ЖОЛДА КӨРГЕНДЕР... ОЙҒА ТҮЙГЕНДЕР...

ЖОЛДА КӨРГЕНДЕР... ОЙҒА ТҮЙГЕНДЕР...

ЖОЛДА КӨРГЕНДЕР... ОЙҒА ТҮЙГЕНДЕР...
ашық дереккөзі
385

Түркістанда күн түнеріп тұр. Алдымызда жаңбыр болуы мүмкін. Үйдегілермен сөйлесіп, қасиетті қаладағы әулиелерге дұға жасадық. Пойыз ішінде кітап сатушыдан алған, «Алтын Орда хандары» деген кітаптан Ноғай мыңбасы туралы жаңа мәліметтер таптым. Ол Жошы ханның некесіз туған баласы Тевелдің немересі екен. Сол кездегі Византия патшасының қызы Евфросиняға үйленіпті. Ал, баласы Чоғы Болгария королінің қызына үйленген.

…Ноғай ханның ұлылығын, оның билік құрып, ат тұяғының ізі қалған жерлерде менің де бір кездері өмір сүріп, сол ауамен дем алғанымды мақтан тұттым.

Темірден өткесін (ол Түркістан мен Арыстың ортасында) жер әлемі қызыл-ала гүлге оранған тұс көрінді. Жап жасыл даланың ана жер, мына жерінде ойдым-ойдым алқаптарда қызыл және күлгін түсті кілемдер жайылғандай. Ал, Арыстан өтіп, Шымкентке барғанша адырлы төбелер жасыл жамылған. Керемет көрініс, табиғаты ежелден тәуір жерлер болуы керек. Жолдың екі жағында елді мекендер көп. Егін салынған мөлтек-мөлтек жерлер, шағын-шағын үйлер, қора-қопсы, саз балшықтан соғылған қоршаулар. Көне Орта Азияның танымал табиғаты. Үйлер мен қоралар, қоршаулар жасыл тегістікте бозғыл түсті. Ағаш та бар, су да бар, мал да бар. Асан Қайғы атамыздың сөздерінен осы жерге арналған не бар екен, қарау керек.

25.04.13 Шуға келгенде оянып кеттім. Купедегі менімен құрдас болып шыққан саудагер әйел осы жерде түсті. Таң атып қалыпты. Жер жәннаты Жетісу көрінісі. Ала көбең мезгіл. Айнала көгілдір-жасыл.

Тарих туралы жазылған дүниелерді оқып отырып, «бәленше жазды, түгенше жазды» деп құлай сене беруге болмайды-ау деймін. Мысалы, атамыз Саназардың моласын Сисемдікі деп болжап кеткен Карелин. Қырым тұрғындары туралы Әулие Челебидің жазғандары. Сол кездегі көшпенділердің барлығын ортақ атаумен қыпшақтар дей салады. Ал, сол кездерге жататын қазба жұмыстары анықтапты, олардың нобайы алшын, жетіру, уақ, керей тағы басқа рулар. Сосын «жақсы қыпшақ, жаман қыпшақ» дейді, кімдерді қайда жатқызатынын айырмайды, шамасы, өзара тартыс-шайқастарда арасы ашылып жүрген ағайындар болуы керек. Жалпы қыпшақ атауы сол кездегі рулар бірлестігі емес, соңынан қазақ халқын құраған ру-тайпалар. Ноғай мен Өзбек белгілі, олардың беделі соңынан ерген руларды халық ретінде тарихта қалдырды. Ал, қыпшақ атауы қалай бүкіл Еуразия құрлығына тиесілі болды? Бұл жағдаяттар туралы мәліметтер көзіме түсе қойған жоқ. «Дәшті Кыпшақ» –айбынды атау! Қыпшақ ағайындардан қызғанып отырған ештемем жоқ. Менікі мына бір ой. Осы Керей мен Жәнібектен арғы тарихты бізге қимай жүрген ғалымдар мен өз арамыздағы жаңашылдар бар. Қазақ халқының қазіргі құрамындағы ру-тайпалар ежелден туыстық бірлігін сақтап келді, тек қана бастарына бұйырған билік иелерінің талғамдарымен халық аты, мемлекет аты, мекен-жай аттары өзгеріп отырды.

27.04.13. Сенбі. «Хантәңірі» деп аталатын мейрамханада Аяжан қызымыз бен Дәурен күйеу баланың үйлену тойының кезекті бір отырысы өтті. Құдалар өздерінің Түркістан аймағынан келген қоңырат руынан екенін айтып жатты.

Сонау замандарда Бату ханнан бас­тау алып, Өзбек, Жәнібектер тұсында көтерілген, Еділ-Жайық жерінде отырып Алтын Орда деген ұлы мемлекеттің негізін қалаушылардың арасында, болашақ қазақ халқына рухани тірек болатын ұстанымдарды бекітіп кеткен қоңырат руының өкілдері туралы білеміз бе? Қоңыраттың шежірелік түп атасы Нағанай бек туралы? Алтын Орда мен Хорезм жерінің билігін төре тұқымдылар мен бірге ұстап отырған Құтлықтемір және оның ұрпақтары туралы? Соңынан қазақ елінің ұйытқысына айналған ру-тайпаларға қасиетті Ислам дінін, оның ішінде де, қазіргідей араб нұсқасы емес, өзіміздің Түркістанда өмір кешіп, тарихта өшпес із қалдырған бабамыз Қожа Ахмет Яссауи үлгісімен енгізген, Өзбек ханның ұлысбегі Құтлықтемір екенін?

Қандықол нәпсі мен қитұрқы тіршілік үстемдік құрған тұста   рда Алтын Орда ыдырағанымен Хорезмдегі билікті қолдарынан шығармай ұстап қалған да сол қоңыраттар еді. Алдымен ұлысбегі атанып, соңынан инақтар болып, бір кездері хандық дәрежеге көтерілген де сол қоңыраттар екен. Ең соңғы өкілі Аспандияр хан 1920 жылға дейін тақта отырған. Яғни мен дүниеге келместен бұрын небәрі 27 жыл алдында ғана баяғы билік ұстанымдары қолданылған және неше буын қазақты неше буын түркі қауымын басқарып отырған. Ал біз жерден жеті қоян тапқандай барлығын талқандап, жаңа өзімізше өмір құруға талпындық. Ата-баба тәжірібесі мен ұстанымына қарсы шықтық. Мүмкін табиғатқа қарсы шықтық. Сонымен бірге Жаратқанның өзіне. Ақыр аяғы не болды?

Арамыздағы орыстың оқуы өтіп кеткен ағайындардың бізден аулақ ұстап, атын атаса шошып кететін моңғол ұғымына моғол-мұңалдарды қосқызбай келгенін түсіне білдік пе? Алтын Орда салтанаты, сол салтанат, сол дәреже, сол ұлықтық дәріптелетін Ибн Баттута жазбалары неге көпшілікке тарамаған? Неге біз оларды батысты мақтайтын оқымыстылар арқылы ғана білеміз? Ибн Баттута жазбаларындағы мына бір үзіндінің санаға және көңілге әсерін тексеріп қарайық.

«Араб саяхатшысы Әбу Абдаллах Ибн Баттута (1304-1377). 1334 жылы Жошы ұлысын аралап жүрген ол, Өз­бек ханның Бестау маңына жайлауға шыққан жазғы ордасына барғанда өзінің осы бекпен (Нағанай) тікелей жолыққанын жазады. … Баттутаның бұл жазбаларын Ұлұғ ұлыстың сол дәуірдегі дәулетті, мамыражай тыныс-тіршілігі туралы энциклопедиялық дең­гейдегі жинақ десе де болады. «…Әр-бір ханым күй­мелі арбамен жүреді. Күйме шатыры алтын жалатқан күмістен, не оймышталып боялған ағаштан жасалған. Арбаны сүйрейтін аттар – жібек жабулы. Аттардың бірінің арқасында отырған айдаушы бозбаланы ұлақшы деп атайды. Күймедегі ханымның оң жағында әжептәуір егдейген кәрі әйел, оны ұлықатын (көмекші) деп атайды, сол жағында құжықатын (киіндіруші) аталатын егде әйел. Ханымның қарсы алдында – жүзіктің көзінен өткендей сұлу, өрімдей алты қыз. Ал арт жағында арқасын сүйеп отыру үшін дәл сондай тағы екі қыз жайғасқан. Ханымның басында төбесіне тауыстың әсем қауырсынын бекіткен, қымбат асыл тастармен безендірілген тәж, үстінде алтын-күміс, асыл тастан көз қарыққан жеңіл желбегей шапан. Ұлқатын мен құжықатынның бастарында – зерлі кимешек. Қыздардың басында – төбесіне тауыс қауырсыны тағылған, асыл тас­тармен безендірілген шошақ тебетей. Бәрі де асыл тастары жарқ-жұрқ еткен жібек көйлек киген. Қатын көшінде –он-он бес шақты, үстерінде жібектен тігіліп, алтынмен зерленген, асыл тас­тармен әрленген киім киген византия немесе үнді бозбалалары. Олардың қолында – алтын, күміс немесе сол алтын-күміспен апталып, күптелген асатаяқ. Қатын көшінің соңында- жүзге тарта басқа арбалар. Олардың әрқайсысында – үстеріне жібек киім, бастарына шошақ бөрік киген төрт –бес қызметші әйел. Олардың соңында түйе, өгіз жегілген 300-ге жуық арба, оларда қатынның қазынасы, дүние-мүлкі, киім-кешегі, ас-суы артылған…» (Тизенга узен В.Г. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. История Казахстана в арабских источниках. 1-том. А., Дайк-Пресс. 2005. 219-222 б.)

Бұл үзіндідегі Бестау – кәдімгі біз Пятигорск деп білетін қала ал, Нағанай Қоңыраттардың шежірелік түп бабасы, біздің қазіргі шежіреміздегі түп бабамыз Адай Ата сияқты.

Бұл ойлардың барлығы да­­­­ Жарылқап Бейсенбайұлының «Құт­лықтемір ұлұғбек және оның інілері. (Алтын Орданың түрк бектері)», «Нағанай бек және оның ұрпақтары (Алтын Орданың түрк бектері)» деп аталатын мақалаларындағы деректердің әсері еді. Тарих тұңғиығына сүңгіп, ата тарихымыздың сары алтындай суына шомылғандай сезімдер қалдырған осы бір мақалалар «Ана тілі» газетінің 2012 жылғы №18-19 сандарында жарияланыпты және Аяжан баламыз сонау Алматы жерінде, арғы түп-тамыры қоңырат руының жігітімен қол ұстасып, отау құрмақшы деген хабар шыққаннан менің қолымда болатын. Жалпы қазіргі замандағы жаңа технологиялар, жаңа қарым-қатынас жүйелері қазақ халқының өз тарихындағы тың белестердің бірінде тұрғанын, және жаңа асудың елесі көрініп, көшпенділік дәуірлердің келмеске кетіп бара жатқанының бел ортасы бізге бұйырғандай. Қазақ халқы ұлттық бірігудің тың сатыларына аяқ басып, ұлыстар мен ру-тайпалардың бір-біріне кірігу жылдамдығы күннен-күнге өсу үстінде.

Қазіргі кездегі қазақ халқының басын қалай біріктіремін деп, бір тиянақты тоқтамға келе алмай, бірақ соның бастауында жүргендер үшін бұл мақалалардың негізі рулық пен рушылдықты мадақтау болып шығуы да мүмкін. Оларды қоңырат деп нығарлап айтпай-ақ, жалпы келешек қазақ ұлтының тұғырлы тұлғалары десе де болмай ма, – деп. Әрине болады. Бірақ, қазақ тарихын рулық-тайпалық жүйелерден бөліп алып қарастырамын деу бәлшебектердің жаңадан дүние ойлап шығарамын деуімен деңгейлес талап. Қазақ халқы тарих қойнауларында өз тегін білуі арқылы біріге алды және қиын қыстау замандарда тегін білуі арқылы ғана аман қалып, осы күнге дейін қазақ болып жетіп отыр. Менің ойым ендігі жерде ата-баба жетістіктері жерде қалмай, ғаламдану процессіне біздің халық өзіндік ділінің кішкентай да болса бір бөлігімен барса екен деген үміт. Ақырзаманға ғаламданудың топансу іспеттес иірімімен кетіп бара жатып, қасапханаға айдалған моп-момақан қойлар сияқты басымызды көтере алмай кіре бермеу. Бізден бұрынғы аталар Тәңірден тілек сұрағанда ұрпағының өздері сияқты өрлігі мен өздігін сұраған шығар!

…Отырған жерінде қазақтың сөзін сөйлейтін Дидахмет құдамыз бен ауық-ауық ой бөлістік. Ол осы той-мерекелердің – қазақтықтың ең бір өзекті, ең бір нәзік, ең бір жанды жер екенін және ұлттық ұстанымдарды осындай жерлерде айқындап, насихаттау керек екенін алға тартты. Асабалар дайындау туралы, оларға бағыт-бағдар беріп, нәпсіқұмарлық, жеңіл-желпі әзіл-оспаққа емес, салиқалы сөз, қазаққа ортақ ұстанымдар мен қазақи белгілерге толы мерекелер өткізуге бау­лу керек деді.

28.04 2013. Жексенбі. Алматының әсем мейрамханаларының бірі «Хантәңіріде» өткен құдалық той үстінде, асаба жігіт домбырамен осы ауылға келін болып түсіп жатқан, біздің қызымыз Аяжанға арналған насихат-өнеге термесін айтқаннан кейін, Рәббім інім неге «қорамсаққа қол салды, бір салғанда мол салды». Яғни, қойын қалтасынан ақша шығарып, асабаға ұсынды? Ол – қазіргі кезде белең алған мұнайлы өлкенің той-томалақтарда ақша шашатын үлгісі емес! «Мен адайлығымды қалай жасырам» деп, қызылды жасыл, көк қағазды оңды-солды тарату да емес!

Бұл әрекеттің астарында мына бір байлам жатқан сияқты. Сонау, Еуропаның төрінде, Чехияның астанасы Прага қаласында отырып, атамекендегі қазақ елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап сөз жазатын Мұхтар Мағауин ағамыз бар. Сол ағамыздың атышулы «Мен» деген кітабында «Біздің Ұлттық идея­мыз – Қазақтың мүддесі болу керек. Басқа шаруаның барлығы сол мүддемізге қосалқы шаруа болуы керек!» («Ұлттық идея-Алаштың мұраты. Алаштың мұраты – алтын қазық. Қалғанының бәрі соған тіркеме!» «Мен» 283 бет) деген сөздері бар. Яғни, біз қандай да бір жұмысқа бет бұрып, қолға алатын болсақ, алдымен осы ісіміз қазақ үшін қандай пайда әкеледі деген сұрақ кесе-көлденең тұрып алуы керек те, содан кейін ғана іс басталуы керек. Осы тойымыздың үстіндегі батыстық үлгілер мен орыстық ой-толғам, сөз саптаулар мені налытқанындай, Рәббім інімді де қобалжытты-ау деймін. Ол, қазақылықтың бастауы болған, марқұм Қадір Мырза-Әлі ағамыз айтқандай, «нағыз қазақ-домбыраны» көргенде шыдай алмады білем. Осындай ортада ұялмай да қорықпай қолына домбыра ұстаған асаба жігітті аз да болса қолдап, қолпаштау үшін, ақша ұсынды-ау деймін. Қазіргі кездегі ғаламданудың жаңа сатыларына аяғымызды еркімізден тыс, шапшаң басқызып, әрі, «шаш ал десе бас алғызып» жетелеп бара жатқан нарық заманында, көпшілік алдына домбырамен шығып, аталар арманы мен аналар өсиетін жырлайтын жігіттерді батыр деп атамасқа бола ма?

30.04.13 Сейсенбі. Таңертең «Фейс­буктегі» Базарбай Әбдірах­ма­нов­тың Каспий теңізінің Бозашы түбегіндегі Көкімбет кесенесінің қалдық қирандысы туралы жазған­дарын оқыдым. Көп әңгіме Серікболдан алынған болуы керек. Ал, Ақсақ Темір Көрегеннің төре тұқымына қалай күйеу болатыны туралы тың дерек бар екен. Ол Тоқтамыстың әкесі Түйе Қожа Оғыланның қарындасы Ақсарайға үйленіпті. Ал, Маңғыстаудағы Бекет атамыз жатқан Оғланды жері сол Түйе Қожа Оғланның Орыс ханның қолынан қаза тапқан және жерленген орыны болу керек.

…Маңғыстауға Сауран айналып келген елдің басты демеушілерінің бірі болған Ескелді Саназар бай туралы әңгіме болғанда, шалдар айтып отыратын сөз бар. Жарықтыққа Қыдыр дарығандықтан, тек байлық емес, әруақ та берілген екен. Ел ішіне құрғақшылықтың қаупі төніп, көп мезгіл жаңбыр жаумай, мал жағдайсыз қалғанда, ақсақалдар жиналып Саназарға келеді екен.

– Уа, Байеке! Тәңірге жалбарынып, жаңбыр сұрасайшы! – дейді екен. Ол бұл сөзді жерге тастамай, үстіне қара шекпенін киіп, астына қара арғымағын мініп, ауыл алдындағы ең биік төбенің басына таң ата шығады екен. Белін шешіп, белдігін мойнына салып, бетін күншығысқа қаратып, сол тұрғаннан мол тұрады екен. Бір кездері аспанды бұлт торлап, қара-қошқыл күйге түсіп, бір-бірімен сүзісіп, тоғысып, күн күркіреп, найзағай ойнайды екен. Содан кейін шелектеп жауған жаңбыр Саназардың мәртебесін, айналасындағылардың көңілін көтереді екен. Көпшілік бұл кезде құдайға айтқан тасаттық-садақаларын беріп, жиналып намаз оқып, мәз-мәйрам болып қалады екен.

01.05.13. Сәрсенбі.Сағат 1-де бар­лы­ғымыз екі машинамен шығып, Есік жаққа кеттік. Сағат 2-ден 6-ға дейін бір «Фореловое хозяйство» деген демалыс орнында болдық. Ағаш үйде отырып, Гәккудің қармағына ілінген балықтарды қуыртып жедік. Суретке түстік.

Ал, сол жаққа жүрген жолымыз керемет екен. Кең және тегіс тас жол, екі жағы жайқалған биік-биік ағаштар. Есіме түседі, Шоқан Уәлихановтың жазбаларында Құлжа жолы дейтін бар еді. Сол емес пе екен? Тау бөктерлері көк-көңбек, жап-жасыл. Табиғат сұлулығына көз тоймайды. Ағаштар арасынан ауыл ішінен ежелгі патша үйіктері – қорғандар көрініп қалып жатты. Не деген көп. Әрине, біздің ата-бабалар осындай жерлерде өмір сүрді.

09.05.13. Бейсенбі. Отарда дала қып-қызыл гүлге толы болды. Шоқпар мен Шудың ортасында жаңбыр. Терезеден көк-жасыл әлем көрінеді. Мүлгіген тыныштық. Ұшы-қиырсыз жазық даланың арғы жағында, жаңбыр мұнарынан да әріде төбелер көрінеді.

10.05.13. Жұма. Таңертең, сағат 7-де вагон терезесінен түскен күн сәулесінен оянып кеттім. Тұрсам, тағы да жасыл дүние. «Айнала қырат, төсі кең» дегендей, қазақтың иен алқабы. Көзді де, көңілді де қуаныш сезімге толтырып жатыр. Арқан бойы болмағанмен, құлаш жарым көтерілген күннің астында тамылжыған әлем. Жол бойындағы көк шөпті құлаш сермеп, шалғы орақпен орып жүрген бір жігіт көзге түсті. Кейде-кейде артта қалатын бекеттер тұсындағы өмір де тыныш, таң нұрымен шұғылаланып жатыр.

Тамақтанып алып қисайсам, Тараз, Шымкент, Түркістаннан ұйықтап жатып өтіп кетіппіз. Бір саудегер әйелдің дауысынан оянып кеткенде, терезеден Сауран тұлғасы көзіме оттай шалынды. Ұшып тұра келіп, терезеге үңілдім. Сол баяғы кесек жар, керілген табан, кең ауқым. «Мені ұмытуға қалай көзің қияды» деп, жасылы Жетісудан гөрі сұйықтау дала төсінде қалып барады. Біраздан кейін Бесарық көрінді. Алдымызда Жаңақорған. Менің Сау­ран баламның бірдемеге өкпелеп, жылап отыратын кескіні есіме түсті. Бар нәрсені ұмытып, быт-шыт болады, «кім басымнан сыйпар екен» деп, өксігін тия алмайды. Баланың басынан сыйпауға кешіккенмен, бабаның тұсынан бет сыйпамай өткеніміз опасыздық көрініп, дұға жасадым.

Қызыл Орда тұсында шөптің іреңі көк болғанымен, жап-жасыл емес. Қоңырлана түскен. Күннің көзі де қапырықтау. Аспан бозданып, ауа тарыла бастағандай. «Иттен қорқып қалмаңыздар» деп, бір әскери адам купеге бас сұқты. Соңынан нән сұр ит жетектеген біреуі кіріп, итке «Ищем, ищем» деп тіл қатса, иті тіміскіленіп, тұмсығын әрі-бері жүгіртті де, шығып кетті. Есірткі іздегендер болып шықты.

Төретам тұсындағы алқап басқа жерлерге қарағанда өте өзгеше. Заманауи күрделілігі бірден байқалады. Тарам-тарам темір жол жүйесі, автокөлік жолдары мен электр желілері. Бір кезде жолдың сол жағынан үлкен кешенді құрылыстың қирандысы қалды. Не үшін салынып, неге бұзылған? Оң жағымызда кең аумақты алып жатқан қойымшылық қоршалған. Көз тартады, бірақ, көңіл күйзелтеді. «Байқоңырды неге жаппайды екен? Ауаны бұзады деп жатыр ғой!» – деді, Шымкенттен мінген купелес студент жігіт. Оған не айтуға болады? Ал, Төретамда түсем деп, Қызыл Ордада мінген орыс қызы қазақшаға сайрап тұр. Маған «ата» деп сөйлейді. Байқоңырды игеруге келгендердің ұрпағы болуы да мүмкін. Жарты сағаттай жүргеннен кейін тағы да мидай, ұшы-қиырсыз дала басталды.

11.05.13.Сенбі. Таңертең ұйқым қанып тұрсам, «Мугалжар» деген жер екен. Шағын стансаның көкжиек жағы төбе-төбе, биік жерлер. Күн таңғы шапағын жарқыратып төгіп тұр. Сағат әлі 8 болмаған. Шыға беріс жерлер жолбойы қардың борауынан сақтайтын қалқандармен қоршалған. Шамасы, қыстың күндері аязда, боранды күндері мен қары көп жерлер-ау. «Мугалжар» деп орыс білімділер жазғанымен, мен бұл жердің атауын Мұңал мен Жары аталарыма телігім келеді. Мұңалжары… Сауран айналған жұрт осында да қоныстанған болар. Барақ үйдің төбесіне қаңылтырдан шатыр кескінді шошақ қойыпты, оған ай сүлбесін бекіткен. Мешіт болар. Көп ұзамай тағы дала басталды. Шұбарқұдықта «Маңғыстау-Алматы» пойызымен тоғыстық, сағат 1-30-да. Біздің 11-вагон олардың 11-вагонының тұсында тұрды. Күн ысып бастады. Дала бозғылт. Кемпірім үйдегі балдарына әуесек тағам ғой деп, қаймақ, май, тары, талқан алды. Құлсарыға жақындағанда күн батуға айналды. Кішкентайларды қайта-қайта ойлаған кемпірім: «Қандағаштан бері қарай осы пойыздың жүрісі мандымады» – деп қояды. Күн батар-батпас кез. Құлсарыға кіреберіс. Су көздері көбейді-көлшіктер, өзектер. Жердің шөбінің іреңі де қанықтау, шөптері де биіктеу. Қанша дегенмен Жемнің бойы ғой. Үстірт пен Сарыарқаның шекарасы. О, қасиетті Жол бойы ата-бабалар мекені. Сағат 9:30-да күн де батты. Құлсарыға да кірдік, 10:40 та қараңғы түгел түсіп болды. Оң жағымызда, артымызда, қияқтанып әрең көрінетін ай туып келе жатты.

Сұлтан Қадыр

Серіктес жаңалықтары