ШЕНЕУНІКТІ ҚАЖЫТҚАН – ҚУ НАРЫҚТЫҢ ТЕПКІНІ

ШЕНЕУНІКТІ ҚАЖЫТҚАН – ҚУ НАРЫҚТЫҢ ТЕПКІНІ

ШЕНЕУНІКТІ ҚАЖЫТҚАН – ҚУ НАРЫҚТЫҢ ТЕПКІНІ
ашық дереккөзі
163

 Бұл бағдарлама қабылданғалы бері ел
ішінде 537 жаңа өндіріс орны ашылған екен. Былтыр бұл өндіріс орындары
913,4 млрд. теңгеге өнім шығарған. Оның ішінде 142 жаңа өнім түрі бар.
2012 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша былтыр ЖІӨ
5 пайызға өскені айтылған еді. Оның 1,3 пайызы Индустриалды карталарға
енгізілген осы жаңа өндіріс орындарының үлесінде. Үдемелі
индустриялық-инновациялық бағдарламаның бүгінгі таңда ауыз толтырып
айтарлықтай бір жетістігі осы шығар.

Бірақ елдегі өндіріс саласын жолға қоюға
кедергі келтіретін түйткілді мәселелер де баршылық. Әсет Исекешевтің
түрлі есеп-қисап, графика-кестелермен безендірілген слайдты баяндамасы
қаншалықты мазмұнды болғанымен, премьер-министрмен екеуара диалог
үстінде кейбір өндіріс орындарының жабылып жатқаны, жұмыс істеп
жатқандарының өзі өндіріс қуатын толық орындамайтындығы белгілі болды.
Министр қазір АҚШ пен Еуропада кәсіпорындардың жабылып, тұтас салалардың
тұралап қалуын алға тартып, ақталды. Оның айтуынша, Үкімет қолынан
келгенінің бәрін жасап отыр, бірақ нарықта туындайтын кей мәселелер
шенеуніктің шама-шарқынан тыс…
Премьер-министр Серік Ахметов:
– Шындығында, біз Үдемелі индус­триялық-инновациялық бағдарламаны
жүзе­ге асыруға қажетті құжаттарды да­йындауды толықтай аяқтадық. 23
салалық, 16 өңірлерді дамыту, 9 функционалды бағдарлама қабылданды.
Арнайы 3 заң дайындалып, іске қосылды. Бұған қоса 50 шақты заңға
өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Оның үстіне, Елбасының жіті
қадағалауындағы тағы екі маңызды құжат бар: Республикалық және Аймақтық
индустрияландыру карталары. Енді Министрлік, Үкімет осындай үлкен
ауқымдағы құжаттардың жүзеге асырылу барысын қалай қадағалауы тиіс?
Орындалуы бойынша жауапкершілік жүгі қандай? Бұған дейін де айтып жүрміз
ғой, Индустрия­ландыру картасы аясында ашылып, өзінің өндіріс қуатын
жүзеге асыра алмай, тіпті жабылып қалып жатқан нысандар бар? – деген
сауал қойды.
Премьер-министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар
министрі Әсет Исекешев:
– 2012 жыл бойынша бақылау жүйесі жолға қойылды… Біз 537 нысанның
бәрін қадағалап отырмыз, білеміз. Ал түйткіл болып тұрған 19 нысан
бар-жоғы 3,5 пайызды құрайды. Біз мұны қалыпты көрсеткіш деп санаймыз…
Субъективті мәселелерден басқа нарық мәселесі бар. Нарықтың аясы
тарылды. Көршілес нарықтардағы ахуал да жеңіл тиіп тұрған жоқ. Еуропада
көп кәсіпорындар банкрот болып, жабылып жатқанын көріп отырмыз…
Сондықтан өндіріс қуатын толық орындамауы дағдарыс кезінде аса мән
беретін мәселе емес деп ойлаймын, ең әуелі кәсіпорынның бәсекеге
қабілетті моделі қалыптасуы тиіс. Сондықтан кейбір кәсіпорындар өндіріс
қуатының 20-30 пайыз деңгейінде жұмыс істеп жатыр, бірақ олар болашақта,
нарықтағы жағдай түзелген кезде өндіріс қуатының 50 пайызын орындауға
да­йын. Облыс әкімдерінің осы бағдарламалар бо­йынша арнайы
орынбасарлары тағайындалған болатын. Олар өндірісте іске қосылған әрбір
кәсіпорынның, әрбір жобаның мән-жайын жақсы біледі. Кейбір түйткілді
мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Бірақ нарық мәселесі шенеуніктің
шама-шарқынан тыс, – деп бір-ақ қайырды.
Экономика дамуының сапалық көрсеткі­шінің бірі – еңбек өнімділігі. Қазір

 style=

ауылшаруа­шылығында өнімділік деңгейі елу пайызға арты. Бірақ
ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков Үкіметтің, оның ішінде өзі
басқарып отырған министрліктің бұған қосқан үлесі шамалы екенін ашық
мойындады. Министрдің айтуынша: «Нарықтағы еңбек өнімділігін арттырудың
басты құрал­дары «Ауылшаруашылық бизнесі 2020» бағдарламасында енді ғана
қарастырылған. «Шындығында, ол әлі басталған да жоқ. Лизингтік,
инвестициялық субсидиялар, өңдеуге қатысты ғана емес басқа да салалар
бойынша пайыздық үстеме бойынша, несиелік тәуекелді азайтуға бағытталған
сақтандыру шығындарына субсидия бөлу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға
болады», – деді ол. Әзірге министрлік осы механизмді іске қосатын
Парламентте жатқан бір бума құжаттардың қабылдануын күтіп отыр.
Премьер-министр ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі көрсеткішін екі
есеге арттыру керектігін айтса да, келесі жылға дейін бұл салада жаңалық
болуы екіталай.
Президент бұл Үкіметке тұрақты экономи­калық өсімді қамтамасыз етуді
тапсырған болатын. Қазіргі Кабинет білікті экономистерге кенде емес:
Бақытжан Сағынтаев, Қайрат Келімбетов, Болат Жәмішев, Сауат Мыңбаев…
Олардың барлығы дерлік соңғы жылдары билік жүйесінде лауазымды қызмет
атқарып келе жатыр. Ендеше, олардың елдің экономикалық ахуалын бес
саусағындай білетін кезі болды.

Алайда Қазақстанда өндірісті дамыту неліктен кенже қалғаны
түсініксіз.
Өткен аптада экономика және бюд­жетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев
тұрақты макроэкономикалық ахуалдың ықпалымен ұлттық экономикада алға
ілгерілеушілік бар екенін айтты. Әлбетте, министр түсті металдар, жеңіл
өнеркәсіп, химия, машина жасау, сусындар шығару т.б. салалардағы өндіріс
көлемінің арт­қа­нын айтып, жалпы экономикалық ахуал­дың жақсарғанын
дәлелдеуге тырысты. Бірақ жалпы алғанда, республикадағы өнеркәсіптік
өндіріс көлемі 1,9 пайыз ғана өскені көп нәрседен хабар берсе керек.
Оның үстіне, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында
өнеркәсіптік өнім өндіру деңгейі бұл көрсеткіштен де төмен.
Ерболат Досаев алға тартқан тағы бір дерек – елде тұтынушылық сұраныс
арта түскен. Жыл басынан бері бөлшек сауда-саттық көлемі 12,5 пайызға
артыпты. Мұндай құбылыс елдің барлық аймақтарында байқалады. Ел ішінде
алып-сату ісі қайта жандана бастағаны тұрмыстың түзеле бастағанының
дәлелі бола ма? Әлде шетелдік тауарларды сатып алып, үйді
керекті-керексіз жиһазға толтырудан туындаған бәсеке экономикаға
қаншалықты тұрақты өсім бермек?

Жалпылай алғанда, ресми статистикалық көрсеткіштер қарапайым
халықтың тұрмы­сы жақсарғанын білдіре алмаса керек. Өйтке­ні сандарды
сауатты қолдана білген адам олардан өзіне қажетті дәйек құрап шығатыны
бесенеден белгілі. Әйтсе де, премьер-министрдің бірінші тоқсандағы
эконо­ми­каның дамуына оң баға беріп, бұдан әрі даму қарқынын күшейту
үшін экономиканы диверсификациялау мәселесіне айрықша мән беруді талап
еткені көңіл жұбатады.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге
асырудың бірінші бесжылдығы әлі аяқталған жоқ, ал екінші бесжылдығына
даярлық басталды. Үкімет әлемдік экономиканың даму қарқынындағы
өзгерістерді ескеріп, кластерлік экономика туралы тұжырымдама дайындауға
кірісіп те кетті.



Сөзбе-сөз

«…АЙЛЫҒЫ 300 000 ТЕҢГЕ»

Премьер-министр Серік Ахметов:
– Жұмыс берушілердің кадр дайындаудағы жауапкершілігі қайда? Біз
Құрылысшылар қауымдастығымен сөйлестік. Олар құрылысшылар, машина
жасаушылар оқытатын орталық ашуға дайын… Бүгінде жақсы құрылысшы табу
қиын. Қараңызшы, Астанада бүгінде сварщиктің айлығы аз дегенде 300 000
теңге. Бірақ жақсы сварщик жоқ!

«ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙГЕ АПАРАТЫН ЖОЛ»

Премьер-министрдің орынбасары Қайрат
Келімбетов:
– Ғаламдық қаржылық дағдарысты, біздегі банк саласындағы күрделі ахуалды
ескере отырып, ең үлкен, озық әрі ауқымды жобаларды қаржыландыру ісі
мемлекетке де қатысты… Оның ішінде тікелей шетелдік инвестицияларды
қалай тартамыз деген мәселені де ойластыру керек. Барша әлемді дағдарыс
шарпыды. Инвесторлар қазір тұрақты, әлдеқайда тыныш нарықтарға қаржы
салғанды тәуір көреді. Бұл орайда біз Қазақстанда жұмыс істеу кімдерге
тиімді, соларды шақыруымыз керек. Меніңше, Қазақстанда жұмыс істеудің
(инвесторлар үшін – ред.) тартымды екі себебі бар: біріншіден, тез дамып
келе жатқан Қытай нарығына өту мүмкіндігі, екіншіден Кеден одағы
елдерінің нарығына апаратын жол.
«БӘРІ ҚҰР СӨЗ ҒАНА»

Ауылшаруашылық
министрі Асылжан Мамытбеков:
– …Әзірге тек күтіп отырмыз. Қажетті құжаттар пакеті Парламентте
жатыр. Ол құжаттар қабылданғаннан кейін 2014 жылы ғана тиісті қаржыны
бөле аламыз. Оған дейін бәрі құр сөз ғана… Қазір «ҚазАгро» 15-20 млрд.
теңгеге ғана несие бере алады. Онда да тек техникамен жарақтандыруға
қатысты. Ал саланың несиелік мұқтаждығы 200 млрд. теңге. Қазіргі
несиелендіру деңгейі ахуалды жақсарта алмайды. Нарықтық құралдар арқылы
қаржыландыруға жол ашу керек.

Гүлбиғаш Омар, Астана

Серіктес жаңалықтары