ЕКІ ҚОЛҒА БІР КҮРЕК
ЕКІ ҚОЛҒА БІР КҮРЕК
Отбасын асыраймын деп арқасына есектің жүгін арқалаған қарапайым жұртшылық сондай жұмыстың табылғанына мәз. Бұл әсіресе ауылдағы ағайынға қатысты. Технология заманы келді деп қуанғанымыз болмаса сол техникаңыз адамзат баласын жұмыссыз қалдырды. Он адам атқаратын жұмысты бір ғана техника шаршамай істей береді. Әлемдік тенденцияға айналған осы үдеріс барысында не істемек керек? Жұмыссыздар армиясын қалай азайтамыз?
Бұл қиындықпен әркім өзінше күресіп әлек. Әркім деп отырғанымыз – елдер. Біздің Қазақстан да бұл мәселеден шет қалған жоқ. Тіпті жыл өткен сайын үдеп барады. Мәліметтерге сенсек, елде 500 мыңнан астам жұмыссыз бар екен. Ресми емес дереккөздер жұмыс таппай жүргендердің саны 1 млн-ға жетеқабыл деген қорқынышты мәлімет таратуда. Әйтеуір жұмыссыздардың саны аз емес екенін ішіміз сезеді, көзіміз көріп жүр. Барды бар деу керек қой, мемлекет қоғамдағы ең қиын осы мәселемен күресте қарап отырған жоқ. Жыл өткен сайын жұмыссыздардың санын азайтуға бағытталған неше түрлі бағдарламалар түзіп, атқарушы биліктің алдына атан түйеге жүк боларлық міндеттер қоюда. Сондайлардың бірі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы.
Аталмыш бағдарлама өткен жылдың басынан бері жүйелі түрде жүзеге асырыла бастады. Осының арқасында жер-жерлерде уақытша және ұзақ мерзімді жұмыс орындары ашылып, елдің там-тұмдап болсын табыс тауып, қолына ақша ұстауына септігі тие бастаған. Халқы көп Оңтүстік өңірінде де бағдарламаның шапағатын көріп отырғандар баршылық. Әу дегеннен қомақты айлық алып, табысқа белшесінен бата қоймаса да ағайын нан-шайын тауып отыр. Қыбырлаған қыр асады демекші, еңбек еткісі келген адам аш құрсақ қалмайды ғой. Дегенмен бұл бағдарламаға көңілі толмайтындар да көп. Айтатындары «тауып берген жұмыстарының көпшілігі тұрақты емес». Шындық. Десе де екі қолын қалтаға салып, қарап отырғанға аспаннан ақша жаумайтыны бар емес пе? Осыны білетін жұмыссыздар әйтеуір күн көрудің қамымен табылған жұмысқа жармаса кетуге мәжбүр.
Өткен аптада осы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының Қазығұрт ауданында қалай атқарылып жатқанын білу үшін бір топ тілшілерге ілесіп, барып қайтқанбыз. Көріп, көңілге түйгеніміз де, «әп-бәрекелді» деп риза болған сәттеріміз де болды. Бағдарламаның аудан көлемінде тиянақты жүзеге асырылуына басқа өңірлердегідей аудан әкімдігі мен 2011 жылы құрылған Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту орталығы шұғылдануда екен.
Бізді күтіп алған аудан басшылары алдымен өткенде ғана 11 миллионыншы қазақ баласы дүниеге келген Қарабау ауылына ертіп апарды. Мұнда «Ералхан» шаруа қожалығының басшысы Ғалымжан Әлімқұлов есімді жеке кәсіпкер бағдарлама аясында 6.5 пайыздық үстемемен 3 млн теңге несие алып, 15 сиыр, 12 жылқы сатып алған. «Әзірге жергілікті жердің малы. Болашақта табыс ұлғайып жатса асыл тұқымды сиыр сатып алмақпын» дейді кәсіпкер жігіт. Меншігінде он гектар суармалы, 15 гектарға жуық жайылымдық жері бар екен. Қора-қопсысын, жем-шөбін әзірлеп қойған. Ғалымжанның пысықтығын көрген банк қызметкерлері оған ешқандай қиындық туғызбастан несиені тез бере қойыпты. Оның үстіне кепілге қоятын мүлкі де жеткілікті болса керек. Сиырлардың иесі «15 сиырдан күн сайын ең кемі 80 литрден астам сүт алып отырмыз», – деді. Оны «Фудмастер» ЖШС-не өткізеді. Айына сүт сатудың өзінен-ақ 100 мың теңгеден астам пайда табуда. Осымен-ақ несиені төлеп тастайтынын аңғардық. Кәсіпкер алдағы таңда осы сүтті бағыттағы сиырлардың басын көбейтуге құмбыл болып отыр. «Қазақтың ақбас сиырлары сүтті көп береді, соларды сатып алсам» дейді ол. Айтпақшы бұл жұмысын бастамас бұрын бағдарламаның талаптарына сәйкес, Ғалымжанды жұмыспен қамту орталығы сервистік қызметтерді көрсететін ұйымға жолдапты. Ол жерде кәсіпкерлік негіздері бір ай бойы тегін оқытылып, материалдық қолдау көрсетіп, бизнес-жоспарды әзірлеуге көмек берген. Осының арқасында шаруасын дөңгелентудің қыр-сырын меңгергенге ұқсайды. Жұмыспен қамту орталығының өкілдері «Кәсіпкерлер бірден бизнес жасап кеткілері келеді. Бұлай ойлау – үлкен қате. Практикаға келгенде, жұмыс тәжірибесі жоқ көптеген кәсіпкерлер маркетингтік талдауды айтпағанда, ақшаны есептеу, кассаны жүргізуді дұрыс жолға қоя алмайды»,– дейді. Расымен де кәсіпке бет бұрмас бұрын сол саланың ұңғыл-шұңғылын біліп алғанның артықтығы жоқ екеніне ешкім дау айта қоймас. Біліммен жүргізілген бизнес пайдаға кенелтпей қоймайды. Айта кетейік бұл кәсіпкер бағдарламаның екінші бағыты бойынша қолдауға ие болған. Бұл бағытқа көбінесе өзінің тұрғылықты жерінде өмір сүре отырып, мемлекеттің қолдауымен өзін-өзі жұмыспен қамтығысы келетін адамдар жатқызылады. Мұндай адамдарға мемлекет өз кәсібін дамыту үшін жеңілдікті шағын несиелер береді. Ғалымжан Қазығұрт ауданы бойынша сондай несие алғандардың бірі. Бір айта кетерлігі, сіз де өтініш беріп қойыңыз, егер талапқа сай кеп жатсаңыз төмен пайызды несиеге қол жеткізесіз. Оның орташа көрсеткіші қазіргі таңда 6-7 пайызды құрайды. Несие берумен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры айналысуда.
Біздің Қазығұрт ауданы бойынша келесі барған жеріміз табиғаты көрікті, тау бөктерінде жатқан Тұрбат ауылы болды. Мұнда Атабек Әмірсейітов атты жеке кәсіпкер бағдарлама бойынша 2 млн теңге несие алып, еңбек етуде. Жарты гектар жерге қызанақ, гүл өсіретін бірнеше жылыжай салып алған. Жылына үш мәрте өнім алуға болатын қызанақ жылыжайының пайдасы шаш етектен екен. Тіпті бақша өсіріп көрмеген өзіміздің де мына кәсіпке деген қызығушылығымыз кенеттен артып кетті. Одан бөлек гүл егеді. Гүл болғанда кәдімгі раушан гүл. Әйелдер мерекесі, Жеңіс мейрамы, сосын 25 мамырдағы соңғы қоңырау кезінде гүлдің әр данасын 200-300 теңгеден сатыпты. Бақша өсіруге, гүл өсіруге құмар келетін өзбек бауырымыздың еңбекқорлығы біразымызға үлгі боларлықтай. Балашағамызбен, туған-туыстарымызбен қосылып, таң атқаннан кеш батқанға дейін тыным көрмейміз, отбасын асырап, дәулетімізді тасытқымыз келеді», – дейді Атабек.
Қазығұртқа сапарымыз басқа да кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырғандардың жұмысымен, көңіл-күйімен танысуға ұласты. Мал баққанға бітеді дейтін қазақ еңбектің түбі зейнет екенін ұмыта қоймағанына осы сапар барысында көзіміз тағы бір мәрте жете түсті.
Дегенмен ауыл халқының көңіліне қонбай жүрген мәселелерді де айтпай кетуге болмас. Қазығұрттағы қарапайым тұрғындар несие алудағы қиындықтарды сөз етіп қалды. Банкке барсаң бағалы, қомақты кепілің болмаса, мал сатып алуға берілетін несиені ала алмайсың, талаптары да қатал, жайылымдық жерің, үлкен қора-қопсың болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, бұрыннан аяққа тұрып, жағдайын түзеп алған шаруашылықтар, жеке кәсіпкерлер болмаса қарапайым халықтың миллиондап несие алып, мыңғыртып мал сатып алуына мүмкіндігі жоқ көрінеді.
Тағы бір түйткіл – бағдарлама бойынша табылған жұмыстың тұрақты еместігі мен жалақысының тым төмендігі. Мәселен, Қызылқия ауылында салынып жатқан амбулатория құрылысына жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша оншақты жігіт уақытша жұмысқа қабылданыпты. Айлық жалақыларымыз небары 30-35 мың дейді. Кірпіш қалап, шелекпен балшық тасып жүрген қара жұмысшы үшін шынымен де тым аз жалақы екені анық. Дегенмен тендерден жеңіп алған мекеме «осынша айлыққа істесеңдер істеңдер, болмаса өздерің білесіңдер» дейтіндей әңгіме айтқан. Сосын ауылдың қолы бос жігіттері қарап жатқанша аз да болса ақша табайық деп, осында жалданыпты. Қарап отырсаңыз, расымен де бұл өзекті мәселе. Оның үстіне мұндай маусымдық жұмыстар тұрақты емес. Бір-екі айда нысан құрылысы бітсе, әлгі жігіттер қайтадан бос қалады. Сол үшін де үкімет осы проблеманы шешуді қолға алып, бағдарламаның кей тұстарын ары қарай дамыта түссе деген тілегіміз бар.
Ал Қазығұрт ауданында бағдарлама бойынша атқарылған істерді айта кетсек, өткен жылы ауқымды жұмыс орындалып, бағдарлама бойынша жалпы саны 1125 адам жұмысқа тартылыпты. Оған республикалық бюджеттен 59 млн. 987 мың теңге бөлінген. Ол қаражат әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға, жастар практикасы мен орталықтың жұмысын қамтамасыз етуге жаратылған. Алдағы таңда ауданда жаңадан 1833 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның 834-і тұрақты болса 999-ы уақытша жұмыс орны. Ауданда бүгінде жұмыспен қамтылғандардың саны 20196, жұмыссыздардың саны 1939 болса, аудан басшылығы «олардың санын 2015 жылға қарай 1439-ға дейін азайтуды көздеп отырмыз», – дейді.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы