ОҢТҮСТІКТЕ – ОҢ ҚАДАМ
ОҢТҮСТІКТЕ – ОҢ ҚАДАМ
Бұл тұрғыда халқы малсақ, диханы еңбекқор күнгейдегі ағайынның да атқарған жұмыстары біраз жұртқа үлгі боларлықтай.
Нарықтық заманға тез бейімделе білген Оңтүстік жұртшылығы бүгінде іріқара мал басын көбейтіп, асылдандыру ісіне ерекше басымдық беріп отыр. Біз төменде осы салада орын алып жатқан жақсы өзгерістер мен мал шаруашылығына бейімделген шаруашылықтар, әр аудандардағы тың бастамалар мен әрбір ісі үлгі етуге тұрарлық азаматтардың еңбек тәжірибесі туралы сөз етпекпіз.
Асыл тұқымды сиыр өсіреді
Әлімсақтан мал бағуға машықтанған оңтүстіктің халқы сол кәсібінен әлі де жаңылған емес. Жалпы, көшпелі өмір салтын ұстанған ұлтымыздың тарихына көз салсақ, бүткіл тіршілігінің, тұрмыс-салтының өн бойына нәр берген, жесе азық, ішсе сусын болған, тіпті, киім-кешегіне дейін қамтамасыз етіп отырған төрт түліктің алар орны ерекше екенін байқайсыз. Ата-бабамыздан келе жатқан осы бір кәсіп Кеңес одағы тұсында дамудың сара жолына түсіп, мал басының саны еселеп артқаны сол кезде өмір сүріп, осы салада еңбек еткендердің әлі есінде. Дегенмен, тәуелсіздікке қол жеткізген сонау тоқсаныншы жылдардан күні бүгінге дейін мал шаруашылығын жүйелі түрде дамыту, мал басын көбейту, оның сапасына мән бере отырып, тұқымын асылдандыру ісі біраз баяулап, тіпті ондай жұмыстар тоқтатылғандай еді. Әйтсе де, еліміздегі мал шаруашылығы саласындағы аталмыш проблемаларды еңсеруді ойлаған мемлекет оған қолдау көрсетуді ептеп қолға ала бастады. Соның айғағы ретінде соңғы жылдары елімізге шет мемлекеттерден әкелініп жатқан асыл тұқымды ірі-қараларды айтуға болады.
Алдыңғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысына Америка Құрама Штаттары мен сонау Аустралиядан осындай бірнеше жүздеген асыл тұқымды ірі қара әкелінген болатын. Дәлірек тоқталып өтер болсақ, «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның қаржыландыруымен оңтүстікқазақстандық «Ақсанат Инжиниринг» атты ЖШС Аустралия құрлығынан «Ангус» және «Герефорд» тұқымды 439 бас, «Алтын дән» ЖШС АҚШ-тың Монтана штатына барып, «Ангус» деп аталатын асыл тұқымды 180 бас сиыр сатып алып келген-ді.
Таяуда аталмыш кәсіппен айналысуды қолға алған серіктестіктердегі асыл тұқымды сиырлардың жай-күйін біліп қайту мақсатымен Төле би, Түлкібас аудандарына сапарлап қайтқан едік. Көңілге түйгеніміз де, «жарайсыңдар» деп риза болған тұстарымыз да аз болмады. Ең бастысы шаруашылықтар жүйелі түрде жұмыс істеуді қолға алыпты. Әзірге ешқандай төтенше шығын орын ала қоймаған.
Фермерлік қожалықпен танысуымыз алдымен «Алтын дән» ЖШС-нің меншігіндегі шаруашылықтан басталды. Төлеби ауданына қарасты Кереке тас ауылының іргесіне, көрінісі әсем тау шатқалына орналасқан мал өсіретін иеліктің қорасында түсі мойылдай қара, ортан бойлы, қазақ даласында бұрын соңды мекен етіп көрмеген солтүстікамерикалық «ангус» тұқымды сиырлар тұр. Иелігіндегі шаруашылықтарымен таныстырып жүрген «Алтын дән» ЖШС-нің бас директоры Бахарам Абдукаримов бұл сиырларды америкаға барған бір сапарында көріп, қызығып қайтқанын айтты. «Ол жердің климаты бізге ұқсас келетіндіктен және де сиырдың бұл тұқымы жылдам ет байлайтынын естіген соң бұларды Қазақстанға әкеліп, жерсіндіріп, санын көбейткім келді», – дейді. Әрине сонымен қатар пайда табуды да көздеген. Осындай ниеті барын білген соң «ҚазАгроФинанс» АҚ қаржылай қолдау танытуды дұрыс деп тауып, аз ғана үстемемен 9,5 жылға 132 млн теңге көлемінде несие берген.
Шаруа қожалығының бас ветеринары Ілес Нұрсейітов: «сиырлар Оңтүстік Қазақстанның таулы шатқалына тез үйреніп кетті, себебі бұлардың мекен еткен АҚШ-тағы Монтана штаты ауа-райы, тау-тасты жер бедері жағынан біздің Төле би ауданына ұқсас екен. Ешқандай жатсынып, берген шөбімізді жемей, қырсық мінез танытқан жоқ. Әкелгеннен кейін бір-ақ айдың ішінде жерсініп кетті», – дейді. Барлығына әртүрлі ауруларға қарсы вакциналар егіліп, құлақтарына электронды сырғалар жапсырылған. Сиырлардың сатып алынған кездегі салмағы 350-450 кг болса, қазір 700-800 келіге жетеді. Бүгінде ұрғашы сиырлардың барлығы дерлік екінші мәрте туған. Бұларды шетелден әкелгендегі басты мақсаттары салмағының молдығында. Жаңа туылған бұқалар бордақыланып, үлкейіп, семірген соң сойылып, еті қымбат бағада сатылымға шығарылған. Осының арқасында мол табыс таптық дейді фермерлік шаруашылықтың иесі Бахарам бауырымыз.
Аумағы 3 гектар жерді алып жатқан қораның іші әртүрлі бөліктерге бөлініпті. Бахарам Сейдраманұлының сөзіне сенсек, бұл сиырлар қыстыгүні бастырманың астында тұра беретін, суыққа төзімді мал екен. Дегенмен, қыстыгүні буаз сиырлар сырты қалың етіп қоршалған, іші жылы қораға қамалатын көрінеді.
Кереке тас шөбі шүйгін, суы мол ауыл. Алайда фермерлерді алаңдатып отырған мәселе де жоқ емес. Таулы-қыратты Төле би жерінде түз тағысы қасқырлар жылдан жылға көбейіп бара жатса керек. Әсіресе қыс мезгілінде. «Жау жоқ деме жар астында дегендей» аса қатты қауіптенерлік әзірге ештеңе бола қоймаса да қаруларымызды сайлап, дайын отырмыз» – дейді малшылар.
Осылайша асыл тұқымды ірі-қараларды бордақылап, санын көбейтіп, сатуды мақсат етіп отырған «Алтын дән» ЖШС-нің алдағы күндерден күтер үміті зор. Тоғыз жылда мал басын тоғыз еселемесе де жағдайы жеткенше, қорасының аумағына сыйғанша көбейтпек ойда. Белгілі бір мөлшерге дейін. Одан асып жатса, сатылымға шығармақ. Бүгіннің өзінде әжептеуір табыс тауып отырғаны байқалады.
Дәл осындай мақсатпен жұмыс істеуді қолға алған екінші шаруашылық – «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС. Бұл серіктестік жоғарыда айтып өткеніміздей, «ҚазАгроФинанстың» қаржыландыруымен 300 млн теңге көлеміндегі қаражатқа Аустралиялық «Ангус» және «Герефорд» тұқымды 439 ірі-қара мал сатып алған. Және алғашында олардың басым көпшілігі ұрғашы сиырлар болған және барлығы да буаз күйінде әкелінген. Бұлардың да қора-қопсысы стандартқа сай етіліп жарақтандырылыпты. Жем-шөп қоры да жеткілікті. Ол жем-шөпті араластырып, турап, қай азықтың қанша берілуі керектігіне дейін мөлшерлеп беретін құрылғылары да бар. ЖШС-нің коммерциялық директоры Бауыржан Қожабергеновтың айтуынша, мал басын көбейтіп, жаңадан туылатын бұқаларды бордақылап, етін сатып пайда тауып отыр. Және де жергілікті ірі-қаралармен будандастыруды да жолға қойған. Тіпті кейбір сиырларын аукцион арқылы да сатылымға шығарып үлгерген.
Төлдеген сиырлары 1 айдың көлемінде қайтадан ұрықтандырылады екен. Жасанды жолмен. Әрбір сиыр жыл сайын төлдеп отырса, 5-6 жылда мал басын 4-5 есеге көбейту ойларында бар. «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-дегілер жыл сайын өздерінің бағу мүмкіндіктеріне қарай отырып, сиырларды басқа да мал шаруашылығымен айналыспақ ниеті барларға сата бастаған. Бағасы да қолжетімді. Себебі сатып алушылар шетелден емес, отандық шаруашылықтан сатып алады. Мінеки, осылайша өңірде асыл тұқымды ірі қараның санын арттыру, саланы дамыту ісі табанды түрде жүргізілуде.
Елдегі ауыл шаруашылығы өндірісі саласын үдемелі түрде дамыту мақсатында жүзеге асырыла бастаған асыл тұқымды мал шаруашылығы жүйесін құру ісі (репродукторлар) дер кезінде ұйымдастырылды дейді «Алтын дән» мен «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-нің өкілдері. Осының арқасында еліміздегі асыл тұқымды мал саны артып қана қоймай, сонымен қатар бәсекеге қабілетті отандық фермерлердің көбеюіне жол ашылуда. Иә, расында да мал шаруашылығы саласы кенжелеп қалған қазақ елі үшін ең болмаса ТМД мемлекеттері арасында бәсекеге шыдас бере білудің маңызы зор болмақ. Себебі әлі де болса біздің ең басты нарығымыз ол сөзсіз ТМД, соның ішінде Кеден Одағына мүше елдер болып қала бермек.
Несие алып ісі өрге домалаған
Жеке кәсіппен айналысу, өз бетінше әрекет етіп, нан табу көптің қаперіне кірсе де үлкен істі бастауға келгенде көпшіліктің жүрегі дауаламай жатады. Десек те мал асырап, оны көбейтіп, дәулетін арттыруға бел буған қандастарымыз баршылық.
Мәселен Түлкібас ауданына қарасты Мыңбай ауылының тұрғыны «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы болып табылатын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен Ислам Даму банкінің бірігіп жүзеге асырып жатқан шағын несиелеу бағдарламасы аясында бірінші болып қаржыландырылыпты.
Аядай ғана ауылда тіршілік етіп жатқан халықтың негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы екен. Соның ішінде мал шаруашылығы. Түлкібас ауданы негізінен мал бағуға өте қолайлы аймақ болып саналады. Шөбі шүйгін, жері құнарлы. Осыны тиімді пайдалануды көздеген ауыл тұрғыны Айтмұқан Тілеуішов «Сәтті» деп аталатын несиелік бағдарлама бойынша 4 жылға 2 млн теңге көлемінде несие алып, 11 бас сиыр сатып алыпты. Қора-қопсысы мен жем-шөбін несие алмас бұрын дайындап қойса керек. Өтініш берген уақыттан бастап несие алушының мүмкіндігін саралаған банк қызметкерлері ақырында өтінішті қанағаттандырып, сұраған ақшасын беріп, тіпті сиырларды сатып алуға да жәрдемдесіпті.
Бұған дейін жылқы бордақылаумен айналысып келген Айтмұқан шаруаның жас та болса малдың ебін таба білетін іскер жігіт екені көрініп тұр. Қора-қопсы да жаурауық келетін сиыр малы үшін жылы етіп жасалыпты, бір сөзбен айтқанда талапқа сақадай сай. Несиеге осылайша сиыр алғанына риза. Айтуынша, жақсы пайда көрейін деп тұр. 11 сиырдың барлығы төлдеп үлгерген. 11 бас 22-ге көбейіпті. Небары жарты жылдың ішінде бұзаулары ет алып, өсіп шыға келген. Енді біраз өсіргеннен кейін базарға шығармақшы немесе еттей сатпақ ойы бар. Осылайша бір-екі жылдың ішінде кеткен шығынды толығымен ақтап алам дейді.
Одан қалса бұл сиырлар күніне ең кемі 11 литр сүт беретін көрінеді. 11 сиыр күн сайын 11 литрден сүт берсе 120 литр сүт өнімін таяу маңдағы аты Оңтүстік өңірге кеңінен танымал боп кеткен Қарабұлақ ауылының базарына апарып көтерме бағамен сатады. Әр литрін 60-70 теңгеден. Сонда сүттің өзінен күніне 7-8 мың, жылына 2-3 млн теңге таза табыс табады. Міне есеп. Жалпы несиені үстемақысымен қоса есептегенде осы сүтті сатудан түсетін пайдамен-ақ жауып тастауға толық мүмкіндік бар дейді Айтмұқан бауырымыз. Ал, бұзаулардан түсетін пайда өз алдына бөлек әңгіме. Ол бұзаулар ары кетсе бір-екі жылда үлкен сиырға айналып шыға келеді. Осылайша мал басын көбейтіп, артығын сатып, несиеден де біржола құтылып, отбасын толық асырауға жағдайлары жететін болады. Әрине еңбек етсем деп талпынған шаруаның пайдаға кенелуіне әуелі Құдай жәрдемші, сосын базардағы нарыққа байланысты болмақ. Әзірге теңгеміз құнын жоғалтпай, нарық та біршама реттеліп, тұрақталып қалды. Осы себепті де несие алуға тәуекелге барған ұқсайды.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Н.Сарыбаевтың айтуынша, осы «Сәтті» бағдарламасы бойынша Қорға шағын несие алу бойынша 19 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 7.7 млн теңгеге 4 өтініш мақұлданып, қалған жобалар қарастырылу үстінде екен. Жалпы бұл пилоттық жоба еліміздің 3 облысында Павлодар, Ақтөбе және осы Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана жүзеге асырылған болса керек. Келесі жылдан бастап еліміздің өзге де облыстарында осы бағдарлама бойынша шағын несиелендіру жұмыстары жүргізілмекші.
Шындығына келгенде бүгінде халықтың несиелік ұйымдарға деген көзқарасы екі түрлі. Біреулер несиеге мүлде жоламау керек дегенге бекіп алса, енді біреулер тәуекелге бел буып, қарызға ақша алып, ісін бастап жатыр. Құдайға шүкір, қазақ малдың жайын білетін халық қой. Ал мал баққаның қашанда қарны тоқ болары сөзсіз. Ал енді мемлекет қолдау танытып, істің көзін көрсетіп жатса бәріміз жабылып осы берекелі істің өркен жаюына атсалысқанымыз дұрыс секілді. Себебі ауылдағы ағайынның жағдайы дұрысталса, бүкіл елдің әлеуеті көтерілді дей беріңіз.
«Сыбағаның» алғашқы клиенті
Барлығымызға белгілі соңғы 5-6 жылдың көлемінде мемлекет ауыл шаруашылығын қолдау мен ауылдағы ағайынның шаруасын дөңгелетуге барынша қолдау жасап, ықпал етіп, пайызы төмен несие беріп, кейбір жағдайда субсидиялық көмек көрсетуде. Әсіресе мемлекет тарапынан қолға алынған «Сыбаға» бағдарламасы мал өсіруді кәсіп еткен бағбандарға үлкен көмек болғаны жасырын емес. Оңтүстік Қазақстан облысы да бұл бағдарламаның тиімді тұсын ел арасына кеңінен насихаттап, соның арқасында көптеген шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлер пайда тауып отыр. Солардың бірі ретінде Отырар ауданында орналасқан «Өтеген төбе» шаруа қожалығын айтуға болады.
Бұл шаруа қожалығының төрағасы Есімхан Мамақов Отырар ауданы бойынша «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несиеге алғаш қол жеткізген азамат болып шықты. Ол мемлекеттің осы тиімді бағдарламасы арқылы шаруа қожалығындағы мал шаруашылығын аяққа тұрғызып, ірі-қарасының санын көбейтуді көздепті.
Өткен жылдың күзінде несие алсам деген ниетпен өтініш берген Есімхан шаруа осылайша «Сыбаға» бағдарламасының Отырар ауданындағы өтініші қанағаттандырылған алғашқы клиенті. 6 пайыздық үстемемен алған 6 млн 250 мың теңгесіне 29 сиыр сатып алған. Оның екеуі «герефорд» аталатын асыл тұқымды бұқалар. Шаруа осы арқылы сиырларының тұқымын жыл өткен сайын асылдандыра түспекші.
Несиені алуға ауданда ашылған «Отырар ауыл несие» несие серіктестігі ықпал етсе керек. Құжаттарды жинастыру, кепілге қойылған мүлік пен оларды рәсімдеу және банкке өткізу – осының барлығын несие серіктестігі жүзеге асырған. Есімхан «бұл біз үшін үлкен көмек болды» деп ризашылығын білдірді. Енді алдағы уақытта сатып алған сиырларының санын көбейтіп, етті сатуға шығармақшы. «Бірақ оған әлі 1-2 жыл керек, себебі сиырлар туып, ол бұзаулар өсем дегенше біраз уақыт өтеді», – дейді Есімхан. Мемлекеттен субсидия да алу ойында бар. Себебі алдағы таңда меншігіндегі сиырларын біртіндеп асылдандыруды бастайды, ал мемлекеттік субсидиялау бағдарламасында нақ осы асылдандыру ісі де қарастырылған.
«Өтеген төбе» шаруа қожалығының негізгі кәсібі де осы мал шаруашылығына қатысты, ірі-қара малды жемдеу және өсіру, жылқы мен тауарлы-етті өндіру. Шаруа қожалығының меншігінде несиеге сатып алған сиырлардан өзге өзінің 30 бас ірі-қарасы, 1500-ден астам қойы, 18 жылқысы бар. «Мал шаруашылығы ата-бабамнан қалған кәсібім», – дейді шаруа. Әкесі кеңестік тұста 50 жыл мал баққан шопан, елге сыйлы азамат болыпты. Қартайған соң шопандықтың аса таяғын осы баласына тапсырған. Есімханның өзі шопан атанғанына 20 жыл болса керек. Осыншама уақыт ішінде ағамыз мал бағудың қыр-сырын жетік білетін әккі шопанға айналыпты. Қора-қопсысының жайлылығын, мал басын кемітпей қайта жыл өткен сайын көбейтіп, осыншама мыңғырған малдың ебін тауып, шашау шығармай отбасылық бизнеске айналдырып отырғанын көріп қызықтық. «Мал баққанға бітеді» деген қазақы даналық осындай еңбекқор шаруаларды көргеннен кейін айтылғаны шүбәсіз.
