«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» немесе ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?

«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» немесе ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?

«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» немесе  ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?
ашық дереккөзі
446

 

Халида Лекерова үнсіз отыр. Ойын бөлгенім жоқ. Аздан
соң:

«Сол күні кешкісін Әзімбай үйге келді. Жайшылықта
жайдары көрінетін қоңырқай өңінде қан-сөл жоқ, құп-қу. Жұмысында бір ыңғайсыз
жағдай болғанын ішім сезді. Кітаптары жиналған жұмыс бөлмесіне барып, бейне
ауыр жүктен арқалаған жандай орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Ішкі жан
күйзелісінен қабағы түксиіп, өң-басы қарауытып барады. Маған ол ашу-ызадан
терісіне сыймай, әне-міне жарылып кетерге шақ тұрғандай көрінді. Қарсы алдына
отырып, жөн сұрадым. Сол-ақ екен, көз жасына ерік берсін. Булыға сөйлеп, ішін
қазандай қайнатқан шер-шеменін қыстыға шығарды. «Лиди, мені бюрода өзім
сенгендер сатып кетті. Келіскен сөздерінде тұрмай Голощекиннің алдында қоғадай
жапырылды. «Біз Лекеровтің айтқанына көніп, хатқа қолымызды қойдық» деп кінәнің
бәрін маған артты. Бар жазығым, қырылып жатқан қазақты қалайда аштықтан сақтап
қалу ғана еді. Ана бесеуінің Голощекин алдында мүлдем қауқарсыздық танытып,
мені орға итеріп жібергені жанымды күйдіріп барады. Мәскеудің Қызыл профессура
институтындағы ұстаздарым қызметке алып қалмақшы болған. Мен мұнда экономикаға
жетік мамандар жетіспеген соң, қой Отаныма барып, кетігіне кірпіш болып
қаланайын деп келіп едім. Енді міне, партияның коллективтендіру саясатын дұрыс
жүргізбеудің салдарынан ата кәсіптен айырылған қазақтар аштықтан қырылып жатыр.
Қала толы босқын аш-жалаңаштар қоқыс төккен жерді аударып, тас­танды талғажау
іздеуде. Ал олар үкіметтің берген пайегіне мәз, қарындары тоқ. Өздерінен
басқаны ойлар түрлері жоқ. Ал мен жалғыз өзім көппен қалай күресемін, не істей
аламын?». – Арқа сүйеген таудай азаматымның еңкілдеп жылағанын алғаш рет
көруім. Оның сондағы қатты күйінген бейнесі әлі күнге көз алдымда. Айналасынан
мұңын шағар жан таппай, ішін қыз-қыз қайнатқан ащы шерін маған ақтарды. Мен
небәрі он алты-ақ жастамын. Бар болғаны жеті-ақ кластық білімім бар. Ненің
жөнін түсініп, ненің парқын білуші едім. Оны қалай жұбатып, сабасына
түсірерімді білмей дал болдым».

Голощекин араға күн салып, яғни 17 шілдеде Өлкелік
партия комитетінің бюросын тағы шақырып, күн тәртібіне «Мемлекеттік жоспарлау
комитетіндегі жағдай туралы» мәселені қойды. Бюрода ол «Өлкелік комитетке
Мемлекеттік жоспарлау комитетінің 2-ші бесжылдық жоспарын әзірлеу барысында
оның кейбір жауапты қызметкерлерінің коммунистер арасында принципсіз
өсек-аяңдар тарату элементтері белгілі болғанын жариялай келіп, Мемлекеттік
жоспарлау комитеті төрағасының орынбасарлары Лекеров пен Черныйдың мінез-құлқын
ерекше атады. «Олар бұл маңызды жұмысқа белсенді қатыспайды, – дей келіп. –
Жолдас Лекеровке Маймин жолдаспен тіл табысу ұсынылсын. Егер ол осы шешімді
бұза қалған жағдайда, Мемкомда әрі қарай жұмыс істеу-істемеуі туралы мәселе
көтерілетіні ескертіледі», – деді қатқыл үнмен. Бюро хаттамасының соңына БК(б)П
Өлкелік комитетінің хатшысы Голощекин», – деп қол қойған.

Голощекин осылай Әзімбай Лекеровке қысымды барынша
күшейтті. Өзінің ықпалындағы Майминнің айтқанынан шығармай ұстауды көздегені
анық.

«Әзімбайдың жаны көпке дейін жүдеп жүрді. Аштық
басталғалы қабағы ашылудан қалған. Қызметке көңілсіз барып, көңілсіз қайтады.
Тіптен бір жолы: «Лиди, Мәскеуге кеткім келіп жүр. Мына аш-жалаңаш қазақтарды
көріп, мұнда жүре алар емеспін», – деп терең күрсінген еді. Солай екі ойлы
болып жүргенде Алматының Ыстықкөл көшесінен қос қабаттан тұратын үйден үш
бөлмелі пәтер алып, сонда қоныс аудардық. Әзімбайды бұл да қуанта қоймады.
Езілген еңсесі бір көтерілер емес. Әзімбайдың үкіметтен алатын пайегі бар.
Қарнымыз аш емес. Көше кезген аштарды көріп жүрген соң, тамақ та батпайды екен.
Тартынып ішетін болдық. Анам Нафиса күнде түс әлетінде қазаннан аштарға екі-үш
табақ ас салып, сыртта жүрген аштарға беріп келетін. Солай сұрықсыз ауыр күндер
өтіп жатты».

РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары
Тұрар Рысқұловтың «Сталинге хаты» табандылығының арқасында саяси мәнге ие
болып, Қазақстандағы аштыққа байланысты Үкіметтің арнайы қаулысын шығартып,
пәрменділігімен танылды. Ал «Бесеудің хатына» қол қоюшылардың ұлт тағдыры таразыға
түсіп, шешілетін шақта Өлкелік партия комитеті бюросы мен Комиссия мүшелерінің
бірлескен үлкен мәжілісінде хаттан бас тартып, кешірім өтінуі салдарынан хат
саяси мәні мен маңызын жоғалтып, Голощекиннің тартпасында пәрменсіз құр қағаз
күйінде қала берді. Голощекин оны құр жатқызып қана қойған жоқ, бас көтеретін
басқаларға сабақ етіп, айласын асырды. Менің бұл тұжырымыммен тарихшылар мен
әдебиетшілер бәлкім келісер, бәлкім келіспес. Қаншама жылдардан бері уақыт
көмбесінің астында жатқан мұрағат құжаттарымен танысу барысында осы ойға табан
тіредім. Ал шындық кімдерге ащы, кімдерге тәтті.

Филипп Голощекин ұлтшыл атап, қызметтен шеттетіп
жіберген Смағұл Сәдуақасов пен Сұлтанбек Қожановтай тұлғаларды Әзімбай Лекеров
не үшін мақтады?

Қазақстан Кіндік Үкіметі төрағасының орынбасары Смағұл
Сәдуақасовтың Семейде (1921 жыл), Қазақ Өлкелік партия комитетінің III
пленумында (1926 жыл), Өлкелік партия комитетінің VI конференциясында (1927
жыл) жасаған баяндамаларынан үзінділер. («Алаш Мұрасы» серияларымен шыққан «Смағұл
Сәдуақасұлы» жинағы. «Алаш бас­пасы» 2003 жыл).

«…Бұның бәріне қазақтан қызметкер табылмайды
деушілер болар. Бірақ анық қарастарығанда табылады. Ылғи орысша білгенді
қызметке алу мақсұт емес. Біздің алдымызда кеңсе ісін қазақ тіліне айландыру
бар. Онда қазақ қызметкерлері көбейеді. Екінші – қазақ жігіттерін қызметке
үйрету керек. (181бет).

…Қолдағы бар күшімізге қарап қаза­қыландыру
мәселесінің жүзеге асатын мезгілі жетті. Мезгілі жеткендігін партиямыз да
ескеріп отыр. Енді ойланудың орнына кеңес, партия орындарының қаулыларын
орындауға кірісу жөн. (187 бет).

…Жікшілдікпен күресуіміз керек. Күрескенде іс
жүзінде осы күреске бәріміз тегіс кіруіміз керек. …Өткен жылы мен Жетісуға
бардым. Жолда Сырдарияға ұйымдардың жұмысымен танысуға мүмкіндік болды. Мен
сонда Сырдария губернесіндегі жікті көріп жаман шошығам». (189-бет).

…Бірақ Голощекин жолдас, сіз мынаған да сеніңіз: біз
Өлкелік партия комитетінде дауысқа салғанда бір ізбен шығып отырсақ, жамандықты
ішке сақтап отырғандықтан емес. Егер сіз осылай түсінсеңіз, онда бізді бағалай
алмағандығыңыз, дұрысында бұлай емес. (190-бет).

…Бюро мүшесінің біреуі ойын айтады екен, бюро оны
бір дауыстан шешіп, мәселе сонымен бітеді екен. Осыны қисын жағынан қалай
айыптауға болады? Мен мұны Голощекин жолдастың қалай болғанда да дұрыс бағалай
алмағандығынан деймін. (191-бет).

…Голощекин жолдас бізде қыңыр тартушылық бар дейді.
Жоғарғы дәлелдерге сүйеніп мен «Жоқ!» деймін. Егер болса, бюро ондай мәселені
мәжіліске салған болар еді. (193-бет).

…Голощекин жолдас қазақ даласында Октябрь төңкерісін
өткізу керек дегенде: мен сол Октябрьдің шегін белгілеу керек дегем. (196-бет).

…Қазақстанда коммунист партиясының алғашқы құрылған
жылдарында алашордашыл оқығандардың әсер еткендіктері рас. Басқалармен қатар
мен де солардың әсерінде болдым. (197-бет).

…Біз байға қандай көзбен қарайтын­дығымызды, байдың
мәнісін, маңызын анықтап ашып алуымыз керек. (197-бет).

…Голощекин жолдас «байларға мықтылық көрсету әбден
керек, ауыл бұрынғы күйінен өзгерген жоқ, ауылда әлі күнге байлардың,
ақсақалдардың үстемдігі жүріп келеді» дейді. Голощекин жолдастың осы сөзін қара
басым дұрыс дегім келмейді. (204-бет).

…Қазақ ауылында бір түрлі, орыс поселкесінде басқаша
саясат жүргізуіміз дұрыс емес. Қазақтың байымен қатар орыстың да жуан
жұдырықтарын тақымдап отыруымыз керек. (205-бет)».

Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек
Қожановтың Өлкелік комитеттің III пленумында, Кеңестердің Бүкілқазақтық V
құрылтайында, Өлкелік комитет бюросында, Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған Мәскеудегі
«Жеке кеңесте» сөйлеген сөздерінен үзінділер. ( «Ғибратты ғұмыр» сериясымен
шыққан Бейбіт Қойшыбаевтың «Сұлтанбек Қожанов» кітабы. «Қазақстан» 2007 жыл).

«…Қазақстан біздің Ұлттық Республика болса да,
мектептеріміз қазақтарға қызмет көрсетпейді. Сіздер интернационалистерсіздер,
сіздерге мектептерде кімнің оқытылып жатқаны маңызды емес. Сонда да, егер
қазақтан оқу жайы қалай екенін сұрай қалсаңыз, ол партияның бұл тұрғыда өзін
айналып, алдап кеткенін айтады ғой деп ойлаймын. (249-бет).

…Орынборды Ресей құрамына бөліп беру жөнінде.
…Ұлттық сипаттың мәні жоқ деген көзқараспен ымыраға келе алмаймыз. Өйткені
біздің республикамыздың табиғаты сондай. Қазақ республикасынан ең жанды
жерлерді жұлып алуға жол беру – қате. Таңдаулы экономикалық аудандарымызды
бөліп бере салуымызға болмайды (278-бет).

…Бізде, өкінішке қарай, қалалардың бәрінде не өзбек,
не орыс жайлаған. Қалалық қазақ тұрғындары жоқтың қасы. Сондықтан мен бұл
мәселеге мейлінше мұқият келуге шақырам. 
(278-бет).

…Қазреспублика аумағын өміршең бола алатындай етіп
ұстау ләзім. Оны шеті­нен пұшпақтап, тілімдеп, әркімге бөліп бере бермеу жөн.
Ал республиканы тұс-тұсындағыларға кесіп бере салудан, сонысымен оны
құлдыратудан кей жолдастар қашпайды, тіпті ішкі есептері де сондай тәрізді. Мен
мұны баяғыдан айтып келемін. …Біз тақырларымыз бен құмдарымызды келімсектерге
қуана-қуана берер едік, бірақ оған олардың ешқайсысы да қоныстанбайды. Жеріңнің
ең шұрайлы пұшпақтарын, бермегеніңе қарамай, тартып алады. Олардың тізгінін
тартуға құлшынып жатқан біз жоқ. Ал бұл мемлекеттілікті жоюдың жаңа түрі.
Мәселені осылай тікесінен, өткір тұрғанда қою керек, әрі соны төтесінен
мәлімдеу жөн. (279-бет).

…Сіз Орталық Комитет үшін жауап бермеңіз, жолдас
Голощекин. Одан да мен талап етіп отырған нақты мәселені дауысқа салыңыз.
(281-бет).

…Ұлттық мәселелерді елемеу, елемек түгілі, жоққа
шығарушылық біздің республикамызда – қазақтың кеңестік республикасында
емін-еркін сайран салып тұр. Міне, бізде осындай күлкілі оқиғалар болып тұрады
және олар, ел болып ту тіккен қазақ халқының тілін жоққа шығарушылықтар –
орталықтан, кіндік мекемелерден, халық комиссариаттарынан бас­тау алады.
(292-бет).

…Ұлт мәселесіне байланысты қабылданған биік
партиялық шешімдерді жүзеге асырмағанымыз ұят емес пе деп ойлайтын жан бар ма
екен осы? (293-бет).

…Мен Голощекин жолдастың тәртібін талқылайын деп
тұрған жоқпын. Мен тек осы анықтамаммен оның маған берген мінездемесін – мені
жалғыз «Мәскеу мандатына» табынушы ретінде сипаттағанын жоққа шығармақпын. (302
бет).

…Тағы да бар дауыспен айтамын: бізде беделді басшы
болмады. (305-бет).

…Менің ауытқуларым – сөз жоқ, әрине жергілікті
ұлтшылдық жағына бұрылатын, ал көптеген еуропалық жолдастардың бұл субьективті
ауытқулары жергілікті халықтың ерекшеліктерін және өзіндік мұқтаждықтарын елемеу
түрінде көрінетін. (308-бет).

…Менің қателерім – кей қадамдарымда ұлттық мүддені
бәрінен жоғары қоюға тырысқаным. Орталық Комитет директиваларын жүзеге асыруда
партияның барша шешіміне зарарлы біржақтылықпен, тек ұлт мәселесі бойынша
табандылық көрсетіп, педанттықпен орындатуға тырысатын ұмтылысымда еді.
(309-бет)».

Әзімбай Лекеров Өлкелік партия коми­тетінен ұлтқа шын
жанашыр осындай екі тұлғаны іздеді. Оның оларды мақтағаны – басқаларға үлгі
тұтып, барынша бағалағаны. Өкінішке қарай жоғары биліктен сондай жандарды көре
алмаған соң, Голощекинге қайтсек жағамыз деп қарақан бастарының қамын ойлаған
жандайшаптарды әжуалаған.

Айта кететін бір жәйт, Голощекин үлкен жиналыстарда
Сәдуақасовтың: «Қожановпен екі ортамызда бірлік жасалған жоқ. Мен Қожановпен
ешбір уақытта да одақтас болған емеспін», – дегенін, ал Қожановтың: «1925 жылы
жолдас Сәдуақасов менің ең ымырасыз қарсыласым болды. Және жеке басының
ерегісінен емес, саяси себептерге байланысты солай істеді», – дегенін естіген.
Олардың осы бір-біріне қырын қарағандарын өз мүддесіне пайдаланып қалмақшы
болып, талай қитұрқы әрекеттерге де барды. Бірақ екі тұлға басқалар секілді
оның ықпалына көніп, айтқанымен жүрген жоқ. Ұлттық мәселеде өз ұстанымдарында
табандап тұрды. Голощекиннің екеуін де ұлтшыл атап, құтылудан басқа амалы
қалмаған. Міне, Лекеров олардың ұлт мәселесіндегі орасан зор күрескерлік
істеріне аса құрметпен қарағаны сондықтан.

Филипп Голощекин 1932 жылы VI-шы Бүкілқазақтық партия
конференциясында Өлкелік партия комитетінің есебін жасап тұрып: «…қазақ
ұлтшылдығында ұлтшылдық сипат жоқ. Ол астамшылыққа немесе баз-біреулерді
өздеріне бағындыруға тырыспайды. Ол бар болғаны өзін қорғағысы және мүмкін
болса, сондай-ақ қолынан келсе, теңдікке қол жеткізуді ғана қалайды. Қазақ
ұлтшылдығы – қайыршы ұлтшылдық», – деп көсемсіген. Оның «қайыршы ұлтшылдық»
деген дөрекілігіне қарап, шовинистік өресінің соншалық төмендігін бағамдай
беріңіз. Ал «бар болғаны өзін қорғағысы» деп кімдерді меңзеп отыр? Хатқа қол
қойып, бюрода одан бас тартқан «бесеу» сияқтыларды ма?.. Голощекин солай деп
келеді де: «…Қанеки, біздің байлардың, буржуазиялық интеллигенцияның
ұлтшылдығын алайықшы. Олар күнадан ада ма? Шабуылдаушылар емес пе? Қараңызшы,
Октябрьге дейінгі және одан кейінгі кезеңде бұл ұлтшыл күшіктер қандай үлкен
ұлтшыл төбеттерге айналып кетті. Әртүрлі ұлтшылдық бар. Тырнақша ішіндегі, яғни
теңдікке ұмтылатын, дені сау және дұрыс «ұлтшылдық» бар және біз оған
көмектесуге міндеттіміз. Ал байшыл идеологтардың ат төбеліндей ұлтшыл тобын
соғу керек», – дейді. Голощекиннің байшыл идеологтары деп отырғаны Алаш
арыс­тары мен коммунистік жүйеде ұлттық мүдде үшін күресіп жүрген Рысқұлов,
Нұрмақов, Сәдуақасов, Қожанов, Лекеров секілді жандар екені еш күмән келтіре
қоймас.

Голощекиннің тартпасында бесеу қол қойған шындық
жатты. Бәлкім сол хат солай жата берер ме еді, егер Мәскеудегі Орталық
Комитетке Батыс Сібір губкомының хатшысы Р.Эйхеден мен Өзбекстандағы белгілі
қоғам қайраткері О.Ахунбабаевтан «Қазақстанда бір сұмдық болып жатыр.
Аш-жалаңаш босқын қазақтар қалаларда қаптап кетті» деген жеделхаттары
түспегенде. Содан кейін Сталиннің Рысқұловты іштей қанша жек көрсе де, оның
қыркүйек айының басында өз қолымен тапсырған хатына сенбеске шарасы болмады.

БК(б)П Орталық Комитет «Қазақстанның ауыл шаруашылығы,
оның ішінде мал шаруашылығы туралы» мәселе қарауды 1932 жылдың 17 қыркүйегіне
қойды. Содан секем алған Голощекин сол кезге дейін «Қазақстанда
коллективтендіру зор өрлеу үстінде табысты өтіп жатыр» деген көзбояушылық
рапорттарынан бірден тайқып, өзіне төнген қауіптің алдын алу үшін ағымдағы
жылдың 9 қыркүйегінде Орталық Комитетке өзінің «құпия хатын» жолдап, бар кінәні
аудандардағы саяси сананың төменгі деңгейіндегі кадрларға аудара келіп:
«…Біздің басшылығымыздың айыбы неде? Біз өзіміздің басшылығымызда жалаң
әкімшіліктің, солшыл асыра сілтеушілердің және жүгенсіздіктердің өрістеп кетуін
жүгендеуді және жеңіп шығуды қамтамасыз ете алмадық. Көптеген аудандарда
өздерінің әрекеттерімен ауылды күйзелткен «белсенді» (жалған белсенділер) деп
аталатындардың және басшы органдардағы қылмысты элементтердің қылмысты
әрекеттеріне дер кезінде тосқауыл қоя алмадық. Ақырында Қазақстан аудандарының
аса алуан түрлілігі, мүлде санқилылығы нақты басшылықты талап етті. Біз бұған
ұмтылдық, қол жеткіздік және дегенмен де белгілі теңгермешілікке және таптаурын
көзқарасқа жол беріп алдық.

…Ауылдағы тап күресінің оның жартылай феодалдық
қатынастардан социалистікке өту кезінде өткірлене түсу ерекшелігін және ұлтшыл
элементтердің ролін, олардың көпшілігінің партия ішінде қалып отырғанын, бай
идеологиясын таратушылар және олардың тапсырмаларын орындаушылар екенін ескеру
керек. Оның үстіне өткен жылдарға қарағанда ерекшелік, олар Қазақстанда жұмыс
істегенде біз олармен ашық және табысты күрес жүргізген болсақ, қазір олардың
көпшілігі Қазақстаннан тысқары (Ташкент, Мәскеу) тұрып жатыр және біздің
ықпалымыздан және оларға қарсы күресімізден құтылып, өздерінің сатқындық
жұмыстарын жүргізуде», – деп мәлімдеді. (ҚР Президентінің мұрағаты. 141 қор, 17
том, 605-іс, 62-85-беттер).

Әзімбай Лекеров мәтінін түзген «бесеудің хатында» әлі
де феодалдақ қоғамда малдың ыңғайымен көшпелі салт-дәстүрінде өмір сүріп жатқан
қазақ ауылдарына коллективтендіруді шұғыл түрде жүргізудің кесірінен халық
аштыққа ұшырап жатқаны ашып айтылған. Голощекин соларды енді ғана мойындаса да,
өз басын қорғап қалу үшін бәріне кінәлі бай идеологиясын таратушылар – «солшыл»
асыра сілтеушілер мен «оңшыл» арандатушы ұлтшылдар деп бар айыпты соларға
аудара салғаны көрініп тұр. Республикада жеке өз билігін ғана жүргізген
Голощекинге «бесеудің хатынан» бұрын да аштық жөнінде ақпараттар түскен.
«Филипп Исаевич, алыс аудандардағы көшпелі қазақтар аштан қырылып жатыр. Қандай
да бір шара қолдану керек», дегендерге ол: «Ештеңе қолданудың қажеті жоқ. Бұл
ымырасыз жүріп жатқан тап күресі. Барлық халықтардың ұлы көсемі Сталин жолдас
маған бұл өлкеде тап күресін күшейтуге әдейі өзі жолдама берген», – деп құлақ
аспай, қолын немкетті сілтей салған. Тарихшы Владимир Григорьевтің 1984 жылы
жарық көрген «Избранное произведение» кітабында Голощекиннің бағына қарай
Сталиннің әлдеқандай бір тығыз шаруасы болып, Орталық Комитеттің мәжілісін
Саяси бюро мүшесі Валериян Куйбышев жүргізеді. Орталық Комитет қаулы қабылдап,
отырықшы аудандарда колхозшылардың жеке шаруашылығы үшін 2-3 қой мен 10-20
шошқа, ал мал шаруашылығы аудандардағы қазақтарға 100 қой, 8-10 сиыр, 3-5 түйе,
8-10 жылқы ұстауларына және екі жылға салықтан босатуға шешім шығарған.

1933 жылдың басында Филипп Голощекин қызметтен
босатылып, Мәскеу БК(б)П Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысына отыз алты
жасар Левон Исаевич Мирзоянды тағайындады. Жүсіпбек Арыстанов ол туралы «Естен
кетпес есімдер» кітабында «Айдынды кең маңдайы жарқыраған, бұйра шаш, кесек
тұлғалы кісі еді. Пленумда республиканың жағдайы мен болашағына тамаша талдау
жасаған хатшы, кавказ халқына тән қызу қандылық әрі большевиктік ұстамдылық
көрсетіп, қатты сөзді, кесек қимылды, рухани жағынан күшті де табанды адам
екенін аңғартқан», – деп жазады. Жаңа басшы Әзімбай Лекеровті 1933 жылдың
мамырында Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институына директор етіп
тағайындады.

Халида Лекерова: «Жазда Мәскеуден Әбілқайыр Досов пен
Нығмет Нұрмақов келді. Кешкісін біздің үйде бас қосып, елдегі аштыққа қарсы
қолданылып жатқан шаралар туралы және тағы басқа тақырыптарда әңгіме-дүкен
құрып отыр еді, түн ортасына қарай мені толғақ қысып, Әзімбай аналар босанатын
үйге алып барды. Өмірге тұңғышымыз келді. Әзімбайдың қуанышында шек болмады.
Нәрестеге Айседора деп ат қойды. Ол ақын Сергей Есениннің өлеңдерін сүйсініп
оқитын. Оның әйелі Айседора Дункан көрікті, елге танымал биші еді. Қызын соның
құрметіне осылай атады. «Біз саған құтты қонақ болдық, өмірге қызың келді», –
деп Әбілқайыр мен Нығымет Әзімбайды әзілдей құттықтады. Бұл 1933 жылдың 19
шілдесі еді».

1934 жылдың басында Әлеуметтік қамсыздандыру Халық
комиссары Абдолла Асылбеков жұмыс бабында пікір алысу үшін Лекеровпен
кездеседі. Сонда Лекеров: «Дәл қазір қазақтарға бұзау емес, сиыр беру керек.
Бұзау өсіп, қашарға айналып, сүт бергенше қазақ қырыла береді. Балаларға сүтті
қазір беретін сиыр керек, – дей келіп, ұлттық кадр мәселесіне де өз ойын ашық
айтқан. – Жергілікті қазақтарды отырықшыландырып, ұжымдастыру жұмысына тарту
бүгінде күлкі-келемежге айналып отыр. Егер бір қазақ басшылық жұмысқа
орналасуға бара қалса, оны қалайда алмаудың мыңдаған сылтаулары табыла қалады. «Байдың
баласы емес пе, алашордашыл емес пе?» дегендей тағы басқалар. Ал европалықтар
келсе, бірден қызметке алынады. Сондықтан қазақтың көп интеллигенттері іске
қолданылмайды. Сейфуллин іске таза берілген жан, бірақ қорыққан аң сияқты отыр.
Нұрмақов Қазақстаннан шет жүр. Нұрмұхамедовті де бір жерге тығып жіберді. Ол
білімі жағынан да, ой-өрісі жағынан да қай армияннан кем. Мысал үшін, Досов
неге бірінші хатшы бола алмайды? Нұрмақовты Қазақстанға қайтару керек».

Халида апа Әзімбаймен бірге болған күндерін есіне
алып: «1934 жылы Алматыдан Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Әзімбайдың
арқасында не ішем, не кием дегенім жоқ. Үстімде сол кездің сәнді киімдері
болды. Тек білімім ғана жеті кластық еді. Ол бір жолы: «Лиди, алдымызда
әлдеқандай заман болады? Жоғары оқу орнына түсіп, білім алғаның жөн», – деп
кеңес берді. Сол жылы университеттің бір жылдық дайындық курсына түсіп, келер
жылы биофактың студенті атандым. Қиын жағдай толық бітіруге мүмкіндік бермеді.
Сол жартылай білімімнің арқасында аштықтан аман қалдық. Әзімбай көпшіл болатын.
Дос-жарандарға есігіміз үнемі ашық еді. Күн аралатып, бірі келсе, бірі кетіп
жатты. Және олар қандай жандар десеңізші!.. Қазақтың бетке ұстар қаймақтары,
зиялыларының үркердей шоғыры еді ғой!.. Үлкен ғалымдар Қаныш Сәтбаев, Құдайберген
Жұбанов, Өлкелік комитеттің үгіт және мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ильяс
Қабылов, ақын-жазушылар Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин,
«Наркомфиннің» қызметкері Асқат Сейдалин, «Совнаркомның» төрағасы Ораз Исаев,
қазақ драма театрының директоры Жұмат Шанин, Халық ағарту комиссары Темірбек
Жүргенов, Ғылым комитетінің төрағасы Сейтқали Меңдешов, КСРО ҒА-ның Қазақ
филиалы төрағасының орынбасары Санжар Асфендияров, Әлеуметтік қамсыздандыру
комиссарының орынбасары Зейнулла Төреғожин. Сәкен Сейфуллин мен Асқат
Сейдалиннің бет-бітімін айтсайшы. Әйел затын бей-жай қалдырмайтын. Майлин
дөңгелек жүзді, дембелше келген кісі еді. Үнемі үштік кәстөм-шалбарын киіп
жүретін. Осылардың қай-қайсысының да интеллигентке сай жүріс-тұрысы да,
сөйлеген сөздері де, бір-бірінен ерекшеленіп тұратын. Қазақтың бұлбұлы Күләш
Байсейітова, атақты әнші Әміре Қашаубаев, әртіс Құрманбек Жандарбеков, мың
бұралған биші Шара Жиенқұлованың концерттерін тамашалап қана қойғанымыз жоқ,
бір дастарқан басында отырып, дәм-тұздас болдық. Неткен ғажап жандар еді!».

Өлкелік партия комитетінің бюросы 1934 жылдың 24
желтоқсанында «Марсизм-ленинизм классиктерінің аудармалары» жөнінде мәселе
қарап, олардың еңбектерін қазақ тілінде шығаруды Әзімбай Лекеров басқарған
институтқа тапсырған. Осыған орай Лекеров «Марксизм-ленинизм классиктерінің
аудармаларын ғылыми жолға қоямыз» атты мақала жазып, оны 1935 жылы 11 наурызда
«Социалистік Қазақстан» газетінде жариялайды. Сол жылдың 11 шілдесінде Өлкелік
партия комитетінің бюросы «Қазақ тіліне аудармалар жөнінде» қаулы қабылдап,
марксизм-ленинизм классиктерін аударушылар тізімін жасап, Лекеров, Манаев,
Ембергенов, Ысқақов, Арыстановты жауапты редакторлар, Мүсірепов, Мұқанов,
Елшібеков, Жаманқұлов, Лепесов, Кенжебаев, Сәрсеков, Жұбанов, Бектұров, Тоғжановты
штаттан тыс редакторлар етіп бекітеді. Санаулы жылдар ішінде Әзімбай Лекеровтің
редакторлығымен К.Маркстің «Коммунистік манифесі» мен «Франциядағы азамат
соғысы», К.Маркс пен Ф.Энгельстің екі томдық шығармалары, В.Лениннің толық
жинағының екі томы, И.Сталиннің таңдамалы шығармаларының бір томдығы және
Кнориннің «БК(б)П тарихы» қазақ оқырмандарына жол тартады. Ф.Энгельстің
«Социализмнің утопиядан ғылымға қарай дамуы» атты еңбегіне Лекеров алғы сөз
жаза отырып, аударманың қалың бұқараға түсінікті болуына анықтама берген.
«Аударма қандай болуы керек? Сөздің мағынасын ғана аудару керек пе, еркін
аудару керек пе немесе жазушының стилін мүмкіндігінше бұзбай дәлме-дәл аудару
керек пе? Бұл да ірі маңызды мәселе болып отыр. Біз жазушының стилін
мүмкіндігінше бұзбай дәл аудару керек дейміз. Олай болмаса, ол ғылыми аударма
болмай шығады және ғылыми шығармалардың аудармасы да болмай кетеді».

Лекеров сол жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне
«Қазақ әдебиетінің тағдыры» атты мақала жариялайды. Ол сол еңбегінде Баталов
пен Сильченконың «Очерки по казахскому фольклору и казахской литературы» деп
аталынған кітабына ғылыми тұрғыда талдау жасап, сынға да алған. Авторлардың
қазақ әдебиетінің тарихын білмегендіктен бір тарихи оқиғаны, екінші бір тарихи
оқиғаға шатастырғанын дәлелдеп, оларға алдағы уақытта қазақ әдебиеті тарихын
дәуірлерге, кезеңдерге бөліп талдауға кеңес берген. 1935 жылы әдеби орта Сәбит
Мұқановтың «Теміртас» романын талқыға салған еді. Сол жиында Әзімбай да
шығармаға байланысты тыңнан пікірлерін айтып, авторға бірнеше ескертпелер
жасайды. Бертінде сыншы Мұхамеджан Қаратаев оның сол орынды айтылған сын
ескетпелерін есіне алып, жоғары бағалағанын әдебиетшілер жақсы біледі. Ана бір
жылдары Лекеров Семейде жүргенде ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровпен жиі кездесіп
тұрған екен. Оның жалынды өлеңдерін жатқа оқыса керек. Кейіндеу әдеби журналға
«Торайғыров туралы» атты зерттеу мақаласы жарық көрді.

1934 жылы «Әдебиет майданы» жур­налының № 11-12
сандарына Лекерұлы Әзімбай деп қол қойған «Абай және оның дәуірі» атты зерттеу
мақаласы жарияланған. Ол сол кездегі қоғамдық жағдайлардың ерекшелігіне тоқтала
келіп: «…XIX-шы ғасырдың 30-40 жылдарында болған Кенесары-Наурызбай,
Исатай-Махамбет көтерілістері бұрынғы хандық, рулық, бектік, қазақ елінің
ерікті заманының ақыры, соңы «кетер аяқ, кетпен таяқ» еді. Бұлар қазақ
тарихының сол дәуірін аяқтатушы, осылармен қазақ елінің XV ғасырда тарих бетіне
шығып өз алдына ел болып, рулық, бектік, хандық жолмен келген тарихы бітеді.
Бұдан кейін жаңа заман басталады. Ол орыс патшасының толық отары болып, қазақ
өлкесіне тауар-капитал қатынастарының кең түрде кіруі.

…Леонардо да Винчи жалғыз данышпан суретші болған
жоқ. Ол данышпан математик, механик-инжернер болды. Макиавели мемлекет көсемі
тарихшы ақын және жазушы болды. Өз шамасына қарай Энгельстің өзі айтқан ірі
адамдарының сыпаттары Абайда да бар. Абай әділ ойшыл, (мыслитель) ақын, жазушы,
сыншы, композитор. Абай Бұхар жырау Махамбеттен арғы-бергі қазақ тарихындағы
болған ірі адамдардың қазақ мәдениетінің, қоғамдық ойының, білімінің түйіні
(синтезі). Өз дәуірін толық суреттеді, көрсете білді. Өз заманынан, ортасынан
оқшау шығып, дәуірінің жаманын-жақсысын, ескісін-жаңасын бәрін бойына сіңіріп,
жаңа буржуазия заманға жөн сілтеді. Бұған дәлел Абайдың шығармалары. Абайдың
кім екендігін, кімнің жыршысы екендігін, ол қай таптың кісісі, қазақ
тарихындағы оның маңызы, орны қандай, оның шығармаларынан толық көруге болады.

…Абай еңбекпен қатар ғылым үйрен, білім ал деп
үгіттейді. Бірақ, қазақ баласын ғылым үшін емес, зәкөн үйреніп тілмаш болсын
деп мектепке береді. Бұл Абайға ұнамайды, соны кекетіп мынадай өлең жазған.
«Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы. Жас өспірім, көк өрім, Бейне қолдың
саласы. «Балам зәкүн білді» деп, Қуанар ата-анасы. Ойында жоқ олардың,
Шариғатқа шаласы». Абай қазақтың оқып жүрген баласына, тілмәш, адвокат болуды
мақсат қылма, ғылым жолына түс. Орыстан, ірі данышпан адамдардан үлгі ал.
Салтыков пен Толстой боламын деп ұмтыл дейді». – Әзімбай Лекеров Абайдың
осындай бірнеше өлеңдерін талдап, оқырмандарға мәнін түсіндіріп берген. – Қазақ
әдебиетінің тарихында Абайдай өз дәуірін, өз заманын толық суреттеп, әдебиетке
түсірген кісі жоқ. Және көркем тіл, сыршылдық, өте шеберлікпен суреттеген. Өз
заманындағы қоғамда, жұртшылықты өте шеберлікпен сынайды, мінейді. Сынағанда Маркс
жолымен, тап көзқарасымен болмаса ұлы ақсақалдық дәуірінің негізімен емес,
ағартушы, идеалист болып сынайды. Абайға бұлай деп баға беруге оның өзі туралы
жазған өлеңдері, айтқан сөздері дәлел.

…Жұрттың Абай туралы бір түсіне алмай жүргені, ол
Абайды өзі туралы айтқандары. Абайдың зарлануы, жылауы, жалғызсырауы. Абай туып
келе жатқан буржуазияның идеологы болса, онда оған зарлануға орын жоқ. Себебі
буржуазия бет алып келе жатқан келешегі бар тап; ол ескіні көксейді, соның үшін
жылайды дейді. Бұлай деу мәселеге үстүрт, жеңіл қарау және бұл дұрыс емес.
Абайдың қайшылығына түсіну үшін сол уақыттағы қазақ қоғамын, жұртшылығын еске
алу керек. Ол уақыттағы қоғамда шым-шытырық, қым-қиғаш, толып жатқан қайшылық.
Бір жағынан ескі ру ақсақалдық, бектік қатынастар, екінші жағынан жаңа тауар,
сауда қатынастары, үшінші жағынан патшаның отарлау саясатынан туған партия,
талас, тартыс, өтірік арыз-шағым. Міне, осы қайшылықтардың Абайға әсері тиген.
Абай бұл ескінің толық кетіп, жаңаның бекіп орнықпаған көшпелі дәуірдің адамы
емес, келешектің кісісі…». – Лекеров осылай Абайдың басқа да жұмбақ қырларын
аша білген. Бұл қазақ әдебиетінде Абай шығармаларына жасалған алғашқы талдау.

Әзімбай Лекеров институтта марксизм-ленинизм
классиктерін аударумен, сондай-ақ әдебиет, тарих, философия тақырыбымен
айналысып қойған жоқ, Қазақстанның Одақтағы орнын белгілеу, табиғи-экономикалық
ресурстарын анықтап, елдің шикізат көзі ғана болып қалмай, сол шикізаттарды
өңдейтін өндіріс орындарын ашудың жолдары жөнінде бірнеше ғылыми мақалалар
жазды. Ол сол кезде ұлтына деген жанашырлықпен жазған осы еңбектері де санаулы
жылдардан кейін өзінің тағдырын тәлкекке салатынын білген жоқ еді.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары