Баспана алу тетігі жеңілдеді

Баспана алу тетігі жеңілдеді

Баспана алу тетігі жеңілдеді
ашық дереккөзі
661
Баспаналы болуға ниеттенгендер саны жыл санап артуда. Себебі бүгінде жұрт «Пәтер жалдағанша, өз баспанаңа қаржы құй» деген заманауи тәмсілді жетік меңгерген. Оған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» көмекке келіп, арманды іске асыруға септігін тигізеді. Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» да «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруге» қолұшын созады. «Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр» деген Елбасы әлеуметтік маңызы бар мәселеге екпін түсірген-ді. Біз осыған дейін журналист қауымының мемлекеттік қызметкер санатына жатпайтынын, соның салдарынан ешқандай мемлекеттік бағдарламаға ілікпейтінін тілге тиек еткен едік («Жолына жібек төселсе де... журналистер баспанаға зәру болып өте бермек» «Түркістан», №26, 28 маусым). Сөйтсек, қолына қалам ұстағандардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» орташа заем сомасы 8 млн теңгені құрапты. Яғни, баспаналы болғысы келген салымшылар арасында сан жағынан журналистер мен БАҚ қызметкерлері алтыншы орында. Олардың алдында мұғалімдер, медицина қызметкерлері, бухгалтерлер, кәсіпкерлер және әскери қызметшілер тұр. Бұл деректерді мәлім еткен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова: «2018 жылдың алғашқы 5 айы ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 12 912 заем берді. Бұл жалпы қазақстандық ипотеканың 80 пайызы. Тек жұмыс күндерін есепке алсақ, күн сайын орта есеппен шамамен 130 қазақстандық қоныс тойын тойлайды. Олардың арасында журналистердің де бар екеніне сенімдімін. Біздің банктің клиенті атанған БАҚ өкілдері Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің артықшылықтарын өз тәжірибесінде тексеріп көріп, енді бізге отандастарымызға үй алудың қолжетімді жолдары туралы ақпаратты жеткізуге көмектесуде», – дейді Ләззат Ибрагимова. Баспана мәселесіне баса көңіл бөліп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» депозит ашуға келетіндердің орташа жасы 20 мен 30-дың арасында. Ал заем рәсімдеушілердің орташа жасы – 42. Банк арқылы баспаналы болып жатқан клиенттер мен журналистердің жартысы үйді қайталама нарықтан алғанды жөн көреді. Әдетте олар займды орта есеппен 6,5-7 жылға алады. Мұндай несиелер бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 55 000 мен 82 000 теңгенің аралығында. Құрылғанына 15 жыл болған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» осы уақыт ішінде 147 302 қазақстандық отбасыға баспана жағдайын жақсартуға көмектесті. Олардың 86 пайызы Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы пәтер алуды жөн көрсе, 6,6 пайызы жөндеу жұмыстарына заем алған, ал 1,8 пайызы үй салу мүмкіндігіне қол жеткізген. Қазір 1 млн 118 525 адам 546,4 млрд теңгенің салымына сенім білдіріп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» сақтап отыр. Бұл – елдегі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 12,8 пайызы. Бес жыл бұрын аталған көрсеткіш 7,1 пайызға тең еді. 2023 жылға дейінгі жаңа стратегияға сәйкес, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» экономикалық тұрғыдан белсенді халық арасындағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларының үлесін 17 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Былтыр іске қосылған, тұрғын үй сатудың электронды платформасы саналатын Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталы қазақстандықтар арасында кеңінен танымал. Бұл жерде азамат өзіне ұнаған нысанды таңдап, баспана сатып алу бойынша тұрғын үй бағдарламаларының шарттарымен танысып, пәтер сатып алушылар пулына қатысуға өтініш бере алады. Яғни, мүлікті сатып алуға дейінгі барлық процесті оңай бақылап отыруға болады. Осы уақытқа дейін Baspana.kz порталының көмегімен 9 000 отбасы үйлі болды. Қазіргі уақытта порталға 87 000 қолданушы тіркелген, сондай-ақ, «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламалары бойынша 15 491 пәтерден тұратын 215 нысан туралы ақпарат жарияланған. Ал банк 2018 жылдың мамыр айында депозиттерді онлайн-табыстау атты жаңа сервисті іске қосты. Ол «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» шоттарын қашықтан сатуға және сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл жаңа қызметті осы уақыт ішінде жалпы сомасы 494 006 898 теңгеге депозиттер сатқан 200-ден астам адам қолданды. Сатылған депозиттер арасында ең жоғары сомасы 10,3 млн теңгеге тең. Жалпы алғанда, банк салымшылары сатылымға шығарған депозиттердің орташа сомасы 2,1 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, банк қазір видео-консультация атты жаңа қызметті іске қосты. Оның көмегімен банктің болашақ клиенттері мен қазіргі салымшылары видеобайланыс арқылы менеджерге хабарласып, депозит және несие, жаңа шарт бекіту, шот бойынша көшірме алу, постдепозиттік операциялар мен анықтама рәсімдеу туралы қашықтан кеңес ала алады. Бұдан бөлек банк менеджері аталған сервистің көмегімен сайтпен, «ЖССБ 24» интернет-банкингімен және Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталымен жұмыс істеуге көмектеседі. Бұл жағдайда клиент видео-қоңырау шалып, видеобайланыс операторына ашылған веб-парақшаны бірлесіп пайдалануға рұқсат береді. Осылайша банк менеджері клиенттің іс-әрекетін бақылап, қажет болған жағдайда арнайы курсордың көмегімен қай беттерді ашу керек екенін көрсетеді. Алайда ол клиенттің компьютерінде өз бетінше қандай да бір операциялар жүргізе алмайды. Видеобайланыс қызметі www.hcsbk.kz сайтына және Baspana.kz порталында қосылған. Бизнес-процестердің мұндай автоматтандырылуы мен цифрландырылуы клиенттерге қызмет көрсету уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Мәселен, қазір тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім-шарт бекіту 5 есе жылдам жүреді (осыған дейін бұл іске 30 минут жұмсалса, қазір 7 минут жеткілікті). Несие өтінімі бар болғаны 1,5 күн ішінде қарастырылады, бұл бұрынғыға қарағанда 4,5 есе тез. Сондай-ақ, постдепозиттік операцияларға кететін уақыт та алты есе қысқарды: осыдан бұрын клиент аталған процеске 1 сағатын арнайтын еді, қазір 10 минут қана кетеді. Банк жаңа технологияларды жұмыс процесіне енгізуді ары қарай да жалғастыра бермек. 5 жылдан кейін клиенттерге қызмет көрсетуге арналған барлық операцияның 70 пайызын онлайн-режимге ауыстыру жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары