733
«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» НЕМЕСЕ ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?
«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» НЕМЕСЕ ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?
БК(б)П Орталық Комитетінің Бас хатшысы Иосиф Сталиннің 1937 жылы «Кадрлар туралы төрт сөз» деп аталынған кітабы жарық көрді.
«…Сібірде айдауда болған кезімдегі бір оқиға есіме түседі. Жазғытұрым су тасып жатқан кез еді. Тасып, тулап, жатқан үлкен өзеннің ағызып әкеткен ағаштарын ұстаймыз деп, өзен жаққа отыз шақты адам кетіп еді. Кешке таман әлгілер деревняға қайтып келді. Бірақ біреуі жоқ. Жолдастарың қайда деп сұрағанымда олар немқұрайлы пішінмен: «Сол жерде қалды», – деп жауап берді. Мен: «Қалайша қалды?», – дегенімде, әлгілер тағы да сол немқұрайлы пішінмен: «Оның не сұрайтыны бар, суға кетті-дағы», – десті. Сол арада біреу: «Биемді суарып келуім керек еді», – деп асығып, бір жаққа баруға ыңғайлана берді. Адамнан гөрі малға жандары көбірек ашитындарын беттеріне басқанымда, аналардың біреуі тұрып: «Адамға жанымыз неге ашысын. Адамды біз қай уақытта болса да жасап ала аламыз. Ал биені жасап көрші көрейін», – деді. Басқалар оның сөзін қоштады.
Міне, бұл мүмкін, мәнісі шамалы ғана оқиға шығар. Бірақ бұл есте қаларлықтай мәселе. Менің ойымша, кейбір басшы қызметкерлеріміздің адамды, кадрға қалай болса солай қарайтындығы, адамды бағалай білмейтіндігі, адам мен адамның қатынасындағы, жаңағы айтылған сонау шалғай Сібірде болған оқиға сияқты, жалаң қатынастың қалдығы.
…Аяқтап келгенде, дүние жүзінде бағалы капиталдардың ішіндегі ең бағалы және түйінді шешетін капитал – адам, кадр екендігін ұғынатын мезгіл жетті. Біздің қазіргі жағдайларда «Барлық істің тетігін кадрлар шешетіндігін» ұғыну керек. Өнеркәсіпте, ауылшаруашылығында, транспортта, армияда жақсы кадрларымыз көп болса – біздің еліміз жеңілмейтін ел болады. Ондай кадрлар бізде болмаса – біз екі аяғымыздан бірден ақсаймыз».
Көсемнің өмірден алған мысалы орынды, кадр мәселесінде айтқан сөзінде мін жоқ. Солай бола тұра 1937-1938 жылдары социализмнің ішкі жаулары деп білікті, білімді, ақылды кадрларды «халық жауы» атап, НКВД жанындағы «үштік» арқылы атқызып жібергенін қалай түсінуге болады? Адамдардың бәрін бір-біріне теңестіріп, социалистік қоғамды дамыту оңай емес, әрине. Бірақ «халық жауларымен» күресеміз деп жаппай жазықсыз жандарды жазалауды қалай ақтауға болады? Әсіресе Лекеровтей білімді экономист елге ауадай қажет еді ғой. Иә, Сталин Қазақстаннан «халық жауы» ретінде екі адамды атуға өзі қол қойды. Олар – Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов. Басқалардың тағдыры республиканың өз ішінде шешілді. Ежовтың жазалаушылары сонау ашаршылық жылдары, содан кейін де қызғаныштан бірін-бірі жау етіп көрсеткен қазақтардың іс-әрекеттерін өте сәтімен пайдалана білді. Қазақтар бірінің қадіріне бірі жете алмады. Соның салдарынан ұлтын шын сүйгендерден айырылып қалды. Мұның салдары ұлттың жан-жақты дамуын көп жылдарға тежеді. Дәл осы тақылеттес репрессия 1948 бен 1950 жылдары да қайталанған. Ал біз кінәні басқадан көреміз.
«1937 жылдың 7 желтоқсанын осы уақытқа дейін ұмыта алар емеспін, – дейді Халида Рахматуллақызы Лекерова. – Сол күні НКВД-ның үш қызметкері келіп: «Пәтерді босатыңдар», – деп әкіреңдей сөйлеп, Әзімбайдың жұмыс бөлмесіндегі кітаптарын, қолжазбаларын, қажетті заттарының бәрін машинаға арта бастады. НКВД-ның жан алғыштары «бол-болдың» астына алып, желкелеп тұрғанда қай киіміңді алып үлгіресің. Мен қыздарымның бірсыпыра киім-кешектері мен жаялықтарын сөмкеме салдым. Мамам Нәфиса да қарманып, қолына іліккенін салып жатыр. Аналардың көзін ала бере Әзімбайдың және өзінің ата-анасының бірнеше фотосуреттерін киімдермен араластырып, сөмкеге салып жіберіпті. Кейіндеу сол фотосуреттерді күпәйкесінің астарының ішіне тігіп тастаған. Көшіп-қонып жүргенде фотосуреттердің көбі мыжылған екен. Бертінде Айседора соларды шеберлерге беріп, қалыбына келтірді. Альфияны жамылғыға орап, бауырыма алдым да, бір қолыммен төрт жасар Айседораны жетектеп сыртқа шықтым. Іле екі қолына екі сөмке ұстаған анамды да аналар үйден қуып шықты. Аналар қаңырап қалған пәтердің есігіне мөрі басылған қағазды желімдеп, кетіп қалды. Әзімбай қоныс аударып жүрген кезімізде ол киім-кешектеріне, дүние-мүліктерге қарамайтын. Кітаптарын қызғыштай қорып, ары-бері тасумен әлек болушы еді. Оған кітаптарынан артық ештеңе жоқ сияқты көрінетін. Есіме енді түсіп отыр. Онымен кездесуге кезекті рет түрмеге барғанымда: «Лиди, келесі келгеніңде маған Маркстің «Капиталын» әкеп берші», – деп өтінді. Мен: «Орыс тілінде жазылғанын ба?», – деп едім ол: «Жоқ, неміс тіліндегісін», – деді. Өтінішін орындадым.
Сол жылы желтоқсан айы басталғаннан күн қатты суық болды. Алатау көшесіндегі №22 үйдің алдында тұрмыз. Суық арқа-басымыздан өтіп барады. Сәлден соң-ақ тоңа бастадық. Қайда барамыз? Көршілеріміз терезелерінен бізді көріп тұрып, пәтерлеріне кіргізбегенде, «халық жауының» отбасын кім үйіне кіргізіп паналата қойсын. Кімнің жаны ашиды? Солай қоғамнан аласталған жан болдық та қалдық. Түс әлетінде бір жүк мәшинесі келіп жанымызға тоқтады. Жүргізуші сөзге келмей бізді қорабына салып алды да, көше-көшелерді аралап кете барды. Әлден соң бір ескі жатақхананың алдына келіп, бізді түсіріп кетті. Көшенің қарсы бетінен №3-ші дәріхананы көрдім. Бізге жатақхананың төменгі қабатынан бір бөлмені босатып қойған екен. Ішінде суы мен әжетханасы бар. Төбеден салбыраған жалғыз электр шамының жарығы демесең, сырттағы жүргіншілердің аяқтары ғана көрінетін терезеден қай бір күн сәулесі түсуші еді.
– Халида апа, НКВД-ның жендеттері Әзімбай Лекеровті тұтқындағаннан кейін тергеушілер сізден жауап алған жоқ па?
– Олар жауап алмаушы ма еді. Қаланың Калинин мен Дзержинский көшелерінің қиылысындағы үйге бір емес, бірнеше рет шақырды. Менен Әзімбайдың тергеушісі емес, басқа біреу жауап алды. «Лекеров кімдермен араласты? Үйлеріңізде кімдер қонақ болды? Олар стол басында не жайында сөйлесті?». Тергеушілердің сұрақтары осылай қайталанып, жүйкемді жеумен болды. Ал мен: «Сіз қазір мені тергеп отырсыз. Кешке үйіңізге барған соң әйеліңізге менен нені сұрағаныңызды, менің қалай жауап бергенімді айтасыз ба?», – деп едім ол басын шайқады. Мен: «Әзімбай да солай. Маған кіммен не жөнінде сөйлескені туралы есеп берген емес. Ол араласқан жандар қазақтың кілең бетке ұстар қаймақтары. Және олар өкіметке қарсы бірдеңе айта қояды дегенге өз басым сенбеймін. Әзімбай менің екі қызымның әкесі. Ол мен үшін сүттен де ақ, судан да таза. Халқына мүлтіксіз қызмет еткен адал жан қалай «халық жауы» болады? Соны түсіне алар емеспін», – дедім тергеушінің бетіне тура қарап. Қолымда емізулі бала болған соң ба, қаладан ешқайда шықпаймын деген қолхат жаздырып алып, үйге қайтаратын.
Түрмеде Әзімбай жалғыз жатқан жоқ. Камераларда ұлт қамын жеген басқа да асыл азаматтар отырды. Университетте менімен бірге Шолақова Шынасыл атты көрікті қыз оқыды. Ол да сол университеттің профессоры Телжан Жақыпов (аты-жөндері өзгертіліп алынды) дегенмен тұрмыс құрып, жақсы өмір сүрді. Екі қабаттан тұратын жаңа үйдің үстіңгі жағында тұрды. Ішкені алдында, ішпегені артында. Апта сайын сәнді көйлектерін ауыстырып отырады. Жаз шықса болды Кеңестер Одағының шипажайларына демалуға кетеді. Қойшы әйтеуір, күйеуінің арқасында ол шалқып басып өмір сүрген жан. Сол жылы Жақыповты да «халық жауы» ретінде тұтқындап түрмеге жапты. Шынасылды мен секілді университеттен шығарып жіберді. Алғашқыда күйеулеріміз бір түрмеде жатқандықтан, бірге барып жүрдік. Алып барған азғана азығымызды қабылдаушыға өткіземіз де бірге қайтамыз. Бір жолы ол бармай қалды. Тығыз шаруасы болған шығар деп ойладым. Келесі жолы да түрме жанынан көрінбеді. «Не жағдай болды екен, ауырып қалды ма?» деп пәтеріне соқтым. Есігін ашып, мені жауын көргендей тұлданып, қарсы алды. «Сен Әзімбайдың артынан әлі барып жүрсің. Оны аяйсың. «Халық жауы» болмаса, түрмеге қамар ма еді? Мен тергеушілерге барып, «халық жауының» әйелі бола алмайтынымды, өзімнің сүйікті Отаныма ешқандай да зиянкестік жасамағанымды, өзімнің таза екенімді жазып, күйеуімнен бас тарттым. Оларға бір жұмысшыға ерге шығып, соны мемлекетке мәдениетті, білімді адам етіп тәрбиелеуге уәде бердім. Сен де солай жаса. Екі қызыңа түкіргенің бар ма. Әзімбайдың ағайын-тумаларына бер де, өзің қайта ерге шық. Әлі басың жас. Жігіттер қызығатын түрің де бар», – деді өктем сөйлеп. Мен одан мұндай сөзді күткен жоқ едім. Күйеуінен осынша жақсылық көрген оның мына сөзін естіп тұрып, өз құлағыма өзім сенбей, салған жерден аузыма сөз түспей, аз-кем сілейіп тұрып қалдым. «Шынасыл, сен не айтып тұрсың? Мен мойныма сөмке асынып, үй жағалап қайыр сұрап кетсем де, қыздарымды өзім тәрбиелеймін. Әзімбайдан ешқашан да бас тартпаймын. Ол мен үшін өте таза адам», – деп есігін сыртынан жаптым. Содан өзіме-өзім келе алсамшы. Мамам әзер дегенде сабама түсірді.
