1400
АЛТЫН ЖАМБЫ
АЛТЫН ЖАМБЫ
Ертеңге еңсе тосқан заңғарлы ой иесі арманға асыл ой жүктейді. Уақыт ұтысынан күткені – «Жамбы», алтын жамбы. Зейнолла Серікқалидың сан ғасырлар сарабында сан желініп, жеңілмей келе жатқан жұртының ендігі еселенер табысына мейлінше айқын сенеді. Ұлтының арманшыл қалпына барымен әбден нанады. Ол осы арманын елімен бірге мына тезисіне әбден тамаша сендіреді: «Өйткені дәл жаңа мыңжылдықта адам шын мәнінде Адамға айналады». Жаратылыстың ең асыл жаратылысы – Адам. Жалған – мәңгі, дүние – шексіз, ғұмыр – қысқа. Жалғанды толық тануға түсу үшін, адам адамнан адамға айнала түспек. Серікқали адам осы мың жылдықта тағы да дамитынына әбден сендіреді, нандырады.
Уақыт уысынан сол үмітін ұстамақ. Ол: «Жер басып жүргеніңнің өзі – ырыздық», – дейді. Жалған мен әлем арасындағы арпалыс – ғұмыр мұраты. «Алтын жамбының» арқауы – рухани ырыздық. Ырыздық дәні мен нәрінде арман аңсауы, қалау-тілекте – бәрі бар. Уақыт уысынан талғам қалауын таппақ.
Зейнолла Серікқалидың көзі тірісінде жарық көрген кітабы – «Алтын жамбы». Мемлекеттік сыйлық алған асыл сөзі. Бұрынғы кітаптарында ерекше есімдерге үйір бола бермейтін. «Алтын жамбыда» басы – Бауыржан Момышұлы бастаған, Асқар Сүлейменов, Ләйлә Мұхтарқызы, Өзбекәлі Жәнібеков, Дидар Амантайұлы, Сейфолла Оспан, Мақсұтжан Әубәкіров есімдеріне арнайы мақалалар енген екен. Өзіне мәлім жай ма, әлде саулығына орай ма, жеті мақала – арналыпты ( «Ақындық пен Имандылық», «Құс – қанатымен», «Алтын жамбы», «Ізгілік нұры», «Тектілік», «Тума дарын», «Бекзаттық биігінен»).
«Бекзаттық биігінің» кейіпкері – Өзбекәлі Жәнібеков еді. «Заманы бір асыл ағаның со- нау республика жастары ұйымын басқарған, кейінде мемлекеттік, мәртебелі, әртүрлі жа-уапты қызметтер жүгін көтерген ай тұғырлы кездерінде жұмыс ыңғайына да қарай, әрқилы жүздесу, кездесулерде салмақты баяндамалары мен парасатты сөздерінен де арман-мұратымыз үндесер жан-жылуын шет-жағалап сезіне жүріп, күндердің-күнінде, өзін бірыңғай өнер болашағы мүддесіне бағыттаған, жазу үстеліне басыбайлы шегелеген ең берекелі жылдарында бұрынғыдан бетер жақынырақ, бауырлас-сырлас бола алғаныма шүкіршілік етемін. Көңілжықпас, көзбояушылықты кешірмейтін кескекті ер мінездері мен құлазыған сәттерін де көргенмін», – (132) дегеніндей, басымызды қосқан осы ардақты адам еді. Асты сызылғандай, қызметінің кезі шарапаты арқасында, «Лениншіл жас» газеті жанынан ашылған жастар бірлестігінде Зейнолла, Асқар үшеуміз ұшырастық.
Ол топта: Зейнолладан басқа Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев , Төлеужан Ысмайылов, Қадыр Мырзалиев, Қалихан Ысқақов, Жұмекен Нәжіметденов, Сайын Мұратбеков, Асқар Сүлейменов, Әкім Таразы, Қалдарбек Найманбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Дүкенбай Досжанов, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Өтежан Нұрғалиев, Сәкен Жүнісов, Төлен Әбдіков, Жүсіп Қыдыров, Қуандық Жүсіпов, Имашхан Байбатыр, Сағира Сәрікова т. б. Бастаған кезде басшымыз – Төлеужан Ысмайылов еді.
