«Бизнестің жол картасы-2020»: МАМАНДАР БАҒДАРЛАМАНЫ МЕҢГЕРДІ МЕ?

«Бизнестің жол картасы-2020»: МАМАНДАР БАҒДАРЛАМАНЫ МЕҢГЕРДІ МЕ?

«Бизнестің жол картасы-2020»: МАМАНДАР  БАҒДАРЛАМАНЫ  МЕҢГЕРДІ МЕ?
ашық дереккөзі
307

 «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданған 2010 жылдан бері Жамбыл облысында 232 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Соның арқасында 6 мыңнан астам жұмыс орындары сақталып, мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылыпты. Индустрияландыру картасының әрбір екінші жобасына аталған бағдарлама аясында қаржылық қолдау көрсетілген. Үш жылдан бері мемлекеттен субсидияға берілген қаражат 1,1 миллиард теңгені құраса, осы мерзімде төленген салық көлемі – 3,4 миллиард теңге екен.

 Дегенмен, оны іске асыруда «Казкоммерцбанк», «Дельта Банк», «Қазақ банкі» секілді екінші деңгейлі банктер белсенді емес. Екіншіден, аудандарда бұл бағдарламаға деген оң көзқарас қалыптаспай отыр. Әлі күнге дейін Тараз басымдыққа ие болып (60 пайыз), ауыл-аймақ (40 пайыз) көш соңында жүр. Оның жарқын дәлелі – биылғы 10 айдағы көрсеткіш. Яғни, әр аудан 2-8 жобадан ұсынса, бір ғана Тараз қаласынан 47 жоба мақұлданған. Ол тек екінші деңгейлі банктердің кінәсі емес, керісінше, бар мәселе – аудандағы құзырлы мамандардың бағдарламаны жетік меңгермегендігінде. Маман өзі дұрыс білмесе, қалай насихаттап, оны кәсіпкерлерге түсіндірмек? Тіпті, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ филиалының қызметкері де Сарысу ауданына іссапармен барғанда қарапайым сұрақтарға жауап бере алмапты. Жалпы, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға тек облыстық деңгейдегі мекемелер емес, аудан, ауыл әкімдері де шындап кірісіп, түпкілікті айналысуы тиіс екендігін жуырда ғана Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде атап өткен болатын. Бұл орайда облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Бейсен Бөгенбайұлы Сарысу ауданын үлгі етіп өтті. «Екі жыл бойы ауданнан бірде-бір жоба түспеді. Бір жағы Жаңатаста бірде-бір екінші деңгейлі банк жоқ болатын. Сосын аудан әкімдігі, екінші деңгейлі банктер өкілдері бірлесіп, ашық әңгіме құрдық. Проблеманың түпкі себептерін анықтап, екі жақ ортақ келісімге келгендей болды. Нәтижесінде бір жылда 6 жобаға көмектестік, тағы 7 жоба қолдауды күтіп жатыр»,– деді басқарма басшысы. 

Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасының» екінші бағыты – инфрақұрылым жүргізуде қомақты қаржы игерілмей қалатын түрі бар. Осы тетік туралы бірер сөз. Біріншіден, кәсіпкер құрылыс жұмысының жобалық-сметалық құжаттарын өзі жасауы керек. Ал, ол өте қымбат. Сол үшін басқарма өңірлік даму министрлігіне оларды бюджет есебінен жасау туралы ұсыныс жолдапты. Екіншіден, қолдаудан үміткер кәсіпкерлер құжатты уақытында өткізбейді. Бұл орайда «Талас Инвестмент Компани» ЖШС сәуірге жоспарлап жүріп, тек қыркүйекте өткізсе, «Шангрила» ЖШС әлі өткізбеген. Дегенмен, «Шангриланыкі» жоспарға енгізілген, аса ауқымды жоба еді. Үшіншіден, аталған құжаттар өте сапасыз жасалып жатады. Оны облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев үнемі айтып жүр. «Кей құжаттарды қалай мемлекеттік сараптамадан өткізетіндерін түсінбеймін»,– дейді ол. Оған «Жамбылмемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Жұмахан Өмірәлиевтің қарсы айтар уәжі де бар. Мысал келтірсек, жетіп артылады. Мәселен, «Байдуанова» ШҚ мал шаруашылығына газ жүргізу жүйесінің құжаттары дұрыс жасалмаған. «Абылай» ШҚ электр желісін жүргізуде де сол мәселе. «Талас Инвестмент Компани» ЖШС су жүргізу жұмысының жобасын жасаған тұлға авторлық бақылау жасаудан бас тартып, бұл да аяққа тұсау болып отыр. Соның ішінде «Байдуанова» ШҚ жобасы туралы Ж.Өмірәлиев:

– Біз «Байдуанова» ШҚ жобасын мемлекеттік сараптамадан өткізбедік, ондағы қойылған қол біздікі емес, біздің шатмп қойылмаған, – деп отыр. Сонымен бірге, «Луговой жылқы зауыты» да тиісті органдардан рұқсат алмаған, жер пайдалануға да рұқсаты жоқ. «Тараз құбыр зауыты» екі жылдан бері осы көмектен үміттеніп жүгіріп жүр, бірақ қалалық әкімдік жер телімін пайдалануға әлі рұқсат бермеген. Жалпы, осындай әкімдіктер тарапынан жобаларға жасалып жатқан кедергілер баршылық. 

Р. Байтелиев өз мекемесінде газ, электр желісін жүргізуге қатысты мамандар жоқтығын да ашына айтты. «Онда мұндай жұмыстарды энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы жүргізсін. Немесе, бізге жаңа штат ашып беру керек», – дейді ол. 

Сондай-ақ, елдің соңында қалып, бар-жоғы 5 жобасы ғана бағдарламаға қатысқан Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев шалғайда емес, үлкен магистраль бойында, жол ортасында орналасқан әлеуетті ауданда неге тек 5 жобаның мақұлданғанын түсіндіріп бере алмады. Демек, бар себеп ұйымдастыру шараларының әлсіздігінде деген қорытынды жасауға тура келеді. Ол пайымымызбен әкімнің өзі де келісіп, мойындап отыр. 

Жанат ҚАПАЛБАЕВА 

Жамбыл облысы 

Серіктес жаңалықтары