Арада біраз күндер өткен. Шынасылдың үйінің жанынан өтіп бара жатып: «Тағдырымыз бір ғой, жағдайын біле кетейінші» деп бұрылдым. Ол мені тағы да ала көзімен атып, қарсы алды. Есік көзінде тұрып: «Ет комбинатының жұмысшысына ерге шықтым. Қазар оны стол басында шанышқылар мен қасықтарды қалай ұстау керектігінен бастап, мәдениетке тәрбиелеп жатырмын. Кешкісін кітаптан үзінділер оқып беремін. Телжанның киімдері денесіне құйып қойғандай шап-шақ. Бірақ ол әзірге кимеймін деп бас тартып отыр. Күйеуімнің қазір келіп қалатын уақыты болды. Менің бұрынғы таныстарыммен араласқанымды жақтырмайды. Сен оның көзіне түспей үйіңе қайт», – деді.
Күндер өтіп жатыр. Тағы да Шынасыл тұрып жатқан үйдің тұсынан өтіп бара жатып, неге екенін қайдам аяғымның солай қарай тарта бергені. Есігін қағып едім, арғы жағынан бұрын көрмеген бейтаныс әйел шықты. Жөн сұрастық. Ол: «НКВД-ның адамдары Шынасылды бұл пәтерден шығарып, жатақханадан бір бөлме берген. Көп ұзамай тұтқындап, АЛЖИР-ге сегіз жылға айдатып жіберді», – деді. Тағдыр-ай, десеңізші! Азаппен өткен сегіз жыл аз уақыт емес. Бәлкім ол сонда өмір туралы қайта ойланатын да болар. Ерінің қадірін, жарға деген адалдықты түсінген де шығар».
Шаймардан Қалиақпаров Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мұрағатынан 1938-ші жылғы Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының Әзімбай Лекеровке байланысты тергеу, сот ісін қарау құжаттарынан мына жазбаларды келтірген.
«…КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының көшпелі сессиясының мәжілісі жабық түрде дивизиялық юрист А.Д.Горячевтің төрағалығымен, мүшелері бригадалық әскери юристер Г.А.Алексеев және А.И. Микляев, хатшысы 3 рангалы юрист Н.И.Шапошниковтің қатысуымен өтті.
Әзімбай Лекеров соңғы сөзінде қылмысын мойындап, соттан өмірді сыйлауды өтініпті. Оның ісін 1938 жылдың 26 ақпанында қараған әскери коллегияның мәжілісі сағат 15,30-да басталып, 15,45-те аяқталыпты. Абзал азаматтың тағдыры небәрі 15 минутта шешілген.
Горячев КСРО Жоғарғы Соты коллегиясының көшпелі сессиясының үкімін оқыды. «Лекеров 1923 жылдан бері түрлі буржуазиялық-ұлтшылдық контрреволюциялық топтарда болған және осы жылдар арасында Кеңес өкіметіне қарсы жұмыстарды белсене жүргізген. Кейіннен Қазақ КСР-ғы контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшылдық, көтерілісшіл-террористік және диверсиялық-зиянкестік ұйымның басшыларының бірі болған. …Алдарына Кеңес өкіметін құлатып, Қазақ КСР-ын КСРО-нан күштеп бөліп, және Жапонияның басшылығымен Қазақстанда буржуазиялық мемлекетті құру міндеттерін қойған. Контрреволюциялық ұйымға қосымша адамдарды тартқан. Соларды пайдаланып және өзі ауыл шаруашылығында, жоспарлауда және ғылымда зиянкестік жұмыстарды жүргізген. Контрреволюциялық ұйымның мүшесі ретінде БК(б)П мен Кеңес үкіметінің басшыларымен күресуде террористік күрес жүргізу әдісін түгелдей қолдаған.
Лекеровті Қылмыстық кодексінің 58-2, 58-7, 58-8 және 58-11 баптары мен тармақтарында көрсетілген қылмыстармен кінәлі санап және РСФСР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 319 және 320 баптарын қолдана отырып, Жоғарғы Соттың көшпелі әскери коллегиясы Лекеров Әзімбай Лекерұлын өзіне тиісті мүлкі тәркіленіп, ең жоғары жаза – ату жазасына үкім етеді. Үкім үзілді-кесілді және Орталық Атқару комитетінің 1936 жылдың бірінші желтоқсанындағы қаулысы бойынша шұғыл түрде орындалуы тиіс».
Осы үкім бойынша Әзімбай Лекерұлы Лекеров 1938 жылы 26 ақпанда Алматыда атылды.
Дивизиялық әскери юрист А.Д.Горячев 1938 жылдың 26 ақпанында іс қарауды өте жылдамдықпен өткізген. Сол күнгі конвейерде 37 адамның тағдыры шешілді. Бәрі де ату жазасына кесілген.
Горячев Қазақ КСР Ішкі істер комиссары Реденске жазған рұхсат сұрау қағазында осыншама адамды сол күні атуды өтініпті. Осы құжатта Әзімбай Лекеров түзілген тізім бойынша 24-ші болып тұр. Бұл тізімде төртінші Бораев Оразғали, сегізінші Жансүгіров Ілияс, он бесінші Искаков Ғарибулла, он сегізінші Қабылов Ілияс, жиырма бірінші Кенжин Асфендияр, жиырма бесінші Майлин Бейімбет, жиырма жетінші Орымбаев Мұқаш, отыз бірінші Сейдалин Асғат, отыз алтыншы Шанин Жұмат ең соңында Жүсіпбеков Хамза тұр.
Халида Лекерова: «1938 жылдың наурыз айында әдеттегідей Әзімбайға передача апарған едім. Іштен тергеушісі шығап, Лекровке сот болғанын, РСФСР ҚК-нің 58 бабының бірнеше тармақтары бойынша он жылға сотталғанын, хат жазу құқығынан айырып, алыстағы лагерьге жіберілетінін жеткізді. Өкініш деген қандай ауыр. Ішіме шоқ түскендей күйіп-жанып барамын. Сонда да: «Әзімбайдың жылы киімдерін әкеп берсем бола ма?»,– деп сұрадым. Ол немкеттілеу үнмен: «Болады», – деді. Үйге келе жатып, көз жасыма ерік бердім. Өзімді-өзім тоқтата алар емеспін. Кейде басым айналғандай болып, көз алдым тұманданып кетеді. Еңсем езіліп, сүлдем ғана сүйретіліп үйге әзер жеттім-ау. Ес жиып, өзіме-өзім келген соң барып, Әзімбайдың жылы киімдерін кенеп қапқа салып, буып-түйдім. Ертеңіне түрмеге барып, тергеушіге беріп едім, ләм деместен алып қалды. Сонда Әзімбайдың бұл өмірде жоқ екенін, екі қызымның жетім, өзімнің жесір қалғанымды білсемші. Ал тергеуші оның 26 ақпанда атылып кеткенін айтпай, жасырып қалды».
«Үлкен террор» кезінде Қазақстанды Левон Мирзоян басқарғанын жұрт жақсы біледі. Әзімбай Лекеров оның республикаға бірінші басшы болып келгенін аса құп көрмеген. Оған іштей сенімсіздік танытқан да секілді. Оның осыған байланысты ой-пікірі 1934 жылы Әлеуметтік қамсыздандыру Халық комиссары Абдолла Асылбековпен пікір алысу кезінде байқалады.
Лекеров: «…Нұрмақов Қазақстаннан шет жүр. Нұрмұхамедовті де бір жерге тығып жіберді. Ол білім жағынан да, ой-өріс жағынан да қай армияннан кем? Мысал үшін, Досов неге бірінші хатшы бола алмайды? Нұрмақовты Қазақстанға қайтару керек», – дегені газет оқырмандарының есінде болар. Лекеровтің Мирзоянға деген сенімсіздігін уақыт дәлелдеп те берді.
Тұрар Рысқұловтың «Сталинге хатынан» кейін БК(б)П ОК Қазақстандағы аштықты тоқтату жөнінде арнайы қаулы қабылдап, халыққа мал ұстауға, уақытша салықтан босатуға шешім шығарғаны туралы газеттің өткен сандарында жарияланған. Мирзоянға тек сол қаулыны орындау ғана қалды. Қырдың аңғал қазақтарына ол мырза секілді көрініп, олар оны «Мырзажан» атап кеткені сондықтан.
Левон Мирзоян халық шаруашылығын өркендетуге өздігінен ештеңе қоспаса да Сталинге жақсы көрініп қалу үшін 1937-1938 жылдары «Үлкен террорға» жанын салып жүргізді. Қазақ халқының зиялыларын «халық жауы» атап, алдын аттырып, соңын итжеккенге айдатты. Енді оның сол қанды қол ісіне мына дәлелді келтірген жөн болар. Ол 1937 жылы 1 желтоқсанда аса құпия шифрмен БК(б)П Орталық Комитетіне, Сталин жолдастың атына аса құпия хат жолдаған. Мирзоян сол хатында Кеңестерге қарсы элементтермен күресуде өздеріне бірінші категория бойынша 8 мың, екінші категория бойынша 8 мың адамды репрессиялау құқы берілгенін, 10 желтоқсанға дейін сол берілген лимитті толық орындап, жалпы саны 1600 адамды және ұйымдарды жойғанынан ақпарат бере келіп: «…Қалғандардан толық тазалау үшін бізге қосымша бірінші категория бойынша 600 адамды, екінші категория бойынша 1 мың адамды репрессиялауға рұқсат беруіңізді сұраймыз», – деп жазған.
(Бейбіт Қойшыбаев. «Тағы да Мирзоян жөнінде», «Түркістан», 16 мамыр 2013 жыл).
Ол осылай тағы да 600 адамның қанын мойнына жүктеп, 1 мың адамның тағдырына балта шапты. Өз мансабы үшін ұлттың қаншама оқыған, сөз ұстар, ел басқарған белді азматтарына жазықсыз кінә артқызып, құрбандыққа шалып жіберген. Енді оны қалай «Мырзажан» деп атауға болады? Бұл сөзді тарихи қолданыстан мүлдем алып тастап, Мирзоянның нақты саяси бағасын берген жөн шығар. Алайда сол жазықсыз жандардың қаны Мирзоянның өзін де көп ұзатқан жоқ. 1938 жылы оның өзі де «халық жауы» атанып, атылып кетті. Бәлкім Сталинге «Үлкен террордан» өзін ақтап алу үшін оның көзін жойған тиімді болған да шығар. Сталин «нет человека – нет проблемы».
