269
«Бакс» нығайып, теңге тәлтіректеді
«Бакс» нығайып, теңге тәлтіректеді
Апта басында Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевты қабылдады. Кездесу барысында Ұлттық банктің бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының қорытындылары жөнінде есеп берілді.
Ұлттық валютаның құны күннен-күнге төмендеп барады. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы жыл басында 328-330 теңге болса, қазіргі кезде айырбастау пункттерінде көкқағаздың құны 343,5 теңгеге жетті. Мамандар теңгенің құнсыздануын әдетте мұнай бағасының арзандауымен байланыстыратын еді. Алайда қазіргі нарықта қара алтынның құны түскен жоқ. Керісінше, алдыңғы айлармен салыстырғанда қымбаттап, барреліне 78 доллар шамасында саудаланып жатыр.
Қазақстан Президенті қазіргі уақытта валюта-қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау жəне экономиканы əрі қарай дамыту үшін елімізде қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
– Қазір бізде ұлттық валюта мен экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мүмкіндіктер бар. Бірінші жартыжылдықта экономика 4 пайыздан астам өсті. Құбылмалы бағамға көшкеніміз дұрыс болды. Белгілі бір деңгейде ауытқулардың болатынына үйрену керек. Бұл тұрғындардың əл-ауқатына əсер етпейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті банк секторын сауықтыру үшін қабылданған шаралар жөнінде баса айтты.
– Мемлекет тарапынан банктерге айтарлықтай көмек көрсетілді. Банк жүйесін қолдау мақсатында үш триллион теңге бөлінді. Сонымен қатар валюталық реттеу жəне Ұлттық банктің қызметін жетілдіру мəселелері жөніндегі заңнаманы қайта қарадық. Сондықтан банктердің экономикаға, соның ішінде шағын жəне орта бизнес саласына несие беру жұмысын жандандыру қажет, – деген Елбасы азаматтардың банктердегі ақшасын көздің қарашығындай қорғау керектігін тапсырды.
Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің есіргені соншалық, Үкіметке банк туралы заңды қатаңдатып, қайта жазып шығуға тура келді. Өйткені соңғы кезде азын-аулақ ақшамен кім көрінген банк ашуға көшті. Оған Ұлттық банктің өзі рұқсат беретін. Сөйтіп, олар жарнамамен аңқау елді алдап, клиент жинайды. Алаяқ акционерлердің әрі қарайғы қитұрқы әрекеті Президентке де жақсы мәлім. Мысалы, жуырда ғана «Астана» банкі қаншама салымшыларын шулатып қойды. Сондықтан бұдан былай салымшылардың шотын қатаң қорғауға пәрмен беріп: «Қатал болу керек. Бізге банктің санының көптігі керек емес. Халық ол банктер мемлекеттік жүйеге қарайды деп сеніп барады. Шын мәнінде, БТА банк сияқты жұртты алдап, арбап отырған алаяқтар», – деді. Айта кету керек, бүгінде «Дельта», «Қазинвест» банктерінің лицензиясы қайтарып алынды. «Қазком», «РБК» банкі сауықтырылды. Ал қалған банктер экономикаға бір жылда 1 триллион теңгеден астам несие берді.
Д.Ақышевтың мəліметіне сəйкес, негізгі көрсеткіштер бойынша еліміздің қаржы нарығында тұрақты жағдай қалыптасып отыр.
– 2018 жылғы маусым айының қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 5,9 пайызды құрады. Бұл – соңғы үш жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Ұлттық банк инфляция деңгейін 2020 жылға қарай 4 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр, – деді Ұлттық банк төрағасы. Ол ұлттық валюта бағамының өзгеруіне əсер ететін негізгі факторлар жөнінде баяндады. – Теңге бағамының өзгеруіне əсер ететін негізгі фактор – Қазақстанның сауда-экономикалық нарығындағы валюталық-қаржылық жағдай. Екінші фактор – басқа валюталарға қатысты доллардың бүкіл əлем бойынша нығаюы. Бұл орайда кəсіпорындар мен тұрғындардың мұндай құбылмалы бағамға бейімделгенін атап өту керек. Жалпы, елімізде шетелдік валютаға деген сұраныстың төмендегені байқалып отыр, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның пікірінше, ұлттық валюта құнының құбылуы – қалыпты жағдай. «Валютаның еркін айналымы жағдайында, теңге курсының тербеліп тұруы – заңды құбылыс. Бұл туралы бірнеше рет айтқан едік. Теңгенің бағамы ішкі және сыртқы факторларға байланысты. Ішкі факторға халық пен кәсіпорындардың шетелдік валютаға деген сұранысын, төлем балансының ерекшелігін жатқызамыз. Оған қоса біз тұрақты дефицит аймағынан шығып, ішкі сауда операциялары бойынша тепе-теңдікке қол жеткіздік. Сондықтан ішкі жағдайлар бойынша теңгеге әсер ететін қауіп-қатерді көріп отырған жоқпыз. Сыртқы әсер бойынша қазіргі кезде дамушы мемлекеттердің валюта нарығы әлсіреп барады. Теңге – Қазақстан деген дамушы мемлекеттің валютасы. Сәйкесінше, ол да әлемдік валюта құнының құбылу әсерін сезінеді. Сондықтан бұл – қалыпты жағдай, осыған үйрену керек», – деді.
Сарапшылардың айтуынша, доллар қымбаттаған кезде, әдетте шикізат арзандайды. Сондықтан жыл соңына дейін Қазақстанның негізгі экспорттық өнімі – мұнай бағасы түседі. Ол өз кезегінде теңгені одан ары құнсыздандырмақ.