«ҚҰПИЯ САНДЫҚ» ҚҰЛДЫРАУДЫҢ АЛДЫНДА

«ҚҰПИЯ САНДЫҚ» ҚҰЛДЫРАУДЫҢ АЛДЫНДА

«ҚҰПИЯ САНДЫҚ» ҚҰЛДЫРАУДЫҢ АЛДЫНДА
ашық дереккөзі
408

Бұл әрекет негізсіз емес, әрине. Өйткені Швейцария елі 300-ден астам банктің арқасында ЖІӨ-ді бір деңгейде ұстап, тұрақты экономика мен халықтың әлеуметтік ахуалын оңтайлы қалыптастырып отыр. Америкалық The New York Times газетінің интернет-порталында осы мәселе қайта көтерілді. АҚШ тарабы швейцарлық банктерден салықтан қашқан американдық азаматтардың аты-жөнін атап беруін сұрауда. Алайда бір ғасырлық қатқан қағидасы бар банктер мен үкімет бұл талапты орынсыз деп тауып, кері қайтарды. Десе де банкирлер американдық клиенттердің аты-жөнін атамай, есесіне есепшоттың ашылуы және жабылуы туралы, қаражаттың қайда аударылғаны, сондай-ақ американдық есепшотқа қатысы бар үшінші тұлғаның немесе олармен жұмыс істейтін банк қызметкерлерінің есімін ашып беруді қарастырамыз деген болатын. Бұл мәліметтер АҚШ-тың салықтан бұлтарған азаматтарын іздеп тауып, мемлекетке тиесілі салықты төлетуіне бірден-бір амал. Әсілі, Ақ үйге бұл ұсыныс жақпай отыр. Олар банктердің үстінен қайтадан шағым түсіріп, АҚШ азаматтарына қатысты банктік құпияны ашпағаны үшін айыппұл төлетпекші. «Егер біз келісім берсек, өзімізді құрдымға қоса сүйрегеніміз. Ондай болса басқа да елдер осы ұсынысын жаудырады. Сондай-ақ швейцарлық банктер АҚШ-қа 10 миллиард франкті міндеттесе, онда Еуроодақ елдеріне айыппұл ретінде беретін соманы ешбір банк көтере алмай қалады», – деп қауіптенеді UDC банкінің өкілі Кристоф Блохер.

Десе де бұл оңай шаруа емес. Тап осы банктік құпияны қатаң сақтағаны үшін Швейцария банктері соңғы 80 жылдың ішінде әлемнің ұңғыл-шұңғылынан мыңдаған миллиардерлерге есепшот ашып, шағын ғана мемлекет жағдайын жасап алды. Қаржы федералды департаментінің басшысы Эвелин Видмер-Шлумпф ханым Швейцария парламентерийін АҚШ-пен бір бітімге келуге шақырған жалғыз адам. Әйтпесе американдық билік банктерге қатысты қылмыстық іс қозғап, айыппұл санкциясын қолдануы мүмкін. Бұл келеңсіздіктің алдын алмаса, швейцарлық қаржы ұйымдарының жабылуына түрткі болып отыр. Мұндай жағдай бұған дейін қайталанған. Алайда әлем елдері, оның ішінде АҚШ бір-екі жыл бұрын бұл тараудың заңдық күшін жоғалтқан алғашқы ел атанды.Ондаған жылдық тарихы бар Wegelin and Co банкіне АҚШ билігі 57 миллион доллар көлемінде айыппұл төлетіп, нәтижесінде банк жабылып қалған болатын. АҚШ қазынасына салық ретінде құйылуы тиіс 1,2 миллиард долларды сол банктің жасырып қалғаны сотта мәлім болды. АҚШ тарапы онымен шектелген жоқ. Қадалған жерден қан алатын мемлекет 2009 жылы швейцарлық UBS банкіне 780 миллион долларды айыппұл ретінде төлетіп, онымен қоймай қылмыстық іс қозғамауы үшін 4 мыңнан астам есепшот иесі туралы мәліметті жария етті. Сондықтан осындай міндетті айыппұлдардың алдын алу үшін Швейцария кантондары қаржы ұйымдарының құпиялылығы мен көне жүйесін қайта қарастыруы тиіс. Өйткені АҚШ-тың сот арқылы құпиялылықты бұзғаны кез келген мемлекеттің салықтан бұлтарған өз азаматтарын іздеуіне үлгі болды. Егер басқа да мемлекеттер жариялылықты талап етсе, Швейцария экономикасы бір-ақ күнде қиын жағдайға тап болатыны анық. Швейцарияда дағдарыс басталуы мүмкін, бұл ретте Еуроодақ та осы мәселені қайта қарауын талап етуде. «Коммерсантъ» басылымында Ресей Қаржы директорлар клубының вице-президенті Тамара Касьянова банктік құпияны жариялау туралы заң жобасының кері қайтарылғаны асығыс шешім болған дейді.

– Салықтан бұлтарғаны үшін зор жауап­кер­шілікке тартылады және әлемдегі ең мықты банктік жүйеге зақым келеді, тіпті толыққанды жабылып қалуы да ықтимал. Одан да банктер америкалық билікпен оңаша отырып, барлық пункттерді рет-ретімен қарап шығуы тиіс. Осылай сіресіп отыра берсе, басқа да адал, ашық қызмет ететін банктерін шыңырауға ілестіре кетуі мүмкін, – деді ол. Алайда Швейцария заңнамасы «салық төлеуден жасырыну» және «салықтық алаяқтық» деген ұғымдарды екі бөліп қарастырады. Салықтан жасырыну – салық органдарына табыстардың немесе мүліктің бір бөлігі туралы мәлімет беруден бас тарту деп түсіндіріледі. Сондықтан олар мұны қылмыс санатына жатқызбайды, керісінше әкімшілік заң бұзушылық деп қарастырады. Ал «салықтық алаяқтықтың» жөні басқа, ол қылмыстық жаза болып табылады екен.

1934 жылы «Банктік жүйе» туралы федерал­дық заң қабылданды. Осы заң әлі күнге дейін күшін жойған жоқ. Заң бойынша банктік құпияны жария еткен банкирге бас бостандығынан айыру туралы жаза қолданады, бұл есепшоттың иесі туралы деректі қатаң сақтау құқығын одан әрі нығайта түсті. Банкирлерге және біріккен қаржы ұйымдарының құпиясын ашуға АҚШ араласып, есепшот иесін ашпағаны үшін айыппұл салып отыр. Тығырықтан жол іздеген банкирлердің бар үміті – Парламентте. Олар өз кезегінде ел экономикасын шайқалтып алмау үшін барын салуда.

Халық таңдауы – адалдық

Бүгінде Швейцария халқының тұрмысы тәуір. Көптеген мемлекеттермен салыстырғанда өмір сүру деңгейі жоғары. Әрине, туристік сала өз алдына, банктен түсетін табыс ел экономикасын уысында ұстап тұр. Сондай-ақ сән орталығы саналатын Парижде жоқ қымбат дүкендер Швейцарияның шағын кантондарында көптеп табылады. Осыған қарап шетелдік байлардың осы жерден есепшот ашып, тай-тұяғымен осы елдің азаматы болып алғаны таңсық емес. Олардың ішінде Қазақстан азаматтары да баршылық.

1984 жылы Швейцария халқының басым бөлігі (73 пайыздан астам) банктік құпия режимінің сақталып қалуын жақтап дауыс берген болатын. Бүгін халық бұл пікірден арылып, керісінше жариялылық пен офшорлық шоттан құтылу керек деп есептейді. Ашықтық пен адалдықты мақсат тұтқан швейцарлықтар өзге мемлекеттен заңсыз алынған қаражатты қайтарып, жария түрде шот ашуды қалайды. «Заңсыз алынған қаржыны белгісіз есепшотта сақтау қиын емес. Офшорлық есепшоттардың белсенділігі төмендеп кетті. Шағын ғана Швейцария үлкен құпия сандығы атағынан айрылудың аз-ақ алдында. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық экономиканың офшорлы аймаққа салынған шоттарын баяу әрекет ететін мина деп атады. Бұл шамамен 30 триллион доллар. Елбасы әлемдік қауымдастыққа офшорды бақылауға алу туралы ұсыныс тастады. Бұған Кипрдағы жағдай әсер етіп отыр», – дейді Григорий Марченко. Алайда атақты банктердің барлығында дерлік жасырын шоттар мен офшорлық қаржы бар емес пе? Елдің экономикасы осы шоттардың есебінен тұрақты тұрғанын жоғарыда айттық. Ендеше жергілікті халықтың бұлай сөз саптауына не себеп? Егер есепшоттардың барлығын ашып берсе, швейцарлық банктің керегі де болмай қалады… Шамамен кез келген швейцарлық азамат банк клиенттерінің шоты туралы мәліметті салық органдарына жіберіп отыруын қолдайды. Саяси және экономикалық топ банк мәліметтерін басқа елдердің үкіметіне тікелей жіберу қажеттігі бар ма деп дал болуда. Жыл сайын банктер есепшот қожайындарына мәлімет жібергенде салық органдарына есепті қоса аударса ләзім дейді халықтың тең жартысы.

Сәуірде үлкен жиырмалық елдерінің қаржы министрлері бас қосқан болатын. Бұл басқосуда жиырмалыққа мүше елдер Швейцарияның жариялылық саясатын ұстануын талқылады. Бұл банктер «қара» тізімге ену қаупінің аз-ақ алдында тұр дейді сарапшылар.

2012 жылы Храпунов отбасының Швейцария банктеріндегі 322,6 миллион доллар құйылған есепшоты тәркіленді. Бұл – Женева прокуратурасының Храпуновтар отбасының Қазақстанда жасаған заңсыз әрекеттеріне байланысты тергеу жүргізе бастаған тұсы.Швейцариялық ақпарат құралдарының мәліметінше, Храпуновтар отбасының банктердегі есепшоттары түгелдей жабылып, құжаттары тәркіленген болатын. Қазақстандық тергеу орындарының деректері бойынша ол 2003-2006 жылдар арасында Швейцариядағы есепшотына және офшорлық аймақтарына 48 миллион АҚШ доллары мен 7,7 миллион еуро аударған.Швейцарияның жекеменшік банктері түскен ақшаның қандай жолмен «жасалған байлық» екеніне көңіл бөліп жатпайды. Оған мысал, бір кездері гитлерлік Германия да, большевиктік Ресей де қа­зыналарын осы елдің банктеріне жасырған.

 


Ақниет ОСПАНБАЙ 

Серіктес жаңалықтары