Халида Лекерова: «Әзімбайдың арқасында қолыма күрек те ұстап көрген жоқ едім. Енді міне, тағдыр бізді қайраңда қалған балықтай етті. Қолымыздағы сатуға жарайтындардың бәрін нанға айырбастап, күн кешіп жаттық. Қалалық оқу бөлімі «халық жауының» әйелі деп маған жұмыс бермеді. «Қайда барамын? Екі қызым мен анамды қалай асыраймын?». Аштықтан өлуден басқа жол қалмаған сияқты. Әзімбайдың тергеушісіне бардым. «Егер маған жұмыс тауып бермесеңіз, екі қызым мен анамды және өзімді жоқ етуден басқа амалым қалмады», – дедім ашына сөйлеп. Менің айтқанымнан қайтпайтынымды сезді ме, ол телефон тұтқасын көтеріп әлдекіммен хабарласты. Тұтқаны орнына қойып, маған бұрылды. «Ертең мына телефонға қоңырау шалыңыз». – Ол тілдей қағазға нөмірін жазып берді. Күн көтерілген бойда телефоннан әлгі нөмірлерді тердім. Арғы жағынан бейтаныс әйел дауысы: «Сіз облыстық оқу бөліміне келіп, кадрлар бөлімінің меңгерушісі Калуцкойға жолғыңыз», – деді. Калуцкой дембелше келген жан екен. «Қалада сізге жұмыс жоқ. Тек сыртта ғана бар», – деп менің жүзіме барлай қарады. «Бара ма, бармай ма?..». Оның сыңайын байқадым. Мен салған жерден: «Қайда жіберсеңіздер де барамын», – дедім. Ол мені Қаскелең ауданындағы Ежов колхозының бір бөлімшесіне жіберді.
Ауылда жеті жылдық қазақ мектебі бар екен. Бес-алты ғана кластық бөлме және бір мұғалімдер кабинеті. Отбасыма қам кесектен соғылған ескі үйді баспанаға берді. Ішінде саман матрац төселген кереует, ескі стол, екі орындық және ұсталған екі одеялдан басқа ештеңе жоқ. «Басқа түссе баспақшыл» деген емес пе. Көнбеске амалымыз қане. Мектеп директоры Ғазиз деген біреу. Балалар мен мұғалімдерге мені «Халық жауының» әйелі, Кеңес өкіметіне қарсы әрекеттерге бара алады. Әлеуметтік жағынан өте қауіпті, сақтанып жүріңдер», – деп ескертіп қойса керек. Мұғалімдер кабинетіне кірсем, бәрі сыртқа шығап кетеді, ал сыртқа шықсам бәрі кабинетке кіреді. Сөйлеспек түгілі таңертең амандасуларының өзі қиын. Қойшы, әйтеуір көзге шыққан сүйелдей болдым. Ауыл адамдары да бізге шошына қарайды. Не сүтін, не нанын сатсайшы. Анам немерелерін үйге қалдырып, өзі Ұзынағаш стансасына барып, азық-түлік алып келеді. Солай жүргенде бір қайырымды арбакешке жолықса керек. Ол мамама: «Сіз маған қандай азық-түлік керек, солардың тізімін қағазға жазып, ақшасын қоса беріңіз. Колхоз дүкенінен сатып алып, үйіңізден қашықтау жердегі қурайлардың арасына қалдырып кетемін. Сіз түнде барып алыңыз», – дейді. Мамам қуана-қуана келіскен. Ел жата әлгі кісі көрсеткен құпия жерден ұн, нан, бұршақ, шекер тағы басқа азақ-түлікті алып келіп жүрді. Кейде әлгі кісі қас-қарая үйге келіп, есік қағып, табалдырыққа азақ-түлікті қойып, тез кетіп қалады. Мектепте химия, биология пәндері бойынша методикалық құралдар жоқ екен. Бәрін өзім жасауыма тура келді. Кейде оқушыларға кезінде Әзімбайдан естіген және оның бай кітапханасынан оқыған кітаптарымнан қызықты жәйларды айтамын. Алғашқыдай емес, олардың маған көзқарастары мүлдем өзгеріп, сабағымды мұқият тыңдайтын болды.
Біз бұл ауылға жат секілді болдық. Бізбен сөйлесетін бір жан болсайшы. Тіпті көрші-қолаң да есігімізден сығаламайды. Мамамның әпкесі Әсиманың қызы Бану күйеуі Виктор екеуі Балқашта дәрігер еді. Бану Алматыдағы мединститутқа түскенше менің әке-шешемнің қамқорлығында болған. Бануға хатпен мұндағы жағдайымды жазып, егер Балқаштағы мектептің бірінен орын табылып, баспана болып жатса, сол жаққа қоныс аударғым келетінін айтып, хатты Айседораның қалтасына салып, анам екеуін сонда жібердім. Ғазиз менің оңаша қалғанымды көптен бері аңдып жүр екен. «Көрікті әйелге кімнің көзі түспейді. Оның үстіне «халық жауының» әйелі. Көнсе көңілдес етейін. Көнбесе кім оның шағымын тыңдай қояр дейсің» деген ойда жүрсе керек. Өзінің сол жымысқы ойын іске асыру үшін түннің бір уағында есікті ашып, ішке кіріп келгенде оянып кеттім. Ол үстіме төне бергенде, жанды жерінен теуіп жібердім. Шалқалап, құлай жаздап барып, біразға дейін дем ала алмай тұрып қалды. Тынысы ашылғанда ғана: «Сенің еркіндікте жүргенің менің арқамда. Егер мен сен туралы ана жаққа жаман сөз айтсам болды, сенің қолыңа кісен салып, «халық жауы» болған күйеуіңнің артынан айдап жібереді. Ал қыздарың қараусыз қалады», – деді ашуға булығып. Ертеңіне анам мен Айседора келді. Балқашта маған жұмыстың реті болмапты. Ғазиздің әрекетіне қорланғаным соншалық, анамды құшақтап біразға дейін көз жасымды тыйя алмадым. «Мама, біз енді бұл ауылда тұра алмаймыз. Ертең Алматыға барып, Калуцкойға басқа жаққа ауыстыруын өтінемін»,– дедім. Сол күні түнде жаяулап Қаскелеңге, одан әрі арбакештермен қалаға жетіп, Әміржан ағаның есігін қақтым. Таңертең облыстық оқу бөліміндегі Калуцкойға мектеп директорының қорлығын, мұғалімдер мен ауылда жан адамның бізбен сөйлеспейтінін, азық-түлік жағынан көріп жатқан қиыншылықтарымды айтып, басқа жаққа ауыстыруын өтіндім. Калуцкой жағдайымды түсінді. «Халида Рахматуллаевна, осы оқу жылының соңына дейін шыдай тұрыңыз. Күзге қарай басқа жақтан орын қарастырармын», – деп жылы сөзімен шығарып салды.
1938 жылдың жазы да шықты. Қаладағы тергеушілер Қаскелең аудандық НКВД-ға менің ісімді жіберсе керек. 10 маусым күні НКВД-ның қызметкерлері келіп, Елкебаева-Лекерова деп менің атыма жазылған ордерді көрсетіп, үйді тінтіді де емізулі тоғыз айлық Альфия екеумізді трактор сүйреткен телешкаға салып, аудан орталығына алып келді. Тергеуші менің қалада РСФСР Қылмыстық кодексінің 17-58-2, 17-58-7, 58-11 баптар мен тармақтар бойынша «халық жауының» әйелі ретінде қылмысқа тартылып, № 11888 тергеу істері жүргізілгенін ескертті. Солай менен жауап алу Қаскелеңде жалғасты. Екі апта қамақта ұстады. Бір жолы тергеуші әдеттегідей қызымды ауызғы бөлмеде қалдырып, өзімді ішкі жағындағы кабинетінде ұзақ тергеді. Бір қойған сұрақтарын, қайта-қайта қойып, басымды қатырды. Альфияны емізетін уақыттың болғаны қашан. Ал тергеуші жаттанды сұрақтарын қойып мыжып отыр. Емізіп келейін десем жібермейді. Әлден соң қарны ашқан Альфия шырқырап жылай бастады. Мен әзер шыдап отырмын. Бір кезде қызымның үні сап тиылды. «Жылай-жылай ішегі қатып, өліп қалған шығар» деген жаман ой басыма сап ете қалды. Стол үстінде жатқан ауыр сия сорғышты алдым да, тергеушіге қарай құлаштай лақтырдым. Ол бұғып қалды. Мен атып тұрып, ауызғы бөлмеге ұмтылдым. Қызымның ұзақ жылағаннан әл-дәрмені қалмаған екен. Омырауымды ашып, бауырыма алдым. Екі аптадан соң менен аудан аумағынан ешқайда шықпау жөнінде қолхат алып, үйге жіберді. Неге екенін қайдам, тергеуші қылмыстық ісіме өзін сия сорғышпен ұрғанымды кіргізбепті. Олар менің № 11888 қылмыстық ісімді Мәскеудегі КСРО НКВД-сі жанындағы Аса маңызды Кеңестің қарауына жіберген.
Калуцкой сөзінде тұрды. Сол жылдың тамыз айында мені Ұзынағаш ауданына ауыстырды. Аудандық оқу бөліміне барсам, қабылдау бөлмесінде орта бойлы, денелі бір кісі отыр екен. Менен жөн сұрады. Мен аты-жөнімді, өзімнің химия, биология пәнінің маманы екенімді, облыстық оқу бөлімі осында ауыстырғанын айттым. Ол өзін Семен Хриссантович Хорошилов деп таныстырып: «Халида Рахматуллаевна, мен Қарғалы орта мектебінің директорымын. Бізде осы пәндер бойынша мұғалім болмай тұр. Егер сіз келісім берсеңіз қазір оқу бөлімінің төрағасына айтып, сізді біздің мектепке жіберуін сұрар едім»,– деді. Мейірімді жан екені шуақты көздерінен көрініп тұр. Мен келістім. Төраға оның өтінішін қанағаттандырды да екеуміз сол бойда Қарғалыға жүріп кеттік. Жол бойында мен: «Семен Хриссантович, мен «халық жауының» әйелі ғана емеспін, өзімнің үстімнен де қылмыстық іс қозғалған. Аудандық НКВД қызметкерлері ауық-ауық тергеуге шақырып тұрады», – деп ағымнан жарылдым. Ол бірауық үнсіз отырды да: «Сіздің күйеуіңіздің сотталғанын мектеп ұжымы біле берсін. Бірақ өзіңіздің тергеуде жүргеніңізді менен басқа жан адамға тіс жармаңыз. Бәлкім сізді ақтап қалар», – деді салмақты үнмен.
Мектеп бір қабаттан тұратын үй екен. Терезелері үлкен, жарық молынан түседі. Бізге екі бөлмелі үй берді. Алматыдағы бір бөлмелі жатақхана мен Ежов колхозындағы қам кесектен салынған үйге қарағанда, бұл ұжмақтай көрінді. Ертеңіне анам мен қыздарымды көшіріп алдым. Мен жаңа оқу жылы басталғаннан-ақ қазақ пен орыс класстарына химия мен биология пәндері бойынша сабақ бердім. Мұғалімдер ұжымы да ұнады. Ай сайын Ұзынағаштағы НКВД-дан почта арқылы шақыру қағазы келеді. Әр кез үйден шығарда бойымды «Қайтып ораламын ба, оралмаймын ба?» деген қорқыныш билейді. Алайда олар тергеуден соң қайтарып жүрді.
1938 жылдың тамызында Николай Ежов басқа қызметке ауыстырылып, орнына Лаврентий Берия тағайындалды. Желтоқсан айының екінші онкүндігінің соңы еді. Біреу есікті қақты. Ашсам милиция формасындағы кісі екен. Қолыма Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының шақыру қағазын ұстатты. Ертең, яғни 20 желтоқсанда Алматыда болуым керек. Көрсеткен уақытынан кешіксем, не бармай қалсам, қылмысымның үстіне қылмыс қосылады. Үрейден жүрегім атша тулап, аузыма тығылды. «Мама, шақыру қағазын милицияның алып келуіне қарағанда, бұлар мені тергеп бітті. Енді мені АЛЖИР-ге айдататын шығар», – дедім тамағым кеуіп, зордан сөйлеп. Анамның да өңі боп-боз болып, қаққан қазықтай сам-соз қалшиып тұрып қалды. Қолым ештеңеге барар емес. Сонда да жылы киімдерімді сөмкеге салып, жолға жинала бастадым. Альфияны соңғы рет бауырыма алып, емізіп отырып, басынан ұзақ иіскедім. «Туа бітті әкеңді көрген жоқсың, енді менен де айрылғалы отырсың, жаным. Сендердің ендігі күндерің қалай болар екен?». Көз жасым төгіліп жатыр. Айседора әлі сәби болса да әлденені сезгендей кішкене қолдарымен белімнен құшақтап алған. Қоштасар сәтте: «Мама, егер мен келмей қалсам, қыздарымды балалар үйіне өткіз де, өзің ағайындардың бірін панала», – дедім көз жасымды орамалымның ұшымен сүртіп жатып. Анам байғұстың да жылай-жылай көздерінің алды көнектей болып ісіп кеткен. «Жаратушы ием сені қыздарыңмен қайта қауышуға жазсын», – Ол мен үйден шығып кеткенімше Құдайға жалынып, жалбарынумен болды. Алматыға түнде жеттім. Таңертең Әміржан ағаға: «Кешке дейін қайтып келмесем, мына киім салынған сөмкені тергеушіге апарып берерсіз», – дедім.
Комитеттің ауызғы бөлмесінде отырған кезекшіге келгенімді баяндадым.
Арғы жақтан бір қызметкер келіп, мені соңынан ертті. Үйдің екінші қабатына көтерілдік. Ұзын сұрғылт каридорды бойлап жүріп келеміз. Ауыр ойлар еңсемді езіп, меңдеп алған. «Осы каридормен Әзімбайымды талай рет тергеуге алып барып, жанын қинады-ау. Енді бұл менің де еркіндікте жер басып жүрген соңғы қадамдарым болар». Мені қапталдағы бір кабинетке кіргізді. Қарсы бет қабырға жақтағы стол басында отырған бейтаныс тергеуші орнынан тұрып, жымиды да: «Жолдас Елькибаева-Лекерова, келіңіз, мұнда жайғасыңыз», – деп алдындағы орындықты ұсынды. Мен бір жарым жылдан бері бұлардан «Азаматша» деген сөзді ғана естуші едім, құлағым жаңылыс есітті-ау шамасы деп ойладым. Тергеушінің майда жұмсақ үні мен ілтипаты да тосын көрінді.
Ол маған стол үстінде жатқан бір парақ жылтыр қағазды ұсынды да: «Балаларыңыз өсіп жатыр ма? Жұмысыңыз қалай?..», – деп майда қоңыр үнмен жағдайымды сұрап жатты. Қағаздағы жазуға қанша үңілсем де көзім бұлдырап, оқи алар емеспін. Ақыры болмаған соң тергеушіге қарап: «Мына қағазда не жазылғанын оқи алмадым», – дедім. Тергеуші жылы жүз танытып: «Сізді Мәскеу ақтады. Тергеу тоқтатылып, ісіңіз мұрағатқа өткізіледі», – деді. Қорыққан мен қуанған бірдей екен. Ал көзімнен ащы жас төгілсін бір. Қуаныштан жылап отырып, Әзімбайдың жазықсыз он жылға кесілгенін, көрген қорлықтарыма шыдай жүріп, анамның көмегінің арқасында балаларымды қалай өсіріп жатқанымды жыр етіп айттым. Ол бәрін үнсіз тыңдады да: «Мен сізге үш күнге мұрсат бере аламын. Үйіңізге жеделхат жолдаңыз да, әуелі өзіңізді ретке келтіріп алыңыз. Киноға барып, дүкендерді аралаңыз. Жұмысыңызға алаң болмаңыз. Біз оларды хабардар етеміз», – деді жанашыр үнмен.
Комитеттен шыққан бойда үйге жеделхат жолдадым. «Науқасымнан құлан-таза жазылдым. Қалада екі күндей боламын. Халида». Шаштаразға кіріп, шашымды сәнге келтірдім. Дүкендерді аралап, қалтамдағы азын-аулақ ақшаға қыздарыма, анама сыйлықтар алып, үшінші күні Қарғалыға қарай тарттым. Қас қарайған кезде үйдің есігін қағып едім арғы жақтан анамның: «Бұл кім?» – деген әлсіз үні естілді. Мен: «Мама, мен Халидамын», – дедім дауыстап. Ол: «Халида жоқ… Халида жоқ…», – деді үздігіп, жыламсыраған үнмен. «Мама, бұл мен Халидамын», – деймін мен дауысымды бұрынғыдан да қаттырақ шығарып. Анам байғұс: «Халида жоқ… Халида жоқ…», – дейді мүлдем қарлыққан үнмен. Мен: «Мама, саған не болған? Есіңнен ауысқаннан саумысың. Бұл мен Халидамын!», – дедім бар дауысыммен айқайлап. Ол есікті ашып жіберді де мені көріп, бір сәтке есінен танып қалды. Айседора мен Альфияны құшағыма алдым. Анам бізді құшақтап, ұзақ көрістік. Қуаныштан шыққан көз жасымыз көл-көсір болды.
Мен мектепте бар күш-жігерімді салып жұмыс істедім. Алайда маған ең төменгі еңбекақы жазылатын. Хорошилов бұл жолы да жөн сілтеді. Университеттің үш жылдығын бітірді деген анықтамамен жоғары еңбек ақы төлей алмайтындарын, жоғары оқу орнын бітірді деген диплом керектігін айтып, университеттегі оқуымды жалғастыруды ұсынды. Университет ректоры Федор Трофимович Олихов мені атүсті қабылдады. Әзімбай Лекеровтің әйелі екенімді білген соң барып, жылы қабақ танытып: «Халида Рахматуллаевна, жағдайды өзіңіз де білесіз. Лекеровтің сотты болуына байланысты біз сізді оқуға қабылдауға құқымыз жоқ. Сізге диплом керек екен, ендеше Педагогикалық институтқа барып көріңіз. Институт екі жылдық қой. Бәлкім солар сізге көмектесер», – деді. Институттың ректоры С.Толыбеков те Әзімбайды қатты құрметтейтін жан екен. «Сіз кешігіп келдіңіз. Студенттердің емтихан тапсырып қойғанына бірнеше күн болды. Әйтсе де оқытушылармен сөйлесіп көріңіз. Олар емтихан алуға келіссе, менің қарсылығым жоқ», – деді. Оқытушыларға жағдайымды айттым. Олар келісті. Сол жолы негізгі пәндерден емтиханды ойдағдай тапсырып, институттың дипломын алдым.
Облыстық оқу бөлімі мені 1940 жылы шекаралық аудан Нарынқолға жіберді. Нарынқолда біздің жағдайымыз болмады. Мектеп директоры сағаттың бәрін туыстарына бөліп берген. Маған қалдырғаны күн көрісіме жетпейді. Денсаулығым да сыр беріп, Алматыдағы ауруханада ұзақ уақыт емделуіме тура келді. Жағдайыма байланысты 1942 жылы қалалық оқу бөліміне ауыстым. Екінші дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан кезі. Қаланың қазақ және орыс мектептерінде химия мен биология пәндерінен мұғалімдер жетіспегендіктен Қалалық оқу бөлімі маған №№ 55, 15, 12, 33, 18 орта мектеп оқушыларына сабақ беру жүйесін жасап берді. Таңертең мұнда, түсте анда, кешкісін қаланың тағы бір шетіндегі мектепке қарай жүгіремін. Сондай-ақ Алматыға эвакуация жасалған Севастополь кеме жасау техникумына аптаның бір күні химиялық қарудан қорғану бойынша курстық сабақ өткіземін.
Ең қиыны баспана болды. Қалалық Атқару комитетіндегілер Ленинград және Мәскеуден эвакуацияланып келгендерге байланысты баспанамен қамтамасыз ете алмайтындарын айтып, іздеп табуды өзіме жүктеді. Кешке сабақтан шыққан бойда қала көшелерін аралап, баспана іздеймін. Көп ұзамай оның да сәті түсті. Дзержинский көшесіндегі №16 үйде тұратын бір балалы қазақ әйелдің күйеуі соғыста қайтыс болған екен. Мұнда жағдайы болмаған соң ауылға көшейін десе қаржысы жоқ. Мен қалтамдағы бар қаржыны бердім. Екеуміз қалалық Атқару комитетіне бардық. Ол екі бөлмелі үйін менің атыма аударды. Оның жақсылығын әлі күнге ұмытқан емеспін. Сол үйде біз 1960 жылға дейін тұрдық. № 18 қазақ орта мектебінде оқытқан шәкірттерім – Асқар Құлыбаев, Жолмұхан Түрікпенұлы, Шәкен Ластаев, Қайсар Омаров, Үсенбай Манапбаев, Жақия Кәкішев, Кәрім Атшабаров және тағы басқалар ауылдан келген балалар еді. Олар бүгінде үлкен ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері. Жыл сайын туған күніммен құттықтап, хабарласып тұрады.
Жылдар жылжып өтіп жатыр. 1945 жылы 9 мамырда көптен күткен Жеңіс күні де келді. Техникум директоры Николай Антонович Кальчев: «Халида Рахматуллаевна, біз Севастопольге қайта оралатын болдық. Білікті оқытушы ретінде сізді де сонда ала кетсек дейміз», – деп қолқа салды. Анама өтінішін айтып едім: «Халида, онда бізді кім таниды? Ал мұнда Әміржан мен Насыр ағаларың бар. Әзімбай мерзімін өтеп келген соң бізді қайдан табады? Оны осы қаладан күтіп алайық, қызым», – деді.
Бір жолы Алматыға Әзімбайдың жақын туысының ұлы Ғалымжан келді. Кезінде біздің қолымызда тұрып, институт бітіріп Семейге кеткен. Мені қаладағы ресторанның біріне шақырды. Стол үстін түрлі дәмді тамақтарға толтырды. Ащы судан өзі аздап ішіп отырған. Әуелі ауылдың жағдайын айтты. Содан кейін: «Жеңгей, Әзімбай ағам келе ме, келмей ме, белгісіз. Аман болса оралатын уақыты да болды ғой. Елдегілердің күдер үзгені қашан. Ана үйдегі екі қызыңа әкелік қамқорлық керек. Қазақта әмеңгерлік деген бар. Сол бойынша мен саған үйленіп, екі қызға әке болсам ба деймін», – деді. Қаным бірден б