ӘН АБЫЗЫНА ТАҒЗЫМ

ӘН АБЫЗЫНА ТАҒЗЫМ

ӘН АБЫЗЫНА ТАҒЗЫМ
ашық дереккөзі
312

1991 жылы басталып, кейін түрлі себептермен түсірілуі тоқтап қалған деректі лента 2011 жылы жалғасын тапқан екен. Ән абызы туралы түрлі аңызға толы әңгімелер, естеліктер, жылы пікірлер жиі айтылғанымен, ол туралы нақты деректі бейне фильмдер сақталмаған. Жалғыз ғана құнды дүние режиссер Тілеген Ахметов түсірген сюжет қана. Ол сюжет болмаса, ән абызының бейнесі мүлдем сақталмай қалуы да мүмкін еді.

Араға жылдар салып, деректі фильмді түсіруге сеп болған композитор Қалдыбек Құрманәлі деректі фильм­де көзі тірісінде түсірілген кадрлардан 10 минутын пайдаланғанын айтады. Ал қалғанының бәрі Қалдаяқовқа қатысты деректердің желісімен түсіріліп отыр. «Оның анасымен қоштасуы, әкесімен балалық шақта бірге жүруі, Ақан серінің басына барып мұң шағуы, мұның көбі актерлердің көмегімен түсірілді. Бұл фильм Алматы мен Астана қаласында, одан бөлек бес облыста, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола облыстарында, сонымен бірге, кей эпизодтары Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында түсірілді», – дейді деректі фильмнің продюсері Қалдыбек Құрманәлі. Басты рольдерді Аманқажы Садыров пен Жомарт Зейнәбіл ойнайды.

Бала Шәмшінің роліне 8-сыныптың оқушысы Шәмші-Қалдаяқ Құрманәлі түсіпті. Баланы бұл рольге бекіткен «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев екен. «Кастингке негізінен он шақты бала қатысты. Солардың арасынан мені таңдап алды», – дейді бала Шәмші.

Деректі фильмде композитордың көзі тірісінде түсірілген кадрлар бар. Ол кадрларда ән абызы «Ақмаңдайлымды» қалай жазғанын, Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне қалай ән туғанын, «Менің Қазақстаным» әнінің қалай жазылғаны туралы әңгімелеп береді. Бұл кадрларды түсірген режиссер Тілеген Ахметов. Бұл жайында режиссер: «Мен түсірмесем, Шәмшінің халық ешқандай түрін білмей, бейнекөрінісін көрмей, тек қана суреттерден ғана көріп қалуы мүмкін ғой деген ой маған маза бермеді. Осы оймен композиторды іздеп таптым. Бірақ бір өкініштісі, енді бастаймыз деп жүргенімізде, ол кісі қатты ауырып қалды да, содан тұрмай кетті», – дейді.

Деректі фильмнің тұсаукесеріне елге белгілі азаматтарымыз, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер қатысты. Олардың арасында, Шәмші фестивалінің алғаш ұйымдастырылуына септігі тиген Амалбек Тшанов та бар. Алғаш рет Шымкентте композитордың фестивалін өткізіп, одан ары Жамбыл жерінде де жалғасын табуына мұрындық болған Амалбек аға «Шәмші» туралы деректі фильмнің көңілінен шыққанын айта келіп, композитор туралы көркем фильм түсіру қажеттігін тілге тиек етті.

«Шәмші» деректі фильмінің сценарийін жазған белгілі публицист, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай. Деректі фильмге редакторлық еткен белгілі журналист Сәкен Сыбанбай.

Ұлы композитордың әрбір әнінің өзі бір-бір фильмге жүк болатындай дүние. Қазақ вальсі королінің «Ақмаңдайлым», «Қайықта», «Отырарда туған ән», «Бақыт құшағында», және т.б. көптеген жүрек қылын шертетін тамаша әндерінің жазы­луының өзі ерекше тарих. Әр ән композитордың әрбір сәттерінен көрініс береді. Әр әннің өзінше әлемі бар.

«Отырарда Арыстанбаб туған. Әл-Фараби туған. Сосын Отырарда Шәмші Қалдаяқов туған деп қалжыңдап, әзілдеп айтамын». Бұл композитордың өз аузымен айтылып қалған естелігі. Әзіл болса да, шындығы осы. Алыптар туған мекенде алыптың тумауы мүмкін емес. «Бүгін әнге, ән абызына тағзым ететін күн», – деп еді тұсаукесерге келген белгілі ғалым Өмірзақ Айтбай. Сол айтқандай, «Шәмші» деректі фильмін ән абызына жасалған құрмет деп қабылдағанымыз жөн. «Шәмші» деректі фильмі Астананың он бес жылдығы қарсаңында, «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілетін болады.

Гүлзина Бектас

Серіктес жаңалықтары