Құпия құжаттағы қазақстандықтар
Құпия құжаттағы қазақстандықтар
Жария етілгендердің ішінде 64 қазақстандық азамат бар, ол аз десеңіз бұл тізімде мемлекеттік қызметкерлер де баршылық.
Халықаралық қор қолдарына түскен мәліметтің тек жартысын ғана жариялап отыр, өйткені олардың алдында 2,5 миллион құжат жатқан көрінеді. Оны бүгінде 58 елден 112 журналист тергеп-тексеруде. Көпшілік қауым мен мемлекеттік институттарға тегіс жария болған құпия мәліметтен кейін Австрияда бірқатар мемлекеттік қызметкерлер өз еркімен отставкаға кеткен, сондай-ақ Израильде жаппай тексеріс жүргізуге түрткі болды. Ал Үлкен сегіздік елдері тізімді мұқият зерттеген соң салық төлеуден жалтарған азаматтарын тізгіндеуді қолға алмақшы.
Ал бізде ше? Бұл тізімге көңіл бөліп, мемлекеттік қызметкердің жеке басына тергеу жүргізген кім бар? Бұл құпия құжаттар арқылы Қазақстандағы офшор иесінің тұрғылықты мекенін, оның офшорлы компаниясының аталуы мен қандай компаниялармен қарым-қатынаста екенін анықтауға болады. ICIJ сайтынан «Қазақстан» сөзін теру арқылы олардың тізімін көруге болады. Олардың ішінде көш бастаған олигархтар, яғни «еуразиялық үштіктің» есепшоттары ешкімді таңқалдырмаса керек. Александр Машкевич – ENRC компаниясының құрылтайшысы, Қазақстанның хром өндірісі, Павлодар алюминий зауыты, темір кенішін уысына ұстаған миллиардер. Екінші орында – Рауп Шодиев, Патох Шодиевтің бауыры. Офшорлы шоттағы қаржысының көптігі бойынша Патох Шодиевтің өзі үшінші орынға жайғасқан, ал екінші орынға отырғызған бауырының атына мүлкінің көп бөлігін аударып қойса керек. Бұл азаматтардың қатарында «Sulpak» компаниясының қожайыны Алмас Сұлтанғазин, «Еуразия банкінің» басқарма мүшесі Нұрбек Аязбаев, «Kassa Nоvа банкінің» басшысы және «Forte bank» директорлар кеңесінің мүшесі Тимур Исатаев бар. Еліміздегі бірнеше компанияның құрылтайшысы, «Алтын қыран» компаниясының бас директоры, қайырымдылық істерімен елімізге тегіс танымал Исләмбек Салжанов та бар екен. Әрине, бұл азаматтар – кәсіпкерлер. Бұл тізімде мемлекеттік қызмектерлер де бар. Қазақстан парламенті Сенатының депутаты Икрам Адырбеков және Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың офшорға салып сақтайтындай дәулеті асып-төгіліп жатыр ма? Икрам Адырбековтың қандай компаниясы бар екені туралы нақты мәлімет берілмеген, содан да болар депутат мырза ақталып бақты. Ал Қаппаров мырзаның Lancaster Holding Ltd комапниясында 25 пайыздық үлесі және Қазинвестбанкте ірі көлемді акциясы бар екені көрсетілген. Алайда министр бұған қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.
Депутат салықтан жалтарды ма?
Газетіміздің өткен сандарында «Шенеуніктердің шетелдегі активтері көп пе?» атты мақала жарияланған еді. Мұнда мемлекеттік қызметкердің шетелдік банктерде есепшот ашып, актив ұстауына тыйым салу туралы заң жобасының қаралып жатқаны айтылған болатын. Алайда бұл мемлекеттік қызметкерлердің конституциялық құқықтарын шектеу мүмкін деп бұл мәселе жылы жабылып қойылды. Бірақ Сенат депутаты Икрам Адырбеков офшорлық шоты әшкере болған соң parlam.kz сайтына іле-шала жауап жазды. Ол: «Кейбір ақпарат көздерінде офшор иелерінің тізімі жарияланыпты, оның ішінде менің де есімім аталған. Осы жайтты түсіндіріп өтейін. Мен мемлекетітк қызметке дейін ұзақ уақыт кәсіпкерлікпен айналыстым, бірнеше бизнес-құрылымдарда акцияларым мен үлестерім болды. Олардың нарықта өз орны болды, әсіресе Қазақстандағы астық сату, өңдеу және сақтау ісі бойынша сәтті кәсіп жүргіздім», – депті. Кейінірек бар мүлік сатылды, сөйтіп өзара есептесу мен түскен қаражатты сақтауға уақытша офшорлық аймақтың қызметіне жүгінуге тура келді дейді депутат. «2007 жылдың басында легализация туралы заң жобасының қабылдануына байланысты мүлкіме декларация жасадым, заң бойынша негізделген салықты төледім, осылай ол шоттарды жаптым. Сондықтан дәл қазір шетелде тіркелген есепшот, компанияларым жоқ», – деп жауап қатты сенатор. Бұл деректі дәйекке халық сенді, бірақ Халықаралық зерттеу қоры тағы да тізімді әшкерелегенде оның ішінде мемлекеттік қызметкердің болмауына кім кепіл?
Өткен номерімізде «Қаржы полициясы әзірлеп жатқан заң жобасында саяси мемлекеттік қызметшілерге, «оған қоса олардың отбасы мүшелеріне де шетелдерде активтердің болуына тыйым салу» қарастырылған екен. «Олай болса, лауазым иелері мал-мүлкі мен есепшотын отбасының басқа мүшесіне аударып, құтылып кете алмайды» деп жазған болатынбыз. Сонда да олар офшорға ақша салудың жолын тауып отыр. Саясаттанушы Расул Жұмалы бұл орайда олардың конституциялық құқының бұзылатындығын айта келе: «Кім қайда барады, қайда тұрады, ақшасын қайда салады – өз еркі. Мәселе заңсыз қаражаттарға жол бермеуде. Ол үшін шенеуніктердің және туысқандарының толық табыстары мен шығындарын жариялап отыру керек» деген болатын.
Офшордың алдын алуға бола ма?
Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Кәсіпкерлердің қаржыларын шетелдегі жылжымайтын мүлікке емес, ұлттық экономикаға инвестициялау – оның патриоттық борышы болуы тиіс», – дегенді баса айтқан болатын. Мал мүлкі мен дәулетін жасырып, салықтан бұлтарып, мұхиттың арғы бетінде немесе аралдарда сақтауға тырысқан кәсіпкерлер мен байларды қалай тоқтатуға болады? Бұл мәселеге бас қатырған жалғыз Қазақстан емес. Еуропа елдері де офшорлық шоттар мен Швейцария банктеріндегі есепшоттардың иелерін білуге талпынуда. Әсіресе Франция қыс айларында елдегі олигархтардың табысының 75 пайызын Үкіметке салық ретінде төлеуі туралы заң жобасын қарастырған еді. Нәтижесінде белді деген олигархтар шетел асып, Швейцария мен Бельгияға тығылды. Алайда елінен безген байлардың күлкілі жағдайға қалғаны 1-2 ай өткен соң белгілі болды. Франция үкіметі табыстың 75 пайызын талап ететін заң жобасын қабылдаған жоқ. Бірақ президент Франсуа Олландтың көмекшісі Жан-жЖак Огьенің де офшорлық шоты анықталған. Ол сайлау науқанымен айналысса керек, ал компаниясы Кайман аралдарында тіркелген екен.
Үкімет басындағылардың өздері офшорлық компаниядан кенде емес. Ресейде де бұл мәселе өзекті. Мәселен, 2008 жылдан бері вице-премьер тағында отырған Игорь Шуваловтың жары Ольга Шувалованың атында британдық Виргин аралдарында офшорлы компания бар. 2011 жылы бұл компания әшкере болғанда, Үкіметте билігі жүретін Шувалов мырза дауды басқан болатын.
Құпия құжаттардың ішінде Моңғолия Қаржы министрі Сангажавыне Баярцоггенің офшорлы компаниясы мемлекеттік қызметте жүрген жылдары ашылған екен. Тізімде Әзірбайжан президенті Ильхам Алиев пен оның қыздары туралы да мәлімет бар.
Бүгінде халықаралық сарапшылар құпия құжаттардың жалпыға жаппай жария болуы ешкімді таңқалдырмайды деп отыр. Оның дәрежесі қоғамдық көліктегі қалта тонаушылардың ұрлығымен тең болып қалды. Бұрындары қазына мен ақшаны құпия сақтау үшін сейф қажет болса, бүгінде неғұрлым заманауи құрал керек. Ал компьютер жадында құпия сақталған мәлімет түптің түбінде жария болады. Бұған осыдан 3-4 жыл бұрынғы Wikileaks сайтының жариялаған құжаттары дәлел.
P.S. Шенеуніктің жеке өмірі туралы мліметтерді жариялауға бола ма? Германия соты Герд Велинг саясаткерлер мен қоғамдық қайраткерлердің жеке өмірін ашып жазуға баспасөз толық құқылы деп санайды. «Кез келген мемлекеттік орган, саясаткер баспасөз өкіліне өзі туралы мәлімет беруге міндетті. Журналист оның жеке өмірі туралы халыққа жариялауы тиіс, содан кейін халық оның өз лауазымына лайықты тұлға екенін шешуі тиіс», – дейді Велинг мырза.