Президент көне парсы еліне бармақ
Президент көне парсы еліне бармақ
Екі елдің сауда-саттық және экономикалық қарым-қатынасы, Каспий қайраңын тең пайдалану және Иран ядролық бағдарламасына қатысты байланысы берік.
Қарт Каспийдің оңтүстігін жайлаған иран халқының тарихы мен саясаты әлемді аузына қаратып отыр десек те болады. Тарихы тереңге тартатын ислам мемлекеті бүкіл батыстың үрейін ұшырып отыр десек те асыра айтқандық емес. Десек те бұл мемлекеттің Қазақстанмен өзара ынтымақтастық қарым-қатынасы бір арнаға түскелі талай жылдың жүзі. Бұған дейін де Елбасы Иран республикасына ресми және жұмыс сапарларымен бірнеше рет барып қайтқан. Ал бұл жолғы сапар бұған дейінгі экономикалық келіссөздерді пысықтап, қуатын арттыра түспекші. Елбасының жетінші Иран президентін ұлықтау рәсіміне жол жүргелі отырғанын хабарлаған Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев салтанатты рәсімге шетелдік мемлекет және Үкімет басшылары шақырылғанын айтты. Бұл рәсімнен кейін Н.Назарбаев Хасан Роуханимен екіжақты кездесу өткізеді.
– Біздің мемлекет аймақтағы барлық елдермен достық және әріптестік қарым-қатынаста болуды қолдап, алдағы уақытта сауда-экономикалық байланыстарды барынша кеңейту үшін атсалысуда. Иран ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселелерді тек бейбіт және дипломатиялық жолмен реттеудің маңыздылығына табандылық танытып, ерекше көңіл аударып келеміз, – деді Алтай Әбибуллаев. Айтқандай, бұл сайлауға бұрынғы президент Махмуд Ахмадинежад заңдарды аттап, қатысуға ниет білдіргені үшін халық наразылығына ұшыраған болатын.
2013 жылдың басында Алматыда Иран ядролық бағдарламасын талқылауға алты мемлекеттің өкілдері қатысып, жабық есік жағдайында өз ұсыныстары мен талаптарын тізбектеген еді. Екікүндік келіссөздер барысында да нақты шешімдер қабылданған жоқ. Өйткені Иран мемлекеті баршамызға мәлім, ядролық зерттеулерден бас тартпай отырған елдердің санатында. Таяу Шығыстағы еңсесін қайта тіктеп, демократиялық әлемге қадам басқан мемлекет кейбір ұсынысынан танған жоқ, десе де ақпан-наурыз айындағы келіссөздерде өз ұсынысынан ауытқыған жайы да бар. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Саид Жалили былай деген болатын: «Иранның ядролық бағдарламасы мәселесін реттеуге қатысты Тегеран мен Батыс елдерінің ұсыныстары бір-біріне жақындай түсті. Иран Мәскеудегі келіссөзде өзінің жан-жақты ұсыныстарын ұсынған болатын. Онда ынтымақтастықтың 5 құрамы және 6 қағида мен нысаналар көрсетілген еді. Ал кешегі қарымта сөзде Батыс елдері бұрынғыға қарағанда көңілге қонымды ұсыныстарын білдірді», – деді. Бұл отырыстың қорытындысында, өткен жылғы Ыстамбұл, Бағдад, Мәскеу келіссөздері сияқты Иранның ядролық бағдарламасына қатысты дипломаттық қарар өзгеріссіз қалды. Десе де әлем үшін маңызы зор келіссөздердің Қазақстанда жүргізілуі екі ел арасындағы әріптестіктің беріктігін білдірсе керек.
Қазақстан мен Иран жүк экспорты мен тасымалы үшін әлдеқайда қолайлы тарифтік жағдай жасаған. Келісілген тарифтік саясатты қалыптастыру әрі жүргізу мақсатында Трансазиялық темір жол магистралін салу, иран жүктерін ТМД, ҚХР және Еуропа нарығына тасымалдау үшін өзара тиімді келіссөздер бар. Ал Қазақстан бидайының негізгі импорттаушыларының бірі – Иран. Иранға ірі ауқымдағы астық экспорты өзара мүдделерге толық жауап береді және екі мемлекет ынтымақтастығының маңызды қосымша саласы болып табылады.
Каспий қайраңы кімнің несібесі?
Иранның ядролық бағдарламасы алты тараптың күшімен реттелсе, Каспий теңізінің тұңғиығын бөлісу бес тараптың да қолынан келмей тұр.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау оңай шаруа болмай шықты. Өйткені бес тараптың өз еншісін молынан қарпуға деректері мен дәйектері көп-тін. Өткен ғасырларда Каспий мәселесі Ресей империясы мен Парсы шахы арасындағы шарттармен, кейінгі ғасырда Кеңес Одағы мен Иран арасындағы екіжақты келісімдермен реттелген болатын. Бірақ бұл келісімдерде балық аулау өңірінен тыс аумақтағы көмірсутегі қорын игеру мәселесі ескерілмеген екен.
Әсіресе Каспийдің байлығын жылдар бойы иемденген Ресей қолда бар қазынасынан айрылуға, тіпті бір шаршы метрін артық беруге келіспей қасарысып бағуда. Ал Қазақстанның мемлекеттік Каспиймен шектесетін шекарасы барлық мемлекеттердің шекаралары арасындағы ең ұзыны, ол 1700 шақырымнан артық. Ал жағалаудағы өзге мемлекеттер әділ шешуге талпынып, мемлекеттің теңізбен шектесетін аумағы бойынша бөлісуді ұсынғанда да, Ресей келісімін бермеді. Неше жылдық тартыстың нәтижесінде құқықтық мәртебе Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияда айқындалатын болады. Тегеран қаласында өткен саммитте Каспий саммитіне Иран, Қазақстан, Ресей, Түркіменстан және Әзірбайжан президенттері жиналып, теңіз қорларын пайдалану тәртібін уақытша белгілеген болатын.
Каспий теңізінің заң мәртебесі 1992 жылдан бері анықталмай келеді. Кеңес Одағы тарап, Каспий теңізінің жағалауында екі мемлекет емес, бес мемлекет пайда болғанда бұл халықаралық мәселені шешуде осалдыққа орын жоқ. Егер Каспийге халықаралық деңгейдегі «теңіз» мәртебесі берілсе, онда оған автоматты түрде БҰҰ-ның 1958 және 1982 жылдардағы континенталды қайраң және теңіз құқығы жөніндегі Конвенцияларының құқығы таралады. Олай болған жағдайда әр каспийлік мемлекет 12 мильдік аумақтық өңірге және 200 мильдік экономикалық өңірге егеменді құқықтары болады.
Елбасының 4 тамыздағы сапары барысында қаралатын – гео-саяси мәселелердің бірі – осы. Сонымен қатар бір кездері парсы шахтары билеген мемлекеттің жоспарлары, сыртқы және ішкі қатынастары, сондай-ақ Қазақстанмен саяси-экономикалық байланысы нығая түспек.
Ақниет ОСПАНБАЙ