513
Ертіс ауданында күніне үш тонна ет өңдейтін цех салынуда
Ертіс ауданында күніне үш тонна ет өңдейтін цех салынуда
Ертіс ауданында ауылшаруашылық циклін толық қамтуды көздеп отырған Абай атындағы ЖШС күніне үш тонна ет өңдейтін цех салуда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауовтың Ертіс ауданына жасаған сапарында аталмыш серіктестіктің басшысы Николай Миллер айтты.
- Қазіргі кезде ет өңдеу цехын салып жатырмыз, - деді Николай Миллер. – Мұнда ет консервілері шығарылып, мал сойылатын болады. Яғни, толық өңдеу жүргізіледі. Ішінде шұжық цехы, жартылай фабрикаттар дайындау және оларды қатыру қарастырылған. Цехтың құрылысымен ресейлік компания айналысуда. Қаржысын толық төлеп қойдым. Енді тек күту ғана қалды. Нысанды қолданысқа енгізгеннен кейін жергілікті 11 адам жұмыспен қамтылады. Тәулігіне үш тонна қара мал және шошқа еті өңделеді.
Кәсіпорын басшысы жаңа ет өңдеу цехына 164 миллион теңге жұмсалғанын айтады.
- Негізінен астық егемін, - дейді Николай Миллер. - Наубайханам бар. Павлодар облысындағы нанның 30 пайызы - біздің кәсіпорында өндірілетін «Иртышанка» наны. Бұдан басқа, сүт комбинаты, май және сыра зауыттары жұмыс істейді. Алайда сүт өндірісінің жұмысы тоқтап қалған болатын. Алдағы уақытта сүтті сиырларды өсіріп, сүт өндірісін қайтадан қолға алмақпын. Осылайша ауыл шаруашылығы саласындағы өнімдерді толық қамту ойым бар.
Айта кетейік, биылғы жылы Абай атындағы ЖШС 70 мың 500 гектар жерге астық еккен.