ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ – ТАБЫС КӨЗІ

ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ – ТАБЫС КӨЗІ

ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ – ТАБЫС КӨЗІ
ашық дереккөзі
387

Облысқа қарасты Бәйдібек ауданында тамшылатып суарудың көлемі 106 гектарға ұлғайған. Қазір егіннің қызған шағы, соған орай, дала төсінде тынымсыз еңбек майданы жүріп жатыр. Бақша өнімдері, жеміс-жидектер базарларға шығарылып, сатылуда. Ал олар қалай егіліп, қандай әдіспен өсіріліп жатыр десек, кейбір шаруа қожалықтарының жұмыс барысына қарай оң баға беруге болады. Бұл әдістің тиімділігіне көз жеткізіп, былтырдан бастап қолға алғандардың ішінде Көктерек ауыл округінен «Агро-стандарт» ӨК-і 5 гектар жүзім алқабын, Жамбыл аумағында жеке кәсіпкер Ж.Айнаходжаев 6 гектар жеміс бауын егіп, қолға алған ісін дөңгелетіп отыр.

Сондай-ақ тамшылатып суару әдісін алғаш қолданысқа енгізген Алғабас аймағындағы диқаншы, «Қалдан» шаруа шаруашылығының төрағасы Қалдалы Балабиев бүгінде аталған әдісті таңдағанына дән риза. Диқаншының айтуынша, тамшылатып суарудың тиімділігі сол, біріншіден, су аз шығындалады. Екіншіден, басқа зиянды шөптер дәннің өсіп, күш алып кетуіне кедергі бола алмайды. Әрине, мол табысының басты себебі де осы тамшылатып суару технологиясында болса керек. Бұл технология бойынша су тек керек жерге ғана қажетті мөлшерде тамшылатып беріледі, артық су жіберілмейді. Сол себепті топырақ құнарлылығын сақтап, күннің қызуын мол алады, арам шөп те көп өспей, кедергі бола алмайды. Нәтижесінде мол өнім алуға мүмкіндік жасалады. Бақшасында қызанақ, қияр, картоп, орамжапырақ, асқабақ, бұрыш секілді дақылдар жайнап тұр. Суды негізінен Арыстанды өзенінен су сорғыш қондырғы арқылы 200 литр бөшкеге жинап, көкөніске береді. Ал атыз қазып, арық бойымен су жіберушілерге қарағанда, тамшылатып суару бойынша су аз жұмсалғанымен бірге, өнімнің шығымын жақсы береді.

– Былтырдан бастап 70 соттық жерге тамшылатып суару әдісін енгіздік. Әуелі аздан бастап көрейік, пайдасы қандай болады, қиын тұстары бола ма деген оймен. Бірақ, әзірге жаман емес, алға қарай тұтастай осы әдіске көшіп, алқапты 5 гектарға жеткізу жоспарымыз бар. Негізі бұрын егінді арық арқылы су жіберіп, суарып келдік. Онда су көп кетеді, әрі арамшөп мол шығады, оны уақтылы жұлып отыру керек. Ал, мына әдістің тиімділігі сол, су 16 есеге аз шығындалады, арамшөп деген болмайды,– дейді шаруашылық басшысы.

Қызығы сол, алғаш израильдік технология дегенді естігенде, бұл техника Израильден әкелінеді екен деп ойлағандар көп болыпты. Сөйтсек, бұл технология Израильде ойлап шығарылғандықтан ғана солай аталса керек. Үнемділігін көргесін, осы әдісті жетілдіріп, озық технология дәрежесіне жеткізген. Қазір осы әдіс бойынша Ресейде де техникалар дайындалады.

Дайындаған

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары