ЕСТЕН КЕТПЕС ОҚИҒА

ЕСТЕН КЕТПЕС ОҚИҒА

ЕСТЕН КЕТПЕС ОҚИҒА
ашық дереккөзі
548

Ауылдың аты Совет Одағының Батыры Ағеділ Суханбаевтың атымен аталады. Батыр ағамыз өз ауылымыздан шыққан, Матросовтың ерлігін қайталаған, оқ жаудырып тұрған пулеметтің аузын өз кеудесімен жауып, жаудың шебіне совет жауынгерлерінің өтуіне мүмкіндік жасаған ерлігі батырлықтың асқан үлгісі екендігін мақтанышпен айта аламыз.
Әкем туралы айтсам, аса бір сөзге жоқ кісі еді. Тек істің адамы болды. Сексен жастан асқан шағында да қара жұмыстан қалмады. 30 жылдары жаманшылық кезінде Тәшкен асып диханшылықты кәсіп еткендігі бар, колхоздың бақшасын егіп, ауыл-аймақты қауын-қарбызға қарқ етіп жүруші еді. Үйдегі 25 сотық жерде барлық жемісті өсіретін. Үлкенге де, кішіге де бірдей қарайтын өте бір қарапайым кісі болатын. Ауыл бойынша берілетін үлкен жиындарда қазан-қазан палау басушы еді. Анам текемет басу, алаша тоқу, тон, тұмақ тігудің шебері еді. Құрақ көрпелері кілемдей жайнап тұратын, тіпті кейде көне мата қиындыларынан да әсем көрпелер құрап қоятын. Өзі өте әңгімешіл кісі болды, кейбір кісілердің қылығын, жүріс-тұрысын айнытпай салатын өнері де бар еді. Кейде апаммен сөйлесуден именіп те қалатынбыз. Көздерің ашық оқыған адамсыңдар ғой, деп біздерден көп нәрсені сұрайтын, ал біз жауап бере алмаған да сәттеріміз де болатын. Ондайда біздерге сын айтылатын еді. Анам өз басынан кешкен өмірінен көп әңгімелерді айтып отырушы еді. Солардың ішінде есін біле бастаған шақта әкесін «бай, кулак» деп ұстап алып кеткені, анасы екеуі далада қалып, туыстарын жағалап қалғаны, қайда барса да аштықтан ісіп-кеуіп өлген адамдарды көргендерін айтып бергенде, әлі күнге дейін бойымды қорқыныш пен үрей билейді деуші еді. Әкемнің ағасы Айдар ата Меккеге барған қажы кісі еді. Кеңеске кірмейміз деп қашып жүріп, үй ішімен қырғынға ұшырап қалғандарында жыл бойы жоқтау айтып шыққанбыз, деп апам мынадай өлең айтып беретін.
Бисмилла сөздің айнасы,
Намаз елдің пайдасы.
Астына мінген жорғасы,
Үстіне киген торқасы.
Бек атам өтті дүниеден
Ағарып атқан таңдай боп,
Басшы болған біздерге
Сәулесі түскен шамдай боп.
Ақылдасы Қанатбек,
Байбол жүрген атсерік,
Қанат құйған жардай боп.
Сәулесі түскен нашарға,
Раушан жаққан шамдай боп.
Егізің жүр егіліп
Суалып кеткен нардай боп.
Жетімші жұрт шулайды
Басшы кеткен малдай боп, – деп қажы атамызға жоқтау айтып жүрдік. Күндердің бір күнінде Әлиман әпкемнің үлкен ұлы Нұралы ат арбамен келіп шешем екеумізді үйлеріне алып келді. Әлиман әпке ірі денелі, ер кісіге ұқсаған қайратты, көп сөзі жоқ, сұсты кісі болып көрінді маған. Ортаншы ұлы Үсібалы 21 жаста. Ол сол бір қиын жылдары паравоз айдайтын. Әлиман әпке жүгерінің талқанынан быламық пісіріп беретін. Үлкен аяқ машинасымен іс тігіп отыратын, арасында жүгері қуырып беріп бізді далаға ойнап келіңдер деуші еді. Адамдар өз баласын асырай алмай жүрген кезде анам екеумізді бөліп жармай пана бола білген қайран Әлиман әпкемді есіме алсам, әлі күнге дейін алғысымды жаудырамын. Әлиман әпкем мен Үсібалы бөлемнің арқасында ашаршылықтан аман қалдық қой деп отыратын. Әпкемнің кіші ұлы Әшімқалы Нұрмағанбетов әскери қызмет жасаған. Мәкен келін, ұлы Алмас, немерелері Шырақ пен Жәңгір атасының ізімен әскери қызмет істейді. Қыздары Әлия мен Ғалия университет оқытушылары. Әлиман әпкемнің ұрпақтарына тілектес болып жүремін, өсіп өне берсін деп тілеймін. Әлиман әпкемнен үлкен Қалдыгүл әпкемізден екі ұл, бір қызы болды. Үлкені Қалқабай Сартаев Қырғыз университетінде қызмет еткен, қырғыз тілінің қыр-сырын меңгерген ғылым докторы, академик болса, Қайролла да темір жол жағынан үлкен қызмет жасаған еді. Әпкенің қызы Үрия биология ғылымының докторы болса, жолдасы Талғат Шорманов физика ғылымының докторы, шетелге лекциясымен шығатын. Бөлелерімнен өрбіген ұрпақтар ел танитын азаматтар болып өскеніне қуанамын. Аштықты да, тоқтықты да көрдік. Жаманды да, жақсыны да көрдік. Мен оқи алмай қалдым, өкінемін, бірақ бұл күнге жеткеніме тәубе деймін, үлкен үмітім, арманым – балаларым мен немерелерімнен жалғасқанына шүкіршілік етемін деп қоюшы еді. Мұндай әңгімелерінің талайын естіп жүрсек те, анам мәңгі жанымызда жүретіндей болып ескермедік. Апамның мына айтқаны ешқашан есімнен шыққан емес.
1937 жылы 23 наурыз болатын (апам әр оқиғаның жылы мен күнін есінде сақтап айтатыны бар еді). Қызылша егуге 6-7 адам атқа соқаны жегіп жер аударып жүргенбіз. Бір кезде гүрілдеген дауыс естілді. Біздің жанымызға бір отарба келіп тоқтай қалды. Бірінші рет көріп тұрғандықтан таң қалып та тұрмыз. Машинаның ішінен бір кісі секіріп түсті де «Ерназаров Көпжасар кім» деп сұрады. Үстінде жыртық мақталы шалбар, күпәйке, аяғы жалаң аяқ Көпжасар мен деуге ғана шамасы келді. «Япырмай, отарба деген осы екен ғой» деді де, хош болыңдар деп те айта алмай кете барды. Бұл өз көзімізбен көрген сол кездегі ұсталып кеткен көп адамның бірі еді. Сол кеткеннен Көпжасар молынан кетті. Ел ішінде үрей. Ешкімді іздеп-сұрайтын кез емес, іштегіні сыртқа шығарып айта алмайсың, өз көлеңкеңнен қорқатын кездер болды ғой. 1950 жылы Көпжасар ауылға қайтып келді, Сібірде болдық дегеннен басқа ештеңе айтпай-ақ бір жылдан соң қайтыс болды. Айшакүл абысынымыз қыз босанып, атын Зинакүл деп қойып еді. Зина деген аттың да өз тарихы бар екені белгілі болғанымен бізге беймәлім. Мен сол Зинамен бірге өстік, бір класта оқыдық. Анасы оған ерекше қарайтын, өте үлкен мейіріммен үлкен махаббатпен аялап өсірген қызы болды.
Қайран апатайым-ай, сенің аузың­нан шыққан әрбір әңгімелеріңді жазып алып қалмағаныма өкінемін.

Серіктес жаңалықтары