Ақтөбедегі театрлар аламаны

Ақтөбедегі театрлар аламаны

Ақтөбедегі  театрлар аламаны
ашық дереккөзі
913

 

Жуырда Ақтөбе қаласында Т.Ахтановтың 90
жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІ республикалық фестивалі
өтті. Фестивальге Қазақстанның 9 драма театры қатысты. Атап
айтсақ: Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры (қазақ және орыс
труппалары), Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры,
Астана қаласының Жастар театры, Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық
орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ
музыкалық драма театры, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, М.Горький
атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды
облыстық қазақ драма театры. Фестивальге Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы
академиялық драма театры С.Асылбекұлының «Империядағы кеш» драмасымен қатысып,
қазылар алқасының шешімі бойынша «Бүгінгі заман тақырыбын сәтті игергені үшін»
аталымымен марапатталып, лауреат атанып келді. Енді осы фестиваль туралы өнер
қайраткерлерінің пікірлерін оқырмандар назарларына ұсынуды жөн санадық.

Есмұхан
Обаев, ҚР
халық артисі, Қазылар алқасының төрағасы:

–Биылғы
фестивальдің қуантатыны әрбір театрдың драматургия, режиссура тұрғысынан алып
келген құнды еңбектері. Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма
театры М.Әуезовтің «Қарагөзін», Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық
қазақ музыкалық драма театры Ш.Мұртазаның «Бір кем дүниесін», Астана Жастар
театры Б.Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық» сынды қазақтың белді
жазушы-драматургтерінің туындыларын алып келіпті. Қазылар алқасы орын бермей,
номинация бойынша марапаттауды жөн санадық. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды
облыстық қазақ драма театрының актрисасы Д.Заитова «Үздік әйел бейнесі»
аталымымен марапатталды. Актерлік мүмкіндігі мол, актерлік шеберліктің биігіне
көтерілген актриса деп есептеймін. Фестивальде үздік өнер көрсеткен Қазақтың
Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры болды. С.Асылбекұлының
«Империядағы кеш» драмасымен қатысып «Бүгінгі заман тақырыбын сәтті игергені
үшін» дипломыменен марапатталып, лауреат атағы берілді. 

Фестиваль
негізінен көрнекті жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың 90 жылдығына
арналғандықтан оның пьесалары көбірек ұсынылуы керек еді. Өкінішке қарай, «Ант»
пьесасы ғана қойылды. Қадап айтатын бас­ты жайт – Н.Погодин атындағы Солтүстік
Қазақстан облыстық драма театры қойған М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы төмен
деңгейде болды. Спектакльдің төмен болуы режиссерден кеткен кемшілік деп
есептеймін. Спектакль режиссері Ю.Ханинга-Бекназар ұлттық драматургияның
қисынына келмейтін, ұлттық характерге келмейтін бір бояулар тауып, бүгінгі
күнге жақындатпақ болып, бастаған дүниесінің аяғына шыға алмай қалған.
М.Әуезовті бұлай қорлауға болмайды деп талдау кезінде де айтқан болатынмын.
Тағы бір айта кететін мәселе – С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма
театрының Д.Жұмабаева қойған «Қыз Жібегі» экспериментальды қойылым. Бірақ ол
үлкен режиссерлік болмыс­ты көрсетпейді. Эксперименттің өзі әдейі қойылған,
көрерменмен ойнау дегенге саяды. Сахнада не дүние жасаса да ол актерлік ішкі
дүниеден, драматургиялық материалдан туу керек. О.Бөкейдің «Атау-кересін»
М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры алып келді.
Аталмыш спектакльде керемет ұлттық характерлер жасаған актерлер бар. 

 М.Әуезов
атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры қойған «Империядағы кеш»
драмасын жұртшылық жақсы қабылдады. Актерлік үлкен еңбек бағаланды. Д.Ақмолда,
Н.Бексұлтанова, Ж.Толғанбай, Г.Жақыпова, Р.Сенкебаев, Ғ.Оспанов Қазылар
алқасының жақсы бағасына ие болды. Аталмыш қойылымға айтылған ескертулер
драматургияға қатысты жайттар. Драматургиядағы сахналық әрекеттері
ақталмағандығын айтты. Ал негізінде актерлік үлкен жұмыстармен, режиссура және
бүгінгі күн тақырыбын еркін меңгерген деген ой қорытты қазылар алқасы. 

Әлия
Бөпежанова, ҚР
еңбек сіңірген қайраткері, сыншы:


Жылына бір рет өтетін дәстүрлі республикалық фестиваль жалпы сахна өнеріміздің
бүгінгі хал-ахуалы деген мәселе төңірегінде сөз қозғауға, республикалық
театрларды тұтастай қамтымаса да бүгінгі өтіп жатқан процестерді бағдарлап,
бақылауға, зерделеуге мүмкіндік береді. Биылғы фестиваль көрнекті
жазушы-драматург Т.Ахтановтың 90 жылдығына арналғандықтан шарты бойынша
Т.Ахтановтың пьесалары және бүгінгі заманауи драматургия бойынша қойылымдар
көрсетілуі тиіс болатын. 

Осы
шартқа сәйкес, Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жазушы-драматург
Серік Асылбекұлының драмасы бойынша қойылған «Империядағы кеш» спектаклімен
қатысты. Серіктің республика театрларында бұдан бұрын да екі-үш пьесасы
қойылған. Ал, «Империядағы» кеш», жеке пікірімде, драматургтың тым жақсы
туындысы. Ең алдымен, бұл – нағыз бүгінгі күннің драмасы және актерлер ойынына
үлкен кеңістік береді. Спектакль фес­тивальда үлкен бір шабытпен,
импровизациямен ойналды – нағыз шеберлік, актерлік ансамбльдік ойын тұрғысынан
озық болды. Бұл тұста Қазылар алқасының мүшесі, өнертану докторы Бақыт
Нұрпейістің – М. Әуезов театрының спектаклі фестивальдің мастер-класы болды
дегенге саятын пікірі өте орынды. Ал, спектакльдің қоюшы-режиссері Алма
Кәкішева, меніңше, фестивальдің жаңалығы болды. Алманың фестивальдағы жеңісі –
алдағы үлкен жеңістерінің басы болғай деген тілек айтамыз. 

Фестивальге
қатысқан өзге де театрлар – бес қазақ, үш орыс театры өзінің бүгінгі бет алысын
көрсетті. Ұсынылған қойылымдар фестивальдің Қазылар алқасы тарапынан
талқыланды, бағаланды, марапатталды. Оның бәріне жан-жақты тоқталуды көлем
көтермейтіндіктен, бұл тұста мен үш жайтқа назар аударар едім. 

Біріншіден,
сахнаға, қазақ режиссурасына жап-жас буынының шыға бастағанын айтуымыз керек.
Фестивальда екі жас режиссер – Балтабек Нұрғалиев пен Дина Жұмабаеваның
спектакльдері көрсетілді. Олар былтыр жас режиссерлердің Таразда өткен «Дебют»
фестивалінде жақсы өнер танытқан болатын. Бұл жолы Балтабектің Ақтөбе театрының
орыс труппасында қойған «Уақыт – құс» (авторы Ольга Марк) және Динаның
Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы драма театрындағы «Қыз Жібек»
қойылымдары көрерменін бей-жай қалдырмады. Назар аударарлығы – жас режиссердің
«Қыз Жібектің» эпостық түпнұсқасына ден қойғаны. Спектакль жанры –
лирикалық-сахналық қиял. Мұнда бас­ты назар Жыршы мен Қыз Жібекке аударылған.
Менің ұғымымша, өнер деген шексіз интерпретациялар. Бұл «Қыз Жібек» – жас
режиссердің жырды сахналық қиял тұрғысынан қызғылықты зерделеуі деуге
болады. 

Екінші
атап айтарым – осы фестиваль арқылы да байқалатын бір тенденция – қалың қауымды
әдебиетке, ұлттық бастауларға қайтаруға деген ұмтылыс, ынтызарлық. «Қыз
Жібекпен» қоса мұның осы фестивальдағы тағы бір көрінісі – Астана Жастар
театрының көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» романы
бойынша қойылған «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» спектаклі (режиссері –
театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай). Әндерін көрермен беріліп
тыңдаған, аға ұрпақ балалық шағын еске алып, ностальгияға берілген қойылымға
едәуір сын айтуға болады, дегенмен де қойылым өзін біз атап отырған тенденция
тұрғысынан ақтайды ғой деймін. 

Үшіншіден,
орыс драма театрлары сахнасында қазақ драматургиясының қойыла бастағаны. Мұның
уақыты келді дегенмен де бұл өзі театр басшылығы тарапынан көп қажырды талап
ететіні белгілі. Бұл жолы Солтүстік Қазақстанның Н.Погодин атындағы облыстық
драма театры М.Әуезовтің «Қарагөзін» (режиссері Ю.Ханинга-Бекназар), М.Горький
атындағы Астана орыс драма театры О.Бөкейдің «Атау-кересін» (режиссері
Н.Жақыпбай) қойды. Астана театрында қойылым мәдениеті, материалды меңгеруге деген
ықылас, бұл тұста қоюшы-режиссердің үлкен ықпалы байқалады. Ал, Солтүстік
Қазақстан облыстық театрының «Қарагөзі» көңілге алаң тудырады. Ұлттық
классикаға мұнша жеңіл қарау – театрға да, режиссерге де абырой бермесе
керек. 

Фестиваль
өткізу, әрине, оңай шаруа емес. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәденит
комитеті мен Ақтөбе облыстық әкімшілігі тарапынан көп ұйымдастырылу жұмыстары
жүргізілген. Дегенмен де алда есте болатын бір мәселе ретінде фестивальға
спектакль іріктеу әлі де ширай түсуі және де Қазылар алқасы құрамына
мүмкіндігінше кәсіби театртанушылар, сыншылар көбірек тартылуы қажеттігін айтар
едік. 

Алма
Кәкішева, режиссер:


Фестивальдің негізгі өзегі Т.Ахтановтың 90 жылдық тойы және драматургияның,
театрдың мерекесі деп білемін. Т.Ахтановтың драматургиясын әлем
драматургиясымен теңестіруге болады. Жалпы театр фестивальдері Қазақстанда көп
болу керек. Себебі бір жылда бір-ақ театр фестивалінің болуы аз сияқты. Менің
ойымша, фестивальді бір-екі ай қалғанда емес, бір-екі жыл бұрын жоспарлап,
тақырыбын бекітіп қою керек секілді. Мысалы, келесі жылы фестивальдің кімге
арналатынын, қандай тақырып ұсынылатынын мен білмеймін. Сол жағын қарастыру
керек іспетті. 

Фестивальге
бүкіл Қазақстандық театрлар қатысқан жоқ, тоғыз театр өз өнерін көрсетті.
Фестивальдің шартына байланысты әр театр өзінің туындыларын ұсынды. Қара
шаңырақ М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры
С.Асылбекұлының «Империядағы кеш» драмасымен қатысты. Менің ойымша, спектакль
табысты өтті. Драматургия, актерлік шеберлік жағынан өзінің алға қойған
мақсатын орындады. Актерлерге өзге сахнада ойнау әрине қиындық туғызады. Бірақ
біздің актерлердің шеберліктері сол сахнаны жатсынбай, өздеріне қойылған
мақсатты орындап шықты. Фестивальге барған кезде мен рухани байытып, таң қалдыратын
спектакльдерді көргім келген еді. Жақсы актерлер бар болғанымен, режиссура
біздің өзекті проблемаларымыздың бірі болып тұрғанына тағы бір мәрте көзім
жетті. Бір сөзбен айтқанда режиссураға көңіл бөліну керек деген пікірде болып
келдім. 

Гүлнар
Жақыпова, ҚР
халық артисі:

– Қара
шаңырақ театрымыздың С.Асылбекұлының «Империядағы кеш» спектаклімен фестивальге
қатысқанын басшылық тарапынан дұрыс шешім болды деп есептеймін. Себебі бүгінгі
күн тақырыбына арналған, өзекті проблемаларды қозғайтын қойылым. Фестивальге
қатысып, өнер көрсету бізден үлкен жауапкершілікті талап етті. Себебі
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған әріптестеріміздің алдында өнер көрсету
үлкен сын. Ақтөбе фестивалінде спектакльді басқа декорацияда, яғни гастрольдік
нұсқада ойнадық. Өз басым сахна талғамаймын. Қай жерде өнер көрсетсем де,
сахнаның қандай екені емес, керісінше сен сол сахнада не бітіресің сол маңызды
деп есептеймін. 

Біздің
спектакль бүгінгі күнді арқау етеді. Бүгінгі таңда қоғамда пендешілік көбейіп,
адамдардың адами қасиеттен алыстап бара жатқандығы туралы. Менің ойымша
спектакль қазіргі өмірді, қазіргі тапқа бөлінуді, адамнан гөрі ақшаның бірінші
орынға ойысқандығы және т.б проблемаларды көтерген. Қазылар алқасының жоғарғы
бағасына ие болдық. Актерлік ансамбль жақсы өнер көрсетті деп есептеймін. Бұл
біздің театрдың үлкен жетістігі деп білемін. 

Руслан
Сенкебаев, актер:


Фестивальге С.Асыл­бек­ұлының «Империядағы кеш» драмасымен барғанымызға
қуаныштымын. Бұл Алматы көрермендерінің әр кез ыстық ықыласына бөленіп жүрген қойылымдардың
бірі. «Театр – өмір айнасы» деген жақсы сөз бар. Тап осы сөз «Империядағы кеш»
спектакліне қатысты айтылғандай көрінеді. Себебі спектакльге келген әр адам
өзінің бейнесін көреді. 

Ақтөбеде
өткен фестивальде облыстық театрлардың спектакльдерін көріп қайттым. Облыстарда
да жақсы актерлер бар. Театрдың жағдайының нашарлығына қарамастан өнер үшін,
қазақ театры үшін талмай еңбек етіп жүрген өнердегі әріптестеріме шексіз
ықыласымды білдіремін. Мен де кезінде облыстық драма театры сахнасында өнер көрсетіп,
қызмет еткенмін. Сондықтан олардың жағдайларын жақсы білемін, түсінемін. 

Фестивальден
жақсы әсер алдым. Біздің спектакльде актерлік ансамбльдің жақсы болғандығын
атап өту керек. Біз бір-бірімізді ым, ишара арқылы ұғып, жақсы бір ойын
көрсеттік десем болады. Фестивальде 90 жылдық тарихы бар қара шаңырақ М.Әуезов
атындағы академиялық драма театрының атынан шығып, өнер көрсету үлкен
жауапкершілікті талап етті. Кезінде театр корифейлері салып кеткен сара жолдан,
сол биіктіктен шығып өнер көрсетуіміз қажет болды. Еңбегіміз ақталып, жүлделі
орынға ие болып қайттық. Қуаныштымын. Бұл театрымыздың өнердегі өз әділ бағасын
алғандығы деп білемін!

Дайындаған 

Салтанат
Әбілғазиева

Серіктес жаңалықтары