МАРЖАНДЫ КЕЗ КЕЛГЕН ТЕҢІЗДЕН ТАППАЙСЫҢ...
МАРЖАНДЫ КЕЗ КЕЛГЕН ТЕҢІЗДЕН ТАППАЙСЫҢ...
Көптеген технологиялық бағыттағы жоғарғы оқу орындарында қазіргі заман талабына сай мамандықтар көбеюде. Алайда, аталмыш бағыттағы оқу орындарына білім алуға батылы жете бермейтін жастарымыз баршылық. Яғни қазақ жастары техниканың тілін меңгеруге құлшынбайды. Есесіне, гуманитарлық салаға әуес. Оның сыры неде? Осы сұраққа жауап іздеп, жастарды әңгімеге тартқан едік. Бізге пікір айтушылардың ойынша, техникалық мамандықтарды бітіргеннен кейін, жұмыс таппай қиналатындар көп дегенге саяды. Дегенмен, жастар тарапынан туындаған екі жақты пікірлер де аз емес.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің доценті Қарлыға Мысаева: «Жалпы, еліміздегі жас жеткіншектердің көбі техникалық оқу орындарынан гөрі гуманитарлық бағытты көп таңдайтыны рас. Дегенмен, бұл барлық өңірлерге тән үдеріс емес. Негізінен, балалардың бағыт таңдаудағы талғамдары мектеп кезіндегі оқу үрдісінен басталады. Мектеп қабырғасында ұстаздар пәнді барлық техникалық құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, өте қызықты, әрі жан-жақты өтуі керек. Сол кезде оқушының қызығушылығымен бірге қабілеті де артады, және болашақта сол маман иесі болуға талпынады. Екінші өзекті мәселе ауылдық жерлердегі мектептерге жаңа технологияны дұрыс жеткізілмеуі, заманауи технологияны меңгерген сапалы оқытушылардың жоқтығы. Сол себепті, техникалық оқу орындарына бармайтын оқушыларды кінәлау дұрыс емес».
Әбдіқасым Іңкәр:
«Қазақ балаларының көбінесе жаратылыстану бағытынан бөлек, гуманитарлық салаға бет бұруы өзіміздің қазақи менталитетімізге байланысты деп ойлаймын. Яғни, жастарымыз жаңа техниканың әлеміне әлі ілесе алмай, өткен ғасырдың менталитетімен өмір сүруде. Жаңа шындарды бағындыру, нанотехнологияларды ашу, зертеу жұмыстары ақсап тұр».
Әкім Арайлым:
«Бірінші себеп – жастарымыздың математика, физика, химия сабақтарымен байланысы бар салалардан қашқандығы. Расы керек, білім министрлігіне математик келіп отырғаннан соң, барлық база өзгертіліп, білім жүйесіне өте қатаң талап қойылып жатыр. Математика, физика пәнін таңдамаған күннің өзінде ЕНТ-дан математика бойынша 5-4 алып шығудың өзі қиындап кетті. Сондықтан да, жастар сол саладан қашып, өздері оңай түсе алатын мамандыққа жол тартып жатады. Әрі, жоғарғы оқу орнының студенттері саннан гөрі сөзге сүйенгенді қалайды».
Алпамыс Жалмұханбетов:
«Білген адам тауып айтады, білмеген адам қауып айтады» – демекші, білместікпен айтылған сөз болар, болашағы бар істен іргесін әрі салатын жастар емес, сол іске көңіл бөлмей отырғандар қашқақтайды. Әйтпесе «пәлен жерден алтын» іздеп, сабылып, әуре-сарсаңға түспес еді жастар! Билік тарапынан нұсқаулар болуы шарт, маржанды да кез келген теңізден таппайсың. Ізденетін өрелі жастар бізде де жетерлік, алайда оларды дамытуға жағдай жасалмаған».
Ақсәуле Әбітәй:
«Бүгінде, керісінше түлектер ақпараттық технологияға ауысып жатыр. Негізінен, қазақ жастары техникалық оқу орындарын таңдамайды деген қате пікір. Соңғы деректер бойынша, екі жыл ішінде радио-телекоммуникация саласы және мұнай-газ өндірісі, химия саласы мамандықтарына көптеген түлектер тапсырып жатыр. Орыс тілді түлектерге қарағанда қазақ тілді талапкерлер үшін аталмыш мамандықтарға өту балы жоғары».
Айғаным Алипова:
«Грантқа қызыққан, әлеуметтік жағдайлары сын көтермейтін жастар физика пәні бойынша еріксіз білім алып шығады. Нәтижесінде, адам миына сыймайтын мамандық алып шығады, одан соң бітірген мамандық бойынша жұмыс таба алмау мәселесі де туады».
Сонымен, біз сауал қойған қандастарымыздың сөзін қорыта айтсақ, біріншіден, техникалық сала нақты дерек пен дәйекке сүйенетіндіктен, көпшілік студенттер гуманитарлық саланы таңдайды. Екіншіден, бітірген мамандық бойынша жұмыс табу қиындығы, үшіншіден, еліміздегі өндірістік базалардың әлі дұрыс дамымауы, төртіншіден, қиналғысы келмейтін студенттер… Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келетіндер. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жастарымыздың ақпараттық технология ғасырында, космостық, техникалық салаға бет бұруы үшін мектеп кезеңінен бастап негізді дұрыс қалау. Мектеп пен жоғарғы оқу орнындарында берілетін сабақтардың сәйкестігі болғаны жөн, және де техникалық базаларды дамыту керек. Яғни, оқушыларға қосымша техникалық пәндерді меңгеретін үйірмелер болуы қажет. Сол кезде талапкерлер университетке дайын, әрі өзіне сенімді болып келеді. Сонда ғана қазақ баласы техникалық мамандықтарға түсуден қашпайды!
Айнұр Сләмғажы,
Айдана Шаңғытбаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 3-курс студенттері