421
Былғары қолғап түйіссе...
Былғары қолғап түйіссе...
Бірінші ауыр салмақта қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов түркиялық қарсыласы Хизни Алтункаяны жеңіп, WBA (Regular) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Ол қарсыласын бірінші раундта нокдаунға түсірген еді. Алайда түркиялық боксшы тез есін жиып, жекпе-жекті жалғастырды. Дегенмен тоғызыншы раундта бірнеше қатты соққы алған Алтункая тағы бір мәрте нокдаунға түсті. Сөйтіп, Шүменовтің қарсыласы оныншы раундта шаршы алаңға шығудан бас тартып, қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Осылайша, Шүменов чемпиондық атағын қайтарып алды. Бұл жеңіс Шүменов үшін 18-ші жеңіс болып отыр (12-сі уақытынан бұрын), сонымен қатар, ол екі рет жеңілістің де ащы дәмін татқан болатын. Ал Алтункая үшін бұл – екінші жеңіліс, оның қоржынында 30 жеңіс бар.
Ең бастысы, бұл жекпе-жек 34 жастағы Шүменовтің рингке оралғаннан кейінгі алғашқы жекпе-жегі. Ол 2016 жылдың мамырынан бері рингке шықпаған. Еске сала кетейік, 2017 жылы маусымда Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы (WBA) қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменовті тұрақты чемпион белбеуінен айырған болатын. Шүменов испаниялық боксшы Дортикоспен былтыр сәуірде жекпе-жекке шығуы тиіс еді. Алайда қазақстандық боксшы жаттығу кезінде көзін жарақаттап алып, осы себепті кездесу кейінге қалдырылған.
Кейін Бейбіт Шүменовтің жарақатының тым ауыр болуына байланысты спортпен қош айтысқаны жарияланған. Алайда кәсіпқой боксқа қайта оралған Бейбіт Шүменовтің Астанада WBA (Regular) чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізетіні биыл мамырда белгілі болды.
Бұған дейін бокс кешінің шеңберінде жекпе-жек өткізген қазақстандық боксшы Арман Рысбек грузиялық Сандро Терашвилиді, Айдос Ербосынұлы әзірбайжандық Исмат Эйнуллаевты, Бобиржан Моминов грузиялық Георгий Блиадзені, Әли Балоев әзірбайжандық Казим Умудовты жеңіп, бокс кешіне жиналған барша қауымға қуаныш сыйлады.