Жерде жетім жыласа

Жерде жетім жыласа

Жерде жетім жыласа
ашық дереккөзі
1011
Басқаны кім білсін, қазақ халқы «бала үшін өмір сүреміз» дегенді жиі тілге тиек етеді. Бар жиған-тергенін баланың қуанышына шашып, бүкіл ғұмырын баланың болашағы үшін сарп етуден тайынбайды. Себебі бала – өмірдің мәні. Балалы үй – бақыттың ордасы. Алайда кейбір себептермен сәби сүйе алмағандар ше? Бұған дейін балаға зар болған ата-аналардың өз елімізде бала асырап алуды жеңілдету керек екенін талай мәрте айтып, тиісті мекемелерге шағым түсіруге дейін барғаны мәлім. Алайда осы салаға жауапты орган өкілдері әлгіндей талаптары бар ата-аналардың мейлінше өз аяғымен жүріп-тұратын, дені сау балаларды асырап алғысы келетінін ашып айтқан. Керісінше, шетелден арнайы келіп, бала асырап алуға ниеттенген отбасылардың көбінесе денсаулығында дімкәсі бар, белгілі бір дәрежеде ем-дом қажет ететін балаларға мейірімі түседі екен. Басқа-басқа, ізгі ниетпен бала асырауға бел буған көптеген шетелдік отбасының бұл қадамға бармас бұрын, өздерін экономикалық, психологиялық тұрғыдан жан-жақты дайындайтыны белгілі. Және олар отбасының мүшесі боп енген баланың болашағын жарқын етуге бар күш-жігерін салатыны да жасырын емес. Әрине, бес саусақ бірдей дей алмаймыз. Олардың ішінде де асырап алған баласына зорлық-зомбылық көрсетіп, үйқамақта ұстап отырғандары жайлы сорақы мәлімет ақпарат құралдарында ара-тұра жарияланып қалады. Десек те, бұл ішінара кездесетін жағдай. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы арқылы шетел асқан қарадомалақтардың бүгінгі жағдайын жалпақ жұртқа көрсеткен журналист Жанар Байсемізова жоба барысында кейбір шетелдіктердің ағзасында ақауы бар баланы асырап алып, аяғынан тік тұрғызғанын айтқан еді. Дегенмен ол мемлекеттік органдар тарапынан тараған «шетелдіктер көбінесе ауру балаларды асырап алады» деген мәліметтің жалған екенін де жоққа шығармайды. «Шетелдіктер де сау баланы асырап алғысы келеді. Ал ауру баланы діндар отбасылар сауапты іс үшін асырауы мүмкін. Оның үстіне емдейтін жағдайы болғанда ғана асырап алады. Біздегі балалар үйінен әкеткен бала дені сау делінсе де, кейбірінің созылмалы, түрлі қатерлі аурумен ауыратыны анықталған. Тіпті, кейбір шетелдік ондай баланы қайтарып берген де. Мысалы, Испанияда айықпас дертке шалдыққан, ақыл-есі жетілмеген сегіз жасар Ерланның емделіп, өз аяғымен жүріп, адам қатарына қосылғанына таңғалдым», – дейді ол. Жалпы, баланы қайтару – адамның санасына, таным-түсінігіне байланысты. Елімізде де мұндай дерек көп. «Айтқан тілді алмайды, көп тамақ жейді...» деген уәжбен балалар үйіне қайта өткізгендері қаншама. Соның бірі Жансаяны көп ұзамай бельгиялық отбасы асырап алғандығын да осы жоба арқылы білдік. «Шын мәнінде еуропалықтарды қазақтың бұзылмаған таза табиғи ортасы қызықтырады, қан тазалығына мән береді, гендік тұрғыдан қазақ балаларының мықты екенін, ақылды, алғыр, зерек, дарынды болатынын, әр нәрсеге бейім келетінін, балалар үйіндегі қазақ ұлты өкілдерінің бойында алкоголь жоқ екенін, денсаулықтары мықты, шымыр болып туылатынын, көшпенділер ұрпағы екенін жақсы біледі. Өйткені олар баланы асырап алмас бұрын, сол ел туралы көп мәлімет жинап, зерттеу жүргізеді әрі халық­аралық бала асырау агенттіктері де оларға осындай басымдықтарды айтады. Қай елден бала алған жақсы әрі жеңіл деген сұрақтар бойынша кеңестер береді. Тағы бір мәселе, шетелдіктер асырап алған баланың артынан іздеушісі өмірі іздеп келмейтінін де біледі. Сондай-ақ, қазақтардың бойында барлық ізгі қасиеттер топтасқанын, қазақ баласы өзін бағып-қаққан адамды ешуақытта жерге қаратып, жалғыз тастап кетпейтінін, олардың мейірімді, қайырымды болатынын да жақсы біледі», – дейді белгілі журналист.

77 сәби неге қайтарылды?

 Әрине, шетелдіктер қазақ баласын асырап алуға неге құштар екенін түсіндік. Олардың ішінен «қарадомалақтарды қайтарыпты» деген мәлімет те естімедік. Есесіне, былтыр елімізде балалар үйінен асырап алынған 77 сәби түрлі себептерге байланысты қайтарылыпты. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда шамамен 2 есе аз десек те, бұл жағдай балалар психологиясына ауыр соққы болып тиетіні анық. Кішкентайынан ешкімге керек емес екенін сезінген бала болашағын бұлыңғыр көреді, өмірден ерте түңіледі. Мәлім болғандай, Атырауда бір бүлдіршін екі мәрте асырап алынып, қайта балалар үйіне тапсырылған. Бұл баланы қамқорлығына алған әйел үкімет тарапынан берілетін жәрдемақының аздығын желеу етіп, немересін асырай алмайтынын жеткізіпті. Алайда балалар үйіне қайтарылған 6 жасар қыздың анасы да тірі болып шыққан. Бала дүниеге келе салысымен, анасы одан бас тартқан. Кейін қызды балалар үйінен отбасына қайта әкелген анасы мен әжесі бір айдан кейін балақайды балалар үйіне апарып тастаған. «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева әжесі балалар үйіне қайтарған алты жасар қызға қатысты берген пікірінде: «Бала әжесінің қамқорлығына жазылды, бірақ әжесі жәрдемақының көлемі мен қыздың тәрбиесіне көңілі толмай, оны балалар үйіне қайтып әкеліп тастады. Қыздың анасы үшінші топтағы мүгедек, оны 17-18 жасында босанған. Әжесі перзентханада шақалақтан бас тартты, осылайша ол қыз балалар үйіне түсті. Бірақ анасы біраз уақыттан соң өз-өзіне келіп, баламен сөйлесе бастады, бұған ешкім шектеу қойған емес. Осының себебінен біз басқа отбасыға қызды бере алмадық. Баланы өз туысқандарына қосу шешімін қабылдадық. Жарты жыл бойы қыздың биологиялық анасымен жұмыс істедік, бірақ ақыры осылай болды», – деді Гүлсара Ботатаева. Сондай-ақ, «Әжесі мен анасы бірге тұрады. Менің түсінуімше, олардың үйде өз ережелері бар. Олар бала есейіп қалды, өздеріне ыңғайсыздық тудырмайды деп күткен болуы керек. Баланы аларда не ойлағандарын нақты айта алмаймын. Кейін олар қамқорлықтан бас тартуларын ақшамен байланыстырды, екіншіден, баланы тәрбиелеуде қиналған. Таңертең немересін мектепке апаруға қиналған. Баланы тамақтандырудан, сабақ оқытудан қиналған. Яғни, олар ақшаға ғана бола баладан бас тартпаған», – дейді Ботатаева. Бала кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығына орналастырылды. Кейбір сұраққа жауап табылған соң, балаға жаңа отбасы таңдалмақ. Қазірдің өзінде баланы асырап алғысы келетін бірнеше отбасы бар көрінеді. «Қыздың анасы мүгедек болғанына қарамастан жұмыс істейді, жалақы алады, сонда да қызын тәрбиелей алмай отыр. Бұл қыз үшін жаңа отбасы таңдау қиын іс емес, көп адам оның тағдырына алаңдаулы... Қыз биологиялық отбасымен бірге тұрғысы келмейді. Қызды қайтып алып келгенде, ол өте жабырқап тұрды, анасын да, әжесін де көргісі келмеді. Себебі бала бәрін түсінетін жасқа келіп қалды. Бала психологиялық түрде қалпына келуі үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейміз», – деді «Шаңырақ» отбасылық түрдегі балалар ауылының директоры. Әрине, бұл жерде анасы мен әжесін кінәлаймыз ба? Дегенмен «әу баста таяқтың екі ұшы барын неге ойламаған?» деген ой келеді. Кейбір деректерде әжесі жәрдемақы көлемінің аз екенін алға тартқаны айтылды. Бәлкім, бұл отбасы баланы асырап алғаны үшін қомақты жәрдемақыға қарық боламын деп ойлады ма екен, кім білсін?! Атырауда екі мәрте асырап алынып, қайта балалар үйіне тапсырылған бүлдіршін туралы түсінік берген ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков «Атырау облысындағы жағдай мәлім болды. Ол кісінің пікірінше, қайтаруға өтемақының аздығы себеп болған. Бүгінде өтемақы 10 АЕК құрайды», – деді ол. Біз бұл жерде балалар үйіне қайтарылған бір ғана қыз баланың тағдырын сөз еттік. Алайда дәл осындай шарасыз күйдегі 77 баланың тағдыры қалай? Олар нендей себептермен қайтарылды? Әзірге бұл мәселеге терең талдау жасап, анық-қанығын зерттеп жатқан мекеме көрінбейді.

Балалар үйінде 6 мыңнан астам бала бар

Бүгінде балалар үйінде сан мыңдаған бала өмір сүруде. Ал биылғы жылдың үш айының ішінде кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 1 688 бала түскен. ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында жазылған ақпарат бойынша, жағдайы нашар отбасында туған балалар дұрыс тәрбие алмайды. Биологиялық ата-аналарымен бірге тұрған кездерінде балалар өте қорқынышты өмір сүреді. Көбіне оларды ұрып-соғады, тамақ бермейді, тіпті сексуалдық зорлық жасайды. Ішімдік ішіп, есірткі тұтынатын ата-аналардың кесірінен жыл сайын мыңдаған бала кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына түседі. Біраз уақыт бала өз әке-шешесін күтеді, өзін алып кететініне сеніп жүреді. Одан кейін біреуі балалар үйіне, біреуі сәбилер үйіне, біреуі арнайы мектепке кетсе, кейбірі өз отбасына қайта оралады. Былтыр кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 7 539 бала түскен. Олардың көбі, яғни 6 306 (83,6 пайыз) қорғансыз балалар, 937-сі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, 207-сі ерекше туылған балаларға арналған мекемелерге жолданған, 89 бала қиын жағдайда қалған. Бұл балалардың бәрінің дерлік тағдыры шешілді. 6274 бала отбасына қайтарылды. 578 бала жетімдер үйінде жаңа өмірін бастады. 124 бала қамқорлыққа алынды, оның ішінде патронатқа жатқаны – 21, арнайы мектепке жолданғаны – 132, кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына кеткендер – 41, басқа елдердегі кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына кеткені – 13. Ал үш айдың ішінде кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына түскен 1688 баланың көбі қорғансыз қалғандар (1422 бала немесе 84,2 пайыз), жартысы яғни 1371 бала отбасын қолдау қызметінің бақылауында. Олар балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық кеңес беру, әлеуметтік-құқықтық, анықтамалық көмек көрсетеді. Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, елімізде 27 274 жетім бала тұрады. Былтыр 1 561 бала қазақстандық азаматтығы бар отбасыларға табысталса, 300-ден астам бала қамқорлыққа алынды. Одан бөлек патронатта 293 бала болса, 168 бала асырап алынды. Ең қуаныштысы, 630 бала өз отбасына қайтып оралған. Айтпақшы, осыдан бір жыл бұрын елімізде бала асырап алу тәртібіне өзгеріс енгізілген еді. Яғни, бұдан былай жетім бала отбасын өзі таңдауы тиіс. Үкімет осы арқылы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздардың құқығын қорғауды қолға алды. «Ата-аналардың көбі жетімдер үйіне ойыншық таңдауға келгендей әсер қалдырады. Баланың түріне қарап, ұнатқанын асырап алғысы келеді. Бұлай істеуге болмайды. Отбасыны баланың өзі таңдауы қажет. Осыған басымдық беретін боламыз», – деген-ді сол кезде депутат Зағипа Балиева.  P.S. Иә, қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ұлт дейміз. Дегенмен «біреуді Құдай қаңғыртады, біреу Құдайға қарамай өзі қаңғырады» дегендей, бір шыр еткен шаранаға зар болғандар да жоқ емес. Осындайда тас емшегін жібітер, тар құрсағын кеңітер бір перзентті аңсағандар жаңағы «жетімдер үйін» жағалайды. Әрине, елімізде де бала асырап, ата-ана бақытына ие болып жатқандар аз емес. Дегенмен қазақы болмысқа, ұлттық ерекшелікке байланысты көп жағдайда жасырын болғаны абзал екен. Егер оны білмесе, қазақ «Өзіңнен тумай – ұл болмас» деген сөзді бекер айтпасы анық.

Серіктес жаңалықтары