ХАЛЫҚ ЕРДОҒАННЫҢ ЖАҒЫНДА

ХАЛЫҚ ЕРДОҒАННЫҢ ЖАҒЫНДА

ХАЛЫҚ ЕРДОҒАННЫҢ ЖАҒЫНДА
ашық дереккөзі
219

Бұл жолы адамдар толқыды.
Стамбұлдың ең сүйікті әрі танымал жері – Таксим алаңына жиналған наразы топ
бірнеше күннен бері Түркия премьері Ердоған өз еркімен отставкаға кетсін деген
талап қойып отыр. Кеше Ердоған наразы отандастарымен кездесіп, келіссөз
жүргізді. Осы оқиғаның алдында біз Стамбұлға телефон шалып, Түркиядағы танымал
саясаткер, экономика ғылымдарының докторы, профессор Невзат ЙАЛЧЫНТАШ мырзамен
әңгімелесіп, мәселенің мән-жайын сұраған едік.


«Наразы топ екіге бөлінген»


– Невзат мырза, Реджеп Тайип Ердоған бүгін наразы топтың жетекшілерімен кездеседі екен. Сіздіңше, тараптар ортақ шешімге келе ала ма? 

 Апта басында Ердоған мырза Гези бақтағы наразы отандастармен кездесіп, олармен келіссөз жүргізуге дайын екендігін мәлімдеді. Сейсенбі күні Түркиядағы билік басында отырған Әділет және даму партиясының кеңейтілген мәжілісі өтті. Басқосуда Премьер Ердоғанның: «Гези бақта жиналған жастардың көзінен сүйіп, мәмлеге келуге дайынмын» деген сөзін түрік телеарналарынан естіген, көрген шығарсыздар. Демек, Түркия билігі керісуге емес, келісуге бейім.

– Стамбұлда тұратын түрік азамат­тарының бірі бізге «Бүгін Ердо­ған кездесетін топтың Таксим­де­гілерге ешқандай қатысы жоқ» деді. Егер тізімдегілердің шынымен на­разы азаматтарға қатысы жоқ болса, қалай болмақ?

– Екіжақты мәмлеге бекінген Ердо­ған­ды ондай жаңылыс қадамға барады дей алмаймын.Егер бұл оқиғаға қатысы болмаса, премьермен неге кездеседі? Және Таксимдегі шеруге шыққан топ мүшелері өздері неге бармайды басқосу болатын жерге? Түркиядағы БАҚ өкілдерінің қалай жұмыс істейтінін білесіз, егер Ердоған көзбояушылыққа баратын болса, журналистер қауымы бірден «Премьер-министр өтірікші!» деп айқайға басатыны анық. Реджеп Тайип Ердоғанның соңы өкініштерге әкеп соғатын жаңсақ қадамдарға барады деп ойламаймын.

– Таксимдегі топ «Ердоған мен оның Әділет және даму партиясы отс­тавкаға кетсін» деген талап қойып отыр. Әлбетте, түрік билігі өз­ еркімен тақты босатпайды. Осы тұр­ғыдан алғанда, ортақ шешім қандай?

– Наразы топ екіге бөлінеді: бірі – бақтағы ағаштарды кесуге қарсы шыққандар, екіншісі – саяси ойынның ықпалында жүргендер.Яғни, заңсыз қадамдардың жетегіндегілер. Қолдан жасалған жарылғыш заттарды пайдаланған, саяси тұрақсыздық орнатуға тырысқандардың бір бөлігін құзырлы органдар тұтқынға алды. Ердоған мен оның жақтастарын билік басынан алшақтатуға тырысқандардың көздегені де осы. Алайда, табиғат пен қоршаған ортаның ахуалына алаңдағандардың уайымынан саяси астар байқамайсыз. Олар шынымен-ақ жасыл желектің қырқылмағанын қалайды.

Түркиядағы қазіргі саяси ахуал сіздіңше, кездейсоқтық па, әлде арандатушылық па?

– Меніңше, екеуі де бар. Қазіргі жағ­­дайда Таксимдегі құрылыс жұмыс­тарын жүргізуге қарсылық та­­­нытқандардың бой көтеруіне ық­пал еткендер – арандатушы топ. Өз­ге­нің қолымен от көсеуді жақсы кө­ретіндердің ниеті түзу емес. Бү­гінде Түркиядағы парламенттік, түрлі жергілікті сайлауларда қажетті мөлшерде дауыс жинай алмағандар бар. Мәселен, 100 пайыздың 1 пайызына да қол жеткізе алмаған Коммунистік партия сияқтылар.Ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланып қалуға тыры­са­тын­дықтан, олар саяси ұпай жинауға мүдделі. Бірақ 2013 жылдың наурыз айында тәуелсіз сарапшылар жүргізген сауалнама нәтижесінде, Реджеп Тайип ЕрдоғанныңӘділет және даму партиясын халықтың 52 пайызы қолдайтыны анықталған. Демек, қазіргі биліктің отставкаға кетуі күмәнді.


