БАСПА ӨНІМДЕРІ – ЖӘРМЕҢКЕДЕ
БАСПА ӨНІМДЕРІ – ЖӘРМЕҢКЕДЕ
Алайда, шағын ортадан жаңа мағлұматтар алып, баспа өнімдерінің аздаған түрімен шектелетін жұртшылық үшін көрме мен жәрмеңкелердің халықаралық сатыға көтерілуі ашық түндегі аспан денелерін тамашалағандағыдай әсер қалдырары даусыз.
Бүгінгі таңда халықаралық көрмелердің безендірілуінен бастап, түрлі жарнамалық кітапшалар, үнпарақтар, фирмалық плакаттар, жәрмеңкенің қайда өткізілетіні, оған қанша мемлекет өкілдері қатысып, нендей жетістіктермен келетіндігіне дейінгі мағлұматтардан хабардар болып отырасыз. Баспагерлердің ұсынатын қандай да бір өнімдері бірін-бірі қайталамайтын дизайндық үлгіде болып келеді. Жалпы жәрмекелердің бәсекелестігі де бұл орайда көзге ұрып тұрады. Келіп қатысушылар дүрмегінің көп болуы табыс көзін тасқындатып, баспа өнімдеріне деген сұранысты еселей түспек.
Байыптап қарасақ, баспа өнімдері шексіз телегей-теңіз секілді. Сол өнімдерді маржандай тізіп, жақұттай жарқыратып көрсету баспа өнімдері жәрмеңкелерінің халықаралық тәжірибелерінде көптеп кездеседі. Сонау XV ғасырдың 1473 жылдарынан бастау алған баспа жәрмеңкелері жайлы бай мұраларды осындай ірі халықаралық кітап және баспа өнімдері жәрмеңкелерінен жиі кездестіруге болады. Германияның Лейпцигі мен Франкфуртындағы сол кездегі кітап жәрмеңкелері шағын көлемді қамтыса, бүгіндері бұл үрдіс құрлықтарға құлаш сермеп, қанатын кеңге жая түсуде.
Баспа ісінің бай саласын жіліктеп өтсек, бұларға ашық хаттар, кітапшалар, күнтізбелер, мерзімдік басылымдар, грампластинкалар, маркалар, плакаттар, газет-журналдар, ноталар, тағысын-тағы толып жатқан өнімдер кіреді екен. Баспа өнімдерінің байрағын ежелден биік көтеріп келе жатқан ірі мемлекеттермен үзеңгі тірестіре алмасақ та, ұқсап бағуға тырысып, солар салған жәрмеңкелер мен көрмелердің сара жолынан сабақ алып, көрмелер көшіне ілестік. Бұл 2013-ші жылы 11-13-ші сәуір аралығында Алматы қаласында өткен VII халықаралық «Ұлы Жібек Жолымен» атты кітап және полиграфия көрмесінің ауқымды шарасын ауыз толтырып айтуымызға әбден болады.
Халықаралық көрме-жәрмеңкелердің тәжірибелері бүгінгі күні де жалғасын тауып жатқан, маңызын жоймайтын мәнге ие сүбелі тақырып. Бүгінгі ақпараттар тасқынының аламанында байырғыдан келе жатқан баспа өнімдерін насихаттаудағы көрмелер мен жәрмеңкелердің халықаралық тәжірибелері кең қанат жайып, ауқымы арта түсуде.
А.Омарова
ҚазҰУ-дың
4 курс студенті