қазақ мектептері. Қазақ мектебі дегенде, қазіргі Моңғолиядағы қазақ мектептері тек бесінші сыныпқа дейін ғана қазақ тілінде дәріс үйретеді. Бесінші сыныптан кейін сабақ тек моңғол тілінде жүргізіледі. Әрі оқу бағдарламасы сол мемлекеттің оқу стандарттарына негізделген. Сол себепті де осы бес жылдың ішінде балаларды қазақ руханияты мен идеологиясына бойлатуды мақсат етеміз. Дегенмен, қазір руханияттан гөрі, саясатқа, экономикаға көбірек көңіл бөліп кеттік те, руханияттың жібін босаңсытып алдық. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Есенгүл Кәпқызы 

Серіктес жаңалықтары