«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНЫҢ» ҮШІНШІ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛМАҚ

«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНЫҢ» ҮШІНШІ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛМАҚ

«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНЫҢ»  ҮШІНШІ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛМАҚ
ашық дереккөзі
241

Ұлттық спорттың осы түрін насихаттап, дамытуға күш салып жүрген «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры жыл сайын балуандарды боз кілемге шығаруда. Әдетінен жаңылмаған ұйымдастырушылар биылғы жылы «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы, Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігі мен Астана қаласының әкімдігімен бірлесе отырып іс бастады. 

 Қазақ күресінің абыройын арттырған жобаның қатысушылары бұл жолы Президент Н. Назарбаевтың жүлдесі үшін белдеседі. Финалға шыққан жауырыны жер иіскемеген балуандардың таныстырылымы елбасының кіндік қаны тамған Үшқоңыр жайлауында өтті. Аталған шараға балуандардан өзге «Астана» кәсіби спорт клубының Президенті, бокс­тан олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақып, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев және БАҚ өкілдері қатысты. 

Таныстыру рәсімінде ең бірінші болып сөз алған «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев «биылғы жылы аудан, облыс көлеміндегі іріктеу сындары жоғары деңгейде өтті, балуандар арасында бәсеке жоғары», – дейді. 

«Қазақстан барысы» турниріне іріктеу сыны 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең – ауыл-аймақтарда, екінші кезең – аудандар мен қалаларда, шешуші кезеңі облыстық деңгейде өтеді. 3 кезеңнен сүрінбей өткен 32 балуан және 2012 жылғы «Қазақстан барысы» жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев биылғы чемпиондық атақ үшін таласады. Былтырғы жылы алтын белбеуді иемденген Бейбіт Ыстыбаев финалға тікелей жолдама алған болатын. Сайыстың жалпы жүлде қоры 60 миллион теңгені құрайды. Жеңімпазға 150 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы және көлік тарту етіледі. Турнирдің бас демеушісі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. Үшқоңыр жайлауында өнер көрсеткен 33 балуан шын жүйріктер. «Батыр үшін оңы мен солы бірдей» деп ұрандатқан ұлт батырлары көпшілікке шеберліктерін көрсетті. Президент жүлдесі үшін сынға түсетін білекті балуандардың ең жасы он сегізде болса, күрескерлер арасындағы ең үлкен азамат қостанайлық Мұрат Кеңтонов 42 жаста.  Балуандардың қай-қайсысы болмасын өз өңірлерінде оза шапқан барыстар. Барлығының да мақсаты біреу. «Қазақстан барысы» атану. Ал шын жүйрік, қазақ күресінің қаһарманы 30 маусымда Астана қаласында анықталады. «Ақтық сынға іріктеліп алынған балуандардың дайындығы да, барыс атануға деген мүмкіндігі де жоғары» дейді жаттықтырушы Марат Жақып. 

Үшқоңыр жайлауында өткен шарада жас барыстар да өнер көрсетті. Жобаның негізгі ұйымдастырушысы Арман Шораев «болашағы бар жас барыстардың сайысы былтыр Талдықорған қаласында өткен. Ал биылғы жылы Қызылорда қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл тәжірибемізді ары қарай жалғастыра береміз. Бұл жастардан келешекте Қажымұқандай балуандар шығады деп сенемін», – деді. 

Шараның соңында БАҚ өкілдері де өзара боз кілемде күштерін сынап көрді. Қолдарына қалам ұстаған журналистер қауымы да балуандардан кем түспеді. Белдескен БАҚ өкілдері арасынан үшінші орынға «Ана тілі» газетінің тілшісі Нұрлан Құмар ие болды. Екінші орынға КТК телеарнасының журналисі Елдос Сапарғали тұрақтаса, қарсыластарының жауырынын жер иіскеткен Қазақ радиосының жүргізушісі Ерқанат Көпжасар жеңімпаз атанды. 

Үшқоңырдың етегінде өткен балуандардың белдесуінен кейін жиналған көпшілік арнайы дастарханнан дәм татып, әсем ән тыңдады. Бабы мен бағы жарасқан 33 балуанның тартысты бәсекесін бір айдан кейін тамашалайтын боламыз.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары