Ұйқыдан оянып, сілкініс жасайтын сәт туды
Ұйқыдан оянып, сілкініс жасайтын сәт туды
Елбасымыздың Білім және ғылым министрлігінің білім саласындағы бақылау
Комитетінің аумақтық органдарын құру туралы 2011 жылы Үкіметтің алдына қойған
міндетінен кейін қазіргі кезде еліміздің білім беру мекемелерінің соңғы үш оқу
жылындағы жұмысының нәтижесі шын мәнісінде жан-жақты тексеріліп, сараланып,
тиісті бағасын алып жатқандығы қоғамда үлкен сілкініс туғызып жатқандығы менің
қолыма қалам алып, осы мақаланы жазуыма себепкер болды.
Мен бұрынғы кеңестік дәуірдегі білім беру жүйесіне еңбегім сіңіп,
зейнеткерлік жасымды абыроймен атқарып жатқан қарт ардагер ұстазбын. Бір
танысым келін түсіріп, соның беташар тойына барып отырған жерімде мен осы
Елбасының арнайы тапсырмасымен облысымызда құрылған білім саласындағы бақылау департаментінің
бұрынғы еңбек еткен мектебімізге келіп, тексеріп кеткен жұмысының қызу
талқыланғанының куәсі болдым.
Әңгімеге құлақ түріп, жақынырақ сұрастырсам, бақылау департаментінен
келген комиссия мүшелері мектепте орын алып отырған кемшіліктерді нақты
атап-атап көрсетіп, өз ісіне немқұрайлы қараған мектеп директорының тиісті
орынбасарларының кемшіліктерін бүкіл педагогикалық ұжымның алдында ашық түрде
айтып, қатаң сынға алып, лауазымдық жауапкершілігін қарау туралы айтқан
көрінеді.
«Комиссия келеді» десе, үркіп тұратын қарапайым мұғалім байғұстар мұндай
«әділ» сынды қайдан күтсін. Бұған дейінгі келіп, кетіп жүретін комиссияның
мектеп басшысы мен оның орынбасарларына «шүйліккенін» шын көздерімен көргендері
осы болса…
Қаншама жыл мектеп әкімшілігінің құрамында басшылық қызметке «жайлы
креслоға» жайланып алған дүрдей-дүрдей мектеп директорының орынбасарларының
кемшілігін мұғалімдер қайдан бетіне басып айта алсын… Міне, мектеп ұжымы
осыған шын көңілден риза болып, білімде бір сілкіністің басталғанын бас шұлғи
отырып, мойындап отырды. Осы оқиғадан кейін мен қарт ұстаз ретінде осы
«бақылаудың» жұмысына қатысты мәселелерге елеңдеп отыратын болдым.
Бізде бір жақсы іс басталса, соны күндеп қаралауға дайын тұрамыз, бұл
жаман әдеттің бойымызға жақын екендігі жасырын емес. Бұл ойды қозғап отырғаным,
соңғы кезде облысымыздағы білім басқармасы мен аумақтық бақылау департаментін
екі қошқарға теңеп, екеуін сүзістіруге ниеттенген жандардың қарасы көбейіп
барады.
Егер біз мектепке адасып келіп қалған сапасыз мұғалімдерден, мектеп
басшыларынан айырылғымыз келмей, өз қоғамымызда өзіміз шіри бергенімізді
қалайтын болсақ, баспасөз беттеріндегі осындай бақылау департаментінің атына
босқа қара күйе жаққысы келетін ағайындардың бұл әрекетін болашақ үшін ниет
еткен Елбасының ұлы мақсатына балта шабу деп білемін. Одан басқа бұл тірлікке
анықтама жоқ.
Осыған дейін бармақ басты, көз қыстымен білім саласының сапасына өтірік
ақпар беріп, білімді сатып алуға бейім тұратын жас ұрпақты өсірдік…
Басқа ешбір мамандық адамға дәл мұғалімге қойылатындай талаптар
қоймайды. Педагогтің қызметін бағалау да өте қиын. Оның сапасын сызғышпен
өлшеп, әрбір мысқалына дейін таразыға тартатын да дүние емес. Сондықтан да
білім саласындағы ақсап жатқан тұстарымызды түзетуге мүмкіндік туғызып жатқан
жаңа құрылымға ел болып қолдау көрсетіп, олқылыққа жол беріп, талапқа сай жұмыс
істей алмай отырған білім мекемелеріне ұйқыдан оянып, сілкініс жасайтын сәт
туды деген пікірімді айтқым келеді.
Әсия НҰРТАЕВА,
Шымкент қаласының тұрғыны