Қырсық айтып келмейді

Қырсық айтып келмейді

Қырсық айтып келмейді
ашық дереккөзі
372

Әдетте жұт қақаған қыста не жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілетін ерте көктемде болады. Жаз шықса, малын жайлауға шығарып, беймарал отырған қырғыз ағайындарымыздан біраз отбасы биыл кенеттен болған табиғат қырсықтарынан абдырап қалды.

Қытаймен шектескен Нарын облысының таулы өңіріндегі Қара Құжыр, Солтан Сары, Тетір Су (Кері аққан су) деген жайлауларында және оған шектес Ыстықкөл облысының таулы аймақтарында 17-18 маусымда екі күн қар жауып, Нарын тарапта оның биіктігі 70 сантиметрге дейін жеткен. Бұл мал баққан адамдарға, әсіресе қой ұстағандарға қиын болды. Осының алдында ғана қырқымнан шыққан қойлар суыққа шыдамай қырылып қалды. Сол екі күннің өзінде Нарын облысында 270 қой, екі құлын, Ыстықкөл облысында 300-ден астам қой, екі жылқы, алты сиыр опат болған. 

Нарын және Ыстықкөл өзендерінің шектескен ойпатында қырғыздың Ыстықкөлден кейінгі ең көркем саналған Соңкөл (қырғызша сонун – ең әдемі деген сөздің қысқартылып аталуы) деген көлі және жайлауы бар. Бұл жайлауда жылда 50-ден астам малшы малын жайлауға шығарады, сол күндері мұнда да қалың қар жауып (биіктігі 30 сантиметр), малшылар қатты әбігерге түсті. 

Тетірсу жайлауындағы жасы алпыстан асқан Тоқтомыш Абдырасуловтың айтқанына қарағанда, бұдан бұрын, оның кішкене кезінде, 1961 жылы жазда қар жауған, бірақ қар көп түспеген.

Осы оқиғадан кейін он күн өтер-өтпестен Қырғызстанның шалғай оңтүстігіндегі Ош облысының Қара Құлжа ауданындағы Ұлартау жайлауында өрісте жүрген малдың үстіне найзағай түсіп, 355 қойдың опат болғаны жөніндегі хабар «шаңқай түстегі найзағайдай» болды. Қара Құлжа ауыл аймағындағы елдің жиналған малын жалданып бағып жүрген Құрбанқара ауылының малшылары 59 жастағы Әбдімітәліп Чақалақов пен оның көмекшісі 18 жастағы Бөрібай Чақалақов табиғаттың жайсыз жағдайына тап болды. Бағып жүрген 1102 қойды өрістің шұрайлы жеріне апарған сәске түсте күн бұлттанып, күркіреп, жаңбыр қатты жауа бастаған. Жауыннан қорғаланған қойлар ұйысып, бір жерге топталып қалған сәтте дәл үстіне найзағай түскен.

Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Әбдішәріп Бекіловтің мәліметі бойынша, найзағайдың соққысынан 355 қой өлген. Ауыл аймағының әкімшілігі комиссия құрып, қырсықтан зардап шеккен мал иелеріне төлемақы төлеудің жолдарын қарастыруда. 

Серіктес жаңалықтары