547
Корей мен Қазақ клиникасы
Корей мен Қазақ клиникасы
Алматыда обыр скринингі мен молекулалық диагностика жасайтын жоғары технологиялы медицина орталығы ашылды. Бұл орталық Оңтүстік Корея елімен бірлескен жоба аясында іске қосылды, – деп хабарлайды Егемен-ақпарат.
Халықтың өмір сүру жасының ұзаруына және жаңа технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызметтерді тұтыну көлемі жылдан-жылға артып келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бизнесті қайта реттеу бойынша жүйелі шаралар легін қабылдауды тапсырғаны белгілі. Оның ішінде жеке қызмет көрсету секторын, сондай-ақ медицина саласын да дамыту көзделген болатын.
Былтыр ел Үкіметі денсаулық сақтау жүйесін қайта реттеу бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Бизнеске кедергілерді қысқарту нәтижесінде жеке ұсынушылардан медициналық қызметтерді сатып алу үлесі 2017 жылғы 8%-тен 2018 жылы 13 %-ке дейін артты. Өткен жылы денсаулық сақтау саласына салынған инвестиция көлемі 50%-ке көбейіп, 91,4 млрд теңгені құрады. Жеке инвестиция үлесі 2016 жылғы деңгейге шаққанда 90%-ке (23,3 млрд теңгеден 44,2 млрд теңгеге дейін) дейін артты. Алматыда іске қосылған оңтүстіккореялық амбулаторлық клиника Орталық Азия аумағындағы шетелдік инвестиция есебінен салынған алғашқы медициналық мекеме.
Емханада тиімді ота жасау жүйелері мен Кореядан жеткізілген озық диагностикалық технологиялар бар. Сонымен қатар Сингапур технологиялары да пайдаланылады. Обыр скринингін жүзеге асыру үшін Сеул ұлттық университеті жанындағы BIOiNFRA ғылыми биологиялық компаниясы обырды анықтау үдерісіне толық техникалық қолдауды қамтамасыз етпек. Ал сингапурлық компания (POCT MDx) One Biomed молекулалық диагностикасына негізделген генетикалық және жұқпалы ауруларға зерттеулер жүргізу үшін техникалық серіктес болады.
Сонымен қатар клиника Кореядағы жетекші зертханалардың бірі Seegene Medical Foundation инвестицияларын тартып, Қазақстанда орталықтандырылған зертханалық желіні құру ісімен айналысады. MPKQAZ Қазақстанда операциялық менеджментті кореялық медицина мамандары жүргізетін медициналық компаниялар тобын құруға ниетті.
Емхана пациенттерге жүйелі және қолайлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп қана қоймай, кореялық дәрігерлердің көмегімен жан-жақты жүйелі сапалық бақылау жүргізеді. MPKQAZ бас директоры, профессор Ғалымжан Тоғызбаев бұл клиника Қазақстан мен Кореяның ынтымақтастығының, атап айтқанда, «blood mix» жарқын мысалы болып отырғанын жеткізді.
5 жылдан соң Medical Partners Korea Qazaqstan емханасы Қазақстандағы алғашқы шетелдік медициналық клиника ретінде Корея қор нарығы қатысушыларының қауымдастығына (KOSDAQ) кіруді жоспарлап отыр. «MPKQAZ Кореяның озық медициналық технологияларын және қызмет көрсету саласындағы бай тәжірибесін қолдану арқылы пациенттерге қызмет көрсету жүйесі мен көп ұлттық медициналық операция жүйесін құруға әзір», дейді медициналық директор, кардиолог-дәрігер Хисук Мин.