ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ІСТЕР
ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ІСТЕР
Онда үстіміздегі жылдың жарты жылдығындағы аймақтық әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып, жыл соңына дейін атқарылатын жұмыстар анықталды.
Жиын барысында кадрлық өзгерістерге тоқталған өңір басшысы Елбасының жарлығымен Мүсілім Алтынбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты «Астана» өңірлік командованиесі әскерлерінің қолбасшысы қызметінен босатылып, бұл орынға Сұлтан Камалетдиновтың тағайындалғанын атап өтті. Сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Наталья Крюкова Қарағанды облысы бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы болып тағайындалса, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты облыстың азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей апаттардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасының басшысы Жұмамади Ибадилдинді демалысқа шығарып салған облыс басшысы ұзақ жылдарғы жемісті еңбегі үшін алғысын білдіріп, Құрмет грамотасын табыс етті.
Облыс аумағындағы атқарылып жатқан мәселелер бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғабит Мұхамбетов мырза баяндама жасап, әлеуметтік-экономикалық дамудың жекелеген мәселелері жайлы бірқатар облыстық құрылыс басшылары мен қала, аудан әкімдерінің есептері тыңдалды. Атап айтар болсақ, мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде құрылған өндірістердің жобалық қуаттылығына шығуы, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы жобаларды іске асыру, қазақстандық мазмұнды арттыру, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыру сынды мәселелер төңірегінде ашық әңгіме қозғалды.
Жиын барысында сөз болған өзекті мәселелер бойынша Бауыржан Әбдішев нақты тапсырмалар берді. Яғни, әлеуметтік-экономикалық оң көрсеткіштерді қамтамасыз ету, мемлекеттік және салалық даму бағдарламаларында белгіленген индикаторлар мен міндеттерге қол жеткізу, бюджетті сапалы орындау мен республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттерді игеруге қатысты тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың механизмдерін пайдалану, өндіріс орындарын ашуға инвестиция тарту, күзгі жиын-терімге дайындықты күшейту мен қыс айларына дайындықты да осы бастан ойлауға тапсырма берілді.
***
Сондай-ақ, қызу тірлікпен басталған осы аптаның алғашқы күндері Қарағанды қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық– демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы болып өтті. Онда «Еңбек нарығындағы гендерлік тепе-теңдікпен қамту жұмысы туралы әйелдердің қызмет жасауына көмектесу», «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын басты бағыт етіп, «Аналар мен балаларды қорғау, әйелдердің денсаулығын сақтау мекемесінің жұмысы туралы» сұрақтар қойылып, қызу талқыланды. Жалпы, өңір тұрғындарының денсаулығы үнемі назардан тыс қалмайтын мәселенің бірі екені, әсіресе ана мен бала болашағына алаңдау өмірдің бұлжымас заңдылығы екенін облыс басшылары күн тәртібінен түсірген емес. Адам ғұмырының ұзақтығы – халқымыздың өсіп-өнуіне байланысты екенін, ана мен бала өлімінің алдын алу, түрлі эпидемиялық аурулардың, жастарымыздың нашақорлықтан аулақ болуына, жастар арасындағы тәлім-тәрбиенің қоғамдағы саясаттан алшақ болмауын үнемі қадағалауда облыс басшыларының еңбегі зор. Сондықтан да осындай қала тұрғындарының өмір сүру салтын дұрыс ұйымдастыруға көмегі тиетін салиқалы жиындар жиі ұйымдастырылып отырады.
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