Ақша жымқырған тағы бір әкім қамалды

Ақша жымқырған тағы бір әкім қамалды

Ақша жымқырған тағы бір әкім қамалды
ашық дереккөзі
236

Қарағанды облысында тағы бір әкім қамауға алынды. Бұл жолы тәртіп сақшылары Осакаров ауданының басшысы Нұржан Әбілдиннің қолына кісен салды. Ол жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталып отыр. Шенеуніктің жұмыс бөлмесінің есігіне мөр басып, өзін абақтыға жапқан тергеушілер мәселенің анық-қанығын әлі жариялаған жоқ. Нұржан Әбілдиннің Осакаров ауданының әкімі лауазымына осыдан небәрі екі ай бұрын ғана тағайындалған. Бұған дейін 9 жыл бойы Осакаровтың бұрынғы әкімінің тұрғын үй құрылысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келген. Алайда бұрынғы қызметте жүргенде-ақ «бюджет қаржысын ысырап етті» деп шулаған жергілікті тұрғындардың шағымынан көз ашпаған көрінеді. Аудан тұрғындары тіпті Премьер-министрдің атына да хат жазған. Көптің көңілінен шықпаса да Нұржан Әбілдин қызмет баспалдағымен жоғары өрлеп, әкімнің орынтағына жайғасады. Жаңа қызметте ол өзін жақсы қырынан көрсетуге тырысқан. Ауыл-аймақты аралап, жұрттың жағдайымен танысыпты. Қарамағындағылар оның істі болуының себебін түсіне алмай дал. “Қыркүйектің 24-інен бастап еңбек демалысында жүрген. Кеше кешке болған дейді. Бірақ оны өзім көрмедім, іссапарында едім. Анық-қанығын білмейміз. Баспасөзден қазір ғана оқып, жағамызды ұстап отырмыз”, – дейді Осакаров ауданы әкімінің аппарат жетекшісі Валентина Әбілсейітова. Тергеушілер мәселенің мәнісін жақын арада түсіндіріп берер деп сенеміз.

Серіктес жаңалықтары