Алғашқы жиналысымыз өлеңге – өлең түріне, «өлеңнің жаңалығы», «ескілік пен жаңалық» төңірегінде өтті білем. «Он бір буын омыртқаң кетсін сынып» деген Төлеужан Ысмайылов турлы мақаласын жабыла мақтастық. Оған қоса Әуелбек Қоңыратбаевтың Жүсіп Қыдыров, Жұмекен Нәжімеденовтердің өлеңдерін қатты сынаған мақаласын да «ойсырата сынағанымыз рас». Сөз басы – Әбіш Кекілбаев сөзі. … Келесі отырыс Сайын Мұратбековтің «Бекеңнің құбылысы» әңгімесі ұзақ талданды. Қуандық Жүсіповтің «Бекең шаппа шотын қолына алды», Дүкенбай Досжановтың «Ана» поэмасы аса бір «әдемі» талқыланды.?! … Солай жалғаса берді. Алпарысқан әдемі тамаша таласулар!!! Жанталасып, барды салып, жаңалық үшін таласып, жылт еткенді көріп, соған ұмтылысып, ортаға салмайтын ештеңе жоқ. Қазақ әдебиетінің бар ауыртпалығын көтеріп алмақ – ақ ниет. «Жаңалық іздеп,… бәрін жаңартып жіберу ойда?! Кейде үлкендерге де соқтығысып қалатындар да сәттер болатын. Дұшпандық-араздық жоқ. Жастықтың алқысынан өзге ағаттық жоқ…Бұл шақтарды «Қазақ әдебиетінде»(өткен жыл соңында ма, осы жылдың басында ма) тамаша сипаттап жазған – Оразбек Сәрсенбаев еді. Ол өзі «1961» поэмасымен «тракторымен Кремльге жол тартқан». Өзінің «жаңашылдығы» еді. Небір сөздер тудырған..? Ниеті таза еді. Ол – құбылыс еді.?! Кемшіндерімен де жаңашыл жолға нұсқаға ымдады. … Сөккендер аз болған жоқ… Біз оны қостадық.
Шыңғыстың «Жәмиласы», Тахауи Ахтановтың «Дала дидары», Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күзі еді», Сырбай Мәуленовтің «Ақ түні» тәрізді дүниелер жаңа бір жарқын жарықты сәулелер елес берді, көрінді. Абай «Сегіз аяғынан» жаңа нышан тауып, екпінді толғаулардан да жаңа түзілістер көріне шалынды. Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңі – бір жаңалықтың көрінісі ретінде қабылданды. Сәкен Сейфуллиннің өзінде бұрын бар, Маяковскийсіз-ақ «жаңашылдығы» бар, Ілияс Жансүгіровтің «Даласында» «жаңашылдық» бар деген т. б. жаңалықтар көбейе бастады. Бұл – жаңа леп жол ала бастады.
Осы топта айрықша сүйікті кітаптар; Эрнст Хемуингей, Анна Ахматова, Илья Эренбург, Борис Пастернак, Марина Светаева т.б. ақын-жазушылар шығармалары. Солардың кітаптарын сыйға тартысып, жолдас болысатын. … Зейнолла мен Асқардың достығы осыдан басталған. Зейнолла Асқарға Хемуингейдің үш кітабын әкеп сыйлаған. КазПИ-дің Совет көшесінің 34- ші жатақханасында Асқармен бірге тұратынбыз. Содан сыйластығымыз басталды. Оқудан соң мен елге кеттім. Екеуі Алматыда қалды. … 1971 жылы аспирантура жылы басталды. Достық жалғасты. Олар көз жұмғанша көз жазыспастық. Олар аса білімдар, қатар жүріп көп сырластық, мен соларға еріп жүріп бірқанша межеге жетіппін. Мен оларға көп қарыздармын. Мені әдебиетке бастап әкелген – Асқар. Жол басында «аса қазымыр» болды. Жазып берген мақаланы ең кемі үш қайтара жаздырады. Кемшілігіңді көрсе, жер-жепсіріңе жете, аямай сөгеді, … тілі тым үшкір. Кейде, жазудан бас тартсам, тағы да қоймай жаздырады. «Сен жазбасаң, кім жазушы еді…»… деп тағы бопсалайды. Ал, Зейнолла ондай мінез көрсетпейді, бірақ ұзын-сонар ақылды көп аямайды, аянбайды. Ол екеуі де ерте қызметке тұрды. Ол жағынан жолдары ерте ашылды. Қатарласа бастағанда бір достықта табысып өттік. Асқар оқыған кітап – тым көп. Ол жазбай қояды… «Жазуың керек ..?», – дейміз, … «дық» көрсетеміз… «Жаза беріңдер… Әбіш те солай дейді… Біреу оқу керек қой, … мен оқимын…», – дейді. Ал, Зейнолла оған «неге жазбадың ғой?» демейтін, «жазады ғой!», – дейтін.