Жалпы, еңбек етсем деген адамға жұмыс қашанда табылады. Тек бастайтын ісіңнің қыр-сырын білуің керек. Сосын кішкене ынтаң болса, жалқаулықтан арылып, жан-жағыңда не боп жатқанынан хабардар болып отырсаң тірлігің алға басады. Мемлекет те не істесең өзің біл деп шаруаны айдалаға тастап кеткен жоқ. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты неше түрлі заңдар шығарып, тиімді бағдарламалар түзіп, осы арқылы ауылдағы ағайынның жағдайын түзеуге барынша атсалысып жатыр. Жоғарыдағы Есімхан секілді істің көзін таба білген шаруалар тиісінше дамудың сара жолына түсіп келеді.
Барлығымызға белгілі мемлекет басшысы 2011 жылғы Жолдауында «Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға арналған теңдессіз жоба іске асырылады. Мемлекет бұл мақсатқа 130 млрд. теңге несиелік қаражатын бөледі», – деген болатын. Осыған сай сол жылы ел Үкіметі «2011-2015 жылдар аралығында еліміздегі ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыруға арналған кешенді жоспарды қабылдады. Бұл құжатта аталған жобаға шағын және орта фермерлік шаруа қожалықтарын қатыстыру туралы жоспарлар қарастырылған болатын. Сөйтіп, 2012-2013 жылдары фермерлердің жыл сайын 42 мың ірі қара мал басын сатып алуды қарастырды. Бұл жұмыстардың дені несиелік ұйымдарға жүктелді. Осы тұрғыда несиелік ұйымдар мен олардың қазіргі тиімді шарттары туралы да сөз етпей кетуге болмайды. Себебі елдегі пайыздық үстемесі ең аз несиелеу бағдарламалары осы ауыл шаруашылығын дамытуға арналып жасалуда. Солардың ішінде ең танымал боп келе жатқаны біз жоғарыда әңгімеге арқау еткен «Сыбаға» бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама басталғалы бері құны 11 млрд. 224 млн. теңге болатын 667 жобаға 61 мың 600 бас ірі қара мал сатып алу ісі қаржыландырылыпты. Осылайша Елбасының берген тапсырмасы жүйелі түрде жүзеге асырыла бастаған.
«Бағдарламаның арқасында бағым жанды»
Тағы бір жаңадан іс бастаған оңтүстікқазақстандық кәсіпкердің еңбегі туралы орайы келгенде айта кеткенді жөн санадық. Сайрам ауданы Манкент ауылының тұрғыны Миралим Мирабдуллаев таяуда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша фермерлік шаруашылық құрып, өзінің жеке бизнесін ашты.
Бірнеше жылдан бері екі қолға бір жұмыс таппаған үш баланың әкесі Миралим Мирхадиұлы отбасын асырауға шамасы әрең жетіп келген. 2011 жылдың қарашасында ауыл тұрғыны жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, ол жердегі мамандар азаматқа кәсіпкерлік негізін үйренуге кеңес береді. Миралим Мирабдуллаев оқу курсына жазылып, бухгалтерия негіздерін, жоспарлау, кәсіпкерлік негіздері мен маркетинг негіздерін үйреніпті. «Сайрам ауданында ірі қара мал өсіруді ұйымдастыру» бойынша бизнес-жоспар жазып, оны сәтті қорғап шыққан. Сөйтіп, бұл кәсібін жүзеге асыруға шағын несие ұйымына жолдама алады.
Сөйтіп жүргенде былтыр қаңтар айында кепіл мүлігі бағаланып, Халыққа қызмет көрсету орталығы келісімшартты тіркеген соң жобасын іске асыруға банк 1 млн. теңге несие берсе керек.
«Қазір менің оншақты ірі қара малым бар. Кәсібімнің өркендеп келе жатқанын мақтанышпен айта аламын. Енді «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдау көрсетуі арқасында отбасымның болашаққа деген сенімі арта түсті. Мемлекет басшысына және басқа да көмек қолын созған азаматтарға алғысым шексіз. Бағдарламаның арқасында бағым жанды», – дейді Миралим Мирабдуллаев.
Оның болашақта іске асырамын деген арман-тілегі көп. Ұрғашы сиыр тұқымын алып, қой өсіріп, мал ұстайтын қора-қопсы салмақшы. Кейін ауылдастарын да жұмыспен қамтымақ ойы бар.
Естеріңізге сала кетсек, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының мақсаты тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамту арқылы халық табысын арттыру болып табылады. Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы еңбек нарығы көкжиегінің кеңеюіне мүмкіндік беруде. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын, жұмыссыз және аз қамтылған халықты жаңа өндірістік, ауылшаруашылық кәсіпорындар мен ірі инфроқұрылымдық жобаларға тарту мемлекеттің басты міндеті, кедейлік көрсеткішін төмендету мәселесін шешуге көмектеседі.
Сайрамдықтар асылдандыру ісінен де шет қалмауда
Оңтүстік Қазақстан облысында төрт түлiктi қолдан ұрықтандыруға да басты назар аударылып отыр. Сайрамдық мал шаруашылығының мамандары да бұл үрдiстен шет қалмай, мүмкiндiктердi мейлiнше тиiмдi пайдаланып қалуды жан-жақты ойластыруда. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмiндегi мамандардың айтуынша, әр ауылдық округте барлығы 27 қолдан ұрықтандыру тiрегi салынған. Оған облыстық бюджеттен 108 миллион теңге бөлiнген. Қаражат игерілген. Әсіресе сүт және ет өндiру бағытында жұмыс атқаратын шаруашылықтарға орасан мiндеттер жүктелiп отырған көрінеді. Әсiресе, малды асылдандырудың бағыт-бағдары жүйеленбек.
Сайрам ауданының мал шаруашылығы саласының дамуына бақылау жасап, басшылық ететiн мамандардың айтуынша, қазiр «Ем-Нұр» ЖШС Ақбұлақ ауылындағы «Шиги и Ко», сондай-ақ «Қуаныш МК» жеке шаруашылықтары, Қаратөбедегi «Алтын дән» серiктестiгi, Көлкент ауылындағы «Абдуғаниев» жеке кәсiпкерлiк ұжымы, Қарасу ауылдық округiндегi кәсiпкер Т.Бөрiбекованың шаруа қожалықтары «Фуд-мастер» серiктестiгiне сүт өткiзiп келедi. Екi арада сенiмдi байланыс орнаған.
Мамандар iрi қараның өнiмдiлiгi жоғары «Гольштино-фриз» және кәдiмгi қарала сиырлардың тұқымын асылдандырудың тиiмдiлiгi зор екендiгiне шүбә келтiрмейдi. Үкiмет те төрт түлiктi асылдандыру бағытында шаруаларға арнайы субсидия бөлiп отырғаны жайдан-жай емес. Қазiр сапа мәселесi алдыңғы орынға қойылуда. Әрине, бұл орайда дистрибьютерлiк орталықтардың атқаратын шаруасы қомақты. Ал, еттi мал шаруашылығы бағытында «Сыбаға» бағдарламасы біраз игілікті тiрлiктiң басын қайырмақ. Қазiрдiң өзiнде Қайнарбұлақ және Құтарыс ауылдарындағы мал өсiретiн шаруалар бiрiншi кезекте ет өндiру бағытының көшiн бастап үлгерiптi. Бұларда түлiктiң төлi енесiнен ажыратылмай бағылады. Мұның өзi уызына жарыған төлдiң ширақ жетiлiп, өнiмдiлiгi жоғары мал санын көбейтуге мүмкiндiк беруде. Былайша айтқанда, екi жақты тиiмдi әдiс.
Оңтүстік Қазақстан облысы