377
Қаһарлы қыстан қалған наз еді
Қаһарлы қыстан қалған наз еді
Жылына 100 млн тоннадан аса көмір өндіретін елімізде көмір дауы жиі өршіп тұрады. Бірде «көмір жоқ» десе, енді бірде «көмірдің бағасы көтеріліп кетіпті» дегенді ел аузынан жиі естисіз. Әсіресе, көмір сатып алатын күз мезгілінде. Қалалық жерде тұратындарға бұл жағдай онша біліне қоймаса да, жылда көмір сатып алатын ауыл тұрғындарының жанына да, қалтасына да бұл жәйттің қатты бататыны сөзсіз.
2017 жылы 106,4 млн тонна көмір өндірілгенімен, былтырғы қыстың қақаған аязында халық көмір таппай, тапса да оны екі есе қымбат бағаға сатып алып, ол көмірі дұрыс жанбай айтарлықтай әуре-сарсаңға түскені белгілі. Тіпті, көмір кен орындарының басым бөлігі орналасқан Ақмола облысының өзінде көмір 13-14 мың теңгеден сатылса, басқа аймақтардағы бағаны ойлау әбес сияқты.
Халықтан түскен шағым бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақмола облыстық департаменті тарапынан тексеріс жүргізіліп, 5 ірі компания жазаға тартылды. Ондағы «Косыгин» ЖК, «Жолдықов» ЖК, «Қазақстанның бөлшек көмір желісі» ЖШС, «ИВВИ» ЖШС, «СеверЭнергоУголь Снаб» ЖШС өзара келісе отырып, 2017 жылдың наурыз-сəуір, тамыз-қазан айларында Көкшетауда көмір бағасын еш негізсіз көтергені анықталды. Тексеріс нәтижесіне сүйенсек, аталған көмір жеткізушілер былтыр тоннасы 10 мың теңгенің көмірін шамамен 13-14 мың теңгеден сатқан. Осылайша, олар ҚР ƏҚбК 159-бабының 2-бөлігіне сəйкес заң бұзушылық жасаған. Сол кезеңде тұрғындар тарапынан отынның тапшылығы туралы көптеген шағым түскен және оны өз мақсаттарына пайдаланған көтерме сауда-саттық жасаушылар көмір бағасын өсіріп жіберген. Қаулыда «Құзыретті органдар нарық субъектілері ұсынған материалдарды зерттей келе, тексеріс жүргізілген мерзімде жеткізіп берушілер тарапынан көмір бағасында өзгеріс болмағанын анықтады. Бұған қоса, салық жəне ҚР өзге де заңнамасында, тұтыну динамикасында, табиғи монополиялар субъектілерінің қызмет көрсету тарифінде, өндірісте қолданылатын тауарлар жəне шикізат бағасында өзгерістер болған жоқ, сондай-ақ, айтылған мерзімде тауар сату да жүргізілмеген» деп көрсетілген. Осыған орай, қарағандылық «Косыгин» ЖК-ге 3,416 миллион теңге айыппұл салынды. Заңсыз түскен табыс – 23,3 миллион теңге мемлекетке кіріс ретінде тәркіленді. Одан бөлек, жеңіл жолмен тапқан 82 млн теңгеден астам монополиялық табыстарын мемлекетке қайтаруы тиіс. Сонымен қатар, астаналық «СеверЭнергоУголь Снаб» ЖШС-на 2,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұлардың да заңсыз тапқан 27,8 миллион теңгесі мемлекетке кіріс ретінде тәркіленді.
Биылғы жылы көмір өндірісі 107 млн тонна межесіне көтеріледі деп жоспарланған. Десе де, Алматы облысының тұрғындары арасында «биыл да күзде көмір болмайды, Ресейге экспортталады» деген рас-өтірігі белгісіз сөздер шығысымен-ақ, «сақтанғанды сақтайды» деп, жұрт көмір сатып алуды жаздың бірінші айынан бастап кетті. Маусымның аяғында көмірдің 1 тоннасы 16 мың теңге айналасында болса, шілденің басында 1000 теңге қосылып, баға 17-17,5 мың теңгеге дейін өскен. Ал қазір көмір бағасы 19-20 мың теңге көлеміне жетті. Бір ғажабы, бұл жағынан Шымкент те алдына жан салар емес. Жалпы, 1 тонна көмір үшін 20 мың теңге төлеу оңтүстік қазақстандықтар үшін қалыпты жағдайға айналып барады.