Орталық музейді Алматы әкімшілігі иеленсе ертеңі не болмақ?

Орталық музейді Алматы әкімшілігі иеленсе ертеңі не болмақ?

Орталық музейді Алматы әкімшілігі иеленсе ертеңі не болмақ?
ашық дереккөзі
974

Осыдан бірер апта бұрын газетіміздің электронды поштасына Алматы қаласының тұрғынынан болмысы бөлек хат келіп түсті. газетке мұңын шағып, жанайқайын көптің құлағына жеткізуді өтінетін хаттар легі толастаған емес. Бірақ мұның ерекшелігі сол, көптің шағымын жеткізген хат иесі жалаң сөзбен аттан салмай құжаттарды сөйлеткен. Аса ұқыптылықпен қатталған қағаздар осыдан 3 жыл бұрын қаланың меншігіне өтіп кете жаздаған Алматыдағы Орталық музейдің күмәнді келешегі хақында. 2012 жылы ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке хат жазып, еліміздің маң­дайалды музейін қаланың коммуналдық мен­шігіне беруді сұраған Алматы әкімі Ахметжан Есімов қызмет ауыстырардан дәл 10 күн бұрын Астанаға дәл сондай сарында тағы бір хат жолдағаны бел­гілі болды. Ескі жараның аузын тыр­нап, алматылықтарды, тарих жана­шырларын алаңдатқан да сол хат. Бір адам­ның мәселесі емес, тұтас бір елдің шежі­ресінен сыр шертетін шаңырақ ханта­ла­пайға түскелі тұрғанда біз де бейжай қарай алмадық. Қолда бар деректерді салмақтап, көптің таразысына салғанды құп көрдік.

 Қайта маздаған дау

Орталық музейді республикалық мәртебесінен айырып, қала меншігіне беруді сұраған ең алғашқы хатты Есімов мырза Үкімет басшысына 2013 жылдың 10 мамырында жазыпты. Астанада еліміздің көне ғасырлардан бүгінгі күнге дейінгі тағылымды тарихын толыққанды суреттейтін музей ашуға дайындық жүріп жатқанын алға тартқан әкім Орталық Мемлекеттік музейді Алматы қарамағына беру қисынды екенін дәлелдеп баққан. Хаттың мазмұнына сүйенсек, бұл музей елдің тарихын хронологиялық тұрғыдан жүйелі әрі толық бейнелей алмайтын кө­рі­неді және экспонаттарының көбі негізінен Жетісудың тыныс-тірші­лі­гін танытуға басымдық беріпті. Сон­дықтан да Үкімет қара шаңырақтың музей­лік қоры мен ғимараттарын қала әкім­шілігінің құзырына табыстауы керек екен. Ахметжан Смағұлұлының қолы қойылып, мөрі басылған хат Президенттің ведомстволық бағыныстағы өнер мекемелерін жергілікті басқару органдарына беру туралы тапсырма бергенін де Премьер-министрдің қаперіне салуды ұмытпаған.

Қала әкімшілігінің музейді өз мен­шігіне алудағы мақсаты – оны көпфун­к­ция­лы мәдени орталыққа айналдыру. Әкім мұра­жайдың өзін ғана емес, оны күтіп-баптау, қызметкерлердің жалақысын беру үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттерді де сұраған. Яғни, музей сан салалы мәдени орталыққа айналып, өз қолы аузына жеткенше мемлекет оның бар шығындарын көтеруі тиіс. Әні, күйі мен биі араласып, оған сауда-саттығы жағаласатын болса, мұражай «сегіз қырлы, бір сырлы» орталықтың бір бұрышында елеусіз қалып, жәдігерлері жетімнің күйін кешпей ме деген күдікті ой сол уақыттан бастап көптің көкейіне тыным бермей келеді.

Хатпен танысып шыққан соң Үкімет басшысы сол кездегі Мәдениет және ақпарат, Қаржы, Экономикалық даму және сауда министрлеріне осы мәселені өзара ақылдасып, келісілген ұсыныс енгізуді тапсырған. Б.Сағынтаев пен Б.Жәмішев басқаратын министрліктер Орталық Музейді республикалық деңгейден жергілікті деңгейге өткізу ҚР заңнамасына қайшылық туғызбайтынын, бірақ бұл мәселені шешу өз құзыреттеріне кірмейтінін айтады: «Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің №1148 қаулысына сәйкес, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік реттеуді, сондай-ақ заңнамада көрсетілген шеңберде мәдениет саласында салааралық үйлес­тіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқару органы болып табылатындықтан, қарастырылып отырған мәселені шешу Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіне жатады деп есептейміз». Соңғы сөз Мәдениет және ақпарат министрлігіне берілгенін естіген Алматы әкімшілігі сол кездегі министр Дархан Мыңбайға хат жазып, қолдарын қайтармауды өтінген. Алайда ведомство басшысы Орталық мемлекеттік музейдің мүліктік кешенін республикалық меншікте қалдыруға барын салады. Мұражайдың жеткен жетістіктерін санамалап, халықаралық байланыс саласындағы табыстарын жіпке тізген министр оның өрісін тарылтуға қарсы екенін Кәрім Мәсімовке жазған хатында айқын аңғартқан. Премьер-министр үш министрліктің уәжін қорыта келе, музейді Алматының коммуналдық меншігіне беру мәселесін Астанадағы ұлттық музей толық іске қосылған соң ғана қарастыру туралы шешім қабылдаған.

Есімов мырза асыға күткен елорда­да­ғы Ұлттық музейдің ашылуы 2014 жылы 4 шілдеде өтті. Бұл музейдің аз уақытта аяғынан тік тұрып, еңсесін тіктеп үлгергеніне басқадан бұрын қуанған да − Алматы билігі. Орталық музейді өз қолына алатын уақыт келді деген болуы керек, осы жылдың 28 шілдесінде Ахметжан Смағұлұлы Үкімет басшысына тағы да хат жазған. Осыдан үш жыл бұрын жолдаған хатын мазмұндап, сол кездегі Мәдениет және ақпарат, Қаржы, Экономикалық даму және сауда министрліктері қалай жауап бергенін есіне салған. «Елбасының жергілікті билік органдарына бағыныстағы мәдени мекемелерді беру жөніндегі тапсырмасын негізге ала отырып, Сізден ҚР Орталық мемлекеттік музейінің ғимараты мен мұражай қорын Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беруді сұраймын» деп баяғы бұйымтайын қайтадан қағазға түсіре қойған.

Премьер-министр 2015 жылы 4 тамызда ҚР Мәдениет және спорт, Қаржы, Ұлттық экономика министрлігіне және Алматы қаласының әкімдігіне осы мәселені бірлесе отырып қарауға және келісілген ұсыныс енгізуге тапсырма берген. Бірақ соңғы апталарда ел ішін қарбаласқа түсірген нарық түйткілдерін шешуге ден қойған Бақыт Сұлтанов пен Ерболат Досаев басқаратын ведомстволар және негізгі назарын Қазақ хандығының 550 жылдығына тойлау шараларына бағыттаған Арыстанбек Мұхамедиұлының министрлігі өзара кеңесіп үлгермеген сияқты. Үкімет басшысы үш министрліктің ортақ шешіміне құлақ аспақ. Шешуші сөз бұл жолы да Мәдениет және спорт министрлігіне берілетінін ішіміз сезеді. Бірақ Арыстанбек Мұхамедиұлының бұл мәселеге қатысты ұстанымын білмегендіктен, мұражайдың болашағына қатысты болжам айту негізсіз. Оның үстіне, шаһардың жаңа басшысы Бауыржан Байбек Ахметжан Есімов бастаған істі одан әрі ілгерілете ме, жоқ па – ол да беймәлім.

Тарихы тағылымды, келешегі күңгірт

Тарихты ақтарсаңыз, бейбіт заманда әлемнің ешбір елінде музейдің бұзылғаны, яки мәртебесінің төмендегені туралы дерек таппайсыз. Мұражайлардың шырқы тек соғыстар мен төңкерістер кезінде ғана бұзылған. Тіпті, соғыс өрті тұтанған жағдайда да музей жәді­гер­лерін сақтап қалу үшін басқа жерге көшіріп, бейбітшілік орнағанда қайта жаңғыртылғанына тағылымды тарих куә.

Өркениетті елдерде музейді жою вандализм боп саналады. Мәселен, Мысыр мен Ирактағы мұражайларды бүлдіріп, жәдігерлерін аяққа таптап жатқандардың ісіне жиіркенішпен қарап, жазғырғандардың қарасы қалың. Өйткені музей – тарих, халықтың көне замандардан бүгінгі күнге дейінгі кескін-келбеті. Әсіресе, қазақ үшін оның қасиеті ерек. Біздің халық музейді өткенмен, бабалар рухымен тілдесетін орын деп қастерлейді. Мәдени тамырынан ажырағысы келмейтін, ұрпағының мәңгүрт болғанын қаламайтын бүгінгі қазақ музейін қолқа салғанның бәріне үлестіре салмауы тиіс біз білсек. Оның үстіне, бұл көп музейдің бірі емес. ҚР Мемлекеттік орталық музейі елімізде ғана емес, бүкіл Орта Азия аумағындағы бірегей әрі көне музейлердің сапында. Оның қоры 300 мыңға жуық материалдық және рухани мәдениет құндылықтарынан тұрады. Қазіргі таңда музейде түрлі сипаттарға ие коллекциялар палеонтология жайлы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның ежелгі заманынан, орта ғасырдан және қазіргі кезеңге дейінгі тарихынан толық мағлұмат беретін жеті экспозициялық зал жұмыс істейді.

Орталық музейдің тарихы ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Алғашында Орынбордағы Неплюев әскери училищесінде «Орынбор өлкесіндегі Музеум» деген атпен құрылған мұражайдың ұйымдастырушылардың арасында белгілі тіл маманы, «Орыс тілі түсіндірмелі сөздігінің» авторы Владимир Даль де бар. 1921 жылы мұражай Қазақ Халық ағарту комиссариатының қарамағына алынып, «Қазақ өлкесінің орталық өлкетану музейі» деп аталды. 1924 жылы Ресей, Қазақстан және Орта Азия аумағының шекараларын межелеу кезінде ондағы экспонаттардың үштен бір бөлігі Орынбор округтік музейінің, үштен екі бөлігі Қазақ өлкесінің орталық музейіне бөлініп берілді. 1929 жылы мамыр айында мұражай Орынбордан Қазақстанның жаңа астанасы − Алматы қаласына көшіріліп, П.Зенковтың жобасымен салынған Кафедралды собор ғимаратына орналасты. Сол кезде оған Жетісу облыстық музейінің қоры, 1941 жылы республикалық атеизм музейінің қоры қосылып, 1944 жылдан бастап «Қазақстанның мемлекеттік орталық музейі» деп аталды.

Бұл музейде қазақ арыстарының талайының маңдай тері төгілді, олар көнеден қалған мұраны кейінгі ұрпаққа шашау шығармай жеткізуді мақсұт етті. Музейдің жәдігерлер қорын жинақтау жолында Алаш арысы А.Байтұрсынұлы бастаған Г.Хлудов, Ә.Жиреншин, А.Бол­коев, Ю.Домбровский, Ә.Марғұлан, К.Ақы­шев, М.Мұқанов, Х.Арғынбаев сынды қазақтың біртуар ұлдары жан аямай еңбектенді. Бүгінгі таңда тек қана Алматының ғана емес, респуб­ли­камыздың мақтанышына айналған еңселі орда – сол еңбектің жемісі. Қазақстандықтар музей жәдігерлері арқылы өткенінен ой түйіп, өзінің тарихынан тағылым алады, алыс-жақын шетелден келген қонақтарға «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсетеді.

Орталық музей жыл сайын 130 мыңға жуық адам қабылдайды, 100-ден аса лекция өткізеді. 30-дан аса көрмелер ұйымдастырып, халық арасында танымал іс-шаралар мен түрлі мәдени білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. 10 жылдан бері «Музей түні» деген атпен қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық есік күнін өткізіп жүрген мұражай еліміздің үлкенді-кішілі музейлеріне үлгі болып, оның бұл бастамасын жалғастырушылардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Орталық музейге келушілердің саны Санкт-Петербургтегі өзімен деңгейлес Ресей этнографиялық музейінің көрсеткішімен шамалас. Санкт-Петербургтың тұрғындары мен туристер легі Алматыдан 3 есе көп екенін ескерсек, қалай мақтансақ та жарасады.

Соңғы он жылдықта ҚР Мемлекеттік орталық музейі белгілі этнолог-ғалым Нұрсан Әлімбайдың басшылығымен арнайы ғылыми-зерттеу және мәдени білім беру институтының негізінде қайта жасақталды. Музей жаңа функционалды-құрылымдық тұрпатқа ие болды, ғылыми орталықтар жаңадан құрылды. 2005 жылы мұражай мәдени білім беру мен ғылыми-зерттеулер жүргізуде жаңа күшке ие ғылыми-зерттеу орталығы деген статусқа ие болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық бағдарламасы аясында Орталық музейде 21 ғылыми-қолданбалы жоба жасалды. Нәтижесінде 6 монография, 9 ғылыми каталог, 5 том этнографиялық энциклопедия, 6 ғылыми жинақ, 5 дерек пен мұрағат материалдарының жинағы, 2 оқу құралы, сондай-ақ, мыңдаған ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалар жарық көрді. Олардың бәрі де тек Республиканың ғылыми қоғамымен шектеліп қоймай, Франция, Италия, Германия, Ресей сынды мемлекеттердің ғылыми қоғамында мамандардың тарапынан жоғарғы бағаға ие болғанын айтпай кетуге болмас.

Музейдің халықаралық байланыс­тары – өз алдына жеке әңгіме. Париж­дегі ГИМЭ, яғни Шығыс өнері музейі, Бохумдағы Герман тау­кен ісі музейі, Вашингтондағы Смитсониан институтының Фриер-Саклер галереясы, Қытайдағы әйгілі Сиань музейі, Санкт-Петер­бургтегі Эрмитаж, Кунтскамера, Ресей этнографиялық музейі, Корей, Венгр, Чехия, Моңғолия, Малайзия ұлт­тық музейлері сияқты іргелі музейлермен тығыз ынтымақтастық орнатқан мұражай республикалық мәртебесінен айрылып, қалалық деңгейге түсер болса, әріптестері теріс айналмай ма деген күдік көлбеңдегелі көп болды. Мәселенің мән-жайына тереңірек бойлап, көкейдегі көп сауалға жауап алу үшін музей басшылығымен тілдесуді жөн көрдік.

Есіл еңбек далаға кетпек...

1440417786_port-kakabaevҚР Мемлекеттік орталық музейі дирек­торының бірінші орынбасары Бейбіт­қали Қақабаев қала меншігіне өткен жағдайда музей қандай келең­сіздіктермен бетпе-бет келуі мүмкін екенін айтып берді.

− Бейбітқали Смағұлұлы, Орта­лық музейге үш жылдан кейін қай­та төнген қатермен күресу үшін қала­лықтар барын салуда. Анонимді хат­тар ақпарат құралдарының бәріне жол­данған деп естідік. Көптің қолдауы музейді құтқара алады деп ойлайсыз ба?

– Музейдің ертеңі қандай болатынын ешкім кесіп айта алмайды. Қарапайым халық тұрмақ, мұражайдың әкімшілігінде отырған біздің өзіміз мәселенің қалай шешілерін болжай алмаймыз. Бізбен ақылдасып жатқан ешкім жоқ. Алматы мен Астананың арасында толассыз ағылып жатқан хаттармен де БАҚ арқылы таныстық. Алматы әкімдігі ұсынып отырған мәдени орталықтың концепциясын жасау үшін шетелден мамандар шақыртылған көрінеді. Олар музейді көзбен көріп, жоба-жоспарын жасап кетіпті деп естідік. Туристердің бірі ретінде билет алып, елеусіз кірген болуы керек. Музей басшылығына ешкім ештеңе ескерткен жоқ. Біздің пікірімізбен санасып қайтсін?

Үш министрлік бірлесіп, санаулы күннен соң музейдің мәртебесі туралы ұсыныс әзірлеуі тиіс. Үкіметтің шешімін күтіп отырмыз. Бір білетініміз қаланың меншігіне өтер болсақ, осы күнге дейінгі жиған-тергеніміз, айтулы ғалымдардың есіл еңбегі далаға кетеді. Көпфункциялы орталыққа айналдыру идеясының астарында музейді құрдымға жіберуден басқа дәнеңе де жоқ.

– Құрдымға жіберу деген сөзіңізді тарқатып айтсаңыз...

– Музейдің мәртебесін төмендету, көзін жою ешқандай елдің тәжірибесінде болмаған. Форс-мажор оқиғалары болмаса, мұражайға, оның жәдігерлеріне ешкім нұқсан келтірмейді. Өйткені кез келген елді дүкендерінен бөлек тек музейлері арқылы есте сақтауға болады. Мұражай – елдің тарихи, мәдени құндылықтарын сақтаушы идеологиялық институт. Еліміздегі өзге музейлер бір төбе болса, Орталық музей бір төбе. Біз ғылыми зерттеулерге, ағартушылыққа басымдық беріп отырмыз. Парижде, АҚШ-та көрме ұйымдастырдық, 10-нан астам ғылыми еңбек жарық көрді. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық энциклопедия шығардық. Республикалық мәртебеміз болмаса, мұның бірін де жасай алмас едік. Өйткені жұмыс процесі кезінде шетелдің көптеген музейлерімен байланыс орнату қажеттілігі туды. Олар біздің затымыздан бұрын атымызға, атағымызға қарайтыны белгілі. Қалалық деңгейдегі музей болсақ, бірлесіп жұмыс істеуге құлық таныта қоюы екіталай. Мұражай Алматы әкімдігінің қарамағына өтіп, көпфункциялы мәдени орталық ретінде қайта құрылымданар болса, осы уақытқа дейін жасалған дүниелердің құны көк тиын болып қалады. Қала билігінің жоспары бойынша музейдің келбеті, қызмет аясы қазіргіге ұқсамайтын басқа арнаға түспек. Қаншама жылдан бері осы шаңырақта өнімді еңбек етіп жүрген сапалы кадрларымызды да жоғалтамыз ба деп қорқамын. Бүгінгі таңда Орталық музейдің қызметкер­лерінің жалақысы қалалық, облыстық деңгейдегі музейлердің қызметкерлерінің айлығынан анағұрлым көп. Егер қаланың меншігіне өтсек, жалақы көлемі азаяды, қысқартулар мен жаңа тағайындаулар болуы да әбден мүмкін.

– Қала қарамағына өту музейдің болашағына тағы қандай қауіп төндіреді?

– Халықаралық байланыстарымыз үзі­ліп қалуы мүмкін. Қазіргі музей таяу және шетелдік музейлермен, мұрағат­тармен, кітапханалармен, ғылыми-зерт­теу мекемелерімен ғылыми ынтымақ­тастықты дамытуда. Ресей География қоғамы, Ресей Мемлекеттік тарих мұрағаты, Шығыс қолжазбалары институты, РҒА-ның Материалдық мәдениет институты, РҒА-ның кітапхана мұрағаты мен Санкт-Петербор, Мәскеу, Қазан, Омбы, Ташкент қалаларының басқа да ғылыми мекемелерімен тығыз ғылыми байланыстамыз. Сондай-ақ, Британ музейімен, Мемлекеттік Эрмитаж, Санкт-Петебордағы Ресей ғылыми кітапханасымен, Токиодағы Жапон Ұлттық музейімен, Италиядағы Болон университетімен, Мәскеудегі Мемлекеттік Тарих музейімен, АҚШ-ғы Пенсильван университетінің Антропология музейі, Гим – Шығыс халықтары өнері музейі (Париж қ., Франция), Бохум қаласындағы (Германия) Тау-кен істері музейі, Гамбург этнографиялық музейі, Сиднейдегі Австралияның қазіргі заман өнері музейімен әріптестік қарым-қатынастар орнатылған. Мәселен, өткен жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен ҚХР Таң әулетінің ежелгі Батыс жәрмеңкесінің Сиянь музейі (Шэньси провинциясы) және Корей ұлттық этнографиялық музейі (Оңтүстік Корея, Сеул қаласы) арасында екі жақты келісімшарт жасалған. Мәртебеміз төмендеп, атағымыз аласарған соң олармен қайтадан келісімге келуіміз керек пе? «Біз енді қалалық музейміз» десек, шетелдік әріптестер ынтымақтастыққа келісе қояды деп ойламаймын. Өйткені бұл салада тәжірибеміз бар, жоғарыда аты аталған музейлердің көпшілігі «республикалық», «орталық» деген мәртебеміз үшін ғана бірлесіп жұмыс істеуге пейіл танытқанын несіне жасырайық?

– Бірнеше жылдан бері музейге кіру құны 150 теңгеден көтерілген жоқ. Оқушылар мен студенттер, зейнеткерлер үшін арнайы жеңілдіктер тағы бар. Қарап отырсақ, Орталық музейдің табысынан гөрі шығыны көп сияқты.

– Оныңыз рас. Кез келген мемлекетте музейлер табыс көзі емес, керісінше, әу бастан мектеп, ауруханалар сияқты шығынды мекеме ретінде жоспарланған. Бірақ шығындарының 10 пайызын өзі өтеуі тиіс. Көрмелер, тұсаукесерлер өткізу арқылы талап етілген межені орындауға тырысамыз. Қаржылық қиындықтар туындағанына қарамастан, кіру бағасын 70-100-150 теңге деңгейінде тұрақты ұстап тұрмыз. Ең бастысы, келушілердің қатары сиремесе болғаны. Әсіресе, мектеп оқушыларын көбірек тартуға тырысамыз. Музей қызметкерлері қаланың шет жағында орналасқан елді мекендердің мектептеріне арнайы барып, дәріс оқиды. Сынып жетекшілерімен бірге оқушыларды ұйымдастырып, музейге ертіп әкеледі, оларды өзінің түп-тұқиянымен таныстырады. Кешегі өткен тамыз кеңесінде мұғалімдер Алматыда оқушыларды апаратын бір ғана мәдени орын қалғанын айтты. Ол – ҚР Мемлекеттік орталық музейі. Басқа жерлерге кіру билетін барлық ата-ананың қалтасы көтере бермейді: 500 теңгеден кемі жоқ, тіпті 1000-2000 теңгеге дейін барады.

– Бейбітқали Смағұлұлы, Алматы әкімдігі «көпфункциялы мәдени орталықтың» түр-сипатын суреттеп берген жоқ. Әзірге барлығы тек болжам күйінде. Бәлкім музейдің ешбір жәдігерін орнынан қозғамай-ақ, жаңа қызмет түрлерін енгізу жоспарланып отырған болар. Ондай жағдайда мұражайдың қала меншігіне өтуіне қарсылық білдірмейсіздер ме?

–  Жаңа қызметтер үшін ғимарат ішінен бос орындар керек. Музей ашылғалы бері 4 зал қызмет етіп келе жатыр. Бағытымыз өзгерген соң демеушілердің көмегімен музей қорын тағы 3 залмен толықтырдық. Қазір мұражай ішінен қосымша бірдеңе ашуға мүмкіндік жоқ. Демек, қолданыстағы экспозициялардың бірін, бәлкім бірнешеуін қысқартады. «Көпфункциялы» дегеннің мәнін түсіндірген жоқ қой, мейрамхана немесе кинозал, дүкен аша ма – ол жағы бізге беймәлім. Көңіл көтерушілік бағыт дегеннің музейдің негізгі бағдарымен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бізде ғылым докторлары мен кандидаттары жұмыс істейді. Музейдің бір жағында ән айтылып, би биленіп жатса, бір жағында тамақ ішіліп жатса, олар бұл жерден ойланбастан кетеді.

Көптің тілегі қабыл болып, музейдің мәртебесі де, қызметкерлері де орнында қалады деп сенеміз. Ендігі үмітіміз – Алматының жаңа әкімі Бауыржан Байбекте. Партияны басқарды, халықтың мұң-мұқтажына үнемі құлағы түрік жүретін. Жаңа қызметінде де көптің жанайқайына бейжай қарамайды деп ойлаймын. Дәл қазір музей әкімшілігінен гөрі қарапайым қалалықтардың наразылығы мен күресі басым түсіп тұр. Байбек мырза көптің талап-тілегін назардан тыс қалдырмас.

03-5_4a09eddcАйдос Сарым, саясаттанушы: Алматының да өз құндылықтары болуы керек 

– Бұл мәселеге алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрғысынан  келейік. 90-жылдардың басындағыдай қиын-қыстау кезең орнап, «Орталық музейді республикалық бюджеттен қаржыландыруға мүмкіндік жоқ» деген түйткілден  туындаған қажеттілік болса, онда музейді қала құзырына беру мәселесіне  түсіністікпен қарауға болатын шығар. Бірақ қазір мұндай  қиындық туындап отырған жоқ. Бүгінгі заманауи музейлік-көрмелік технология­лар тұрғысынан қарайтын болсақ, музей кесене емес, ол тек қана тарихи жәдігерлерді көрсетіп, таңнан қара кешке дейін соларды дәріптейтін мекеме емес. Ол өскелең ұрпақтың рухани-мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыра алатындай, іздегенінің бәрі ішінде табылатындай үлкен кешенге айналуы тиіс. Музейдің бүгінгі басшылығы республикалық бюджеттен қаржыландырылып отырып-ақ осы бағытта өнімді істер атқаруда.

Мұражай қаланың коммуналдық меншігіне өтсе, онда атқарылып жатқан шаруалар қағажу қалмай ма, мүмкіндігі шектелмей ме деп алаңдаушылық білдіріп отырған қалалықтардың наразылығын да түсінуге болады. Оның үстіне, осындай үлкен музей министрліктің қарамағында болса, жергілікті әкім-қаралардың айқай-құйқайынан, түртпегінен аулақ болады деген түсінік көпшіліктің санасына сіңіп қалған. Сондықтан қарапайым қала тұрғыны, тарихшы ретінде бұл мәселенің мен үшін де үміттен гөрі үрейі басым.

БАҚ-та жарияланған А.Есімовтің К.Мәсімовке жазған хатында барлығы мөлдір емес. Егер қала билігі музейді өз қолына алып, өркендетпек, көркейтпек ойлары болса, толыққанды кешенді бағдарламаларын жария­лауы керек. Біз мынадай шаруа атқарғалы отырмыз, музейдің болашақ келбеті осындай болады деп жоба-жоспарларын тәтпіштеп түсіндіруі тиіс.  Сонда халық бекер абыржып, үрейленбес еді.

Бүгінгі күннің өзінде Астанада екі-үш үлкен музей бой көтерді. Мені алаңдататыны, министрлік Орталық музейдің жәдігерлерін елордаға көшірейік, босап қалған орындарды қалалық мәдениет басқармасы өзіне қажетті дүниелермен толтыра берсін деуі мүмкін. Тарихшылар мен мұрағатшылардың, музей қызметкерлерінің қаншама қажырлы еңбегі еш бола ма деп қорқамын. Астана – еліміздің бас қаласы, шетелдік қонақтарға таныстырар ең бірінші мақтанышымыз екеніне ешкімнің таласы жоқ. Бірақ Алматының да өз құндылықтары болуы керек. Оның байлығын таласқанның бәріне үлестіріп, талан-таражға салуға болмайды.

1_16Құрманғали Ашанұлы, кәсіпкер: Музей – халықтың меншігі

– Музей – жекелеген адамдардың мүлкі емес, халықтың меншігі. Сондықтан оны әрі-бері тартқылап, ханталапайға салуға болмайды. Әлеуметтік желінің бәрі «Орталық музей қала меншігіне өткелі жатыр» деп шулаған соң, жарияланған құжаттармен жіті танысып шықтым. Өзім сияқты қарапайым қалалықтардың үндеуіне үн қосқым келді. Алматыда өсіп-өнгендіктен оның әрбір бұрышы маған ыстық. Әсіресе ұрпағымызға тәлім-тәрбие беретін тарихи-мәдени орындардың қадір-қасиеті ерек. Балалар өткенін білсін, ата-бабасы жүріп өткен жолды танысын деп музейлерге, театрларға жиі апарғанды құп көремін.

Орталық музей – мен бас сұғатын мәдени орындардың бірі де бірегейі. Ауылдан, өзге қалалардан келген туған-туыстарым мен достарымды ең бірінші сол жерге апарамын. Өзгелер «Мега», «Апорт» сияқты ойын-сауық орталықтарына тұра жүгіреді ғой. Мұндай орталықтардан қазір аяқ алып жүре алмайсыз, қаланың бұрыш-бұрышында аспанмен таласып тұр. Есесіне, Алматыда республикалық мәртебесі бар үш-ақ музей бар. Сауық-сайран іздеген адамға көңіл көтеретін жер табылмай қалар дейсіз бе?  Неге музейлердің, театрлардың санын көбейтпеске? Музейге тарихшылар, өнертанушылардан басқа ешкім бармайды деген жаңсақ пікір. Орталық музей жыл сайын ұйымдастыратын «Музей түні» акциясына барып, мұражайға келушілердің санын көрген адам көзқарасын бірден өзгертер еді.  Жай күндері де онда кісі қарасы қалың. Топ-топ оқушыларын ерткен мұғалімдер, Қазақстанды жақынырақ танығысы келетін туристер, өзінің зерттеу пәні туралы тереңірек мағлұмат алмақ ниеттегі ізденушілер қашан да көп. Келушілердің көптігіне кіру билетінің қолжетімділігі де әсер етсе керек. 150 теңгеге қазір Орталық музейден басқа ешбір мәдениет ошағына бас сұға алмайсыз.

Қала қарамағына өтер болса, мұражайдың жағдайы не боларын болжау қиын. Кино көретін, тамақ ішетін самсаған орталықтың біріне айналмаса болғаны. Орталық музейдің алыстан менмұндалап тұратын сәні мен салтанаты да, тарихтың қатпар-қатпарын еркін аралатын жәдігерлері де көпке ортақ болуы шарт. Сенікі, менікі  деп бөліске салатын орын емес.

P.S: Германияның әрбір миллион тұрғынына 66 музей, ал Ресейдің үлкен қалаларында 33 музейден келеді екен. Санкт-Петерборда 200, тұрғындарының саны Алматымен шамалас Прагада 86, Будапештте 129 музей бар. Ал апортымен, көк аспанмен иін тірескен тауларымен әлемге аты мәшһүр Алматыда республикалық мәртебесі бар үш-ақ музейдің болуы ойлантады. Біреуі қалалық меншікке өтер болса, тіпті екеуі ғана қалмақ. Осы орайда 2003 жылы Министрліктің тапсырмасымен Орталық музей құрған «Саяси қуғын-сүргін тарихы музейінің» тағдыры ойға оралады. 2004 жылы қаланың құзіретіне өткеннен кейін көп ұзамай бұл мұражай өз жұмысын тоқтатты. Қазір оның ғимаратында «Альянс банктің» бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Орталық музей де соның кебін кие ме деген қорқыныш біздікі.

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары