Қазақстан жиһазшыларына жаңа мүмкіндік

Қазақстан жиһазшыларына жаңа мүмкіндік

Қазақстан жиһазшыларына  жаңа мүмкіндік
ашық дереккөзі
975

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымын жақсартуға екі елдің жиһазшылары да атсалысып жатыр. Бұл ішкі нарықтағы импортталатын тауарларды шектеп, отандық өнімді дамытуға сеп.

Жиһазшылардан үйренеріміз көп

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 4 млрд. долларға жуық. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы көрсеткішті 10 млрд. долларға дейін жеткізуді тапсырды. Екіжақты байланысты түріктердің жиһаз жасаушылары нығайтуды көздеп отыр. Бүгінде түркі елдерімен арадағы сауда-саттық, экономикалық және іскерлік қарым-қатынас нығая түскен. Үстіміздегі жылдың 3-7 қарашасында өткізілетін «MODEF EXPO-2015» Жиhаз және безендендіру саласындағы Халықаралық Сауда көрмесінде Қазақстан мен Түркия арасындағы саудаайналымын ұлғайтуға атсалысамыз деп отыр. Әсіресе, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Түркия мен Балқан елдері, Орталық Азия мемлекеттеріндегі жиһаз нарығының ойыншылары аса белсенді. Бүгінде Қазақстанмен бірге Иран, Ирак, Бірікккен Араб Әмірліктері, Иордания, Ливан, Мысыр, Болгария, Алжир, Mорокко, Tунис т.б. түрік жиһазшылармен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Түркияның Бұрса облысына қарайтын Инегөл қаласында Жиһаз жасаушылар ассоциациясы бар. Ассоциация мүшелері жыл сайын жиһаз көрмесін ұйымдастыруды үрдіске айналдырған. Былтыр MODEF EXPO-2014 көрмесіне 1500 сатып алушы келген. «Modef Fuarcılık» өткізген көрмеде заманауи, классикалық, антикалық және модульдік жиһаздар, креслолар, орындықтар, дивандар, балалар мен жасөспірімдерге арналған жиһаздар, фурнитуралар ұсынылды. Жиһаз дүкендері, дүкендер желісі, көтерме саудамен айналысатындар, импортерлар, экспортерлар, алыпсатарлар, архитекторлар, интерьерлердің декораторлары, өндірістік дизайнерлер, жиһаз жасау кәсібімен айналысатындармен бірге Орталық Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты түркі мемлекеттері, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Балқан елдерінен келетін тұтынушыларға арнайы кездесулер өткізілді. Басты мақсат – инвестиция тарту. Осы орайда, ModefExpo мен «Antexpo» Халықаралық Маркетинг пен қатысушыларды тартатын серіктес компаниясы Иран, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Ливан, Египет, Болгария, Алжир, Марокко, Тунис, Қазақстан т.б. әлемнің 30-дан астам елімен байланыс орнатып, VIP сатып алушыларды жиһаз өндірісіне тарту мақсатында жұмыс істеп жатыр.

Ынтымақтастыққа мүдделі

Қазақстан мен Түркиядағы жиһазшылардың байланысы енді қалыптасып келеді. Инегөлдегі Жиһаз жасаушылар ассоциациясының президенті Өзжан Айхан мырза: «MODEF EXPO» жиһаз көрмесін ұйымдастырмас бұрын біз жазда Қазақстанға барып, ол жақтағы ішкі нарықты біраз зерттедік. Қазақстандағы жиһазшылармен таныстық, екіжақты келісімдер жасадық. Осындай кездесулердің нәтижесінде, көрмеге Қазақстаннан келген қатысушыларымыз бар. Негізі алдағы уақытта қазақ әріптестермен сауда және іскерлік байланыстарды нығайтуды көздеп отырмыз. Бүгінгі таңда сіздің елде түрік жиһаздары аз да болса, сатылады. Біздің Қазақстанға сапарымызда бірқатар серіктестік келіссөздерге қол қойылды және оған дейін де өнім сататындар бар екен. Ендігі мақсат – түріктердің қазақтарға экспорттайтын өнімдер көлемін арттыру. Бұған әлбетте, уақыт керек», – дейді.

Негізі жүз жылдық тарихына қарамастан, Инегөл жиһаз өндірісі ірі сала ретінде енді-енді қалыптаса бастаған. Әсіресе, соңғы 8-10 жылда Жер шарының 90-100 еліне жиһаз экспорттау жолға қойылыпты. Жиһаз өндірісімен айналысатын 2 мыңға жуық кәсіпорынның 600-ден астамы экспортпен шұғылданады. Инегөлдегі жиһазшылардың ішкі нарыққа қосатын үлес салмағын айтсам, 35 пайыздан асады. Ал экспорттағы салмағы – 20 пайыз. Мәселен, 2013 жылы 320 миллион долларға өнім экспорттаса, былтырғы көрсеткіш 400 миллионға жақындаған. Тағы бір маңызды жайт, Инегөлдің жан-жағы орман болғандықтан өнімге қатысты шикізат пен материалды ішкі нарықтан сатып алады. Өзжан Айхан мырзаның пікірінше, Қытай жиһаздарын Инегөлде жасалған өнімдермен салыстыруға келмейді: «Өйткені олардың сапасы өте төмен. Бүгінде біз Қытайдан да тұтынушы тапқанбыз. Яғни, қытайлардың нарығына да кірдік. Инегөлдегі «MODEF EXPO» көрмесіне биыл Қытайдан 15 шақты сатып алушы қатысуда. Демек, біз жасайтын өнімге сұраныс бар. Сонымен қатар жуық арада 4 млн. шаршы метрге үлкен алаң салынып, тек жиһаз кәсіпорындары ғана өнім жасаумен айналысады. Бұл Түркиядағы жалғыз алаң. Тағы бір алаңның шатырын жауып, 140 кәсіпорынның өнімдерін жарнамалайтын мекенге айналдырмақпыз. Бұлардың бәрі Инегөлдегі жиһаз саласын дамытуға ықпал етеді деп сенеміз».

Биылғы көрме ұйымдастырушылар тарапынан Инегөлде 3 түндік тегін жатын орынмен, Стамбұлдан тегін тасымалдау, тегін таңғы ас пен кешкі ас және көрме болатын жерлерге тегін тасымалдауды өз мойындарына алған. Жиһазшылардың ұстанымы: сапа, үлгі және баға өзара үйлескенде тұтынушылық сұраныстың артатыны анық. Бүгінде жиһаз саласынан түсетін 60 миллиард АҚШ долларының 25 пайызы әлемдік нарыққа тиесілі. Осы көрсеткіштің 35 пайызын иемденген Инегөл жиһазшылары экспорт көлемін 1 млрд. АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу әбден мүмкін. Өйткені Инегөлде 260 ірі жиһаз фабрикасы, 1000 жиһаз салоны және 1500 өндіріс орталығы бар. Түркиядағы ең ірі жиһаз экспорттаушы деген атауын да сақтап қалуға сеп болған осы мүмкіндік. Қазір Инегөлдегі 1300-ден астам жиһаз компаниясы әлемнің 110-нан астам еліне өз өнімін экспорттап отыр.

Негізі Modef Expo – кең ауқымдағы сапалы жиһаз өнімдерін арзан бағаға сатып алуды көздейтіндерге арналған көрме. Өнім жасауға қажетті шикізаттар Инегөлде өндірілетіндіктен, сапасы өте жоғары әрі құны төмен. Экспорттайтын кезде қойылатын баға да кәдімгідей көңіл қуантады. Сатып алушылар үшін тағы бір тиімді нәрсе, Еуропа мен Азияның қақ ортасындағы Түркия – еуропалық елдерге, түркітілдес мемлекеттерге, Таяу Шығысқа түріктердің өнімдерін импорттау үшін қолайлы мекен. Осының арқасында екіжақты серіктестік қарым-қатынас түзіледі.

Инегөлді көрген де арманда, көрмеген де...

Жиһаздардың сан түрін ұсынатын көрмеден басқа Инегөлде жатжұрттықтарды қызықтыратын тарихи мекендер көп. Табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткізе алмайсыз. Ал Ойлат деп аталатын шипажай орналасқан жердің әдемі табиғаты мен арзан бағасы да көпшіліктің көңілінен шығады. Осман империясы кезінде салынған ғимараттар мен тарихи нысандар, мешіттер 700 жыл бойы үстемдік құрған империяның бір үзік сыры іспетті. Сонымен қатар Инегөлдегі қала мұражайының жөні бөлек.

Ұлыдағ тауының етегіне жайғасқан Инегөл аумағын адамдар ежелден мекендеген. Ескендір Зұлқарнайын басқарған мемлекеттің, Византия империясының құрамында болған осы жерде XIV ғасырда І Осман сұлтан Осман империясының іргетасын қалаған. Бурса провинциясына қарайтын Инегөл теңізден 2543 метр биіктікте орналасқан. Инегөлде шаңғы тебу сияқты басқа да қысқы спорт ойындары жақсы дамытылған. Өсімдіктер мен жануарлардың сан түрі шоғырланған Ұлттық бағы қандай! Бір кездері жергілікті өнімдері орман шаруашылығының арқасында дамыған болатын. Бұл үрдіс 1950 жылдардың басына дейін жалғасқан. Алайда, 1980 жылдардан кейін өнеркәсіптік аймақтың ықпалы тиген Инегөлде өнеркәсіп саласы ерекше қарқынмен дами бастайды. Бүгінде жиһаз саласымен бірге тарихи, денсаулық және спорт туризмдері жақсы дамыған.

Серіктес жаңалықтары