Еуропа қазақтарының құрылтайы: ҚАЗАҚЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҰЛТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Еуропа қазақтарының құрылтайы: ҚАЗАҚЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҰЛТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Еуропа қазақтарының құрылтайы: ҚАЗАҚЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҰЛТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
ашық дереккөзі
280

Шара туралы егжей-тегжейлі баяндау газетіміздің келесі
санының еншісінде. Ал жалпы қиын-қыстау кезеңде шекара асқан қандастардың
Еуропадағы бірлігі қалай басталып еді? Бұл туралы Норвегиядағы Қазақ мәдени
орталығының жетекшісі Махмұт Башташ ағамыз ой бөлісті.

Еуропаға қоныс аударған қазақтарға бастапқыда жат жұртты
жерсіну қиын болды. Туған өңірге деген сағынышты басу үшін әйелдері мен
бала-шағасын, отбасыларын өздері барған жаққа көшіріп алды. 1980 жылдары қазақ
ақсақалдары мен аға буын өкілдері қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып ұмытылып
кетпесін, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ санасынан өшіріп алмайық, ұлт
жолындағы біздің тірлігіміз жастарға үлгі болсын деген игі тілекпен Қазақ
мәдени орталықтарын құрды. Мәселен Германияның Кельн қаласындағы Қазақ мәдени
орталығының іргетасын қалаған – Әбдірахман Четин мен Ғаффар Билен. Мюнхенде
Қаби мен Қайум Кесижи деген азаматтар да қазақы дәстүрлің жоғалып кетпеуіне, ұрпақтан
ұрпаққа жалғасын табуға үлес қосып жүрген белсенділер қатарында. Швециядағы
орталықты құрғандардың арасында Али Қаһарман, Абдуллах Чағатай, Женгиз Ақсақал,
Кешенай Ермис, Ахмет Баһадүр, Қадыр Макин, Қадыр Құбылай т.б. бар. Бірақ кейін
осы үрдісті Ибрахим Динчтүрік, Байрам Кесер, Меден Сербестер бар. Францияға
келсек, тұңғыш Қазақ мәдени орталығын құрғандар – Дженгиз Оруч, Шәмшидин
Отуншы, Абдурахим Динчтүрік, Абдулсамет Алтай, Ғанимет Дазухан. Сонымен қатар
Голландияда – Мевей Бодур Айдын, Данияда – Қажы Әкбар Айюби, Берлинде – Юнус
Тораман, Норвегияда – Махмұт Башташ.

Ол кезең  –
кеңестік империяның қылы­шы­нан қан тамған кезі. Орталықтың келісімінсіз, сырт
елдермен араласу, байланыс орнату әсте мүмкін емес еді. Сондықтан Түркиядан
көшкен қазақтар Қазақстан Тәуелсіздігін алғанша Түркияның ұлттық мерекелерін
тойлауға көшті. Мәселен, 1981 жылы Еуропа қазақтары алғаш рет тойлаған 23 сәуір
– балалар мерекесі, 19 мамыр – жастар күні т.б.

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін қандастарымыз
құрған мәдени орталықтар саны едәуір артты. Шалғай жерде жүрсе де, белсене
атсалысуына ҚР Президенті Н.Назарбаевтың егемендіктен кейін шет елдерді аралап,
ондағы қандастарымыздың хал-жағдайын сұрастырып, жеке-жеке кездесуі жат
жұрттағы бауырларымызға кәдімгідей дем берген. 1992 жылы Данияда өткен Еуропа
Қазақтары құрылтайынан кейін 80-жылдары құрылған Қазақ мәдени орталықтарының
қатарына тағы бірнеше ұйым қосылды. Шекарамыз ашылған бетте Атажұртты аңсап
жететін ағайын көбейді. Арадағы байланысты нығайтуда Дүниежүзі қазақтары
қауымдастығы үлкен рөл атқарды. Бұл орайда норвегиялық қандасымыз махмұт Башташ
мырза: «Әсіресе, Қауымдастық төралқасы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек
Найманбаев ағамыздың орны бөлек. Ол кісінің сіңірген еңбегі орасан зор», –
дейді.

Қазақстанның Тәуелсіздік туын желбіретуі шеттегі
қандастарымыздың бойындағы Туған жерге деген патриоттық сезімін күшейте түскені
анық. Әрі қазақтардың арасындағы береке мен бірлік, ынтымақ та арта түсті. 2001
жылы Қалдарбек Найманбайдың қолдауымен, кельндік қандастардың белсендісі
Әбдірахман Четин бастаған кельндік қандастар кең көлемдегі басқосу өткізуге бел
байлайды. Осылайша, Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы 2002 жылы Германияның
Кельн қаласында өтті. Құрылтайға жиналғандар өзара танысып, білісіп, тіпті,
15-20 жыл кездеспей кеткен ескі таныстар шұрқұраса көрісіп, арқа-жарқа
болысқан. Сол жиналыста ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Құрылтайға қатысушыларға
арнайы жолдаған ресми хаты оқылды.

Екінші Құрылтай Швецияның Весторос қаласында өтті.
Кельндегі кездесуде көкірекке біраз жайтты түйіп қайтқан қазақтар Вестеростағы
басқосуға өте көп жиналды. Бұл Құрылтайдың алғашқысынан ерекшелігі сол, мұнда
қазақы ән-биден концерт қойылып, футболдан жарыс өткізілді және Нұрсұлтан
Әбішұлының құттықтау хаты оқылды. Махмұт Башташ ағамыздың айтуынша, шет
елдердегі қазақтарға дем беретін азаматтар көп: «Солардың бірі – кезінде
Ұлыбританиядағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі міндетін атқарған
Ерлан Ыдырысов мырза. Ол кісінің Швеция мен Англиядағы қазақтарға көп көмек
көрсеткенін естен шығармау керек».

Бұған дейін «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» деген
қиын заманда жан-жаққа шашырап кеткен қазақтар енді бір-бірімен етене араласып,
оның соңы бір-бірімен құда түсуге ұласты. Айтпақшы, жуырда ғана Париждегі бір
қандасымыздың ұлы Швеция­дан келін әкелді. Шашу шашып, келіннің бетін ашып,
«Қара жорға» мен «Қызыл өрікке» билеген қандастарымыздың тойы Қазақстанда
өткендей әсер қалдырғаны жасырын емес.

«Швециядағы қазақтар алғаш рет Федерация құру туралы
бастама көтергенде 10 Қазақ мәдени орталығының өкілдері бірауыздан қабыл алды.
Құрылтай барысында Берлин (Юнус бей Тораман), Кельн (Әбдірахман Четин), Мюнхен
(Алихан Жаналтай), Франция (Женгиз Оруч), Голландия (Мевей Бодур), Дания (Қажы
Әкбар Айюби), Англия (Исмаил Кесижі), Австрия (Әкбар Қыран), Швеция (Ибрахим
Динчтүрік), Норвегиядағы (Махмұт Башташ) Қазақ мәдени қоғамының басшылары
Федерация құру туралы меморандумға қол қойды. Бүгінде Федерацияға қазақы
салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдени және рухани мәселелерге қатысты шараларды жиі
ұйымдастырады. Бұл бабадан балаға мұра болған ұлттық мұраның саналардан
өшпеуіне сеп.

 

Серіктес жаңалықтары