275
8,5 триллион теңгенің тағдыры
8,5 триллион теңгенің тағдыры
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаеваның мәліметінше, жақын арада қазақстандықтар өздерінің зейнетақылық жинақтарын қандай құралдарға инвестициялап, қанша пайда табатынын өздері шешетін болады. Осы мақсатта зейнетақылық активтерді басқару саласында жаңа өзгерістер өмірге жолдама алуға дайын.
«Қазақстанда зейнетақылық активтерді басқаратын компаниялар мен жеке басқарушы компаниялар құрылады деп көзделуде. Қазіргі кезде осы бағытта толассыз талқылау жүріп жатыр. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мұның Қазақстанда қалай жұмыс жасайтыны биылғы жыл соңына дейін нақты белгілі болатынын мәлімдеді. Бұдан былай БЖЗҚ-дағы төл зейнетақылық активтерін басқаратын компанияны әрбір қазақстандықтың өзі таңдайды. Кезінде осы мақсатта жеке ЖЗҚ-лар (жинақтаушы зейнетақы қорлары) жұмыс істеген болатын және әрбір адам солардың бірімен шартқа отырып, жұмыс беруші жұмысшысының таңдауы түскен сол ЖЗҚ-ға зейнетақылық жарнаны аударып тұратын. Кейін олардың барлығы жабылып, Қазақстан халқының зейнетақылық активтері жалғыз БЖЗҚ-ның иелігіне берілді. Дегенмен, бұл жүйенің де сәтті болмағаны анықталуда.
Бұл кезіндегі жеке зейнетақылық қорларға кері оралу болмайды, біз еш жағдайда оған қайтпаймыз. БЖЗҚ ары қарай да қалады және ол қазіргідей зейнетақылық жинақтар бойынша бірыңғай есептік орталық қызметін атқара береді. Бірақ сонымен бірге, бұдан былай қазақстандықтарда өзі үшін басқа басқарушы зейнетақылық компанияны таңдай алады. Егер ол сол компанияға сенсе, анағұрлым жоғары табыстылыққа қол жеткізу үшін белгілі бір тәуекелдерге баруға дайын болса, онда сондай таңдау жасай алады», – деді БЖЗҚ басшысының орынбасары.
Әйткенмен, сарапшылар бұл жаңалықты халықтың бәрі қабылдамауы мүмкін екендігін және тиісінше, өз зейнетақылық жинақтарын ары қарай да БЖЗҚ-да қалдыратыны туралы жасырмайды. «Негізі, бұл өзгеріс «БЖЗҚ сауатсыз басқарып, зейнетақылық активтерімді көп өсіре алмай отыр, оны инфляция жалмап қоюда» деген қатаң сын айтатындарға бағытталған болса керек. Рас, дамыған елдерде әр адам өз зейнетақылық активтерін өзі басқарады, оларды табысты компаниялар акцияларына салып, еселеп көбейте алады. Алайда оның теріс жағы да жетерлік. Мәселен, Enron банкрот болғанда, 15 мың адамның шамамен 1 миллиард доллар зейнетақылық жинағы «күйіп» кетті және оны мемлекет қайтарған жоқ. Кейінгі онжылдықта Lehman Brothers, AIG, Bear Stearns, Chrysler және басқа да алпауыттар дәрменсіздікке ұшырап, өз облигацияларын сатып алған жүздеген мың қатардағы жұмысшының зейнетақылық жинақтарын жойып жіберді. Ал қазақстандықтардың құнды қағаздар мен қор нарығына қатысты білімі АҚШ-тағыдай терең емес. Демек, мұндай жүйеге көшпес бұрын сауат ашу, осы бағытта білім беру шаралары кең ауқымда, барлық өңірлер мен ауылдарда жүруі керек», – дейді қаржыгер Берік Болатбекұлы.
Ал бұл тұрғыда БЖЗҚ басшылығы не дейді? «Біз басқарушыны таңдау бойынша салмақты шешімді халықтың бірден және толық ауқымда қабылдай алмайтынын түсінеміз. Сол себепті түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Басқарушы компанияларды таңдау үшін өлшемшарт-критерийлер белгіленеді. Оларды және зейнетақылық активтерді басқаруға қатысты басқа да ақпараттарды халыққа жеткіземіз», – деген БЖЗҚ басқарма төрағасы орынбасарының мәліметінше, қолданыстағы заңнама бойынша, тәуекелдерді басқару мақсатында, қазақстандықтар есепшотына келіп түсетін зейнетақылық жарналарға бір бөлек, ал БЖЗҚ-ның төл қаражаттарына жеке есеп жүргізілетін көрінеді. БЖЗҚ жеке құрылым болғанымен, «сенімді басқару келісімшартына сәйкес», ондағы зейнетақылық активтер бойынша тәуекелдерді басқару жүйесін Ұлттық банк бақылайды және жетекшілік етеді. «Сайтта инвестициялық декларация жарияланған. Ол инвестицияланатын зейнетақылық қаражаттардың сомасы, секторлардың үлесі, сондай-ақ, табыстылық түрлері, рейтингтер жөнінен шектеулер мен талаптарды қарастырады. Зейнетақылық активтер салынатын шетелдік компаниялардың рейтингі «ВВВ-»-тен, ал жергілікті компаниялардікі «В-»-тен төмен болмауға тиіс. Үкімет инвестициялауға ұлықсат етілген қаржылық құралдардың тізімін бекітіп отырады. Міне, осылар – зейнетақылық активтерді инвестициялау бойынша тәуекелдерді басқарудың негізгі ұстыны болып табылады», – деді Сауле Егеубаева. Бұл шектеулер мен талаптардың сақталуына Ұлттық банк мониторинг жүргізіп, талдау жасап, үн қатып отырады. Өз кезегінде БЖЗҚ клиенттерге қызмет көрсету, олардың зейнетақылық активтеріне есеп жүргізу, төлем жасау секілді жұмыстар кезінде қателіктер кетпеуін қадағалап, тек операциялық тәуекелдерді басқаруға күш-жігерін шоғырландырады.
Осылайша, БЖЗҚ инвестициялық портфельді түзуді және одан келер қауіп-қатерлерді арқалауды қарапайым халықтың өзіне арта салмақ. Ал бұл жолда азаматтар жаппай жаза баспауы үшін БЖЗҚ «басқарушы компанияны таңдау бойынша салымшыларға кеңес-консультациялар беретін» болады. Ал Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы «зейнетақылық активтерді басқарушы компанияларға мандаттық бөлуді» ұсынуда. Бұл жүйеде мемлекет алдымен басқарушы компанияларға зейнетақылық активтерді басқаруға және осы істе өзін жарқырата көрсетуге мүмкіндік беріледі де, тек содан кейін ғана қарапайым салымшыларға олардың табыстылары арасынан таңдау жасауға жол ашады. Қалай болғанда, Ұлттық банк 2018 жылдың аяғына қарай зейнетақылық активтерді жеке компаниялардың басқаруына тапсыра бастайды. «БЖЗҚ зейнетақылық активтерінің валютадағы бөлігін тікелей стратегиялық бөлу аясында оларды басқару бойынша инвестициялық декларация қарастырылған. Шетелдік компанияға қаражатты табыстау «Дамушы елдердің жаһандық облигациялары» мандаты аясында жүзеге асырылды. Биылғы жылдың наурызында 220 миллион доллар актив ақша түрінде Aviva Investors компаниясына сенімді басқаруға берілді. Бұл компания Aviva PLC қаражаттарды басқару жөніндегі аса ірі топтың бір бөлімшесі болып табылады. Ол 440 миллиард долларды басқарады», – деді Сәуле Егеубаева. Өз кезегінде БЖЗҚ басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева әзірге БЖЗҚ-ның қаражаттарының «отандық басқарушы компанияларға» берілетін-берілмейтіні белгісіз екенін қосты. «Бұл қатарға отандық бір-екі немесе он инвесткомпания кіре ме, ол жағы әзірше беймәлім. Барлығы Ұлттық банк әзірлеп жатқан инвестициялық стратегияға байланысты болады», – деді БЖЗҚ басшысы.
Айта кету керек, БЖЗҚ Қазақстанда «ГНПФ» жеке жинақтаушы қоры базасында 2013 жылдың 22 тамызында құрылған. БЖЗҚ-ның құрылтайшысы және акционері Үкімет болып табылады. Ал ондағы зейнетақылық активтерді басқаруды Ұлттық банк жүзеге асырады. 2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша БЖЗҚ-да 10 миллион 170 мың адамның зейнетақылық есепшоты бар. Оларда 8,5 триллион теңгедей жинақ қордаланған. Одан жыл басынан бері елу миллион теңгедей «комиссиялық сыйақы» алынған. Жыл басталғалы бері зейнет жасына жеткен салымшыларға 91,8 миллиард теңге төлем жасалыпты.