… Семейден келгенде, алдымен Асқар үйінде кездесеміз. Асыл ана – Айтоты бауырында жолығамыз. Үшеумізге ортақ ана – Айтоты. Ол үйде ойынымыз қанбайды. Әнші де, күйші де, жазушы, ақындар сол үйде ұшырасады. Бақыт Әшімова, Төлеген Тоқбергенов, Генерал Асқаров, Сайлаубек Жұмабеков, Сағат Әшімбаев, Дулат Исабеков, Мұрат Әуезов, Сатыпалды Нарымбетов т. б. жақсы жандармен жүздесеміз. Солардың ортасында Зейнолламен бірге боламыз. Ал Зейнолла үйінде Оралхан Бөкеев, Қадыр Мырзалиев, Нұрлан Оразалин, Әкім Тарази т. б. белгілі елеулі адамдар да мол ұшырасатын.
Зейнолла досы Асқарға аса зор ынтықтық ық-пана болардай «Алтын жамбыда» ғажайып екі мақала жазып қалдырыпты. «Жаның шырқыратар шындық», « Тектілік» мақалалары – асқартану ілімінің арқауы. Ол арқаудың асыл нәрін мына сөздерінде, «асқарды ұқпаймыз?», « … Асқар талантты емес?» дегендерге де тамаша жауап болса керек; «Қазақ әдебиеті, мәдениетінің тек қазіргі жолайырық шағында ғана емес, келер ғасыр өзегінде, бұдан былайғы тарихи даму жолының қандай белеңінде де өзінің тұлғалық тектілігімен, парасат-байлығы, қаламгерлік шеберлігімен ұрпақ ырыздығына дәйім қызмет етер жазушылардың бірі – Асқар Сүлейменов. Бейнелеу бейнеті, сөз өнері қадірін сезіндіре, сыншылық тұңғыш толғаныстарынан бастап, сонау алпысыншы жылдары байырғы әдеби ұғым-ұлығат, дүнияуи көзқарастарды дағдылы қалыбын бұзған, дәстүрлі таным табиғатына жаңа бір тыныс дарытып, ұлттық рухи құндылықтар сұрыпталуының, біздің бүгінгі әңгімемізге біртабан жақындатыңқырап айтқанда, сол кездегі әдебиетшілер қатары сараналуының қайнар-бастауына айналған қаршадай жігіт «бейуақ» тосын көрінісіне бола түрлі-түсті, ақсақал-көксақал, түбіт иек тұрғыластырына дейін тұтасқан тосқауылдар тұңғиығына батырмай, күн нұрына маңдайын сүйдіріп, мәртебелі тұғырына қондырған да – ешкімнің алыс-берісі жоқ, ең алдымен оның өзінің жаратылыс-зеректігі, туған топырақ, халықтық даналық құнары мен зердесіне тоқыған ерекше білімі, шешендік тіл мәдениеті, бойы мен сойына біткен имандылық-тазалық, ойшылдық тереңдігі еді».
Зейнолла Серікқали зерттеушіліктің аса табанды әрі нәзік те өткір тәсілдерге аса бай сыншы әрі кешірімсіз сыншы. Өз зерттеу-сын еңбегінде айтқан ойларын қайталап, қайыра көмкеріп, бекітіп отырады. Бұл – оның аса жиі қолданып отырады. Мысалы, «Ал Асқарды түсінбейміз деп шынын айтатындар базынасы соншалық жаттанды, әбден бауырласқан тобырлық өнер сұранысымен ғана шектеліп, элитарлық мәдениет өресіне көтеріле қоймағандардың өз талғам-таным деңгейінен сырын шашқандығынан басқа түк емес».
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терімен» аралас жаңа сыншылар айрықша дүниеге келді. Асқар Сүлейменовтің «Елең-алаңдағы дүбірінен» соң-ақ, Зейнолла Серікқалиев сыншылдықтың өз арнасын әбден тапты. «Қан мен тердің» бар жолы мен жайын тұла бойына еніп, бар қырын сараптай келе қазақ әдебиетінің бар қырларына мүлде ден қойып бойлай бастады. Хамза Есімжанов «Ақ жайықтары» арқылы сынның сара бағытын тапты. Өз буыны ортасынан сыншылдықта сараланып, өзінің шын мәніндегі елден бөлек, биік сапа тапты. Әдебиетті бар кемшіндерден қорғаушы, жақсылықты жарқырата ашып, бар мен жақсыны сараптаушы, кемелдікке бет түзеді. Осы топтан қазақ әдебиеті ірі қайраткерінің бірі боп орын тепті. Ол қазақ әдебиетінің бар жанрының бірінде тамаша іздер қалдырды.
Оның сыншылдықта қалдырған асыл түйіні, өсиеті мынау болса керек: «Кез келген ақынға айтылып жүрген; әр шумақ жырынан белгілі бір сәттегі бүкіл болмыс-бітімің, көңіл-күйің аңғарылып, қабақ кірбіңің, жүздегі нұр, көкірегіңдегі от лаулап, жалындап жатса екен деген орынды талап енді тұп-тура сыншылардың өзіне де арналатын кез жетті… Дәлелсіз мадақ пен дәлелсіз жазғырудың өрісі тар. Ақтарылып отырып, жан дүниесін айқара жайып салып пікір айтқан адам – шын сырын бүкпесіз, қалтарыссыз шерткен адам. Адал көңілін, адал пікірін айтса – ол оның әдебиетті сүйгендіктен, айрықша бір жауапкершілікті сезініп айтқаны. Әділ айтса – ол шығарманы танығандығы. Сондықтан да біз оған сенеміз, қалтқысыз сенеміз. Ал оқушысын бұлай сендірген, баурап алып, қызуымен, жанымен орап алып сендірген сын, әрине, тегін сын болмаса керек. Сыншының айқын, берік тенденциясы, эстеткалық сезімінің жетістігі, көркемдікті тану, түйсіну қабылеті, білім-парасаты, мәдениеті, дүниеге, өмірге көзқарасы, рухани жан сұлулығы, ұстанымы, оты – бәрі-бәрі қаз-қатар тізіліп көрініп, жазушы сыншының шын мәніндегі туысқандық достығы, бауырластық бірлігі басталатын жер, міне осы болар». Қазақ сынында Зейнолла Серікқалидің сомдаған теоремалық анықтамасымен бірдей теориядағы ой түйіні. Жазушы мен сыншы және оқушының – үшеуінің ұштасуы .
Жүсіпбек Аймауытов бастаған қазақ сыны – Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов, Райымжан Мәрсеков, Міржақып Дулатов, Ыдырыс Мұстамбаев, Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайылов, Хажым Жұмалиев, Мұхаметжан Қаратаев, жалғасында; Тұрсынбек Кәкішев, Раманхан Бердібаев, Серік Қирабаев, Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев жалғасында сынның жаңа буыны басын Зейнолла Серікқали бастады (Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаевтардың сын жолы өз алдына өзгеше еді). Ол бар қалам қайраткерлігін сынға арнаумен өмірден өтті.
Ол – өз кезінің сынның басы боп өтті. Оның бар сыны қазақ әдебиетінің проза (қара сөз), поэзия, драма, олардың барлық ( әңгіме, повесть, роман, роман-эпопея, өлең, поэма, дастан т. б. ) жанрларында бар сырлары мен тек-түбін бәрін қамтыды. Ол философиялық ауқымды сарапшы-сыншы болып өтті. Оның сыны қазіргі өліарада әдебиеттану кезеңінде аса тану, талғам кезеңінде таразы мысқалдық өлшем орнына жүрер тану өлшемі.
Зейнолла Серікқали кезеңінде қазақ әдебиетінде жаңа жарқын шығармалар мен есімдер, жаңа тұрпатты дүниелер өмірге келді.
***
«Лениншіл жас» қасындағы жарқ ете қалған топ – сан қырлы, сан салалы жанрлар қайраткерлері еді. … Кейін, осылардың ортасынан он алты Мемлекет сыйлығының иегері шықты. Он алтының бірі – Зейнолла Серікқали.
(Мұқағали Мақатаев радиода қызмет істеп, елге қайтып кеткен еді. Фариза Оңғарсынова Алматыға келмеген кезі. … Кейін, жарқырап жайнап жетті. Қазақ поэзиясында айрықша құбылыс болды. Ол әдебиеттануда «әйел, қыз!» ақындарды деген тіркесті жойып, «ақын!» дегенді мойындатқан ардақты ақын, қазақ ойының бір көрсеткіші, мінезі бөлек ақын ауласы-айдыны).
Асқар, Қуандық, Имашхан – төртеуміз КазПИ-дің студенттеріміз. Зейнолла КазГУ-де оқиды. Әбіш Кекілбаев «Лениншіл жастың» меңгерушісі. Жүсіп Қыдыров Әбішен бірге қызмет істейді. Отырыстар материалдарын жинақтап, жариялайтын. Кішіпейіл жан еді.
Сол сияқты, оның мейірінен жылу көрген жазушылардың шығармалары аз емес. Әбу Сәрсенбаевтың тұтас дүниесін де өз қолынан өткізді. Сол – «суық бала!» деген бала – осы Зейнолла еді. Ысқақ Мыңбаевтың «Халық календарын» да қоймай әзірлесіп шығарған да Зейнолла Серікқали болатын. Ол кезде ол «Қазақстан» баспасында. Менің бір, Семейден келе қалған кезім еді. «Елеулі, сирек шығарма, автормен жұмыс болды», – деп отыр екен.
Оның жастарға деген мейірі де ерекше. Жастарды орынсыз жаладан, артық ғайбаттардан қатты қорғайтын, аямай қатты сынайтын, асқан білімдарлықпен ор қаптыратын. Ол аса білімді, бар тарапты үлкен ұғымы, пайызшыл көзқарасты сарапты сыншылығы ғылым төркінінен білгір сөздері кімге болсын салмақты ауыр болатын. Оған оны оқып, білу үшін көп білім керек. Соған бір айғақ – «Уақыт және талғам» ( « Алтын жамбы», «Өнер», 2001, 6-34 б.). Мұндағы ұланғайыр еңбегіндегі жастар арасындағы ортаға жатымсыз қылықтар аса ащы сыналады. Бір кездегі «терминшілер?» ниеттеріндегі керауыз сөздеріндегі уытты астарларды өз сөздерінен ұстап, аямай жер қаптырады; « Таңдау-талғау, талғам дәрежесін, таным мәдениетін нобайлау үшін, оқушыдан ыңғайсыздана отыра, шабынып, қан-жыны тасып, буы бұрқыраған «сүбелі туындылардан» жол-жөнекей нақтылы бір үзінділер келтіре келмеске амалым жоқ. Сыншы … « О! О! О! ..» жазбаларынан; « Постмодернизм – әрине, өте сексуальды құбылыс. Бірақ, мұның алдындағы нақ сүйеріміз Соц. реализм – нағыз еркек еді ғой, шіркін. Оның сексуальдық тегеуріні – тоталитарный болатын! Көнбесең… зорлап жіберетін… Оның жанында біздің қазақстандық Постекең ( то бишь постодернизм!) – әншейін қызтеке сияқты ғана бірдеңе. Не еркек емес, не әйел емес… Транссексуал! Бірақ (кешіріңіз!) бай таңдайтын бізде не сықпыт бар?! Соның өзін елден бұрын иемденіп, некелесіп қойған бір пысықтар қалғандарымызды бұл қызықтан да қақты. Енді оларды атуға оғымыз жоқ – қызғаныш пен күйіктен жаппай … көгілдір тартып барамыз… (Білсеңіз, бұл не екенін),» немесе, «Қазақ әдебиеті» – өте сексуальный газет. Оған деген жеккөрініш, оған деген махаббат сол бір негізден – өрбіп жатыр. Бұл газеттің сексологы Әмірхан Меңдеке, саяси секс жөніндегі жетекші эксперті Аманхан Әлімге деген жаппай жеккөрушіліктің түп-тамыры да – сонда… «Қазақ әдебиетін» импотентн басылымдар, газеттер, белден қалған басылымдар, климакс қарсаңындағы кейбір саясаткерлер өте-мөте жек көрді. Бұл – таза жек көру. Оның аржағында ешқандай махаббат жоқ, құлазыған құыс қана бар. Секссіз жерде қайдағы махаббат? Және бұған әсіресексуальды (сверхсексуальный!) «Қазақ әдебиетінің» түк кінәсі жоқ… Құдай куә!» («Қазақ әдебиеті», 4 тамыз, 2000).
