233
Франция VS Хорватия: әзірге 3 гол соғылды
Франция VS Хорватия: әзірге 3 гол соғылды
Франция мен Хорватия құрамалары арасындағы финалдық бәсеке «әу» дегеннен жанды ойынға ұласты. Дидье Дешам мен Златко Далич шәкірттері теңбіл топты екі қақпа арасында әрлі-бері теуіп, қақпашының жанды тұсын табуға асықты.
Бас бапкерлер әдеттегідей салқынқандылық танытып, ойын тактикасын ойластырып жатқан кез. Хорватия қақпасына қарай стандартты жағдай белгіленді. Бір айта кетерлігі, осы әлем чемпионатында Хорватия қақпасынан табылған 5 доптың 4 стандарттық жағдайдан соғылған. Өкініштісі шақпақ жиделілер бұл олқылықтың орнын оңалта алмапты. Осылайша кездесудің 18 минутында Марио Манджукич өз қақпасына автогол жіберіп алды.
Бұл әлем чемпионаты тарихының финалдық бәсекесіндегі алғашқы автогол болып жұртшылық жадында қалмақ. Футбол сарапшылары финалға жолдама алған қос құрама кездейсоқ келді демейді. Француздар сапалы ойыншыларымен, шақпақ жейделілер жанкешті футболшыларымен ерекшеленді. Расында да хорватиялықтар жанкештілік танытып, 28 минутта жауап голын соғып, есеп теңесті. Бұл керемет доп Иван Перешичтің аяғымен бағытталған еді.
Есеп теңескеннен кейін ойын қыза түсті. Араға он минут салып Франция шабуылшысы Антуан Гризман тағы да есеп ашты. Бұл жолы 11 метрлік айып добы Франциялықтардың оң жамбасына келді. Бірінші таймда осылайша 3 бірдей гол соғылып, аяқталды. Финалдық кездесуде 3 гол ең соңғы рет 1998 жылы Францияда болған әлем чемпионатында соғылғанын айта кетейік.