«БАЙҚОҢЫРДЫҢ» БАСЫНА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ

«БАЙҚОҢЫРДЫҢ» БАСЫНА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ

«БАЙҚОҢЫРДЫҢ» БАСЫНА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ
ашық дереккөзі
329

«Қазақстанға жасалған химиялық шабуылмен тең»

Шілденің 2-сі күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран апатқа ұшырап, «Протон-М» зымыран тасығышы жарылды. «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев былай деп мәлімдеме жасады: «Біздің мәліметтерге сәйкес, сол қанаттағы 81-алаңнан ұшқан зымыранның 10-15 секундтан кейін 1-сатысының қозғалтқышы істен шыққан, салдарынан зымыран жерге құлады. Бортында шамамен 600 тонна гептил, амил, керосин мен оттегі болды. Үрейді басу үшін тек бір ғана нәрсе айта аламын, біздің мәліметтеріміз бен тәжірибемізге сәйкес, мамандар болған жайтты, бір уақытта оттегі, гептил мен амил бактарының құлағанын болжап біліп отыр, олар жерге жанасып, құлаған сәтте жарылыс шығып, адам үшін аса қауіпті гептил толығымен жанып кетеді. Аса токсинді емес, бірақ халық үшін зиянды азот қышқылға айналады. Соның негізінде аспанға топырақ тәрізді жер массасы көтеріліп, сары-қоңыр түсті бұлт түзіледі, ол аса қауіпті емес. Апат салдарынан 3 улы құйрықты бұлт түзілді: біреуі қалаға қарай, екіншісі Қармақшыға қарай, үшіншісі Қазалыға қарай бет алды. Апат соңынан жаңбырдың жауғаны жақсы болды. Жаңбырдан кейін улы бұлт жерге қарай түсе бастады. Сондықтан құйрықты бұлттың қалдықтары елді мекендерге көп мөлшерде жетпеуі де мүмкін». Жалпы, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы үшінші апат бұл. 2007 жылы Жез­қазғаннан 40 шақырым жерге құ­лағанда, Ресей өтемақы ретінде 2,5 миллион доллар төлеген. Ал, бүгінгі шығынды 200 миллион долларға бағалаған ресейліктер Қазақстан халқына тиетін орасан залалы туралы жақ ашуға құлықсыз. Есесіне, медицина саласының қызметкерлері, жалпы ғалымдар гептилдің адам ағзасы мен қоршаған ортаға тигізетін қатері орасан дейді. Мәселен, гептилге анықтама берген ресейлік маман, химия ғылымдарының докторы, «Химиялық қауіпсіздік үшін» одағының президенті Лев Федоров: «Бүйректің гептилмен зақымдануының қауіптілігі сол, бірден анықталмайтын, ұзақ уақыт байқатпай асқынатын дерт. Гептил бірден ерімейді. Ол онкологиялық дертке себеп болады. Ал гептил еріген кез келген зат – өте қатігез мутаген, яғни, су жылдар бойы, ал жер ондаған жылдар бойы ауруға ұшырап, жазылуы қиын», – дейді. Циалковский атындағы Ресей ғарыш академиясының сарапшысы Юрий Караш: «Протонның» құлауын жалғыз ауыз сөзбен суреттесек, өте қорқынышты. Жүздеген тонна гептилдің Қазақстан аумағына құлауын осы елге жасалған химиялық шабуыл ретінде қарастыруға болады. Улы бұлтты Байқоңыр шеңберінен шықпайды деп үміттенейік. Бірақ бұлтты шекара сызығымен шектеудің әсте мүмкін еместігі белгілі», – деді.

Ғарыш айлағынан шыққан улы бұлт Төретам мен Байқоңырдан асып, Қызылорда қаласына жетті кеше түсте. Ондағы жұрт: «Күннің көзін қып-қызыл бірдеңе жапты. Түтін сияқты сырт қарағанға», – деді. Биліктің «үйлеріңнен шықпаңдар» деген бұйрығы көңілдері онсыз да күпті халықты әбден үрейлендірді. Ресей бұқаралық ақпарат құралдары «Протонның» құлау себебі мен салдарын егжей-тегжейлі анықтауға тырысуда. Сарапшылар түгелге дерлік апаттың зардабы мен зиянын химиялық шабуылға теңесе, біздің билік керісінше, көңіл жұбататын ақпарат таратуда. Мысалы, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған аймақтағы су мен ауадағы улы заттар нормадан аспайтынын айтып, ресми түрде мәлімдеме жасады. Ал Астана жақтан жеткен бұйрық адамдарға төрт қабырғадан шықпа дейді. 

Ресей комиссия құруға қарсы

Зымыран көкке ұшырылғанда қызықты тамашалап әрі ұялы телефонның бейнетаспасына жазып тұрған Ресейдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің өкілдерінің зәрелері зәр түбіне кетіпті. Әлеуметтік желілерге салынған сол бейнебаянда қара түтінге оранған зымыран тасығыштың қалай құлағаны, қалай жанғаны түгел көрсетілген. «Кету керек, қашу керек! Мына жерге бекер келдік! Терезені ашпа, ашпа! Қазір енді улы зат тарайды ауаға!» деп даурыққан ресейліктер көліктеріне міне қашты. Ал Талғат Мұсабаев ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің үкіметтік комиссия құрып, тексеру керек деген ұсынысына қарсы уәж айтты: «Бұл апат емес, Ресейдің ішкі шаруасы. Олар (Ресей – Н.Ж.) комиссия құрмай-ақ қойыңдар деп отыр». Қазақ даласына алапат көлемдегі улы зат құлап жатқанда, түк болмағандай кейіп танытқан Мұсабаевтың «жайбарақаттығына» таңғалдық. Ахметовтің комиссия құру туралы тапсырмасы көңіліне жақпады ма, отырыс залынан шыға салып, сұхбат алуға ұмтылған қазақтілді бір әріптесімізді «Не бұл?! Сен менің басыма шығасың қазір!» деп кеудесінен итеріп жібергені тағы бар. Тағы бір түсініксізі, күні кеше ғана «Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресейден қайтарып алуы мүмкін» деген Мұсабаевтың көңілі аяқ астынан нілдей бұзылып, алғашқы ұстанымынан айнып шыға келгені.        

Негізі «Протоннан» бас тарту туралы мәселе Қазақ қоғамында бірнеше рет көтерілді. Мәселен, Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер – Тоқтар Әубәкіровтің айтуынша, «Протон» зымыран тасығышын ғарышқа ұшырғанда ауаға 17 тонна көміртек тотығы тарайды екен. «Жығылған үстіне жұдырық», соңғы кездері құрамында улы заты бар зымырандардың қазақ жеріне құлауы да жиілеп кетті. Ең алғаш рет 1996 жылы 14 мамырда ғарыш аппараты  тиелген «Союз» зымыран-тасығышы Жезқазған аумағына құласа, арада бір жыл өтпей жатып, яғни, 1997 жылы мамырда «Зенит» зымыраны 49 секундтан кейін апатқа ұшыраған. 8 шақырым биіктіктен зымырандағы жабдық жерге құлап, кенеттен жарылып кетті. Алғашқы екі апатқа жұрт аса алаңдаған жоқ. Өйткені, екі апатта да керосин-оттегі отыны қолданылған болатын. Ал күні кеше ғана құлаған «Протон-М» зымыран тасығышының әңгімесі бөлек. Гептил – атом бомбасы қышқылынан 6 есе улы зат. Мысалы, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан соңғы жылдары 3 рет құлаған зымыран оты гептил болды. 1999 жылдың өзінде «Протон» зымыран тасығышы қазақ даласына екі рет құлады. Шілденің 5-сі мен қазанның 27-нде. Сонымен қатар, осы «Протон» зымыраны 2007 жылы қыркүйектің 6-сы күні Жезқазғаннан 40 шақырым қашық жерге түсті. Зымыран құлаған жерде тереңдігі 20, аумағы 45 метр үлкен үңгір пайда болған. Ел бойынша арнайы белгіленген 40 аумақ бар. Сол жерлердің үстінен зымыранның ұшатын жолдары өтеді. Ал биыл, 2013 жылы ғарыш айлағында 3 рет апат болды. Тағы да сол улы заттар тиелген зымырандар…

Консулдық селт етер емес 

Сәрсенбі күні «Роскосмос» жақ­тан «Байқоңырдан шілде айы­на жоспарланған «Протон» зымыран­дарының ұшырылулары тоқтатылды» деген хабар жетті. Апаттың себеп-салдары айқындалғанша қоя тұрамыз дейді ресейліктер. Кеше Медведев апатқа жауапты қызметкерлер мен Роскосмос құрамының тізімін дайындауға және ғарыш айлағындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге пәрмен берді. «Байқоңыр» ғарыш айлағына қатысты келісімге сәйкес, ғарышқа ұшырылатын зымырандардың апаты Ресейдің ішкі шарауасы деп есептеледі. Бірақ улы заттың Қазақ жеріне құлағанын, химиялық қоспадан Қазақстан халқының зардап шегетінін көлденең тартқан бір топ қандас – Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан бастаған қоғам қайраткерлері Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығына ашық хат тапсырды. Аталған хатта апат себебі анықталғанша, Байқоңырдан зымыран ұшыруды тоқтатып, екі елдің келісімшартын қайта қарау; «Капустин Яр», «Сарышаған» бастаған ресейлік 7 әскери полигонды жабу мәселесі талап етілген. Ал, экологтар «Протоннан» төгілген 600 тонна гептил мен өзге де химиялық улы заттардың орны толмас трагедияға әкелетіндігін айтады. Ресей мен Қазақстанда зерттеу жүргізген Ресей Ғылым академиясының мамандары 10 грамм гептилдің еркектер мен әйелдердің бала сүю қабілетінен айыруға, ақ қан ауруына, иммун жүйесін бұзып, онкологиялық ауруларға себеп болатынын айтып жүр. Аманжол бастаған азаматтардың талап хаты Қазақстан Үкіметі мен Парламентіне, Ресей елшілігіне арналған. Хатта мемлекеттік комиссияға қоғам өкілдерін, дәрігер-экологтарды қосу; апат салдары жойылғанша, зымыран ұшыруды тоқтату; қазақ жеріндегі ресейлік «Ембі», «Балқаш-1», «Сарыөзек» сияқты 7 әскери полигонды мүлде жабу талап етілді. Алайда, қоғам белсенділері ашық хаттарын полигонның кесірінен жарымжан боп қалған мүгедек балалардың аянышты суреттерін консулдық қақпасының сыртындағы пошта жәшігіне тастап кетуге мәжбүр болды. Ал ертең, жұма күні Астанада бір топ қазақ Ресей елшілігінің ғимаратына барып, ашық хатты табыстағалы отыр.

Сорақысы сол, гептилдің 10 грамы еркек пен әйелді белсіз және бедел етуге қауқарлы екен. Бұл бер жағы ғана. Демографиялық ахуалы талай жылдан бері ақсап келген, қолдан жасалған талай зұлматтың кесірінен қынадай қырылған қазақ көбеюге мүдделі. Күне кеше ғана 11 млн. 38 мың болды қазақтың саны деп бөркімізді аспанға ата қуанған едік. Улы ауамен демалған дімкәс ұрпақ мемлекеттің келешегін жарқын ете ала ма?  

Серіктес жаңалықтары