297
Alma TV-ның жалғыз акционері банкрот болды
Alma TV-ның жалғыз акционері банкрот болды
Alma TV-ның жалғыз акционері «Asset Invest» ЖШС банкрот деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Alma TV телевизиялық компаниясының 100 пайыз акциясының иесі «Asset Invest» ЖШС банкротқа ұшырау туралы ісі қаралды. Сотқа DSFK арнайы қаржы компаниясы арызданған. Аталған компания RBK банкінің нашар активтерін басқарумен айналысады. «Компания өкілдері арызында «Asset Invest» ЖШС RBK банкіне 22 млрд теңге берешек деп көрсеткен. Сондай-ақ, Asset Invest ЖШС Qazaq Bankiне 8 млрд теңге қарыз», - деді істі қарау кезінде судья Арман Тұрғынбаев. Іс материалдарына сәйкес, «Asset Invest» ЖШС әртүрлі компанияларға 40 млрд теңгедей қарыз. Qazaq Banki өкілі Мұрат Даулетов «Asset Invest» ЖШС-ын банкрот деп танымауды өтінді. Оның айтуынша, компанияда Alma TV-да жұмыс істеп тұрған акциялары бар. Прокурор Жанна Келдинова жәбірленуші тарапты қолдады. Нәтижесінде сот DSFK «Asset Invest» ЖШС-ын банкрот деп тану туралы арызын қанағаттандырды. Сот компанияны басқару құқығын уақытша басқарушы Оспанбековке табыстады. «АлмаТел Қазақстан» компаниясы хабарлағандай, қазір компания штаттық режімде жұмыс жасап жатыр.