Индустрияландыру картасы: Екінші бесжылдық жоспары әзірленеді

Индустрияландыру картасы: Екінші бесжылдық жоспары әзірленеді

Индустрияландыру картасы: Екінші бесжылдық жоспары әзірленеді
ашық дереккөзі
2412
Өңірлерде іске қосылған кәсіпорындардың кейбірі жергілікті халықты жұмыспен қамтыса, кейбірі аймақтың басты экономикалық күшіне айналды. Бұл кәсіпорындардың барлығы қыруар қаражатқа салынды, бүгінде олардың өнімінен түскен қаражат зауытқа қойылған құрылғылар мен құрылысты ақтауға бағытталған. Өткен аптада Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бірінші бесжылдықтың жоспарын тағы бір пысықтап өтті, сондай-ақ екінші бесжылдықтың тұжырымдамасы 1 қарашаға дейін әзірленеді деді. Жуырда Дүниежүзілік сауда ұйымы еліміздің экспорттаушы ел ретінде дамып келе жатқанын баса айтты. Қазақстан экспортқа шығарылатын өнімдер көлемі жағынан 30-шы орынға табан тіреген. Бұл еліміз үшін жақсы көрсеткіш, шетелге тасымалданатын өнімдердің арта түскенін анық байқаймыз. «Өзінің қарқынды даму кезеңінде біздің экономикамыз инфрақұрылым бойынша тұралап қалды. Сол себепті қазір бізде осы сәтті пайдаланып, ары қарай экономикалық өсу үшін қажеттінің бәрін дайындауға мүмкіндігіміз бар», – деп атап өткен еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. 2000 жылдардың басында еліміз әлемдік нарыққа саудалайтын өнімдердің 90 пайызы шикізаттық болып, Қазақстан – шикізат көзі ретінде танымал болды. Бірақ соңғы жылдары елдегі өндіру мен өңдеу өнеркәсібі, қайта өңдеу арқылы дайын өнімдер алу арта түсті. Көлемі ішкі нарықты қанағаттандырып, сыртқы нарыққа да тасымалдана бастағаны анық. Бұл, әрине, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Индустрияландыру картасы негізінде жүзеге асқаны белгілі. Осы орайда әсіресе министрліктің жаңа өндіріс орындарын ашуға қатысты жобалары сәтті орындалды. Мәселен, индустрияландыру бағдарламасының алғашқы үш жылында республика аумағында 537 жаңа өндіріс орны іске қосылды, отандық өнім түрлерінің саны 142-ге артты. Бағдарлама республиканың түкпір-түкпірін түгел қамтығаны белгілі, ешбір аймақ шет қалған жоқ. Десе де Индустрияландыру картасының жобалары арқылы өңдеуші өнеркәсіптің үштен бір бөлігі Ақмола облысында, Жамбыл облысында төрттен бірі шығарылады екен. Ал Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары өнеркәсіп дамуының қозғаушы күші, яғни бастауыш облыстар. 2010 жылдан бері Индустрияландыру картасы аясында пайдалануға берілген нысандардың нәтижелі жұмысының арқасында 2 триллион теңгеден астам сомаға өнім өндірілген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өнім 1 триллион теңгеге жуықтаған. Жартыжылдық қорытындысы бойынша, химия өнеркәсібінде – сала өндірісінің орташа көлеміндегі Индустрияландыру картасы жобаларының үлесі 24 па­йызды құрады. Бұл көрсеткіш құрылыс материалдарының өндірісінде – 13 пайыз, машина жасау саласында – 11 пайыз,  фармацевтикада 10 пайызға тең болды. Жалпы, 2012 жылы ІЖӨ-нің 5 пайыздық өсімінде Индустрияландыру картасы жобаларының үлесі 1,3 пайызды немесе өсудің төрттен бір бөлігін құраған. Ведомство бұл бағдарламаның жемісін әлі алда көреміз, болашақ ұрпақтың еншісін қоса қамтимыз деген үмітте. Өйткені қазір де көңілге қонымды нәтижелер ел экономикасына өз үлесін қосуда. «Қазақстандық мазмұн» Қазақстандық мазмұнды – Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының стратегиялық міндеті ретінде жүктеген. Осы бағдарлама аясында қазақстандық мазмұнды дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама қабылданған еді. Осы мақсатта ілгері басу үшін – «NADLoC» Ұлттық агенттігі құрылып, мазмұнды арттыру саясатын жүзеге асыру бойынша жұмыс органы болып бекітілген. Агенттік немесе жалпы мазмұн не үшін қажет? Бұл – ішкі нарықта отандық тауар өндірушілерді дамыту үшін қажетті жағдайды жасау. «NADLoC» агенттігі қазақстандық өнімдерді ілгерілету үшін интернет-ресурсты да оңтайлы пайдалануға көшкен. Мәселен, агенттіктің интернет-ресурсына күнделікті кірушілердің саны 40 мыңға жеткен. Бұл ақпараттық жүйелердің өнімділігін ұлғайтудың арқасында жүзеге асты. Жергілікті қамтуды дамытудың басымдықтарын мұнай газ және тау-кен компаниялары ұғына бастағандай. Мәселен, «Қазақмыс» компаниясы былтыр жергілікті компаниялардан 252 млрд. теңге соманың тауарларын, жұмыстары мен қызмет түрлерін сатып алды. Нәтижесінде жергілікті қамтудың үлесі 2009 жылғы 36 пайыз көрсеткіштен 2013 жылғы 62 пайызға дейін өсті. Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сы­ның былтыр қазақстандық үлесі 57 пайызды құрап, 2011 жылмен са­лыс­тырғанда 8 пайызға артқан. Ұлттық компания 1998 жылдан бері мұнай-газ машина жасау саласын дамытып, ел өндірісінде мұнай-газ жабдықтарының жаңа түрлерін жүзеге асырып келеді. Аталмыш бағдарлама бүгінгі күнге дейін елдегі 69 зауытты қамтыса, оның кәсіпорындарында 30 мыңдай адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл қатарда «Қазақстан темір жол» ҰК» АҚ да бар. Олар тауарлық-материал­дық құндылықтар мен қызмет түрлерін сатып алу көлемінің 50 пайыздан астамын қазақстандық өнім өндірушілер еншісіне беріп отыр. Еліміздің Дүниежүзілік Сауда ұйымына үмітті екені баршаға аян. Десек те республикалық экономикалық ахуалы басты ролде. Сондықтан экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсартып, экспорттық әлеуетті арттырып, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтығанда ғана ДСҰ-ға қол соза аламыз. Ал ДСҰ-ға кіру – елімізге мүмкіндіктер мен ірі сауда нарығын ашады.

 

Екінші бесжылдық – индустрияландырудың жаңа мүмкіндіктері

Алқа қорытындысы бо­йынша, Әсет Исекешев Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларын ес­кере отырып, министрліктің жыл соңына дейінгі бірқатар міндеттерін бел­гіледі. Индустрияландыру картасы аясында ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған жобаларды уақтылы іске қосу, сонымен қатар қаражаттың дер кезінде бөлінуі. Теңгенің құнсыздануы мен доллар бағасының өсуі бұл процесті кідіртуі мүмкін, сондықтан да министр мырза бұл мәселелердің басты қаперде болатынын ескертті. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2013 жылдың 1 қарашасына дейін индустриялық-инновациялық дамудың немесе жаңа индустрияландырудың екінші бесжылдығы Тұжырымдама жобасын әзірлеу қажет. Үшіншіден, өнеркәсіп өсуін қамтамасыз ету. Осыған орай, Өнеркәсіп комитетіне жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша шараларды қабылдау және 2013 жылдың соңына дейін жүйе құраушы кәсіпорындарға талдау жүргізу тапсырылады. Біз Елбасы қойған міндеттерді уақтылы және сапалы орындауға, сондай-ақ министрлік басқаратын салалардағы жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдауға тиіспіз, – деді жиынды қорытындылаған Ә. Исекешев мырза. Биыл жыл соңына дейін 112 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында Ақтөбе қаласындағы ферроқорытпа зауыты, Титан слябтарын өндіру зауыты, Қостанайдағы прокат зауыты және Астана қаласында аффинаж зауыты бар. «Ресурсқа тәуелді болмайтын индустрияландырусыз болашақ жоқ екенін бәріміз түсінуге тиіспіз. Инновациялық дамусыз да халықтың ертеңі бұлыңғыр. Бұл – ғылым мен жаңа технологияны жақсы білетін кадр дайындау керек деген сөз. Үкіметке елді индустрияландыру бағдарламасының жалғасы ретінде нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын және бұл Үкіметтің басты тапсырмасына айналуы керек. Соның нәтижесінде шикізаттық емес экспорт көлемі 2025 жылға қарай 2,5 есеге, 2040 жылға қарай 3 есеге өсуі керек».

ҚР Президенті Нұрсұлтан 

Назарбаев (14 желтоқсан, 2012 ж.)

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары