383
«Ұлы дала Астанасы» атты кітап қазақ және түрік тілінде жарық көрді
«Ұлы дала Астанасы» атты кітап қазақ және түрік тілінде жарық көрді
2018 жылдың 3 шілде күні Анкара қаласында Астананың 20 жылдығына орай «Ұлы дала Астанасы» атты халықаралық конференция өтті. Сондай-ақ «Ұлы дала Астанасы» (ASTANA Ulu Bozkır Başkenti) атты қазақ және түрік тіліндегі кітаптың тұсаукесері өтті.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған конференцияға Елші Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің экс-спикері Хикмет Четин, Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түркияның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Халил Шывгын, Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз және түрік зиялы қауымы, кәсіпкерлер мен іскерлері, елшілер мен шетелдік дипломатиялық мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиынды құттықтау сөзбен ашқан Елші А.Сапарбекұлы: «Қазақстан Президентінің «Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі» деген ұлағатты сөзі әрдайым жадымыздан шыққан емес. Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы, азаттықтың алтын арқауы – жалпақ жұртымызды айқын болашаққа, кемел келешекке жұмылдырып, даму жолындағы ұлттық мақсат-мүдделерімізді бір арнаға тоғыстырды. Осы тұста Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Астананың айтулы мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігі Анадолу топырағында бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырып, ел тарихындағы елеулі оқиғаға өзіндік үлес қосып отырғанын атап өткім келеді.
Біздің мемлекетіміз үшін зор қуанышымызды алғашқылардың бірі болып бөліскен Түркияның орны бөлек. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Біз Тәуелсіздікті жарияладық, екі сағаттан кейін марқұм Тұрғыт Өзал маған телефон шалып, «Түркия қолдайды» деді. Бұл қуанышты еш уақытта естен шығаруға болмайды» деген болатын.
Көп ұзамай бауырлас екі ел арасында тығыз қарым-қатынас орнап, Астананың іргетасы қалануына түрік инвесторлары мен кәсіпкерлері және құрылыс компаниялары белсене араласты. «Хан Шатыр», Ұлттық музей, «Бәйтерек», «Самал» мөлтек ауданы, дипломатиялық қалашық, Парламент үйі, «Телеком» кеңсесі, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Mega Silk Way Astana», сондай-ақ мейрамхана, асхана, қонақ үйлер желісі және басқа ғимараттарды халық игілігіне ұсынды. Астананың түркі әлеміне ортақ сәулеттік дизаины, көгалдандыруы мен абаттандырылуы және инфрақұрылымында да түрік бауырларымыздың қолтаңбасы бар.
Түркия мемлекеті үшін Қазақстан, Елбасы, Астана деген сөздер де бір ұғымға айналған. Халықаралық саясаттағы салмақты қадамдары мен биік беделі үшін түрік халқы Қазақстан Президентіне «Түркі әлемінің – ақсақалы» деп ерекше құрмет көрсетеді» деп атап өтті.
Жиынға арнайы қатысқан Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу «Болашақта қазіргі әлем тарихы жазылар уақытта Қазақстан мен қазақ түркілері бөлімінде «Тұңғыш Президент», «түркі дүниесінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев», «Астана қаласы» деген сөздер бір ұғымға айналып, қатар аталатын болады. Астана – «Аситанеи Шахане», яғни «патшаның табалдырығы, таңғажайып бас қала» дегенді білдіреді. Бұл анықтама кезінде Ыстанбұл үшін қолданылған еді. Мемлекеттер мен елдердің қалыптасу тарихында ұлы көшбасшылар қандай рөлге ие болса, басты шешімдер шығарылған шаһарлар да маңызды орын алған. Қазіргі Қазақстанның негізін салған Ақсақалымыз – көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз елдің символы ретінде Астананы іргетасынан бастап түбегейлі жоспарлап, әрбір ғимараттың құрылысын қалтқысыз қадағалап, әр кірпішін қамқор қолмен қалады. Астана әп-сәтте егемен елдің алтын тәжіне айналып үлгерді» деді.
Ары қарай Астананың 20 жылдығына Елшіліктің тартуы ретінде қазақ және түрік тілдерінде жарық көрген «Ұлы дала Астанасы» атты кітаптың арнайы таныстырылымы өтті. Жинақта Түркияның экс-президенті Абдолла Гүл, Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің экс-төрағалары Хикмет Четин және Жемил Чичек сынды саяси тұлғалармен басқа да мемлекеттік және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің арайлы Астана мен бас қаланың авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы 30 тарта сараптамалық мақалалары, зерттеу еңбектері және шынайы пікір мен жылы лебіздері берілген. Топтаманың тұсауын Елші Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің экс-спикері Хикмет Четин, Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек кесті.
Жаңа туынды Түркия Республикасының экс-президенті Абдулла Гүлдің «Ғаламат жетістіктің жемісі» атты мақаласымен басталған. Онда мемлекет қайраткері «Осыдан он жыл бұрын Түркия Республикасының президенті ретінде қымбатты бауырым Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге халықаралық деңгейдегі салтанатты жиынға қатысып, тілектестігімді білдірген едім. Астананың жаңа мегаполис ретінде қалыптасуы – жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған стратегиялық саясаты мен кемел көрегенділігінің нәтижесі деп нық сеніммен айтуға болады. Аса қадірменді Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы 20 жылда дәл бүгінгі халге жеткізуі – ғажап жетістік, толағай табыс деп есептеймін. Соңғы он бес жыл ішінде бауырлас түрік елінің президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаевпен жақын таныс болғандықтан, мемлекет басшысының тарихи мекеннің дамуына тікелей көңіл бөлгенін, құрылыс жұмысын мұқият қадағалағанын жақсы білемін. Асқақ арманы мен асыл мұраты осы жетістіктің түпкі құпиясы екенін де кәміл бағамдаймын.
Қазіргі таңда Астана инфрақұрылымы дамыған, әлемдік деңгейдегі танымал символикалық ғимараттары, мәдениет және өнер сарайлары бой көтеріп, ЭКСПО сынды ғаламат сауда және қаржы орталығы, жоғары оқу орындары, спорт кешендері және мешіттері салынған, миллионнан астам тұрғыны бар жасампаз қала болып қалыптасты.
Ерекше құрметті Нұрсұлтан Назарбаевтың елі үшін атқарған қызметінде есеп жоқ. Кеңес одағының ыдырауынан кейін тәуелсіздікке қол жеткізіп, халықтың саны аз болуына қарамастан, ұлан-ғайыр жерді сақтай білді. Бұл – шын мәнісінде айқын қадам, нақты нəтиже еді.
Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімінің ең белсенді қолдаушысы Нұрсұлтан Назарбаев болғандықтан, мен оны «Түркі әлемінің ақсақалы» деп жариялаған едім. Қазақстан Президенті бұл құрметке әбден лайық тұлға!» деп ағынан жарылыпты.
Конференцияда ары қарай АНКАСАМ зерттеу орталығының директоры Мехмет Сейфеттин Ерол, ТИКА төраға орынбасары Мехмет Сүррейя Ер, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы және YDA компаниялар тобының басқарма мүшесі Жүнейт Арслан Астананың қалыптасуы және дамуы туралы арнайы баяндама оқыды.
Соңынан Астана күніне арналған мерекелік Қабылдау өтті.