«Түркінің бірлігінен қауіптенеді»


Түркияның ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге қарасақ, түріктер жерінде жаппай толқу орын алған сияқты. Дәл қазір халықтың басым бөлігі кімнің жағында?

– Сізге айтқан сауалнама жуырда ғана жүргізілген. Демек, халықтың көпшілігі Ердоғанның саясатын қолдайды. Отандастарымыз негізінен саяси додада өздері қалаған, өздері дауыс берген партияның жағында.

– Бүгінгі кездесуде Реджеп Тайип Ердоған көпшіліктің көңілін қалай таппақ?

– Меніңше, наразы топтың көкейіндегіні тап басады. Бүгін Стамбұл әкімі қаланы абаттандыру, көгалдандыру мәселесіне баса назар аударылатынын айтты. Бұдан былай орман, тоғайларды қорғауға және ағаштарды көптеп отырғызуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырыла бастайды. Бірақ Түркияның экономикалық-әлеуметтік дамуына сеп болатын жобаларға қарсы шыққандармен тіл табысу қиындау. Өйткені, елімізден халықаралық деңгейдегі әуежайды салуды қолдамайтындар ел мұқтажын ескергісі келмейді. Мәселен, Жер шарының көптеген елімен серіктестік қатынасты кеңейтіп келе жатқан Түрік әуе жолдары (Turk hava yollari) компаниясы үшін барынша көп адамды қабылдай алатын әуежай ауадай қажет. Осыған қатысты шешімді Ердоған бүгінгі кездесуде қабылдамауы мүмкін. Бірақ Таксим алаңындағы құрылысқа қатысты мәселені кездесуде қабылдауы ғажап емес.

Түркиядағы қазіргі саяси ахуалға сыртқы күштердің ықпалы бар ма?

– Меніңше, бар. Дәл осы сұрақты маған түрік және шетелдік журналистер көп қояды. Түркияның кеңінен қанат жайып, дамуынқаламайтындар көп. Түркия уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Экономикалық дағдарыстың салдарынан АҚШ пен Батыс экономикасы тығырыққа тірелді. Қазір Еуропаның ең күшті деген мемлекеттері – Англия мен Францияда да дағдарыс ушығып келеді.Американың жағдайы белгілі, ең алғаш қаржылық дағдарыс АҚШ-тан басталғаны мәлім. Есесіне, Түркияда ешқандай дағдарыс болған жоқ. Дамуын үздіксіз жалғастырып келеді. Бұл орайда, билік басындағы Әділет және даму партиясының еңбегі зор. Еуразияның жүрегіне орналасқан Түркияның күш алуын сыртқы күштер қаламайды. Ел ішінде түрлі арандатушылық әрекеттер арқылы тұрақсыздық орнатуға тырысатындар да – солар. Сонау Балқан түбегінен бастау алып, Орта Азияға қарай қанат жаятын түркі аймағының қуатты да алып күшке айналуынан қауіптенетіндердің көздегені белгілі.

– Еуропалық Одақ Түркияны мү­шелікке қабылдауға құлықсыз. Осыған қатысты ресейлік сарапшылардың кейбірі Түркияны Еуразиялық Одақ құрамына алып, Батыс пен АҚШ-қа қарсы тұру қажет» деген пікірді ұста­натындар бар. Сіздің пікіріңіз?

Ұсынысты қолдаймын. Негізі 2004 жылы Еуроодақ Түркияны ЕО-ға мүшелікке қабылдауға шешім қабылдап, 2005 жылы Еуропалық Парламент Түркияға дауыс беру құқығын бекітуді қолдаған еді. Бірақ бұл шарт әлі күнге жүзеге асырылмай келеді. Еуропалық Одаққа мүше болса да, болмаса да, Орталық Азиядағы түбі бір түркі мемлекеттермен, бауырлас халықтармен тығыз қарым-қатынас орнатуға, ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Естеріңізде болса, 2009 жылдың қа­рашасында Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Президенті Абдолла Гүлдің бастамасымен, Түркі мемлекеттерінің Ақсақалдар алқасы, Түркі мемлекеттерінің парламенті құрылды. Бұл түркі елдерінің күшеюіне әрі бірігуіне сеп.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары