ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ БАЙРАҒЫ ЖОҒАРЫ

ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ БАЙРАҒЫ ЖОҒАРЫ

ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ БАЙРАҒЫ ЖОҒАРЫ
ашық дереккөзі
203

Бұл сайысқа аттанардың алдында былғары қолғап шеберлерінің алдында екі жол тұрды. Бірі – Татарстанның астанасы Қазан қаласында да XXVII жазғы Универсиада аясында бокс турнирі өткізілетін еді. Сол себепті де, боксшыларымыз екіге жарылды. Бірін құраманың бас жаттықтырушысы Мы­р­за­­ғали Айтжанов бастап кетсе, екіншісі аға жат­тық­ты­рушы Нұр­ғали Сафиуллин соңына ертті.

Құрама сапындағы ең атақтысы, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасы мен 2011 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, жас­тар арасындағы 2007 жылғы әлем чемпионы, Қазақстанның 2009 жыл­ғы чемпионы, ақтаулық Әділбек Ния­зымбетов. 81 келі салмақтағы шеберіміз финалда күтпеген жерден есесін жіберіп алды. Бұл турнирде жерлесіміз иорданиялық Жехад Мохаммед Абу Алхерді, индонезиялық Кристианус Нонг Седоны және ирандық Эхсан Рузбаханиді ұтты. Ал финалда өзбектің жас бокс­шысы Ойбек Мамазулуновқа есе жіберіп алды.

Ал құрамада алғашқы болып топ жарған Теміртас Жүсіповтің есімі бұл жолғы додада жарқырап көрінді. Ол 49 келіге дейінгі салмақта жарысқа шықты. Көкшетаулық өреннің бұған дейін бағындырған биігі болмаған. Ол биылғы көктемде Болгариядағы атақты «Странджа» турнирінде топ жарған еді. Сары құрлық бәсекесінде еліміздің мерейін асырған алтын медаль тойын Теміртас бастап берді. Жасындай жарқылдаған жас өрен алғашқы алтынды қоржынымызға салды. Теміртас әуелгі додада қырғыз Турат Осмоновты, филиппиндік Ладон Рогенді, жапон Тошо Кашавазакиді айқын басымдықпен жеңді. Соңғы айқас финалда Теміртас үнді Лаишрам Девендер Сингхтан басым түсті.

Ал екінші алтын медаль ақтау­лық Берік Әбдірахмановқа (60 кг) тиесілі. Бұған дейін Қазақстан чемпионатында 2010 жылы қола, 2012 жылы алтын жүлделер алған саңлағымыздың бұл халықаралық дәрежедегі бірінші жеңісі. Беріктің жуан жұдырығы қытай Лиу Киангтен, ирактық Ганим Амир Хадимнен, ирандық Мохаммад Моме­вандтен, тәжіктің белгілі шебе­рі Анвар Юнусов пен тай Сайлом Ардиден басым түсті.

Үшінші алтынды қоржынымызға салған Мерей Ақшаловтың есімі баршамызға жақсы таныс. Ол алғаш рет 2004 жылы кадеттер арасында Азияның чемпионы болды. Бұл жолы Амманда Мерейдің мерейі тасып, алтыннан алқа тақты. Ол бұл жолы кувейттік Али Мазафарды 2 раундта нокаутқа жіберіп, қытай Ли Кунлионгті, қырғыз Ермек Сакеновті және атақты моңғол боксшысы Уранчимег Мункх-Ерденені айқын басымдықпен ұтты.

Одан кейінгі алтынды Данияр Елеусінов (69 кг) иемденді. Астаналық жас өрен чемпионатта ирактық Виссам Жаббардан, қытайлық Майматти Тусункионгтан, иорданиялық Мо­хаммад аль-Асси мен үнді Мандип Жанградан басым түсті. 75 келі салмақтағы Жәнібек Әлімханұлының да алтыны біз үшін ерекше. Амманда да айрықша өнер көрсеткен Жәнібек бірінші жекпе-жегінде Азияның 2011 жылғы чемпионы өзбек Шухрат Абдуллаевты ойсырата жеңді. Одан әрі қытай Вен Юнхгангты 1-раундта нокаутқа жіберіп, парсы Сажад Мехраби мен тәжік Навруз Джафоевты да айрықша басымдықпен жеңді.

Қостанайлық Антон Пинчукте (91 кг) бұрын мұндай ірі табысқа жетпеген екен. Бұл жолы турнирде ол бар-жоғы үш жекпе-жек қана өткізді. Антон шаршы алаңда Оңтүстік Корея боксшысы Хео-Жин Хоны, қырғызстандық Сергей Паренко мен иорданиялық Ихаб Алматбоулиды жеңді.

Қазақ «соңғы түйенің жүгі ауыр» дейді. Қазақ елінің ғаламат жеңісінің соңғы нүктесін аса ауыр салмақтағы жерлесіміз Иван Дычко қойды. 91 келі салмақтағы қостанайлық қыран бұған дейін 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына қатысып, 2011 жылғы әлем чемпионатын бағындырған болатын. Иордания жерінде өткен чемпио­натта Иван ең әуелі алаң иесі Сейф Барданды 1-раундта нокаутқа жіберіп, сосын үндістандық Сатиш Кумарды, иран­дық Жассем Делавариді ұтты, сосын өзбек Изатулло Эргашевтен басым түсті.

Қазақстанның қоржынына түскен 7 алтын тағы бір мәрте мерейімізді тасытты. Қазақтың көк байрағының желбірегені – қазақтың мерейінің өскені. Ендеше, қазақтың мәртебесін асқақтатқан жігіттерімізге қашанда алға демекпіз!

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары