699
Мемлекеттік қызметтердің жәрмеңкесі
Мемлекеттік қызметтердің жәрмеңкесі
Жұмыс уақытының таңғы 9-дан кешкі 18:00-ге дейін жалғасатынын ескерсек, мемлекеттік қызметкерлер, базар сатушылары, өзге мамандық иелері мемлекеттік қызмет түрлерін уақтылы ала алмайды. Сол себепті Алматы қаласындағы «Достар-Коммерц» ЖШС базасында мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкені өткізудің басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуына байланысты кеңестік-әдістемелік көмек көрсету және электронды мемлекеттік қызметтерді алуды насихаттау.
Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Алматы қаласы әкімінің аппараты және Алматы қаласының «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірлесіп ұйымдастырды. Таңертеңгі сағат 10-нан басталған жәрмеңке кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасты. Сол уақыт аралығында жәрмеңкеге 3 мыңға тарта адам қатысты. Жәрмеңкеге келген барлық азаматтар орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың тарапынан кәсіби әрі сапалы кеңестер алды. Сонымен қатар, азаматтар Алматы қаласындағы мемлекеттік органдардағы бос орындар туралы мәліметпен танысты.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілі Самат Үмбеталиевтің сөзінше, азаматтар жәрмеңкеде негізінен мемлекеттік органдарға және корпорацияларға көп түсетін өтініштерді әзірлеп келген. Олардың арасында азаматтық мәртебе, мемлекеттік қызметке кіру, жер және салық, тұрғын үй қатынастары сынды түрлі тақырыптар бар. Қойылған сауалдарға Алматы қаласының жергілікті атқарушы және аумақтық органдарының білікті мамандары тиянақты жауап берді. Аталған кәсіби кеңестердің бәрі ақысыз, сондай-ақ, білікті мамандар тарапынан электронды цифрлық қолтаңба алу мүмкіндіктері түсіндірілді. Мемлекеттік органдар азаматтарға сапалы кеңестер беру мақсатында мемлекеттік қызметке кіру мен мемлекеттік қызметтерді алудың нақты алгоритмі көрсетілген тарату материалдары мен ақпараттық бейнебаяндар ұсынды.
Архитектура және қала құрылысы, денсаулық, білім, көші-қон, салық, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту сынды әлеуметтік маңызды деген мемлекеттік қызметтерді көрсететін 16 мемлекеттік орган мен 2 үкіметтік емес ұйым, оның ішінде, «Атамекен» ҰКП және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы қаласындағы филиалы жәрмеңкеге қатынасып, тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, тиісті кеңестер айтты. Жәрмеңкеде бой көрсеткен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мамандары тақырыпқа қатысты ой-тұжырымдарын ортаға салды. Банк қызметкерлері келушілердің барлық сұрақтарын жауапсыз қалдырған жоқ. Келушілердің басым бөлігі үй алу үшін алдын ала төленетін 30 пайыздық төлемнің жеңілдетілген түрі бар-жоғын анықтауға асықты.
Кеңесші Ринат Нүсіпжанұлының айтуынша, мемлекет пен жауапты орган бекітіп берген 30 пайыздық алдын ала төлем қандай жағдай болса да қысқартылмайды екен. Мейлі, көпбалалы отбасы болсын, мүмкіндігі шектеулі жан болсын 30 пайыздық алдыңғы төлем жасау міндетті. Бұл «Өз үйім», «Нұрлы жер» және «Алматы жастары» бағдарламаларына қатысты. Және алдын-ала 30 пайыздық төлемнен бөлек Алматы қаласында тұрғылықты мекен-жайының кемі 1 жыл тіркелуі, алты айлық жұмыс өтілі, үйі болмау секілді қажетті ақпараттарға қанық болдық.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта Алматы қаласының өзге де аудандарында аталған жәрмеңке өз жалғасын табады. Алдағы уақытта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті электронды мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік қызмет саласында жүйелі негізде кең ауқымды насихат жұмыстарын жүргізуді жалғастыратын болады.