КӨПІР КӨРКЕЮГЕ СЕП БОЛМАҚ

КӨПІР КӨРКЕЮГЕ СЕП БОЛМАҚ

КӨПІР КӨРКЕЮГЕ СЕП БОЛМАҚ
ашық дереккөзі
244

Қазақ пен түркімен арасында салынатын темір жолдың арқасында бергі жағы – Парсы шығанағы, арғы жағы солтүстік Еуропаға тауар тасымалдауға мүмкіндік тумақ. Бұл отандық экономиканың нығаюына сеп.

ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Түркіменстан президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедов екі елдің арасына темір жол тартуға келіскен еді. Қазақтардың Болашақ және түркімендердің Серхетәкя стансасын жалғастыратын бұл көпір елдер арасындағы жүк тасуға арналған ең қысқа жол болмақ. Яғни, шығын мен уақытты қатар үнемдеуге мүмкіндік бар.  

«Болашақ-Серхетәкя» жолындағы көпір келешекте халықаралық Қазақстан, Түркіменстан мен Иран арқылы тартылатын халықаралық темір жол дәлізіне негіз болады. Осының нәтижесінде, Парсы шығанағына астық, мұнай мен мұнай өнімдері тасымалданады. Бүгінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтетін мемлекетаралық жоба аяқталуға жақын. Қазақ елінің тарапындағы «Өзен-Болашақ» аумағы 2009 жылы қолға алынған еді. Инфрақұрылымы аса жоғары темір жол магистралі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жол бойынан екі жаңа станса салынып, ол бес пунктке бөлініпті. «Маңғышлақ – Өзен – Болашақ» аумағында ВОЛС салынып, стансалардың барлығы жарықпен қамтамасыз етілген. Өзен мен Бопайда қызмет көрсету-техникалық ғимараттар ашылды. Қазақстан Темір жолы баспасөз қызметінің хабарлауынша, құрылысқа 65 млрд. теңге жұмсалмақшы. Оның 80 пайызы Қазақстанның үлесінде. Жобаны жүзеге асыру барысында 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, құрылыс аяқталғаннан кейін 800-ден астам азамат жаңа жұмысқа орналасып, баспанаға ие болады.

Жуырда «Өзен – Берекет – Горган» темір жолының түркімендік бөлігін салтанатты түрде ашқан Елбасы Маңғыстау облысы үшін бұл жоба үлкен мүмкіндік екенін мәлімдеді: «Облыс үшін бұл үлкен мүмкіндік. Жаңа темір жол тармағы отандық тауар экспортын жеңілдетумен бірге жүк тасымалын арттырады. Демек, Маңғыстау халқын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар бой көтереді. Мемлекет ірі жобаларды кез келген аймақты дамытуға жағдай жасау үшін іске асырады. Біздің қолымызда нақты стратегиямыз бар. Осыны жүзеге асыра отырып, әрбір отбасы, әрбір қала мен ауылдың жағдайын жақсартамыз».

Жобаның маңыздылығы сол, теңізге тікелей шыға алмайтын екі ел енді Таяу Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тауар экспорттай алады. Орталық Азия мен Каспий өңірін, Кавказ елдерін жалғастыратын жаңа экономикалық кеңістік келешекте солтүстк Еуропаға шығар жолды ашады деп сендірген түркімендердің президенті: «Біздің жобамыз шығыс бағыттағы инфрақұрылымдарға қосыла отырып, Қытай, Үндістан мен Азиялық-Тынықмұхиттық аймақтағы елдер сияқты жаһандық деңгейде дамып келе жатқан экономикалық орталықтармен ынтымақтасуды көздейміз»,  – деп мәлімдеді. 

Мемлекет басшыларының экспортқа баса назар аударуының себебі бар. Жуырда әлемдік экспорттың географиялық картасын жасаған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі дайын өнім Жер шарының 111 еліне жеткізілетінін хабарлады. Уақыт өткен сайын экспорттық әлеуетін күшейте түскен Қазақстан былтыр әлемдік экспорт деңгейінен (6 пайыз) асып түскен – 7 пайыз. Өңделген тауар көлемі еліміз тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет рекордтық көрсеткішке жетіп, 25,5 млрд. доллар кіріс кіргізді. Қазақстанда өндіріліп, өңделген өнімді сатып алатын алғашқы бестік – Қытай (мыс, ферроқорыту, мұнай өнімдері), Ресей (уран, мыс, прокат), Швейцария (мұнай өнімдері, алтын, күміс), Түркия (мыс, мырыш, мұнай газдары) және Германия (ферроқорытпалар).  

       

Серіктес жаңалықтары