ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЫЗЫ ҚАНША?

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЫЗЫ ҚАНША?

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЫЗЫ ҚАНША?
ашық дереккөзі
435

Ал Үкімет басындағылар Ұлттық қордың барында еш қорқыныш жоқ деп арқасын кеңге салуда. Таяуда Ұлттық банк басшысы Григорий Марченко қарыздың қаншалықты екенін ашып айтты.

1992 жылдан бастап еліміз шет елдік инвестиция мен түрлі қарыздар ала бастады. Сыртқы қарыз көмегімен елде үлкен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік туды. Олай болса бүгінгі таңда Қазақстан қанша қарыз алып үлгерді? Қазақстанның сыртқы қарызы 2010 жылы 118 миллиард 226 миллион долларды құраса, бұл көрсеткіш 2011 жылы 123 миллиард 800 миллион долларға жеткен. Ал 2013 жылдың басында бұл сома – 137 миллиард долларды құраған еді. Байқасақ, қарыз жыл сайын қысқарудың орнына еселеніп келеді. Ұлттық банк мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында кепілдендірілген мемлекеттік қарыз 4,4 пайыздан 4,1 пайызға төмендепті. Ал мемлекетпен кепілдендірілмеген сыртқы қарыз 95,6 пайыздан 95,9 пайызға өскен. Сыртқы қарыздың 10 пайыздан астамы ғана Үкіметтікі, тағы 10 пайызы екінші деңгейлі банктердің еншісіне тиесілі, ал 40 пайызы фирмааралық қарыздар. Ұлттық қордағы қаражат барда, еліміз сырттан қарыз алуына мүмкіндік бар. Бірақ Ұлттық қор қай жыртықты жамауға жетеді? Оның үстіне Президент болашақ ұрпақтың еншісін төтенше жағдайда ғана пайдалануды тапсырған. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына 2012 жылы 3 843 884 717 мың теңге түсті деп жарияланған ҚР Қаржы министрлігінің сайтында. Алайда сыртқы қарыздың қалай және қашан төленетіні туралы ешкім тіс жармайды, бұл орынды да. Өйткені кез келген мемлекеттің экономикасында бар тәжірибе. Мәселен, Ресейдің сыртқы қарызы – 684 миллиард долларға жеткен. Ресейлік сарапшылар былтыр түскен 127 миллиард долларлық табыстың қайда жұмсалғанын таппай аң-таң. Ел экономикасының даму жылдамдығы бәсең, ал федерация қай саланы дамытуға қаражат салғаны белгісіз дейді мамандар. Бұл дәстүр бізге де жат емес, керісінше соңғы жылдары ірі капитал шет ел асып жатқан тәрізді. 

Кейбір деректерге сүйенсек, Қазақстан 110 елге қарыз екен. Оның ішінде тіпті ұсақ аралдар да бар көрінеді. Мысалы, Джерси аралына 34 миллион, Сейшел аралдарына 335 миллион, Кайман аралдарына 447 миллион доллар берешек. Мемлекеттің қарызын әр азаматқа шаққанда 7600 АҚШ долларынан келеді. Сол сияқты Кипр аралындағы экономикалық дағдарыс кезінде аралдағы банкте Қазақстан есепшоттары болғаны мәлім болды. Сонда ұсақ аралдардан қарыз алу, есепшот ашу Қазақстанға және оның азаматтарына тиімді болып тұрғаны ма? Қаржы министрі Болат Жәмішев бұл жайттың себебін басқаша түсіндірген еді. «Қазіргі таңда шет елден қарыз алатындар қандай да бір қаржы институтынан алады. Осы қаржы құрылымдардың бір бөлігі офшорлық аймақтарда, соның ішінде аралдар да тіркелуі мүмкін. Қаржылық институттар офшорлық аймақтарда тіркелгенімен, оларға қатысты қиындықтар жоқ», – деп жұбатқан еді ол.

Жалпы мемлекеттің сыртқы қарызы еліміздің экономикалық өмірінің бөлінбес бөлігі болып табылады. Сыртқы қарыздың болуы экономиканың дұрыс жүргізілмегендігінен емес, керісінше макроэкономикалық саясат. Көп жағдайда мемлекет неғұрлым бай, әрі халықтың әлеуметтік ахуалы неғұрлым жоғары болған сайын мемлекеттік қарыз көлемі соғұрлым жоғары болмақ. Ендеше қарызды жергілікті мекендегі адам басына шағу қате ұғым. Өйткені оны халық төлемейді.

Таяуда 2012 жылғы республикалық бюджеттің игерілу барысы қаралған Парламент Сенатының пленарлық отырысында сыртқы қарыздың жайы талқыланды. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков өзін алаңдататын сауа­лын Ұлттық банктің төрағасы григорий Марченкоға жолдады.

– Сіздің дерегіңізге қарағанда қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы қарызы 137 миллиард долларды құрайды. Бұл ретте әлі де алынып жатқан қарыздың тоқтайтын шегі бар ма, бұл біздің мемлекетке қаншалықты қауіпті? Ал егер қауіпті болса Ұлттық банк өз тарапынан қандай қарекеттерді қолға алмақ? – деді көптің көңілінде жүрген түйткілді ақтарып. Алайда дағдарыс кезінде де, зейнетақы реформасын жариялауда да сыр бермеген Марченко мырза мұның дақпырт әңгіме екенін тікесінен айтты.

– Шындығында мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы (Үкімет және Ұлттық банк) бар болғаны – 5,5 миллиард доллар. Тағы бір айта кетер жайт, Үкіметтің шетелде инвестициялап отырған Ұлттық қоры бар. Қазір ондағы қаражат мөлшері 63,3 миллиард долларды құрайды. Егер сыртқы қарызды кең ауқымда, яғни барлық мемлекеттік мекемелерді, Қазақстан Даму банкін және бақылау пакеттері «Самұрық-Қазынаға» қарасты банктерді қоса алып қарастырсақ, мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы жиынтығында – 31,5 миллиард доллар көлемінде болады. Ал халықаралық стандарттар негізінде бұл сома соншалықты қомақты қарыз емес. Бұл ЖІӨ-ден 16 пайызға кем, сондықтан елдің экономикасына ешқандай қауіп төндірмейді, – деді ол.

Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк тарапынан берілген жауап та, жалпы қарыздың 5 миллиард доллардан астамы ғана мемлекеттің тікелей қарызы екендігі айтылды. Қалғаны банк секторы мен жеке компаниялардың еншісінде. Десек те, қарыз алған компаниялар банкротқа ұшыраса, оның сұрауы кімнен болмақ? Әрине, мемлекеттен. Григорий Марченконың мәлімдеуінше, біз айтып жүрген 66,5 миллиард долларды құрайтын фирмааралық қарыздар кейбір елдерде мүлде есепке алынбайды. Мемлекеттік қарыз ретінде саналмайды деп отыр.

– Неге десеңіз, бір жағынан біз тәуелсіздік алған жылдан бері 170 миллиард доллардан асып жығылған шетелдік инвестиция тартудағы табысымызды жиі айтамыз, осы қаражаттың біраз бөлігін батыс пен шығыстың инвесторлары мұндағы еншілес компанияларына несие ретінде берді. Демек, әлдебір америкалық немесе ағылшындық фирманың еншілес компаниясы жоғарыдағы басшылыққа қомақты мөлшерде қарыз болса, мұны Қазақстан азаматтары қайтарып береді деген сөз емес. Олар қарызын өтемегеннің өзінде бұл қазақстандықтардың қалтасына салмақ салмайды. Жалпы, дәл қазір сыртқы қарыз мәселесі еліміздің экономикасына қауіп төндіріп тұрған жоқ, – деп түйіндеді ол. 2013 жылдың мамыр айында Ұлттық банктің активтерін қоса есептегенде елдің халықаралық резерві 3,2 пайызға артып, 91,6 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Ал республика ішінде де екінші деңгейлік банктердің проблемалы қарыздары жетерлік. Олардың төлену мәселесі де осы жиында айтылды. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, мұндай қарыздарды жеңілдікпен сатып, нарықты босату керек. Онымен Проблемалы қарыздар қоры айналысуы тиіс. Алайда банктер өз қарыздарын 70 пайыздық жеңілдікпен сатуға құлықсыз. Марченко мырза «мұндай жағдайлардың қалыптасуына кім кінәлі екенін біз білеміз, бірақ банк­тер оны мойындамайды», – дейді.

Moody’s Investors Service агенттігінің рейтингіне көңіл бөлсек, 2008 жылдың қазан айынан бері еліміздің екінші деңгейлі банк секторына оң баға берілмей отыр. Өйткені ілгерілеушілік байқалмаған. Банктердің көпшілігінде проблемалы қарыздар бар, төтенше жағдайға арналған резервтің жоқтығы, табыстың төменділігі мен несие­леу өсімінің шектілігі қиындық тудырып отыр. 2013 жылы даму көрсеткіші 5 пайызға жетуі мүмкін. Өйткені қазақстандық банктер дамушы экономикамен байланысы аз, яғни өнеркәсіпке қаражат салмаған. Ірі өнеркәсіптер мен шикізаттық өндіріс шетелдік қаржы көздерінен капитал алып отыр. Олардың ішінде ірі мемлекеттік энергетикалық және тау-кен компаниялары бар. Ендеше сыртқы қарыздың 40-50 пайызы мемлекет еншісіне емес, осы экономикалық өндіріс орындарына тиесілі.  

Серіктес жаңалықтары