САҒЫНДЫМ САҒЫМ ЖЫЛДАР

САҒЫНДЫМ САҒЫМ ЖЫЛДАР

САҒЫНДЫМ  САҒЫМ ЖЫЛДАР
ашық дереккөзі
716
    Тіпті оның сызыла салған әндері мен әдемі жүзі, талдырмаш бейнесі әлі көз алдымызда.  Мәдина десе көз алдыма оның сахнадағы құрбысы, талай жыл концертін жүргізіп, ыстық-суығына бірдей төзе білген, сол жылдарды бүгінде біз сияқты  сағыныш-арманға айналдырған, әншімен өткен әрбір күн-сағаттары санасында үнемі жаңғырып келе жатқан  Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, көркемсөз шебері, Алматы облысы филармониясының артисі,  «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерт жүргізушісі Байбосынова Гүлзия ханымды сырласуға шақырдық. – Гүлзия ханым, Жаратушының құдіретінде шек жоқ, сахнада, өнерде ғана емес, өмірде де сырлас-сыйлас құрбыңызға қатты ұқсайсыз. Қазір де сенен әнші-керім Мәдинаны көріп отырғандаймын!? – Мүмкін! Шынында да, осы әңгіме ел арасында жиі сөз болып, тіпті біреулер таң қалып жатады. Бет-келбетіміз ғана емес, мінезімізде де, адами қасиеттерімізде де көп ұқсастық болатын. Жиырма жылдан астам уақыт бірге жүрдік. Бірге жылап, бірге күлдік… Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып, Және жылап өледі – өзгені де жылатып. Жылайтыны – туа сап, жамандар бар қинайтын, Жылайтыны – өлгенде, жақсылар бар қимайтын, – деп ақын Қадыр Мырза-Әлі қалай дәл айтқан! Адамдардың жанын ақындардан артық бейнелейтін мықты суретші жоқ болар сірә! Осы бір жан тебірентер шумақ Мәдинаны ойлаған сайын, сағынып еске алған сайын тілімнің ұшында тұрады. Ол бір қимас жылдарым бүгінде сағынышқа айналса да, өмірімнің мәніне-мақсатына айналды. Иә, өзім де қайранмын. Он бес жылға жуық қасынан бір елі қалмай, талай қызық-шыжығымызды бірге көрдік. Бақыттан басы айналған сәттерінен бастап, жаны жабырқаған күндер мен түндері жанынан табылатынмын. Өнер адамы ретінде менің сахнаға бейімделуіме, кәсіби тұрғыдан жетілуіме Мәдина үлгі-өнеге болды. Тіпті сол кісі сияқты киінуге, боянуға, жүріп-тұруға, адамдармен қарым-қатынас жасауға, әңгімелесу мәдениетіне дейін үйренуге тырысқаным сондай, бүгінде жұрт түр-тұлғамызға, іс-қимылымызға дейін ұқсатып жатады. Алғаш рет кездескен сәтім, оның әдемі жүзі, мейірімге толы жанары, үзілдіре салған әні құлағымнан бір сәт те кеткен емес.   – Алғашқы кездесу, танысу қалай бас­талып еді? – Қазақ өнерінде Өзағаңның ( Өзбекәлі Жәнібеков) сіңірген еңбегі ұшан-теңіз ғой. 1985 жылы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның жанынан «Адырна», «Алтынай», «Арқас» ансамбльдері де сол кісінің бас­тамасымен, үлкен ұйымдастырушылық һәм өнерге деген жанашырлығының арқасында дүниеге келді. Ал Өзағаңның әртістердің киетін киіміне дейін өзі араласып, ұлттық ою-өрнектермен әшекейленіп, қазақи үрдісте болуына аса мән беретінін бүгінгі көз көргендер аңыз етіп әлі күнге айтып жүреді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегенді өмірлік маңызды қағидасына ұстанған өнер жанашыры талай таланттардың да бағын ашты. Филармонияның сол кездегі директоры Ғабиден аға марқұм Тұяқаев та аса талғампаз жан еді. Кеңестік дәуірде үш бірдей фольклорлық-этнографиялық ансамбль құру осындай ұлтына, ұлттық өнері мен мәдениетіне шын жаны ауыратындардың ғана қолынан келетінін дәлелдеді. Мәдина Ералиева да сол Жәнібековтің іздеп-тауып, ансамбльге алғаш алған әншілерінің бірі болыпты. «Қазақтың ұлттық әндерін насихаттап, ұлттық киіммен ән саласың» десе керек Жәнібеков қызметке шақырарда. Өз туған халқының мәдениеті мен өнері үшін туған асыл азамат Мәдинаның репертуарына Күләш Байсейітова мен Жамал Омарованың орындауындағы, бірақ кейінгі кезде көп шырқала бермейтін «Баян-ай», «Толқыма» сынды халық әндерін өз бақылауымен дайындатады ғой. Кейіннен «Қоғалы-ай», «Жылқы ішінде ала жүр» әндері де Мәдинаның жеке ән қорына кіреді. Өнер жолындағы ұстазы Жәнібековтің аса талғампаз ой елегінен өткен әнші үнемі ұлттық әндерімен қоса, қазақтың етек-жеңі кең әшекейлі бүрмелі көйлегімен сахнаның сәніне айналады. Сол жылдары Ленинград, Мәскеу қалаларында өткен көркемсөз бай­қауларынан жүлделі орын алып жүрген мен осы ансамбльде концерт жүр­гізушісіне байқау жарияланып, соған қатыстым. Бағым жанып, 1987 жылдың соңына қарай ансамбльге концерт жүргізуші әртіс болып қабылдандым. Таңертең байқауға қатысып, түстен кейін қорытындысы шықты да, кешке пойызбен Қызылорда облысына гастрольге аттанатын болдық. Байқаудан өткеніме қуанғаным сондай, кімдермен баратынымды, кімнің концертін жүргізетінімді сұрап та жатқан жоқпын. Жолға тез дайындалып, вокзалға келгенімде ғана Мәдина Ералиеваның өнерсапары екенін білдім. Мәдинаны теледидардан ғана көріп, оның сұлулығына, киім киісіне қарап қызығатынмын. Үнемі қазақша бүрмелі көйлек, сәукелемен көретіндіктен, жасы үлкен көрінуші еді. Вокзал басында ансамбль жетекшісі таныстырғанда таң қалдым. Алдымда еліктің лағындай әдемі, сүйкімді келіншек тұр. Екеуміз бір купеге орналастық.   «Қазақ сахнасында жүргеніме біраз жылдар болса да, әнші болып танылып, қалыптасқан 19 жылдан кейін туған жерге бірінші сапарым, бәрі де дұрыс ұйымдастырылуы қажет», – болды әншінің алғашқы сөзі. Басымды изей беріппін. Бұрыннан атына қанық осынау әншімен алғашқы өнерсапарымның басталғанын жақ­сылыққа жорып, ырымдап, іштей қуанып мен отырмын. Дәл сол кездегі қуанышымды тілмен айтып жеткізе алмаймын. Осылай басталған таныстық өмірлік сырлас-қимас достыққа ұласты…   – Тыңдармандары құлақ құрышын қандырған әнші ретінде ғана біледі, жалпы Мәдина адам ретінде, әйел-ана ретінде қандай еді? – Бірімізсіз-біріміз ас іше алмайтын қимас та сыйлы ұзақ жылдардан байқағаным, оның шектен шыққан тазалағы. Қазіргідей ылғалданған бет сүрткіштер жоқ кездің өзінде стирильді дәкелерді хош иісті сулармен дымқылдандырып, қабат-қабат салып жүретіні ерекше есте қалыпты. Сосын көпшілік біле бермейтіні – ісмерлігіне қоса суретшілігі. Майлы бояумен кенепке салған талай картиналары кез келген суретшінің еңбегінен кем емес еді. Өнерсапарларына шыққанда өзімен бірге тігін мәшенкесін, үтігі мен кір жуатын шылапшынын да бірге алып жүретін. Алғашында таң қалатынмын, бірақ кейбір шалғай ауылдарға барғанда үтік таппай қиналған сәттеріміз де кездесті. Сонда оның сұңғылалығына қайран болмасқа шараң жоқ. Қазіргідей емес, ол жылдары айлап гастрольде жүреміз. Кейде біреудің туған күні болып жатады. Ол отыра қалып сыйлық тігуге кірісетін. Бәрін өзі қолымен жасауға шебер-ақ еді. Қолы қалт етсе Арсенге, ұлына жемпір тоқып, көйлек тігіп отыратын. Ұлын өмірінен артық жақсы көрді. Ұлы демекші, ана мен баланы біраз уақытқа алыстатқан бір гастроль есіме түсіп отырғаны. 1992 жылы Корея мемлекетіне өнерсапары кезінде аяғы сынып, сонау шет елде қозғалуға болмай үш ай төсекке таңылған кезі. Әбден дамып кеткен ел емес пе, жылжымалы сахнасында байқамай аяғы тайып, пәленбай метрге төмен құлап түседі ғой… Қайтуға рұқсат жоқ, оның үстіне жүрмек түгілі аяғынан тұра да алмайды. Не тіл білмейді. Баласына деген сағыныш жанын азапқа салған дерттен де күшті болып, екі көзге ерік бергеннен басқа амалы болмайды. Бүгінгідей кез келген елде байланысқа шыға беретін мүмкіндік те жоқ. Үш айдан соң елге келгендегі түрін көрсеңіз… Үш ай түгілі үш күн көрмей қалсаң жаныңды сыздатып, жүрегіңді тебірентетін ана мен баланың сағыныш көз жасы ұшақ басындағылардың бәрін жылатты. Аяғы дұрыс салынбай, сол жатқаннан екі жыл төсек тартып жатып қалды. Екі жыл, былай қарағанда аса ұзақ уақыт болмаса да, оның қаншама күні мен азапты түндері, кірпік ілмеген сағаттары… «Әудем жер жете алмадым аяғымнан» деп сыңсып әндетіп жатқан сәттерінде үнемі қасында болдым. Оны естіп құлағдар болған еліміздің түкпір-түкпірінен «емдеп берейін, барып көңілін сұрайын» деген өтініш, жанашырлық тілектер сансыз болды. Содан Ынтымақ деген ауылдан сынықшы келіп, жылқының іш майымен қырық күн-түн қасында болып, әншінің сырқаты жазыла бастады. Халықтың ынта-ықыласынан, елдің тілегінен рухы көтерілген әнші өзі де селқостықтан басын көтеріп, оңала бастады.   – Содан әншінің араға екі жыл салып барып, сахнаға оралғанынан хабардармыз.? – Иә, ұзақ уақыт үзілістен кейін сахнасымен, әсіресе, өзінің тыңдармандарымен сағынып көріскені әлі есімде. Қандай шара екені есімде жоқ, Орталық стадионда үлкен концерт өтті. Оған дайындығы керемет болды енді: аппақ сәйгүліктерге жегілген аппақ күйме, қолтығындағы балдағына дейін аппақ матамен оратып, өзі де аппақ үлбіреп ақиық ақын Мұқағалидың сөзіне жазылған Елена Әбдіқалықованың «Есіңе мені алғайсың» әнін шырқады. Алматы аспанында сағынышқа толы өксік аралас әуезді әуен біраз уақытқа дейін сыңғырлап тұрғандай әсерде болдық. Әнші қыздарына деген халықтың сағынышы да сахнадан жібермей, бір-бір ғана ән дайындап келген шектеулі уақытта сазгер Қалдыбек Құрманәлінің «Кірмеші жиі түсіме» әні көпшіліктің сұрауымен шырқалды. Бала жас­тан арманы болған, әке-шешеден ерте айырылып, жетімдік пен жоқшылықтың азабын қатар татып, өзінің ғана талантымен ел көзіне іліккен жап-жас қыздың тағдыры аса оңай болмаған. Мен де жетім болып өскен сорлымын, екеуміздің түріміз ғана емес, ішкі жан-дүниемізде де осындай жақындық болды, жылаумен өткен талай түндеріміз осылай халықпен қайта қауышып барып, жеңілдегендей болды.   Әнші құрбысының сол сәттегі жағдайы көз алдына келген Гүлзия көз жасына ерік берді. Әйел жанының нәзіктігі, сезімталдығы тым-тым ерекше екенін, ақындар айтпақшы, «әйел жанын түсіну үшін әйел болып туу керектігі» тағы бір санамызды шарпып өткендей, екеуміз де үнсіз қалдық… Содан соң ғана, күле отырып жылайтын, жылай отырып күле салатын өнер адамдарына ғана тән қасиетпен Гүлзия ханым әдемі бір күліп алды. Осы сәтті пайдаланып біз де әңгіме тізгінін басқа арнаға бұрдық. – Қазақтың күміс көмей әншісі Ера­лиеваның қатты қуанған сәтін еске алсақ? – 1997 жылы сахнада, өнерде жүргеніне 20 жыл болып, есеп беру дәстүрімен Рес­публика сарайында концерт өтті. Залда ине шаншыр жер жоқ. Бұл – еліміздің ес жиып, экономикамыздың бір жолға ыңғайланып, халықтың да аңсап жеткен Тәуелсіздігіне еті үйрене бастаған, арагідік ел ішінде жеке кәсіпкерлікпен айналысып, табыстың көзін тапқан, баюдың жолына бет түзегендер көші де көбейе бастаған тұс. Өзі сүйіп тыңдайтын әншілеріне қомақты қаржы ұсынып, демеушілік жасаушылар да шығып жатқан кез. Дегенмен, қазақ эстрадасында, қазақ өнерінде осындай мерейтой үстінде көлік мінген де тұңғыш Мәдина болған шығар. Өнерін, өз басын қадірлейтін ақтаулық кәсіпкер құрбысы Ұлбосын Ахметова су жаңа «Мерседес-Бенц» сыйлағанда, зал шу ете түсті. Ду-ду қол шапалақпен қоса әншінің де ақ жүзі алаулап, қап-қара кірпіктеріне мөлдір моншақтар ілініп тұрып қалды… Өте жоғары деңгейде өткен осы концертке, өзінің тума талантын сыйлайтын тыңдармандарына, өмірдің ыстық-суығында бірге келе жатқан құрбысына дән риза болған ол шексіз қуаныш құшағында тұрғанын айтпаса да, көзі қарақты көрермендері құптады. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Бүкіл өмірінің мәніне, мақсатына айналған қасиетті сахнасындағы ғұмыры өте қысқа болды, небәрі 23 жыл! Өзі де небәрі 46 жасында қыршын кетті ғой…   Әңгімені тағы да көңілсіздеу аяқ­тамайық деген оймен, әні мен сәні келіскен керім әншінің махаббатқа деген көзқарасын білгіміз келді. – Мәдинаның сұлулығына, сах­надағы жүріс-тұрысына ғашық азаматтар да көп болған шығар? – Әрине, сондай сұлулықпен бірге әншілігі келіскен, сылқым да ашық келіншек кімге болса да ұнамауы мүмкін емес. Сызыла салған әнімен баяу тербеліп тұрған талдырмаш мүсін, қиылған қас пен мөлдір жанарлары талайларға үміт отын тұтатып, ішіне шоқ тастағаны сөзсіз. Әйелдің жаратылысы да солай, адамзаттың көз қуанышы болып, тағдыр қосқан қосағымен әулетіне данагөй ана, адал жар болуымен де бақытқа бөленеді емес пе?! Менің ойымша, Мәдина да ондай бақыттың дәмін татып қана қоймай, сол қуаныш шаттықтың бал –шырынынан қанып ішкен асыл жар, әдепті ана! Артында қалған жалғызынан тараған немерелері өсіп жатыр, одан артық әйелдің қандай арман-мақсаты болуы мүмкін. Ал, ғашықтық, сүйіспеншілік дегендеріңіз, тар құрсақты кеңейтіп, тас емшекті жібіткен сәби-бала қуанышының қасында не тәйірі?!! – Солай деп қабылдар болсақ, үйдегі, кішкентай Ақбаян жайлы бірер сөз айтып өтсеңіз?   – Өнердің айналасындағы жүрген көптеген құрбыларым сияқты мен де тұрмысқа тым кеш шықтым. Жолдасым Ерланды кезіктірген сайын «тойдың қашан болатынын, қашан үйленетінімізді» сұрап, тездетсеңдерші дейтін де, оңаша қалған сәттерімізде « Сен тұрмысқа шығып кетсең менен алыстап кететін шығарсың» деуші еді мұңайып. Мен де «жоқ-ә дейтінмін жұлып алғандай, қайда тұрсам да, қайда жүрсем де сенімен біргемін» дейтінмін. Өйткені, қыз тусам міндетті түрде Ақбаян немесе Ай-Қаракөз деп атайтынымды айтып мәз болушы едік. Мұндай әңгімеден кейін кейде кәдімгідей мұңайып, көңілсіздеу күлетін-ді. Ішкі түйсігі мықты, сезімтал жан, ол күнді көре алмайтынын сезді ме екен?! Солай болды да, тағдырдан, жазмыштан пендеңіз құтылған ба, егер қашып құтылар болса, жансауға сұрар болса кешегі Қорқыт бабамыз боз інгенімен жер шарын шарламас еді ғой… Ал біздің отбасындағы қуаныштың бастауы – Ақбаян өнер мектебінің үздік оқушысы. Қазақтың көне аспабы сазсырнай мен флейтада шешесі – Мәдинаның орындауындағы әндерді орындап талай байқауларда жүлдегер болды. Мәдина құрбымның сәнін, әнін, құрмет-қасиетін көремін бойынан. Жан құрбымның рухы риза шығар, Ақбаянның орындауындағы «Ақбаян» әні біздің шаңырақтың мәңгілік гиміне айналған. Әкесі екеуміз болашағынан үлкен үміт күтеміз. Аружаным да өнерден құр алақан емес, спорттың көркем гимнастикасымен айналысады.   Қырғыз композиторы Бишеке Жандоровтың «Сағынам» әнін сағындырып, талдырып шырқап, қазақтың танымал сазгер қызы Гүлнар Дәукенованың «Күрең күзін» күңірентіп шырқаған, Қазақ елінің ерке қызы Мәдина Ералиеваны жыл емес, ай аралатып еске алсақ та, артықтық етпес еді. Дегенмен, Жер жәннаты Жетісудан осы бір сыр-сұхбат үшін ат арылтып келген Гүлзияға рахметімізді айтып, қоштасуға тура келді… Әңгімелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары