АЛҒА, ҚАЗАҚСТАН! АЛҒА, «KAZSPORT»!

АЛҒА, ҚАЗАҚСТАН! АЛҒА, «KAZSPORT»!

АЛҒА, ҚАЗАҚСТАН! АЛҒА, «KAZSPORT»!
ашық дереккөзі
248

Тәулігіне жиырма сағат хабар тарататын телеарна «Қазақстан» телерадио кешені аясында ашылып отыр.

Салтанатты тұсаукесер шарасына Қазақстанның атын әлемге әйгілеген Олимпиада жұлдыздары, белгілі спорт шеберлері, танымал спорт жаттықтырушылары мен спорт ардагерлері қатысты.

Телеарна алауын тұтату үшін сахнаға төрт буын өкілі шақырылды. 1980 жыл­ғы Мәскеу Олимпиада ойындарының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, 2000 жылғы Сидней Олим­пиадасының чемпионы Ольга Шишигина, екі мәрте Олимпиада ойындарының чемпионы Илья Ильин, шахматтан төрт мәрте әлем чемпионы Бибісара Асаубаева – олардың қай-қайсысы да қазақ спортының мақтанышы. 

Салтанатты шараға қа­тысқан мәдениет және ақ­парат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «KAZsport» телеарнасы Қазақстанның спорт жетістіктерін насихаттап қана қоймай, әрбір қазақстандыққа салауатты өмір салтын, спортты серік етуге шақыратын телеарна болады деп нық сеніммен айта аламыз»,– деп атап көрсетті. «Бұл орайда Елбасының өзі бірнеше спорт түрлерімен айналысып, қазақстандықтарға жақсы үлгі-өнеге көрсетуде»,– деді министр. Осы орайда, 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 30 пайызын спортқа тарту жөнінде Президент тапсырмасының орындалуы үшін спортты насихаттауда жаңа телеарнаның атқарар ролі үлкен. 

Қазақ жанкүйерлері үшін Лондон олимпиадасының дүмпуі әлі басыла қойған жоқ. Жеті бірдей алтын алып, он екінші орынды иеленген Қазақстан спорттық сайыстардағы қабілет-қарымының зор екенін аңдатты. Бұдан да үлкен жетістіктерге жету үшін спорт саласына жан-жақты қолдау көрсетіп, оның насихатын күшейте түсу керек. 

 «Бүгін арнайы мамандандырылған республикалық спорт телеарнасын іске қостық. Телеарна әзірге жиырма сағат хабар таратады деп жос­парлап отырмыз. Арнада эфирлік кестемізге сай Қазақстанның ішкі жарыстарымен қатар көптеген шетелдік ірі додалардан тікелей эфирде, толық нұсқада трансляция жүргіземіз. Телехабарлардың 70 пайызы трансляция болса, 20 пайызы – спорт жаңалықтары мен төл бағдарламалар, ал 10 пайызы деректі фильмдер», – дейді «KAZsport» телеарнасының директоры Диас Ахметшәріп. Ол жаңа телеарна ұлттық спорт түрлерін насихаттауға көңіл бөліп, атақты спорт тарландары туралы тарихи-деректі фильмдер түсірілетінін хабарлады. 

«KAZsport» телеарнасы қазақ спортына үнемі алға ұмтылдыратындай рух берсін деп тілейміз. 

Мәскеу Олимпиада 

ойында­рының чемпионы Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ:

«KAZsport» мемлекеттік тұңғыш телеарнасының ашылуы дүниежүзіне естіліп жатыр. Дүние жүзі қазақтың бар екенін біліп жатыр. Ең бастысы, бұл телеарнаны мыңдаған, миллиондаған жанкүйер көреді. Мен жаңа да айттым ғой: Елбасына рахмет, бұл – аса қуанышты оқиға. Жаңа телеарнаның ұжымына сәттілік тілеймін, әлемде болып жатқан спорт додаларын таспаға түсіріп, өз еліміздегі ауыл-аймақтарда, қалаларда спорттың барлық түрінен өтіп жатқан жарыстарды жақсылап көрсетсе деп тілеймін. Бұл телеарнаның ашылуы ұлттық спорттың дамуына оң әсер етеді деп ойлаймын. 

«KAZsport» 

мемлекеттік телеарнасының директоры 

Диас АХМЕТШӘРІП:

– Телеарнадағы мемлекеттік тілдегі хабарлар саны қанша болады?

– «KAZsport» телеарнасы 50 де 50 көлемде хабар таратады, яғни тең жартысы – мемлекеттік тілде, қалған жартысы – орыс тілінде. 

– Көрермендерді қамту аймағы қандай?

– Телеарна «OTAU TV» ұлттық жер серіктік телеардиохабарлар тарату желісі арқылы хабар таратады, одан бөлек жеке 37 кабельдік оператормен келісім-шарт жасастық. Осы желілер арқылы біз Қазақстанның 65-70 пайыз аумағын қамти аламыз. Алдағы уақытта біздің телеарна хабарларын тарататын кабельдік операторлар саны өсуі мүмкін. 

– Шетелдегі қандастарға телеарна хабарларын тамашалау мүмкіндігі жасала ма?

– Қазақстанға шекаралас аймақтарда тұратын қандастар, әсіресе, Ресей және Моңғолиямен шектесетін өңір тұрғындары «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік желісі арқылы немесе кабельдік желі арқылы біздің телеарнаны тамашалай алады.

Астана 

Серіктес жаңалықтары