Ана өлімі неге орын алды?

Ана өлімі неге орын алды?

Ана өлімі неге орын алды?
ашық дереккөзі
303
Соңғы жылы елімізде аналар өлімі дерегі көбейген. Мұндай деректі алға тартқан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов оған білікті кадрлардың тапшылығын, жүктілердің тіркеуге тым кеш алынуын басты себеп санайды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері Қазақстан бойынша 31 жас босанған ана көз жұмған. – Бұл жөнінен теріс көрсеткішке ие өңірлерге жүргізілген талдау бірқатар негізгі себептерді анықтады. Біріншіден, акушер-гинеколог дәрігерлер жетіспейді. Әсіресе, анестезиологтар мен реаниматологтар тапшы. Екіншіден, көптеген өңірлерде тіпті денсаулық сақтау басқармаларында басшылар да жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерді кешіктіріп тіркеуге алу да ауыртпалығын түсіруде, – деді Е.Біртанов. Оның пікірінше, әрбір өңірдегі денсаулық сақтау басқармалары аналар өлім-жітімінің алдын алу үшін бала көтере алатын жастағы барлық әйелдермен жұмысты күшейтуі және медициналық ұйымдарда ұйымдастырушылық-басқарушылық іс-шаралар жүргізуі қажет. Бұл ретте 14 облыс пен үш республикалық маңыздағы қалада жергілікті денсаулық сақтау басқармалары министрлікке емес, әкімдікке бағынатыны мәлім. Тиісінше, министр әкімдерге ықпал етуі үшін Үкімет жетекшісіне қайырылды. – Денсаулық сақтау министрлігінің стандарттарын орындауы және жоғарыда аталған шараларды қабылдауы үшін ана мен бала өлім-жітімін төмендету жөніндегі штабтар отырыстарын өңір әкімдерінің өздері өткізсін деп, оларға тапсырма беруіңізді сұраймын. Сондай-ақ, сізден үшінші тоқсан қорытындысы бойынша Үкіметте осы мәселеге арнап, жеке кеңес өткізуді өтінемін! – деді Елжан Біртанов. Бұдан соң Үкімет басшысы Б.Сағынтаев министр және Астана қаласының әкімінен елордалық перзентханалардағы төрт әйелдің не себептен қайтыс болғанын сұрағанда, министр мырза мән-жайды тексереміз, алдағы уақытта қосымша ақпарат хабарланатын болады деумен шектелді. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, елордалық перзентханада өмірден өткен ана 19 жасынан шылымға еліккен және күніне 20-30 тал темекі шеккен көрінеді. Дегенмен сарапшылар өлімнің негізгі себебі бұл болмауы ықтималдығына, ол түгіл әбден ішімдікке салынған жандар да аман-есен бала туып жататынына назар аудартады. Жалпы, Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Қазақстандағы медициналық-демографиялық ахуал биылғы жылдың бірінші жартысында тұрақты болды. Елде 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жеті бағыт бойынша іске асырылып жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау бағытында саламатты өмір салтын ілгерілету үшін бұқаралық шаралар белсенді ұйымдастырылуда екен. Өткен 6 ай ішінде оған 6 млн-нан астам адам қатысыпты. Биыл 1,5 млн-нан астам адам скрининг тексерулерден өткен, бұл – жоспарланған көлемнің 91 пайызы. Халықты иммундау, екпе жасау көрсеткіші 95,2 пайызға жетті. «Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті басымдықты дамыту аясында амбулаторлы-емханалық желіні шағын етіп, қайта ұйымдастыру жүргізілуде. Бұдан өзге, мемлекеттік бағдарлама аясында жедел жәрдем қызметінің жұмысына реформа жүргізіліп жатқан жайы бар. Мәселен, шұғыл емес шақыртулар емханаларға берілді. Яғни, сырқат хал үстінде жатпаса, одан келіп түскен шақыртуына орталық жедел жәрдемнің емес, таяудағы өзі тіркелген қалалық емхананың дәрігерлері келеді. Реформа аясында персоналды халықаралық стандарттарға кезең-кезеңмен оқыту қолға алыныпты. Еліміздің тоғыз өңірінде Бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылды. Министр алты ай қорытындысында, жедел жәрдемнің шақыртуларға жетуінің орташа уақыты 7 минутқа қысқарғанын айтады. Сәтті реанимациялау көрсеткіші 14 пайызға артқан. Ауруханаға жатқызуға дейін өлім-жітім азайды. «Денсаулық» бағдарламасының медициналық қызметтер сапасын қамтамасыз ету бағыты бойынша «Онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспары» бекітілді. «Туберкулезбен күресудің кешенді жоспары» жасалды. Бір емес, бірден 20 «жол картасы» іске асырылуда. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі алдағы тамыз айының соңына дейін емханаларда электронды құжат айналымын енгізу аяқталатынын атап өтті. Министрдің мәліметінше, 2019 жылы халықты дәрілік заттармен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында биылғы шілде айынан бастап, өңірлер үшін дәрі-дәрмектерді сатып алу және жеткізуді жүргізу бойынша шаралар басталды. Тағы бір жаңалық, биыл әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін медициналық көмек операторына айналды.

Кей өңірде нысанды сатуда кемшілік көп

Жиында күн тәртібіне сәйкес, жекешелендіру науқанын жүргізу барысы да қаралды. Қаржы министрі Б.Сұлтановтың айтуынша, биылғы бірінші жарты жылдықта «Жекешелендірудің кешенді жоспарына» кірген 887 нысан ішінен сауда-саттыққа 502-сі шығарылған. Бірақ көбі сұранысқа ие болмай, тек 421-і сатылды. Осы мемлекеттік активтерді жекенің қолына беруден мемлекет қазынасына 216 млрд теңге түскен. Инвесторлар мен сатып алушылар қызығушылық білдірмей, үш рет аукционнан кері қайтқан мемлекеттік нысандар не жабылады, не нысанын өзгертіп, қайта құрылады. – 266 нысан қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында. Осылайша, сатылғандар мен қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 77,4 пайыз деңгейінде қалыптасты, – деді бас қаржыгер. Әрқайсысының бастапқы құны 5 миллиард теңгеден асқан ірі мемлекеттік нысандар, ұлттық компаниялар үлесі жеке тізімге алынған болатын. Шетелдік инвесторларға түсінікті болуы үшін оларға «TOP-63» деген атау берілді. – Айрықша назар аударылатын ірі объектілерге келсек, жекешелендіруге жататын 63 нысанның арасынан күні бүгінге дейін 15-і сатылды. Сату бағасы 110,5 млрд теңгені құрады. Осы жылы 39 топ-нысанды сату жоспарланған. Бірінші жартыжылдықта оның 8-і сауда-саттыққа шығарылып, екеуі сатылды. Қалған нысандар бойынша «сату алдындағы дайындық» және әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізілуде, – деді Бақыт Тұрлыханұлы. Сонымен бірге, ол республикалық меншіктегі 4 топ-нысан бойынша біраз түйткілдер орын алып отырғанын жасырмады. Бас қаржыгер баяндама барысында бірнеше министрлікке қатысты шағым жасады. «Мәселелердің туындау себебі, кейбір мемлекеттік органдар сатуға шығару үшін қажетті шараларды және жекешелендіру жөніндегі комиссия қабылдаған ұсынымдарды орындамауда. Бұлар – Инвестициялар және даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері. Салдарынан, біздің министрлік жекешелендіру рәсімдерін жеделдету қажеттілігін мемлекеттік органдарға бірнеше рет ескерткеніне қарамастан, биыл осы 4 нысанның сатылмай қалу қаупі бар», – деді Қаржы министрі. Оның айтуынша, кей өңірде тағы 12 нысан бойынша ереже бұзушылықтар анықталған. Оларда сату алдындағы даярлық пен бағалау жұмыстары, тарату іс шаралары созбаққа салынуда.

Серіктес жаңалықтары