Бұл жазбалар қандай талғамға, қандай оқушыға, көшедегі қандай сұранысқа бағышталғаны өзінен-өзі түсінікті. Өзара міндет-парызын әділ бөлісіп, «сексуальный манияк» аталуы бір шаңырақ аясында бір-бірімен қалай ұжымдасып бауырласқан деңіз. Аталған газеттің өз қызметкерлері, әрине, өз қызметкерлері болғандықтан да «ең жанашыр», алабөтен өз авторлары өзді-өздерін қалай қорғалаудың аты-жөндеріне дейін әйгілеп, секспотологиялық мүмкіндіктері мен қызғаныш-күйік, мұң-зарын (жоғарыдағы – «қызықтан да қақты», «атарға оғымыз жоқ») қалай жарғылаудың бір орайлы сәтін дәл тапқан екен» («Алтын жамбы», 7-8 бетер).
Елге қадірлі, өзі сүйер «Қазақ әдебиеті» әуенінде орын алған оқыс оқиға Зейнолла Серікқалидың жанын қинайды. Өзі жақсы көрер жастардың ындынына шаба бастаған жат пейіл қылықтары ойын ушықтыра түседі. Олардың ауыздарынан шыққан оспадар, қасас, ыңғайым сөздері адалдықтың ақ көңілін кір еткен. Ел көңілін шер еткендей бейбастық тіркестер көңіл тітіреткендей еді. Ол қатты тітіреді, жаны таза жан сонша қиналды. Ортаға жайылып кетпеуден түңіледі.
Осы тұста «терминшілдердің» астарлы сылтауратқаны, яғни – Әмірхан Меңдеке, Аманхан Әлім, Тұрсынжан Шапай, Қасым Аманжолдардың қия кеткен қияс мақалаларының Әуезхан Қодар, Әлия Бөпежанова, Дидар Амантай, Таласбек Әсемқұловтарды шет қақпай еткен қырбайлықтары пайда болды. Серікқалиға осы жағымсыз осы астарлы дүниелер қатты қиналтты. Орта, әдеби орта үшін мына сөздерін ашына жазды: « … Ау, қарағым, Қадым заман, Орта ғасыр, Жаңғыру дәуірлерін ойлап тапқан Әмірхан мен Аманхан емес, сол сияқты, олардан кейінгі кезең Модерн – Жаңа заман, Жаңашыл заманын да Әлия мен Әуезхан аспаннан сауып отырған жоқ. Халықаралық барша гуманитарлық ғылым-танымдар тоғысында айқындалған дәуір ат-ауы, Уақыт көрсеткіші.
Аманхан өзі қай кезеңде өмір сүріп жатқанын, қай ғасырдың, өзі тәрбиесін көрген қай реализмнің атынан сөйлеп отырғанын ұқпайды деп ойлаймын…
… Әлдебіреулер кімнің аузынан қандай сөз шыққаны тергізіп, босаға бақтырып қойғандай «шұқыма» жанр төрелігіне құлдық ұрғаны, жала жауып, іріткі салып, жүйкеңді жұқартқаны, әсіресе оқушыларды өрескел шатастырғананы т. т. демесеңіз, аспан айналып жерге түсердей, қара жамылтардай ештеңе жоқ. Бәрі бәз қалпында, пейіл түзелсе бәрі түбінде жөніне келеді. Тек үйреншікті надандық, талғамсыздық, мысықтілеу тоғышарлық, өтірік сөйлеп (әдейі бұрмалап) есесін түгендеп, жалған беделмен жан шақырар жанкештілік, екіжүзділік қана өз жаратылысын жария қылып жатыр. Оның солай көзге көріне алғанының өзі ғажап емес пе?! Өнер табиғатын түсінер, әділдікті ұғынар ортаң – рухани ортаң орнықты жағдайда қиянаттың қыл көпірі бәрібір күлдірей берері хақ».
Ол – Зейнолла Серікқалиев тәңір-тас – көктас тұлғалы болмыс иесі жан еді. «Өлсем, басыма «көктас » қоярсың дегендей», әдебиет пен мәдениет озығының басына қояр асыл ой ескерткіші – көктас болса керек..!
Оның әр кітабы – ұрпаққа сый – ес, ескерткіш. Олар: «Ойлар, толғаныстар», «Жылдар сазы», «Ақыл таразысы», «Ақ жол», «Дүниетану даналығы», «Сын кітабы», «Алтын жамбы», «Жандауа», «Таңдамалы»(Үш томдық). Бұлардың іші толы қазақ әдебиетінің небір қилы, сырлы, қия басқан кемшіндері, өрлеген өрісі бар. Бұларда, үлкендерді былай қойғанда, Тұманбай мен Қадыр, Еркін мен Мұқағали, Жұмекен мен Өтежан, Жарасқан мен Иранбек, Күләш пен Қанипа, Мұхтар мен Мейірхандай ақындардың бастаған жүздеген ақындар мен Әбіш, Мұхтар, Оразбек, Сайын, Қалихан, Оралхан, Дулат бастаған жазушылардың тамаша сырлары, тәтті әңгімелері бар. Сын қойнауындағы шығармалар шырайы Зейнолла Серікқали танымында өзгеше танылып, өзегін өзгеше өзек тоспақ.
Өзінің тумыс болмысымен жастайынан жарыққа ерте ұмтылған талант-дарын перзенті. Ол да қазақ ойына тағдыр берген – бір өлшем, өре. Әдебиетті, мәдениетті таным мысқалы болса, оның шығарма өресі сол мысқал таразы өлшемі.
Зейнолла Серікқалиев шығармаларынан ой иеленген Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин бастаған жазушылардың бар дүниесі өз алдына сала-сала сарапталған еңбектері жеткілікті. Ал асыл ортада айрықша биікке бастар биігі, ұмтыла берер нысанасы, әдебиеттің де өрлер өріс, өре де – Мұхтар Әуезов. Зейнолла Серікқалидың өлшем биігі – мына асыл сөзі:
«Табиғат жанартауы тасына қарай танылады. Ерте ме, кеш пе – сөнеді. Сөнген жанартаудың планета бедерінде ізі қалады, тарихта таңбасы қалады. Ол заманғы бұрқырап тұрған дүлей күшін, құдырет-қуатын көзбен емес, көңілмен ғана көресің. Ол – бәрібір енді тас мүсін… М. Әуезовтің көркемсөзі, құдыреті – көкірегіңде. Жанартау!… Ол тек бұл ғұмырда бір-ақ рет атылып, жалынын мәңгілік жағып кететін жанартау. Ұлы жазушының жүрегі ғана сөнеді. Ол жүрегінің нұрын, жүрегіңнің шырағын мың-миллион жүрекке жағып кетті. Табиғат дүлейі мен адам алыбының айырмасы осы ғана!», – деген асыл сөзді айтқан – Зейнолла Серікқали. Ұлы заңғардың адам санасы мен жүрегіне жазып кеткен ғажайып ойлары мен ықпалы туралы ел айтпаған сөз шығар десек те, ал Зейнолла Серікқалидің әлгі аса танымды ғылыми философия ой түйіні, қазақ танымында тамаша, айбынды, айбарлы сөз, асқаралы сөз.
Төкен ИБРАГИМОВ