ӘЛЕМДЕ ФЕРРОСИЛИКОАЛЮМИНИЙ ӨНДІРЕТІН ТҰҢҒЫШ ЗАУЫТ

ӘЛЕМДЕ ФЕРРОСИЛИКОАЛЮМИНИЙ ӨНДІРЕТІН ТҰҢҒЫШ ЗАУЫТ

ӘЛЕМДЕ ФЕРРОСИЛИКОАЛЮМИНИЙ ӨНДІРЕТІН ТҰҢҒЫШ  ЗАУЫТ
ашық дереккөзі
299

Ферроқорытпа мамандарының бұл конгресі алғаш рет 1976 жылы Оңтүстік Африка Республикасында басталған болатын. Өндірісшілер мен ғалымдардың басын қосатын бұл шара 3 жылда бір рет ұйымдастырылады. Оған бұл жолы 36 елден 400-ден астам делегат қатысты. Оның 80 пайызы – шетелдіктер.

Еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегия­сын­да кен-металлургия кешені Қазақстан­ның әлеуметтік-эко­номикалық жағы­нан жоғары дамы­ған елдердің қата­ры­на қосылуын қам­тамасыз етуге жәр­демдесетін басым салалардың бірі ретінде белгіленген. Республика кен-металлургия кешенінің басты міндеті ішкі және сыртқы рыноктардың қажеттілігін қанағаттандыратын бәсекеге қабілетті өнімдер шығару болып табылады. Қазақстанның минералдық-шикізаттық кешені әлемдік минералды шикізат балансында айтарлықтай күшті позицияға ие,  әлемдік минералды шикізат нарығының дамуы мен ұлғаюына үлкен ықпал ете алады. Минералды шикізат өнімдерін өндіру және алу жөнінен республика хром бойынша екінші орында, титан бойынша – екінші-үшінші, мырыш және қорғасын бойынша – алтыншы, марганец бойынша – сегізінші,  күміс бойынша тоғызыншы орында. Әлемдік мыс, титан, ферроқорытпа және болат рыноктарында Қазақстанның атқаратын рөлі аз емес. «ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Әбдірәсіл Жәрменовтің айтуынша, бұл жетістіктер ғалымдар мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің ерен еңбегінің жемісі. «Кезінде осы сала Қазақстан ғылы­мының қарыштап дамуына зор әсер етті. Отан­дық геология, кен ісі, металлургия са­ла­л­ары әлемдік жетістіктерге қомақты үлес қосты. Қазақстан ғылымы­ның алдында қосымша міндеттер пайда болды. Яғни, отандық ғылымның жауап­кершілігі артты. Еліміз экономикасының стратегиялық ба­ғыттары бойынша Президент Жарлығымен бірнеше ұлттық орталықтар құрылды, олар­ға өз салаларында мемлекеттік бағдарлама­ларды іске асыру жүктелді. Соның бірі –  «Қазақстан Рес­публикасының минералды шикізатты кешенді ұқсату жөніндегі ұлттық орталы­ғы» РМК. Бүгінде құрылғанына 20 жыл толып отырған орталыққа тау-кен, металлургия ба­ғыт­тары бойынша бағдарламаны  орындау жүктелді. Әрине, біз бұл міндетті бұрынғы істеп жатқан жұмыстарымызға қосымша атқарып жүрміз. Мекеме қазір Орталық Азиядағы ірі ғылыми кәсіпорындардың бірі болып саналады», – дейді ол. 

Сондай-ақ, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы Ә.Алдашұлы: «Қазір елімізде 1 млн. 600 мың тонна қорытпа өндіріледі. Темір қорытпаларын алу Қазақстанда жақсы дамыған. Оған жұма күні Павлодарда Үкімет басшысының қатысуымен ашылатын жаңа өндіріс орны айқын дәлел бола алады. Зауытта  дүниежүзі бойынша  тұңғыш рет өнеркәсіптік жолмен ферросиликоалюминия өндірілетін болады. Бұл – қазақстандық қорытпа ғылымының зор жетістіктерінің бірі» деп атап өтті INFACON XIII Бүкіләлемдік ферроқорытушылар конгресінде. Бұрын-соңды темір-аллюминий-кремний қосындысынан ешкім қорытпа жасамаған. Қазақстан ғалымдары жаңалық ашып, оны патенттеп, өндірістік жолмен ферросиликоалюминий өндіретін әлемдегі тұңғыш зауытты салу арқылы бүкіл әлемге Қазақстанды танытып отыр. Мәселен, ұлттық орталықтың жасалымдары бойынша Германия, Оңтүстік Корея, Қытай, Италия, Канада, Боливия және ТМД елдерінде  түрлі өнеркәсіп нысандары салынып, жұмыс істеп жатқанға ұқсайды. Тек Қытайдың өзінде биыл құрамында қорғасыны бар шикізатты өңдеуге арналған 2 зауыт іске қосылыпты.

Жаңа қорытпа жасау әлемде өте сирек кездесетін оқиға. Оған ең соңғы жаңа қорытпаның бұдан 60 жыл бұрын өндірілгені нақты дәлел. Ал «қазақстандық» деген атау­мен  шығарылатын бұл өнімге қазірдің өзінде әлемде сұраныс өте жоғары көрінеді. Қазақстандық ғалымдардың патенті бойынша инновациялық бұл жаңа қорытпа зауыттары алдағы уақытта дүниежүзінің  түкпір-түкпірінде салынбақ. Оның алғашқысы бір айдан кейін Бразилияда ашылса, жыл соңына қарай мұндай зауыт Қырғызстанда іске қосылады деп күтілуде. Демек, Қазақстан тек шикізат өндіруші ғана емес, әлемдік деңгейдегі озық инновациялық жаңа өнім шығарушы ел ретінде де дүниежүзіне таныла бастады. 

Биыл ұлттық орталықтың филиалы ретінде Минералды шикізаттың геология және экономика институты іске қосылды. Халықаралық стандарттарға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысынан өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру мен инжинирингтік қызмет көрсету бойынша тау-кен саласында ғылыми-техникалық жаңалықтарды енгізуді қамтамасыз ету жан-жақты қарастырылған. Нәтижесінде ұлттық орталық әлемдік деңгейде лицензиялар мен патенттерді сатуға кірісе бастады. Мәселен, соңғы жылдары «Қазақстанда жасалған» деген қорытпа Германияның ThyssenKrupp Metallurgie GmbH   бірден-бір металлургия компания­сында кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, отандық ENRC, «Казақмыс» корпорациясы, «Казцинк» ЖШС, «Арселор Миттал Темиртау» АҚ, «Қазатомром» ҰАК, «Қостанай минералдары» АҚ, т.б. ірі компаниялармен тығыз байланыс орнаған.

Сирек металдар өндірісі – жаңа техно­логиялардың шикізат қоры. Бұларсыз жаңа өндіріс буындары дамымайды. Өндірісті дамыту бағытымызда бұл сала басым бағыт есебінде қаралуы керек. Айта кететін жәйт, бұрын Қазақстан өндірісінде шығарылған, бірақ соңғы кезде нарықта өз секторын жоғалтып алған металдарға назар аударған жөн. Бұл металдар электроника, аэроға­рыш, машина жасау, т.б. салалардың негізін қалайды.  Бүгінде ашылған даму институттарын пайдалана отырып елімізде  өндіріс саласын, соның ішінде сирек металдар өндірісін жасауға болар еді. Бұл елімізде дамыған индустриялық металл алу өндірісін кеңейту, құрал-жабдықтарды, тұрмыстық заттар, машина жасауға қажет балқымалар алуға мүмкіндік берер еді. Сирек металдар өндірісін дамы­ту – металлургия класте­рін дамытудың негізгі бөліктерінің бірі ретін­де қаралып, мемлекет қолдауында болуы керек. Металдарды өңдеу бары­сында кейбір металдарды босқа шығын қылмас үшін экономикалық реттеу тетік­терін пайдалану қажет.

Қай мемлекеттің болмасын өз атын әлем­ге паш ететіндей бетке ұстар саласы бар. Жапондықтар робот жасаудың өнді­рісін мақтан етеді, немістер автомобиль жасауда, финдер байланыс құрал-жаб­дықтар шығару жөнінен әлемге танымал. Белгілі бір өндіріс саласының әр елде өсіп өркендеуі кездейсоқ емес. Қазақстанның индустриялық-инновациялық өркендеуі де өздігінен туындамайтыны анық. Бұл үшін бұрын нарықта басым орын алған өндіріс салаларын дамыту, осы салаларды қамта­масыз ететін ғылыми күштер мен маман­дарды сақтау, елде бар бәсекеге қабілетті факторларды пайдалану қажет. 

Конгресс қонақтары бұдан соң Ақтөбе мен Ақсудағы ферроқорытпа зауыттарының жұмысымен танысуға аттанды. Олар ертең Павлодарда ашылатын әлемдегі тұңғыш ферросиликоалюминий зауытының тұсаукесер салтанатына қатысады.

Серіктес жаңалықтары